Төркіндеу – әр әйелдің парызы

Төркіндеу – әр әйелдің парызы

Төркіндеу – әр әйелдің парызы
ашық дереккөзі

Ауыл-аймақты аралап, төркіндеген сексен жастағы

Рәбиға Смайылованың өмірі тағылымға толы

«Өмір бар жерде өлім бар. Қазақ әйелі, мейлі, ол жас немесе кәрі болсын көз жұмып, намаз шығарарда молда: «Бұл әйел төркіндеп пе еді?» деп сұрайды. Егер әртүрлі себептермен төркіндей алмаса, оның жаназасына қатысып отырған етжақын туыстары төркіндеу рәсімін жасауды мойнына алады. Сол жерде «төркіндеткеніміз» деп ырымын жасауы керек. Жасым болса сексенге келді. Алтын ағаларым мен жібек мінезді жеңгелерімнің көзіндей осы әулетте жалғыз қалдым...»,– деген телефонның ар жағындағы дауыстан көмейіне келіп қалған ыстық жасты аңғармау мүмкін емес еді. Біз де үнсізбіз. «.. Сондықтан елге төркіндеп баруға жиналып жатырмын. Бірінші аға-жеңгелеріме, өзімнің шалым мен жалғыз әпкемнің әруағына арнап құран оқытып, ас беремін,– дегенді айтқанда дауыс бұйрықты шықты. Бұл деген сөз, міндетті түрде келіңдер дегені екенін ұқтық. Төркіндеу! Мұның мәні «төркін» дегенді білдіреді. Ұзатылған қыз алғашқы жылы ғана маңызды себептермен болмаса, туған еліне, үйіне бара бермейді. Төркіндеу – әр қыздың парызы. Халқымыздың үрдістерінің бірі екенін ескерсек, бұл шараның мән-мағынасы арта түспек. Әйелдерге ғана тән бұл салт бір-ақ рет, ұзатылған алғашқы жылдан басқа кез келген кезде атқарылатын міндеті болған. Апамыздың ұсынысынан кейін, әуелі ең үлкен парызымыз екенін де ішіміз сезеді. Төркіндеген қыздарын барлық туған-туыстары қонаққа шақырып, құрмет көрсетіп, қалаған затын беріп, риза етіп жіберуі қажет. Ол жалғыз келмейді. Күйеубала, сәбиімен, қайынсіңілі-қайныларымен келеді. Осылай сән-салтанатымен келген қызға арнап арнайы той малы сойылып, күйеуге шапан жауып жіберетін болған. Қыз төркіндеу, күйеу қайындау, жиен нағашылау дегенді естуші едік, енді өзіміз де соның бірінің куәсі болып қайттық. Сонымен, Тараз қаласынан шыққан бірнеше көлік Саудакентті бетке алдық. Жолдың ой-шұңқырына да қарамай, қызу әңгіме басталып кетті. Сексенге келсе де сыр бермеген, еңкіш тартып, сөзден жаңылмаған қарт-педагог Рәбиға Смайылова әлі де тіп-тік, әппақ жүзін әппақ бет орамалымен бір сүртіп алды да, әңгіме бастады. – Иә ұлттық салт-дәстүрге бай елміз ғой. Басқа халықты қайдам, біздің халықтың әрбір дәстүрінде үлкен мән-мағына, терең философия жатыр. Ата-бабаларымыздан қалған жақсы үлгі-өнеге, тәртіп осылай жалғасын тауып жатса, болашақта одан әрі жаңаша сипат алуы әбден мүмкін. Өйткені бүгінгі өскелең ұрпақтың иманды беталысы қуантады мені. Бұл қарт-педагог ретінде түйгенім. Әсілі ұлттық мәдениетіміздің де жақсы үлгісі дер едім. Байқадам аудан орталығы, мына жағы Чапай, мына жағы Жайылма-Калинин колхоздары, міне, біздің балалық шағымыз өткен жер. Анамыз Сұлушаш бет біткеннің сұлуы, ажарлы еді. Тәмпиген танауы сөйлеген сайын әдемі желпініп, әппақ жүзі нұрланып кетуші еді. Әулеттің бәрі сол кемпірге тартып кеткен, пұшықпыз,– деп күліп алды да, әжеміздің аузынан естігендерін, қонақ күтіп-шығарып салу мәдениетін, қытымыр кеңес дәуірінің өзінде қазақша хат танып, сауатты кісі болғанын әңгімелеп кетті. Шынында да, қазақтың салт-дәстүрлері қатар, жарасымды-ақ. Сол дәстүрлерге сай киім үлгілері де ешбір халықтың сәнін қайталамайтын өзгеше. Мәселен, қызға сырға салу, ұзату, есік ашқызу, яғни, күйеубала екеуін қосылғаннан кейін қонаққа шақыруы, олардың жалғыз келмей жора-жолдастарын ерте келуі, күйеубаланы да келін күткендей шашу шашып күтіп алуы, оның қыз жеңгелеріне арнап әкелген сый-сияпаттары... күйеуге арнап төстабақ тартылуы, несін айтасыз кішігірім тойдан кем емес. Ал енді сол ұзатылған қыздың басқа бір әулетке келін болып, өсіп-өнуі, «судай сіңіп, тастай батуы», араға жылдар салып тағы бір салтымызбен Төркіндеуі, ол енді тіпті керемет шара екен. Бір кездері ескіліктің қалдығы ретінде қазақ өмірінен шеттетіліп, өшуге аз-ақ қалған осындай жөн-жоралғыларды көрмек түгілі, затын естігенде жағымды естілетіні көңілді қуанышқа бөлейді. Отыз бес жыл бұрын өзім келін болып түскен осынау қасиетті топырақ – Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты Жайылма елді мекеніне түс ауа жеттік. Көзге сонадайдан түсетін ерекше жап-жасыл Тәкітал бау-бақшасы әлі сол қалпында. Ерекше. Оңтүстіктің Созақ ауданымен шекаралас жатқан бұл ауылдың атап ауыз толтыра айтатын бір қасиеті – ойсыл қара тұқымы, шулары желкілдеген түйе малының көптігі. «Қаладағылар келіп қалыпты ғой»,– деп үй-үйден таңғы-кешкі сауындарын ала жүгіретін, ауыздарынан айналайындары түспейтін енелеріміздің орнын басып біз де есейіп қалғанымызды кейінгі түскен келіндерге қарап отырып мойындағандай болдық. Ауызбіршілік, мейірімге тұнып тұрған ауылдағы ахуалға қарап сүйсіндік. Кешегі әке-шешелеріміздің көзін көргендердің қатары да сиреп қалыпты. Кейінгі толқынның көшбасында тұрған отаудың иесі, марқұм көкем мен апамның шаңырағының шамшырағы Мейірбек қайным мен Нұрсұлу келін. Олардың өздері құда-құдағи, ата-ене. Көлігіміз есік алдына келіп тоқтағанда бір қауым ел бізге қарай қарсы жүрді. Аман-саулық сұрасқанша төркіндеп келе жатқан Қыз-апамызды қарсы алуға ұмтылды. Мәре-сәре болған ағайын-туыс, бауырларының құшағына көмілген апамыз да бір күліп, бір жылап жатыр. Алғашқы екі күн Құран оқытып, дұға жасауға арналды. Үшінші күннің таң атысы мен кеш батысына шейін ағайындарын аралаған апамыз қасындағы нөкерлерімен күннің ыстығына, аптап желдің ысқырығына қарамай көңілді жүрді. Әппақ апамның иығына әппақ тон жауып жатып, бұйымтайын сұрадық. – Менде қандай бұйымтай болсын, атам заманнан келе жатқан үрдіс бойынша ат мінгізіп, шапан жабатын кез емес, әркім барымен базар. Ең бастысы, бірге туғандарымның көздері болып, өсіп-өніп отырғандарыңды, жарастықты тіршіліктеріңді көрудің өзі бақыт. Құдайға шүкір, ұлдарым мен қызым, немерелерім аман-есен өсіп жатыр, тамақ тоқ, киім бүтін, сондықтан амандықтан басқа ештеңенің керегі де жоқ. Бәріңе ризамын,– деп жан-жағына ойлана көз тастады. «Қыз жат жұрттықты» айтқан халқымыздың қыз балаға деген құрметі, сый-сияпаты ерекше ғой. Ол мейлі, бесіктен белі енді ғана шыққан сәби болсын, бұлаңдаған бойжеткен, ұзатылған немесе біздің Ақ апа секілді сексенге келсе де, қызға құрмет-сыйластық өңін айналдырмай, шынайы-ақиқат болып қала бермек. Әже-аналарымыз, әпке-сіңілдер мен жеңге-келіндерімізді аялайық! Мәдениет пен ұлттық салт-дәстүрлеріміздің көпшілігі осылай дейді. Еліміздің шалғай түкпірінде жатқан кішкентай ғана ауылда, өткен осындай өсиетке толы кездесуді қағаз бетіне түсіргендегі мақсат та сол, қазақ қызына деген махаббат үлгі-өнеге болсын деген ой. Тараздан шыға берісте қоштасқан Ақ апам: «Асанәлі әртіске ерекше сәлем айтыңдар, менің сыныптасым ғой, мен класкомы болғам ол мықтының», – деді әдемі жымиып. Осы бір әдемі көрініс, әдемі, жып-жылы мейірімге толы әппақ жүзге ешқашан кірбің түспесе екен деген әдемі тілек ішімізді жылытып біз кете бердік...

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Жамбыл облысы, Жайылма ауылы