Қазақстандық дәрігерлер Ливанға аттанды
8 тамыз, 2020 /
Асыл ТҰМАР
Қазақстандық дәрігерлер Ливанға аттанды
Қазақстандық әскери дәрігерлер зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Ливанға аттанды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министріне Ливанға әскери медицина мамандарын жіберу туралы мәселені шешуді тапсырды.
«7 тамызда ҚР Президенті – Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Қарулы Күштерінің жеке құрамының арасынан құралған 29 медицина маманы мен 4 аудармашы бар топ Нұр-Сұлтан-Ақтау бағыты бойынша ұшты. 8 тамыз күні таңертең Бейрут портында жарылыс салдарынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін ҚР ҚК Әуе қорғаныс күштері әскери-транспорттық авиация ұшағы Ақтау - Бейрут бағыты бойынша ұшты», – делінген ведомство хабарламасында.
Қазақстан Республикасындағы Covid-19-бен байланысты жағдайды ескере отырып, топ құрамына инфекционист және терапевт дәрігерлер қосылмады.
«Топ құрамына жоғары білікті хирургтер, травматологтар, нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар, сондай-ақ хирургиялық бейіндегі орта медициналық персоналдар бар. Олардың көпшілігі ағылшын тілін жетік меңгерген. Әскери медицина қызметкерлерінің мақсаты – зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсету», – деп атап өтілген министрлік мәліметінде.