«Каспий бестігі» - Каспийдің құқықтық мәртебесін қарастырды

«Каспий бестігі» - Каспийдің құқықтық мәртебесін қарастырды

«Каспий бестігі» - Каспийдің құқықтық мәртебесін қарастырды
ашық дереккөзі
Жиырма жылға созылған бұл мәселе әлі де ақтық шешімін таппады. Каспий жағалауындағы бес ел теңізді бөлісе алмай әлек. Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан және Түркіменстан сыртқы істер министрлері Астана төрінде бас қосып, Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қарастырды. Каспийді жағалай орналасқан бес елдің сыртқы істер министрлері – Әзірбайжан республикасының сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяров, Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Түркіменстан Республикасы Сыртқы істер министрі Рашид Мередов Каспий мәселесімен бесінші рет бас қосып отыр. Аталмыш құжат қабылданып, биыл тіпті бес мемлекеттің президенттері кездеседі деп жоспарланған болатын. Алайда құқықтық мәртебені қиындатып отырған мәселенің бірі – Каспийдің көл иә теңіз дәрежесінің айқындалмауы. Себебі көл мен теңіздің айырмашылығы бойынша әр түрлі бөлініске түседі. Кәрі теңіздің болашағы туралы сөз сөйлеген Ерлан Ыдырысов: «Каспий бестігінің» құқықтық базасы ең бірінші кезекте, Каспий теңізінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы келісімге негізделіп отыр. Аталған келісім – негіздемелік құжат әрі Каспийдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және құқыққа қайшы әрекеттермен күрес бойынша теңіз маңындағы мемлекеттердің өзара әрекеттестігі үшін құқықтық негіз қалыптастырушы. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда тараптардың қарауында келешектегі ынтымақтастықты дамытуға негіз болатын бірқатар маңызды келісімшарт жобалары бар», – деді. Ыдырысовтың айтуынша, 4 мәселе әзірге шешілген жоқ. Мәселен, теңіздің түбін бөлісу тәртібі. Оған қоса, кемелердің жүру бағыты және жүк тасымалын реттеуде шикі тұстар көп. Техникалық есеп пен сараптау жетіспейді. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл түйткілдерді сарапшылар екі ай ішінде шұғыл пысықтауы тиіс деді. «2017 жылы конвенция­ны бекітуге күш жұмсау керек. Мұны келер жылдың алғашқы жарты жылдығында да жүзеге асыруға болады», – деген ұсыныс айтты ол. 2002 жылы алғаш рет Ашхабадта өткізілген Каспий саммиті жоғары деңгейдегі бірнеше кездесудің өтуіне ұйытқы болса, Тегеран төрінде ұйымдастырылған екінші саммитте Каспий маңы елдері арасындағы Декларацияға қол қойылды. Бакуде өткен саммитте бес тарапқа ортақ екі маңызды құжат рәсімделді. Олар: Каспий теңізінің қауіпсіздігіне қатысты ынтымақтастық келісімі және «Каспий бестігі» елдері президенттерінің Бірлескен мәлімдемесі. Сонымен қатар, Әзірбайжан астанасында лидерлер Каспий теңізінен бекірені аулауға мораторий тетігін енгізу, теңіздің биоресурсын қорғау жөнінде келісімге келіп үлгерді. Келер жылы Каспийдің әр елге тиесілі шекарасы біржола шегеленеді. Теңізді бөлісу тарихы тереңде. Кезінде Кеңес Одағы мен Иран ғана бөліске салған қайраңға үміткерлер саны артқан. Оның бірі – Қазақстан, елімізге тиесілі үлес – 29 пайыз. Ресейге – 9 пайызы, Әзірбайжанға – 20 па­йызы, Түркіменстанға – 21 пайызы, Иран Ислам Республикасына – 14 пайызы тиеді. Теңіз солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 шақырымға созылып жатыр, жағалау сызығының ұзындығы – 7 мың шақырым. Төрт құбыласы түгелдей құрлықпен шектеседі. Әгәрәки, мәселені шекара арқылы шешетін болсақ, қайраңы мұнайға, тұңғиығы балыққа бай Каспийді бөлісуде ешқандай дау туындамас еді.

Ақниет Бейімбетқызы