Жаңалықтар

Үкімет: Алғашқы алты айдың алымы мол

ашық дереккөзі

Үкімет: Алғашқы алты айдың алымы мол

Осы аптада Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысы өтті. Үкімет мүшелері Алматыда 18 шілдеде болған қайғылы оқиғаға байланысты 1 минут үнсіздік жариялап, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов қаза болғандардың отбасына көңіл айтты. Одан әрі Үкімет отырысында алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Кеңестің күн тәртібіндегі алғашқы мәсе­ле – Алматы қаласындағы қай­ғылы оқиға болды. Бұл қайғылы оқи­ғаға байланысты Премьер-министр Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсеноваға бейбіт халықтың қауіпсіздігін күшейту, қайғылы оқиға кезінде зардап шеккен адамдардың өмірі мен денсаулықтарын сақтау мәселелеріне қатысты тапсырмаларды нақтылады. Атап айтсақ, Ішкі істер минис­тріне азаматтарымыздың қауіп­сіздігі мен қоғамдық тәртіпті қам­тамасыз ету үшін қосымша шара­лар қабылдап, республиканың барлық өңірлерінде қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүктелді. Алматы әкімдігіне де арнайы тап­сырмалар берілді. Қаланың әлеу­меттік-экономикалық мәселелерінің ше­шілуі жұмыспен қамту, жастар ісі, дін мәселесі, шағын және орта бизнес, көші-қон саясаты сынды түйткілдерге баса назар аудартады. «Қазір баршамыз бірлігімізді бекемдеп, лаңкестікке қарсы тұру үшін және тәуелсіздігіміздің жемісін баянды ету үшін Елбасының айналасына топтасуымыз керек. Біз – бейбітшілікті қалайтын елміз. Мұндай террорлық әрекеттер бізге жат, оған жол бермеуіміз керек. Сондықтан да Елбасымызбен бірге береке-бірлігімізді сақтайық», – деді Үкімет басшысы. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қазір қалада жағдай қалыпқа түскенін айтты. Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейін террорлық қауіптіліктің «қызыл деңгейі» алынды. «SMS хабарландырулар және басқа да құралдар арқылы халықты террорлық қауіптіліктің «сары деңгейі» туралы құлақтандырдық. Барлық дүкендер, қоғамдық орындар штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Күзет күшейтілді. Жағдай қалыпқа түсті», – деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек. Ең бастысы, экстремизммен күрес туралы Ішкі істер министрі Қал­мұханбет Қасымов өз ұсыныс­та­рын айтты. Экстремистік және лаң­кес­тік мақсатта шетелге ат­тан­ған азаматтарды Қазақстан азамат­ты­ғынан айыруды және олардың елге қайта оралуына жол бермеуді қарастыратын заңды өзгерістер енгізу қарастырылатынын жеткізді. Жыл соңына дейін Парламентке дактилоскопиялық және геномдық тіркеуге қатысты жаңа заң жобасы ұсынылуы мүмкін.

 Алғашқы жартыжылдықта ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев атап өткендей, Үкімет пен Ұлттық банктің дер уақытында қабылдаған дағдарысқа қарсы шараларының арқасында ел экономикасы оң нәтиже көрсеткен. Айтап айтсақ, құрылыс қарқыны – 6,6 пайыз, көлік қызметтері – 4,3 пайыз, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2,7 пайызға ұлғайып, нәтижесінде ЖІӨ 0,1 пайызды құраған. Министрдің айтуынша, мұндай өсімдерге «Нұрлы Жол» және индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыру өзіндік үлес қосқан. «Елімізде соңғы алты ай ішінде орташа айлық еңбекақы көлемі 9,9 пайызға артып, 133,5 мың теңгені құрады», – деді Қ.Бишімбаев. Ал аймақтардағы экономикалық өсім бойынша көш басында Ақмола облысы тұр. Одан кейінгі орындарға Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары орналасқан. Биыл елімізде республикалық маңызы бар бірқатар нысандардың құрылысы аяқталды. Нақтыласақ, Қарағанды облысында «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржол желілері мәреге жетсе, Қызылорда облысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры салынып, «Жезқазған-Сексеуіл» теміржол желісі іске қосылды. Алматы облысында «Алматы-Өскемен» және «Алматы-Қорғас» автожолдарын жөндеуі аяқталды.

Индустриалды-инновациялық бағдарлама негізінде Инвестициялар және даму министрлігі экспортқа бағытталған 8 секторды белгілеген еді: қара және түсті металлургия, мұнай өңдеу, мұнай-химия және агрохимия, автокөлік құрастыру және электротехникалық машина құрастыру, сондай-ақ, азық-түлік өнімдері. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, 2019 жылға қарай еліміздің өңдеуші саладағы экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артады деп жоспарланған. Басты мүдде экспортты арттыру, еңбек өнімділігін 22 пайызға ұлғайту, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 2015-2019 жылдар аралығында 4,5 триллион теңгеге жеткізу. Қазіргі таңда халықты өнімді еңбекпен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді. Осылайша, мықты өңдеуші сектордың айналасына өнімді қызмет түрлері топтастырылады, ал тауар экспортын арттыру экономиканы одан әрі орнықтырып, шикізатқа деген тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді. Ауылшаруашылық министрі Асқар Мырзахметов аграрлық сектордың бүгінгі хал-ахуалын баяндады. Министрдің айтуынша, елімізде төрт түлік малдың үлесі жыл санап көбейіп келеді. Биыл егіс алқаптарының көлемі 21,6 миллион гектарға жетіп, былтырғымен салыстырғанда 448 мың гектарға ұлғайған. Асқар Мырзахметов атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар тиісті нәтиже беріп, соның арқасында жарма – 72 пайызға, ұн өндіру – 20 пайызға, қойытылған сүт пен кілегей шығару 59 пайызға артыпты. Бұл – 2016 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы. Премьер-министр жыл соңына дейін осы үрдісті тоқтатпай, экономика әлеуетін арттыру бойынша жұмыла жұмыс жасасақ, жыл соңында оң нәтижеге қол жеткіземіз деді.  

Ақниет БЕЙІМБЕТҚЫЗЫ