Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет

ашық дереккөзі

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет

Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында осылай мәлімдеді. «Қазір елімізде абайтанумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерттеу орталығы бар. Осылардың жұмысын жүйелеп, елордамыздағы Абай академиясының төңірегіне топтастырған жөн. Академия барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады. Алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет. Сондай-ақ Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс. Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек» - деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті сонымен қатар Абайды ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндетті екендігімізді баса айтады. «Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс! Халқымыздың ұлы перзентінің торқалы тойы құтты болсын!», - деп түйіндейді ойын Қасым-Жомарт Тоқаев.