Петропавлда жазасын өтеуші Абайдың 3 метрлік суретін 2 күнде салды

Петропавлда жазасын өтеуші Абайдың 3 метрлік суретін 2 күнде салды

Петропавлда жазасын өтеуші Абайдың 3 метрлік суретін 2 күнде салды
ашық дереккөзі

Петропавлдағы ЕС-164/3 мекемесінде жазасын өтеуші Абайдың мерейтойына орай ақынның мүсінін жасап, биіктігі 3 метр болатын суретін салды. 

Солтүстік Қазақстан облысы Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Петропавлдағы ЕС-164/3 мекемесіндегі ғимараттардың бірінің қабырғасында Абайдың портреті пайда болды. Биктігі 3 метр, ұзындығы 5 метр болатын туындының авторы – осында жазасын өтеушілердің бірі. Қайрош бұл суретті 2 күннің ішінде салып шыққан.

 «Алдымен қарындашпен салып алдым, сосын ақ-қоңыр бояумен боядым. Қабырғаға сурет салғанда қателеспеуге тырыстым, өйткені тез боямаса бояу ағып кетеді. Абайдың бейнесін айна-қатесіз шығару үшін мекеме кітапханасындағы ақынның кітаптарын ақтардым», - дейді суреттің авторы.

Бұл - Қайроштың Абайға арнаған екінші еңбегі. Ол бұған дейін ақынның мүсінін гипстен жасаған еді. Абай Құнанбаев – оның сүйікті ақындарының бірі. Шығармаларымен жақсы таныс, тіпті Абайдың 15 өлеңін жатқа біледі. Қара сөздерінен ғибрат алуға тырысады. Сол себепті ақынның суретінің қасына оның 18-ші қара сөзін де жазған.

«Абайдың қара сөздерін оқыған сайын одан жаңа мағына табасың. Жаза басып, қылмыс жасағаныма қазір қатты өкінемін. Бір жылын өтедім, әлі екі жылы бар. Бостандықта мені қызым күтуде. Skype арқылы үнемі хабарласып тұрамыз. Мекеме басшылығына осындай мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын», - дейді Қайрош.

Қайрошқа сурет салу өнері әкесінен дарыған екен. Қазір ол қолы бос уақытта мекеменің шеберханасынан табылады.

«Қайрош «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша жазасын өтеп жатыр. Үш жылға жаза кесілді. Бізге келген күннен бастап шығармашылықпен айналысуға ниет білдірді. Қолданбалы өнер секциясында айналысады. Іс-шараларға белсенді қатысқаны, адал еңбегі үшін бірнеше рет алғыс алды», - дейді СҚО ҚАЖД ЕС-164/3 мекемесінің бастығы Тамерлан Валиев.