Жаңалықтар

Елімізде коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтады – ДСМ

ашық дереккөзі

Елімізде коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтады – ДСМ

Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов осындай жаңалықпен қуантты. «Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі өзіне жүктелген міндетін толық көлемде орындап жатыр. Осылайша, еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десек болады», - деді ресми өкіл. Десе де, ол қазақстандықтарды босаңсымай, індет толық ауыздықталғанша сақтық шараларын орындауға шақырды. «Бірақ жеткен жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды. Ендігі міндетіміз – індетті жұқтыру мен өлім-жітімді тоқтату. Осы ретте барша қазақстандықтарға санитарлық ережелерді орындауға шақырамын», - деді Б. Қожахметов. Айта кетейік, өткен тәулікте Қазақстанда 741 адамнан коронавирус анықталып, індетке шалдыққандардың жалпы саны 100 мыңға жуықтады. Індеттен 72,5 мың адам емделіп шықты. 1058 адам қайтыс болды. Ал 13280 адам коронавирус белгілері бар пневмонияға шалдықты. Тамыздың басынан бері өкпе дертінен 161 адам көз жұмды.