Премьер-министр карантинді кезең-кезеңімен алуды тапсырды
Премьер-министр карантинді кезең-кезеңімен алуды тапсырды
Денсаулық сақтау министрлігі карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын мемлекеттік комиссия қарауына бейсенбі күні енгізуі тиіс. Үкімет отырысында Асқар Мамин осындай тапсырма берді.
«Жалпы қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде еліміздегі коронавирустың таралуы деңгейі және осыған байланысты барлық көрсеткіштер қарқынды төмендеуі тіркеліп отыр. Соның ішінде вирустық репродуктивтілік деңгейінің орташа көрсеткіші 0,82 пайызға дейін төмендеді. Емделіп шыққандардың үлесі 73,6 пайызды құрап отыр. Қалғандары қажетті ем алып жатыр», - деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы ауруханалардың жүктемесі 61 пайызға, жедел жәрдем шақыру 62 пайызға төмендегенін атап өтті.
«Қалыптастып отырған эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып Денсаулық сақтау министрлігіне карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын мемлекеттік комиссия қарауына бейсенбі күні енгізуді тапсырамын», - деді Премьер-министр.
Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов елімізде коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ендігі міндет – індетті жұқтыру мен өлім-жітімді тоқтату.
Министрліктің соңғы дерегі бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 100 мыңнан асты. Індеттен 73,7 мың адам емделіп шықты. 1269 адам көз жұмды.