Алматы облысында көпқабатты үй өртеніп, 5 адам зардап шекті (видео)
Алматы облысында көпқабатты үй өртеніп, 5 адам зардап шекті (видео)
Бүгін түнде Алматы облысының Қарасай ауданында болған өрттен үш ересек адам мен екі бала зардап шекті. Бұл туралы өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы түнгі 12.30-да өрт шыққаны туралы хабар алған. Қаскелең қаласында орналасқан 9 қабатты тұрғын үйдің үшінші қабатындағы пәтер өртенген. Өртті сөндіруге тек жергілікті өрт сөндіру қызметтері ғана емес, сонымен бірге Алматыдағы әріптестері де аттанды.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру бригадалары жоғарғы қабаттағы тұрғындардың қалың түтіннің кесірінен үйінен шыға алмай жатқанын байқаған. Өртті сөндіру кезінде өрт сөндірушілер 25 адамды құтқарды.
Жалпы алғанда, тұрғын үй кешенінен үш жүзге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді, кейбірі өздігімен шыға алды, ал кейбіреулері өрт сөндірушілердің көмегіне мұқтаж болды. Өртті ауыздықтауға 40 минут уақыт қажет болды. Осы уақытқа дейін өрт 15 шаршы метрге жайылып үлгерген.
Оқиғаның себебі әлі анықталған жоқ, тек тұрмыстық заттар мен жиһаздар өртенгені белгілі болды.
Зардап шеккендердің бірі 51 жастағы үй иесі, оның 26 жастағы ұлы және 11 жасар туысы. Олардың денесі күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Сонымен қатар, олардың көршілері, 36 жастағы ер адам және 10 жасар бала жанған заттардан бөлінген иісіне уланып, ауруханаға жеткізілді. Өртті сөндіруге Алматы облысы мен Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаментінен 33 адам мен 7 техника жұмылдырылды.
https://www.youtube.com/watch?v=JroZLCcjpxk