Түркияда Абайдың 175 жылдығы атап өтілді

Түркияда Абайдың 175 жылдығы атап өтілді

Түркияда Абайдың 175 жылдығы атап өтілді
ашық дереккөзі
Анкарада Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған іс-шара өтті. Алқалы жиынға ТР Мәдениет экс-министрі Н.К. Зейбек, Еуразия жазушылар одағының президенті Я.Өмероғлу, сондай-ақ жергілікті зиялы қауым және Анкарадағы дипломатиялық миссиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен Түркияда білім алып жатқан қазақстандық жастар және т.б. қатысты. Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы ұлы ақынның қазақ халқы үшін маңызы туралы айтып, «Абайды тану – өзімізді тану» деп, оның терең ойларының қазақ болмысын қалыптастырғанын атап өтті.  width= Елші А.Сапарбекұлы әдебиетпен қатар қоғамдық өмірдегі жаңалықшы пікірлерімен Абай өзінен кейінгі қазақ зиялыларының өнеге тұтқан үлгіге айналғанын айтты. Елші 1995 жылы ЮНЕСКО тарапынан Абай жылы болып жарияланғанын, биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту шешімі қабылданғанын, ТҮРКСОЙ тарапынан да 2020 жылы Абай жылы болып жарияланғанын еске сала отырып, мұның ұлы ақынның шығармалары мен ойларының әлемдік деңгейде танылғандығының көрінісі екендігін алға тартты.  width= Сөзінің соңында Елші А.Сапарбекұлы осы жылдың ақпан айында Түркияда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту іс-шаралары Анкарада өткен салтанатты концертпен ашылғанын және жылдың аяғына дейін бұл шаралардың жалғасын табатынын хабарлады. Түркияның бұрынғы мәдениет министрі Н.К. Зейбек өз сөзінде Абайға қазіргі қазақ әдебиетінің негізін қалаушысы деген баға беріп, ұлы ақынның маңызына тоқталды. Еуразия жазушылар одағының президенті Я.Өмероғлу Абайдың ұлылығының бір көрінісі ретінде «қазақ әдеби тілі – Абай тілі» дей отырып, кемеңгер ақынның өз шығармаларымен қазақ әдеби тілінің негізін қалап кеткенін айтты. Сондай-ақ, Я.Өмероғлу Абайдың ежелгі сақтардан бері жалғасып келген әдет-ғұрыптар мен ислам тасауыфын қазіргі заманғы пікірлермен бірлестіре отырып қазақ философиясын қалыптастырған ірі ойшыл екенін де алға тартты. Я.Өмероғлу тіпті Абайдың қазақ ұлттық болмысын қалыптастырды деп санайды. Жиын барысында Елші А.Сапарбекұлы М.Әуезовтың «Абай жолы» романын жақында түрікшеге аударған белгілі түрік ақыны, жазушы Зафер Кибарға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес берілген Қазақстанның мемлекеттік наградасы II дәрежелі «Достық» орденін табыстады.  width= Өз кезегінде З.Кибар табысталған орден үшін Президент Қ.Тоқаевқа, қазақ халқына алғысын білдіріп, Абайдың барша адамзатты ағартар терең сөздерді жай айтып қана қоймай, қағаз бетіне төгіп, өшпес мұра қылып кеткені жайлы сөз қозғады. Жиын соңы ұлы ақынның өлеңдері, поэмалары мен қара сөздерін мәнерлеп оқуға арналған әдеби кешке ұласып, ұлттық тағамдар ұсынылған фуршетпен жалғасты. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының портреттерінен құралған сурет көрмесі салтанатты шара қатысушыларына паш етілді.  width=