Ебелек делебені қоздырады, шындықты оздырмайды

Ебелек делебені қоздырады, шындықты оздырмайды

Ебелек делебені қоздырады, шындықты оздырмайды
ашық дереккөзі
«Түркістан» газетінің биылғы наурыз айындағы сандарында (№12, 13) академик Ғарифолла Есімнің «Ебелек философия» атты ой-толғамы жарық көрген болатын. Осы мақалаға орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, философия ғы лымдарының докторы, профессор Жақан Молдабеков үн қатып, өз ойын ортаға салып отыр. Философия ағымдарының тарихы мен даму сатыларын үнемі қадағалап жүретін саналы оқырмандардың назарына белгілі ғалымның мақаласын ұсынып отырмыз.

Редакциядан

Адамның өзімен-өзі тартысып, ертелі кеш айтысып жүретін кез жиіледі. Тынымсыз ізденіс өмірден өз орнын іздеген тұлғаның ұмтылысына оттық. Естілер өзіне «осы дүние не болып жара жатыр?», «бұдан кейін не болмақ, бізді не күтіп тұр?» деген басты сұрақтарды жиі қойып, соған жауап іздеумен әлек. Әлекке түскен адам айқын емес нәрсені білсем, қиыншылықтың түп негізін ұқсам, оған дұрыс шешім тапсам деп талпынады. Тынымсыз жандар үшін адам өмірін ұзартудың, өзгелермен тіл табысудың, жарастықта тіршілік етудің көкжиегін айқындау – болмыстық маңызы зор мәселе. Көкжиектің біржағы – адам мәселесін жалған жолда немесе күш көрсету тұрғысынан дұрыс шешуге болмайтынын көрсеткен тарихи тәжірибеге тіреледі, арғы жағы – бетбұрыстың тарихи және әлеуметтік-саяси мағынасымен сипатталады. Бүгінде осы өлшемдерден мемлекеттер мен халықтардың өресін жақындататын жеңімпаз ағымдар әрқалай нәр алуда. Бірақ сол оң өмірлік сабақтан неге тәлім алмаймыз, оған не нәрсе кедергі болуда дей қалсақ, онда ішкі күдіктер, шиеленістер күшейген сайын тіліміз күрмеліп, кібіртіктеп қалатын жайымыз жиі орын алады. Тұйықтық пен бірбеткейліктен мәдени сұхбаттасудың өрісі тарылуда, қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің мәдени негіздері ыдырауда. Мәдениеті әлсіреген ортада еркін сұхбаттасу, ортақ келісімге келу, өзара ықпалдастық туралы ұжымдық шешім қабылдау тоқырайтыны белгілі. Өзара түсіністік жөнімен, дер кезінде жүргізілмегеннің қауіп-қатері неде? Әлемдік өзгерістермен қатар біздің дүниетанымдық талпыныстарымыз қилы-қилы қарқында, күрделі деңгейде өтуде. Сыртқы факторлардың ықпалын талдау жұмыстары бірқалыпты сарында немесе бір-бірінен алшақ жүргізілуде. Алшақтықтың философиялық маңызын ұғынуға талпыныстар азаюда, әлсіреуде. Идеялық алшақтық мамандарды әр саққа елеңдетуде. Өзіміздің танымдық және тәрбиелік мүмкіндігімізге немкетерлік пиғылдар енуде. Танымдағы ырым-жырым бастамалар көпшілікті тартпайды, нағыз мамандарды қанағаттандырмайды. Неліктен? Еліктеуден туындайтын дүрбелең қарқын алып, ал ойды тазартатын қайнар көздер тарылуда. Жазылған еңбектегі көшірмелер тарихи сабаққа тартпайды, біліктілікті арттырмайды. Елеңдеген жалтақтар тұрақай тұсында қалуда, өз айтпағына сенімсіздер шығармашылық жаңалықты елемейді, олардың арасында бірлесіп әрекеттену дағдысы жоқ. Дағдарыстың ішкі дерті үлкен-кішіні, алыс-жақынды шарпитыны, сау қалдырмайтыны хақ. Бүлікке бастайтын дағдарыс рухани дертке айналса, адам жүрегінің сыздауы созбалы, ойындағы сандырағы жан түршіктірер күйге айналуы әбден ықтимал. Жас ұрпаққа, ұлтқа өмірлік позициядағы «эрозиядан» қауіпті нәрсе бола қоймас. Осыдан: 1) өмірдің мән-мағынасы туралы, адамның қабілет-қасиеттері туралы білімнің құндылығы артуда; 2) адамды жарастық пен жасампаздықта өмір сүруге үйрететін өнердің, ғылымның, рухани ықпалдастықтың өзіндік мән-мағынасы күш алуда; 3) адамдар арасындағы түсінбеушілік пен араздықтың себептерін тәптіштеудің, басудың қоғамдық қажеті үдеуде. Жаңа бастауларды ескеретін, тығырықта кедергіні сезінгендердің бей-жай жүрмейтіні, мүләйімсіп қалмайтыны мәлім. Осылайша ішкі тартыспен жүргенде академик Ғарифолла Есімнің «Ебелек – философия» атты мақаласы («Түркістан» газеті, №24, 31.03.2016) қолыма түскені. Күтпеген ерекше атау. Қазыбек бидің «ебелек» туралы айтқаны есіме түсті. Мақала көркемдік-философиялық стильде жазылған. Онда оқырманды қызықтырар алуан жәйттер жетерлік. Автордың тілі жатық, қолы да, ойы да жүйрік. Ғарифолла Есімнің шығармашылық ерекшелігіне тән жатық стиль. Әр оқырман оны өзінше қабылдап, бағалап жататыны хақ. Айтпағымыз, философияның көптеген өткір мәселелері қамтылған. Жаңашылдықтан жасқанбауымыз керек. Автордың қаламынан туындаған мақалада философияға деген өмір талабының түрлі өткір мәселелері алға тартылған. Философиялық кейбір өзекті мәселелер туралы авторлық позицияның өткірлігі соншалықты, пікір алмастыруға, ой жарыстыруға итермеледі. Мақаладағы көркемдік сипаттау мен ғылыми талдау, шеберлік пен білім қаншалықты бірін-бірі толықтырады, дәлірек айтсақ, білімімізді жаңа деңгейге көтереді? Келтірілген дәйектердің бәрі де көңілден шыға ма деген ойлар көңілге орала берді. Өзім үшін жауабын кесіп айтатын жеңіл сұрақтар емес. Толғаныс барысында академик әріптесімнің жазғанының төбелін көрсеткен жөн бе, әлде құласын көрсеткен абзал ма деген күдік мазалады. Аузымызға алалық, ісімізге шалалық түсірмей, мүмкіндігінше ой жарыстырған орынды ғой деген шешімге тоқталдым. Проблеманы сипаттау әдебиет, философия, ғылым, мәдениет мәтіндеріне орай құрылған. Шығармашыл тұлғаның үйреншікті тәсілі. Оны бұрыннан байқағанбыз. Автордың ой өрісі мен стильдік желісінің тарихи-философиялық арқауын, танымдық астарын түсіну немесе түсіндіру жеңіл шаруа емес екенін жасырмаймын. Ғарифолла Есім өз халқының тағдырынан тыс қалмау үшін көсіліп жазады. Ұлттық идеяны әр қырынан көтеруі көңілімнен шығады. Бірақ мақалада философиялық мәселенің кейбір өзекті жақтарын бірде «секіріп», бірде «сырғып» өтетіні түсініксіз. Кейде, шіркін-ай дейтін жәйттерге кібіртіктейсің. Ондайда философиялық көзқарас дәйекті, деректі, жүйелі болса ғой деген ой еске түседі. Енді мақалада «таңдандырған» жәйттерге назар аударалық. 1. Маркстік ілімді «жатқа білетін халге жеттім» деген сөзді 40 жылдық педагогикалық практикамда алғаш естуім. 50 томдық К.Маркс пен Ф. Энгельс шығармасын «жаттап» алу мүмкін бе, қажет пе?! Бұл көркем шығарма, поэзия емес, тіпті санаулы қағидаттардың қосындысы да емес. 2. Маркстік ілім – философиялық, қоғамтану, жаратылыстану, тарихнаманың тұтас бір жиынтығы екені, онда танымдық, экономикалық, саяси, әлеуметтанымдық көзқарастар бір-бірімен астарласып, тоғысып жатқаны жасырын емес. Маркстік ілім жаңа дәуірдегі қапиталистік қоғамның қайшылықтарынан туындаған, әлеуметтік тұйықтардан шығу жолдарын ондаған жылдары бойы іздестірген қажымас еңбек, ал авторлардың идеялық жаңалықтары мен теориялық табыстарының жетістігін тезистер аясына «қолдан» тарылту тәсілдері көңілден шықпады. 3. Диалектиканы даму туралы ілім деп қарастырмай, оның ауқымын қайшылықты талдайтын тәсіл ретінде сызып шектеуі бізге түсініксіз. Мұндай әдісті диалектиканың объективті мазмұнын толық ескеру емес, оны өзінің тар ниетіне икемдеу амалы деп ұқтым. 4. Тар ниет маркстік іліммен антагонистік теке-тіреске ашық шығуынан білінеді. Авторлық «шабуыл» не үшін керек, не себептен өрши түскен? К. Маркс пен Ф. Энгельс тоқтам-тұжырымдары екі ғасыр бойы адамзаттың санасын дүрліктірді, оған жаңа толқын енгізді, қоғамдық сананы әлеуметтік идеал аясында, биік деңгейде сергітті, адамзаттың болашағына қатысты заңдылықтарды әр бағытта, әр қырынан ынталана талқылауға жұмылдырды. Көзқарастар әртекті болды. Ол түсінікті де. ХІХ ғасырда капиталистік қоғамның қайшылықтары күрделі, құбылмалы, еңбекшілерге жайсыз еді. Әр топ, тап, ұлт өз мүддесі тұрғысынан өздеріне қажетті жауапты іздеді. Мәжбүрлі тың бетбұрыста байырғы ағымдық қағидалардан, утопистік үміттерден бірден бас тарту мүмкін емес еді. Оған уақыт керек. Оның үстіне қоғамтануда басты ағымдар іріктелінбеген кез. Үстемдікті аңсаған ағымдар маркстік ілімнің түбірлі философиялық, экономикалық, саяси тоқтамдарына тұс-тұстан «тап беретін, шап беретін» идеологиялық күресті үдетті. Десек те, әлемдегі оның беделі басылмады. ХХІ ғасырда жаһандық дағдарыс әлемді қамтыған кезде, дамыған елдердегі әйгілі экономистер әлемдік дағдарыстан шығу мүмкіндігі туралы жауапты маркстік ілімнен іздегені көп нәрсені аңғартса керек. Ірі теоретиктерді, шамасы, маркстік ілімнің идеялық қуаты, теориялық жүйесі, әдістемелі дәйектілігі қызықтырғандай. Маркстік логиканың әсерлік қуаты танымдық өлшемнің осы үштік басымдығы мен іштей сабақтастығында екенін бізде атап өтеміз. Иә, дәуір өзгеруде, жаңа заманның ұрпақтары – біз де жетілудеміз. Осы объективті үрдістің ерекшелігін түсіндіретін, адами жетілу заңдылығының жүйесін анықтайтын, бағыт-бағдарын болжайтын ілімге, білімдер жүйесіне мұқтаждықтың анағұрлым артып жатқанын кім жасыра алады. Білім саласындағылар оны бар болмысымен сезінуде. Еуропадағы билік пен байлық иелерін дүрліктерген, әсіресе үрейге ұшыратқан маркстік ілімнің экономикалық, саяси-әлеуметтік тұжырымдары екенін қайталап айтсам артық болмас. Оған себеп: 1) ХІХ ғ. капиталистік жеке меншік қуаттанған сайын, еңсесі езілген еңбекші адамның күйзелгені, бұқара халықтың әлеуметтік тығырыққа тірелгені, белінен батқаны мәлім; 2) Буржуазиялық демократияның белді өкілдеріміз деген ірі өндіріс, завод, фабрикалардың, корпорацияның иелері, түрлі партиялардың идеологтары саяси режимнің қатаң тәртібі мен қитұрқы амалдарын жұмысшы мен шаруалардың, әлеуметтік тобырға (алдау-арбау, күшпен болса да) таратудан тайынбады; 3) Үстемдіктің тетігін қолында ұстағандар, соған қызмет етуші идеологтар Маркс іліміне бас көтеруші, кекшіл күресті ұйымдастырудың алдыңға қатарында болды. К. Маркс пен Ф. Энгельстің саяси-экономикалық тұжырымдары буржуазиялық тыныштықты, байырғы саяси тәртіпті бұзатын қатерлі қауіпті күшейітті. Буржуазия өкілдері жаңа ілімнен сескенді, оған көтеріле қарсы шықты, күреске бар арсеналын қосты. Діттегенін ғасырлар бойы өз бетінше еркін, мүдірмей жүргізіп үйренгендер үстем билігінен айрылғысы келмеді, қайта күшейтті. Бұл қозғалыстар толқындай бірде жағаға соғылып, бірде кері қайрылып жатты. К. Маркс пен Ф. Энгельс өз түсініктерін жаңа көзқарастармен үнемі жаңғыртты. Ол дегеніміз ілім ұғымының, ұстанымының, бағытының мән-мағынасын толықтыру еді. ХІХ ғасырдың 40-80 жылдарында маркстік ілімнің эволюциясы мен логикасын осы кезде авторлардың шыққан еңбектерімен нақты, жүйелі түрде танысқан, талдаған ғалым ғана аталынған қағиданың маңызы мен қажеттілігін толығырақ ұғады. Онсыз теориялық тоқтамдар дұрыс қабылданбайды, жүйелі бағаланбайды. Мысал ретінде Ғарифолла Есімнің кейбір тоқтамдарына тоқталайық. Ол – еңбекші адамды, жұмысшы табын, бұқара халықты «тобыр» деген ХІХ ғасырдағы буржуазиялық идеологтардың кеуде басатын дөрекі сөзін қайталайды. «Карл Маркс ілімі коммунистік режимнің іргетасы болатын». Автор коммунистік идеалды, арманды режим (қалыптасқан тәртіп, билік) ретінде қарастырады. «Дүниені өзгерту үшін, алдымен оны қирату қажет болды». «Қирату – революцияның әліппесі». Бұдан өзгертуді – қиратумен, күресті – соғыспен біржақты балаумен қанағаттаныпты. Бұл бұрмалаудың бір бастауы. «Қайшылық тап күресінің күретамыры. Қайшылық – болған соң, қарама-қарсы күштер бар, олар таптар, олар ымырасыз, бірін-бірі қырып-жоймай тынбайды». Мұнда басты тезис, себеп-салдар байланысының орны ауыстырылған. Пролетариат, жұмысшы табы дейміз бе, қысқасы, езілгендер күресінің күретамырын бостандық, теңдік үшін қозғалыс құрайды, сол жарқын болашағы үшін күресуге мәжбүр. Өйткені ымырасыз мүддеде, әр саққа тартатын мақсатта бітім тұрақтанбайды, өмірдің құндылығына деген көзқарас, іс-әрекет жіктелінеді, шешуін таппаған мәселелер алауыздықты, арандатушылықты тудырады. Қиыншылық біртіндеп әлеуметтік-саяси сипат алады. Адамдық және ұлттық құндылыққа қарама-қарсы тұрғыдан қарайтын әлеуметтік-саяси күштер мен ағымдар өз мүддесі үшін түрлі амалдарды жұлқына қолданудан тартынбайды. Бір жағының мүддесі тұйыққа тірелсе, қиыншылық – қайшылықты үдетеді, қайшылық – күреске ұрындырады. Ішкі дерт асқындаса, дағдарыс секірмелі саяси күрестің аяусыз жазасына жүгіндіреді. Карл Маркстің диалектикасы – «тәсіл ретінде тап күресі іліміне таптырмайтын құрал». Түпнұсқаларға сүйенсек, Маркс пен Энгельс диалектиканы табиғаттың, қоғамның, ойдың дамуы туралы ілім, олардың байланысын өзгертетін құрал, тәсілді жинақтайтын теория ретінде түсінетінін қанша рет ескертеді. «Тарихты материалистік тұрғыда түсіну немесе «тарихты жасаушы тұлғалар емес, бұқара халық» деген теория». Мәтіннен жұлқылап алған сілтеме оның басты мағынасын бұрмалайтыны жасырын емес. Расында, қоғамнан, халықтан тыс толық тұлға болмайды. Ұйымдасқан әлеуметтік күшсіз – қауымдасқан топсыз, тапсыз, әлеуметтік әлеуеті басым ұлтсыз тарих түбегейлі жаңғырмайды. Бұл да тарихи шындық. Тұлғаны әлеуметтік-мәдени ортадан бөле-жара қараудың немесе қолдап көтермелеудің ортаға ықпалы дәрменсіз болатынын тарихи тәжірибе көрсетті. Тағы екі өзекті мәселеге тоқтамасқа болмас. Диалектика мен логиканың онтологиялық табиғатын, методологиялық жүйесін, танымдық даму заңдылықтарын тұтас талдап, терең ұқпағаннан осы мәселелерді келте қайырушылық, білім саласында бұл проблемаларды назардан тыс қалдырушылық белең алуда. Одан ұтыларымыз басым. Қазір де шығармашылық ізденістерде көптеген ғылыми тәсілдерді тізіп берушілік, яғни плюралистік көзқарастарды жасанды ұсынушылық байқалуда. Бірақ сол алуандықтың теориялық сабақтастығын тиянақтайтын философиялық методологияның рөлі жетіспей, «үңірейіп» қалуда. Оны немен толтырмақпыз? Әркім өз дегенімен қанағаттанады. Одан тұтас ілімді байқамаймыз, дүниетанымдық, қоғамтанырлық, тұлғатанымдық іргелі көзқарастар қалыптаспай тоқырап қалуда. Ғарифолла Есім диалектикалық логика туралы орынды күдіктерін ортаға салады. Екі жай есіме түседі. 1962-1973 жылдары М.В. Ломоносов атындағы Москва мелекеттік университеті философия факультетінің студенті, аспиранты болдық. Бір лекциясында академик Б. М. Кедров Алматыда қазақ философтары диалектикалық логика проблемаларын зерттеуде қызықты еңбектер шығарды дегенде, ерекше қуаныш сезімі студенттік болмысымды билеп алғаны әлі есімде. 1974 жылы жас ғылым кандидаты ретінде КазГУ-де жұмыс істей бастадым. 1975 жылы сол кездегі кафедра меңгерушісі профессор Нұрұлла Сарсенбаев кабинетінде сөзге тартты. МГУ-дегі жағдайды кеңірек сұрады. «Қалай ойлайсың, – деді кенеттен, – Гегельдің идеалистік идеясына негізделген диалектикалық логиканың болашағы бола ма? Түпнұсқасын немісше оқи алмайтын біздің философия институтының мамандары диалектикалық логикадан жаңалық аша ала ма?..» Қадала қарады. Үнсіз қалдым. Не айтар екен деп күтті, мені сынаған сыңай танытты. Есімді жинап алғасын: «Философия факультетінде материалистік диалектиканың тарихы, эволюциясы, қолданыс өрісі туралы түрлі арнайы курстар оқылды. Э. Ильенков көзқарасын қолдаушылар аз болды», – дедім. Ал диалектикалық логика туралы еңбектермен жақсы таныс емеспін. Өзім бұл проблемамен тікелей шұғылданған емеспін... Жауабым, шамасы көңілін дөп баспады-ау деймін: «Мен бұл ізденістерден тың идеяны, нақты ұстанымды, қазіргі өмірімізбен байланысты мәселені көріп тұрған жоқпын», – деп өз ойын өзі топшылады. Байырғы жайды неге еске алудамын? ХХІ ғасырда сол талантты топтың диалектикалық логиканың жаңа замандағы тың проблемасын көтерген, талдаған еңбектерін байқамаппын. Олардың үнсіздігін қалай түсінуге, түсіндіруге болады? Өкінішті жай. Осындай сырғақ жәйттерді өзінше түсінген академик Ғарифолла Есім тағы да күтпеген зілді түйінді ұсынады: «Философия пролетариаттың рухани және ескі дүниені қирату құралы болғандықтан, оның заңдары және жаңа ұғымдары коммунистік режимдерге қызмет еткен және сол дәстүрін сақтаған.... Диалектиканың бастауы Гегель философиясында». Ал не дейсіз? Қысқаша қайырсақ, философияның да, диалектиканың да түбірі б.д.д. тамыр жайғаны кімді күмәндандырады. Ол кезде коммунизм идеясы ауызға түспегендей. Мен бұл сілтемелерді академик Ғарифолла Есімнің 2016 жылғы 24 наурызда «Түркістан» газетінде жарияланған мақаласынан келтірдім. Маркстік ілімді оның ізбасаралары, коммунистк партиялардың идеологтары қалай «дамытқаны», жұлмалап «толықтырғаны» туралы кейінгі күрделі кезеңдерге тоқталғым келмейді. Шатысатын қағидаттар бір бастан асады. Кезінде тапсырма бойынша «Ревизионизм мен антикоммунизмге сын» деген арнайы курсты Қазақ ұлттық унверситетінде, кешкі марксизм-ленинизм университетінде оқыған жайым болған. Сол кезде қаншама пікірталас пен сыни талқыдан өтпедік. Газеттің келесі аптадағы 2016 жылғы 31 наурыздағы нөмірінде академик Ғарифолла Есім өзінің еңбектеріндегі жаңа идеяларына тоқталады. Ағынан жарылсам, кітаптармен мұқият танысудың реті болмады, әріптестерімнен елең еткізетін пікірлерді есітпедім. Бірақ көкейімнен кетпейтін күдікті жеткізгім келеді. Философ ретінде маркстік теория мен методологияның жүйесін толық ескермей, оның басты ұғымдарының мән-мағынасын дұрыс айқындамай, бұл ілімді сынаудың дәйектілігі, өтімділігі неде? Бұл ретте сын сын үшін емес, философиялық мәдениетті қалыптастыру, оның білім жүйесіндегі мәртебесін дамыту үшін ауадай қажет екенін кім мойындамас. Маркстік ілімнен іргесін алшақтатқандар алдымен жіктелді, соңына кіммен, немен іріктелді, деген сауал көмейде сайрап тұрады. Дүниетанымдық және методологиялық мәселелерге нақты жаңа жауап қалыптаспағандықтан тұжырымдамалы бағдар тиянақталынған жоқ. Одан философияның беделі түсуде, білім саласындағы алатын орны мен қосатын үлесі тарылуда. Қазақ философиясының бүгінгі деңгейі мен болашақ бағдары туралы мәселе төңірегінде белгісіздік басым, тиянақтылық олқы. Пікірталасқа араласуымның тағы бір себебі осында. Сонымен кімдер, не себептен маркстік ілімнен бірден бас тартты немесе оған бейжай қарайды? Мені кейбір оқырман маркстік философияны жан-тәнімен қорғаушы деп қалуы ықтимал. Айтарым: 1) маркстік философия философия тарихының басты кезеңдерінің бірі, ойлану мәдениетінің мазмұнды өлшемі; 2) оның дүниетанымдық және методологиялық ұстанымдарын парасаттық, теориялық тұрғыдан қарастырудан үйренеріміз мол; 3) көзқарастағы кемшілік немесе біржақты идеологиялық нұсқама ілімнің қағидаттарын оңды-солды «сілкілетті». Коммунистік идеал-арманға, маркстік ілімге, ұлттық философияға үрке теріс қарағандардан идеялық бір ұқсастықты байқаймын. Оларда модерндік сарынға еліктеушілік, ұрынушылық басым. Модернизм ағымы Еуропада, әсіресе Францияда ХХ ғасырда 60 жылдары өнер аясындағы жастар арқылы өрісін тапты. Оның идеялары 1960-70 жылдары МГУ-дің философия және филология факультеттерінде эстетиктер арасында жиі-жиі ресми түрде талқыланды. Кеңірдек қарлыққанша пікірталасқан бірнеше отырыстарда болдым. Сол кездегі идеологиялық қысымға қарсы наразылықтар ашық айтылатын. Пікірталастағы еркіндікті қолдағандар модернизмді ашық қолдады. Бұл сарын аз уақытта кең таралды. Бүгінде модернизм төртінші рет реформалық түрленуге ұшырауда. Сонымен бұл ағым тез «өңін» өзгертіп, жаңа сипат пен жаңа қолдаушыларын іздестіруде. Мамандардың пайымдауынша, симптом неде? Модернизм «мынау немесе басқа» деген ұстанымды қатаң ұстады, марксизм-ленинизмге қарсы ашық шабуылды бастады. Модернизм тәртіпке, ережеге, нормаға біржақты көзқарасты таратты, оларды жалпы еркіндік идеясымен «бықтырды». Екіжақты бинарлы оппозицияға – шындық пен өтірікке, ақиқат пен жалғанға, биік пен төменге алыпқашты жалаң түсініктерді теліді. Жанама құрғақ сөзде шындық, ақиқат, жоғары деген ұғымдар объективті мазмұнынан айрылды, қатынаста шеткі ұсақ-түйекке, қосалқы нәрсеге ерекше қызығушылық орын алды, оңтайлы жартыкештік дәріптелінді. Ал иерархия құрылымы қабылданбады, идея мен тәжірибедегі оңтайлы қағидалардан басқасы мойындала бермеді, теріске шығарылды. Постмодерн армандағы мұратты жоққа шығарып, тұтас жобаның үстемдігін жақтайды. Ол дегеніміз табиғи ортадағы, тарихи оқиғадағы нақты шындықты жоспардағы стильге теңестіру, бақылаусыз теңестірудің өз бетінше ұйымдасатын кездейсоқ көріністерін қолдау. Мұнда өнер мен өнер еместің, жоба мен ортаның, өмір мен өнердің жалпы орташа теңдігі басалқы орын алады. Проблемалар ұйымдасқан әлеуметтік қатынастан тыс қаралды. Содан ұғымдағы бұлыңғырлық, әлеуметтік факторға немкетерлікпен қарау, хаос пен кездейсоқтықты жоғары қою орнықты. Жалаң көркемдік стильге, ебелек баламаға еліктеушілік қалыптасты. Ең қауіптісі, уақытша болса да тәуелсіз жеке келбеттің билігін қошаметтеу, ал жеке тұлғаны жарнамаға айналдыру дерті етек алды. Өзгешелікті өгейсітпек өшпенділіктің арнайы берері не? «Жартыкеш көзқарас рухани жарымжандылыққа ұрындырмай қоймайды» деген Әбіш Кекілбайдың сөзінде терең шындық жатыр. Нені орындау міндетті? 1) Экономикалық-әлеуметтік ахуалға, саяси оқиғаларға деген кешендік көзқарасты қалыптастыру, 2) ұйымдасқан іс-әрекеттің үйлесімділігі мен жауапкершілігін айқындау, 3) мәдениеттің басты түрлерін дұрыс пайдалануды үйрену, 4) қоғамдық күштің әлеуетін арттыру мүдделілігін басшылыққа алу. Мұндай ұстанымдар философиялық білімге, жастардың интеллектуалды мәдениетіне қандай ықпал етуі ықтимал? Философияға ықылас танытушы несімен құнды және қандай жағдайда дұрыс бағаланбақ? Платон айтқандай, философ шындықты іздеуімен, дәйекті ойымен, ақиқатты жоғары тұтуымен көзге түседі, көңілден шығады. Бұл – философиялық принцип. Философия – даналыққа сүйіспеншілік дегенде Аристотель және кейінгі ойшылдар нені ескерді? Даналық 1) ескі мен жаңаны, озық пен кейінгіні, жақсы мен жаманды білуге талпынғанда, 2) адамды қинайтын қиыншылықты танып білуден тайынбағанда, 3) ғылымда нақтылыққа қол жеткізуге және оның себептерін ашып беруден қайтпағанда, 4) пайда үшін емес, таным үшін қызмет еткенде, 5) білімді жалаң түсініктен, білімсіздіктен жоғары қойғанда қалыптаспақ, тамыр жаймақ, жетілмек. Қай идеялық ағымдар болмасын құбылыстың, заттың, мәселенің шын мән-мағынасын ашып, адамның ой-парасатын жетілдіруді дұрыс жолға қойса, ол философиялық жағымды дәстүрге жатады. Оған түсіністікпен, төзімділікпен қарағандар өзінің ойлану өресін, тіл табысу мүмкіндігін, өзін таныту жолдарын кеңейтпек. Ал философияның іргелі қағидаттарын күйрету дағдысы ашық сұхбатқа, басқаның еркіне, ең бастысы шындыққа жетудің баламалы тәсілдерін іздестіруге жасанды кедергіні күшейтеді. Постмодернизм болса, 1) адамзаттың тарихи және мәдени байлығын, оның алуандығын қайта қарастыруға, 2) түрлі айырмашылықтың мазмұнды сипатынан, маңызды кезеңдерінен бас тартуға, 3) қоғамдық прогресске қатысты ағартушылық жұмыстар мен теориялық тұжырымдардың тарихи-танымдық маңызын бұрмалауға, жоққа шығаруға бейім. Осы ұстанымдар аясында өткенді, бүгінгіні және болашақты ажыратпайтын, яғни прогрессивті өзгерістерді қабылдамайтын, жеке инициативаны, ұғымдық түсінік пен логикалық талдауға мән бермейтін ізденістерді қолдау модернистік сипат алды. Постмодернизм 1) жүйелі логикалық дәлелді емес, әркімнің өз ойын «еркін», коммерциялық тұрғыдан жеткізгенді қалайды; 2) мағынаға деген көзқарасты сол проблеманың мәнісімен теңестіреді, яғни экономиканың, саясаттың, мәдениеттің, рухани шығармашылықтың өресін тарылтады. Философ дара шауып, жүйрік болу үшін алдымен не нәрсе қажет? Нәрсені жаңғыртпақ ниеттер мен бастаманың өз ауқымы, қарқыны, салмағы бар. Десек те, онда философияның бүгіні мен болашағына айқындылық жетіспейді. Бұл ішаралық алшақтық мамандардың өздерін көптен бері алаңдатып келеді. Философиялық еңбектердің саны жыл санап көбеюде. Шүкіршілік. Онда көпірме сөздер ауқымы да тасқындауда. Өкінішті-ақ. Ғалымдар бір-бірінің шығармасын оқудан қалып бара жатыр. Мамандар кәсіби проблемалардың эволюциясынан шеттеуде. Үркітетін жай. Ең бастысы, философияның қоғамдағы мәртебесі, тәрбиелік рөлі әлсіреуде. Философтарды ғана емес, жалпы ғалымдарды іштей тоқырататын, рухани «эрозияны» дүлейлететін үрейлі дерт. Мұндай дәрменсіздік қоғамдық пікірді оңды-солды «шаңлата» үйіруде. Одан кім алдымен адаспақ? Өзіміздің танымдық және тәрбиелік мүмкіндігімізге немкетерлік пиғылдар енуде. Танымдағы ырым-жырым бастамалар көпшілікті тартпайды, нағыз мамандарды қанағаттандырмайды. Неліктен? Еліктеуден туындайтын дүрбелең тасқындауда, ал ойды тазартатын қайнар көздер тарылуда. Жазылған еңбектегі көшірмелер тарихи сабаққа тартпайды, біліктілікті арттырмайды. Елеңдеген жалтақ тұрақай тұсында қалуда, өз айтпағына сенімсіздер шығармашылық жаңалықты елемейді, олардың арасында бірлесіп әрекеттену дағдысы күйреуде. Адамдардың болмысы мен танымдық кеңістігінде философиялық ұстанымнан, принциптен ауытқушылық орын алғанда ортақ түсіністік жетіспейді. Маман-философтар мәселеге өз бетінше, жеке дара енуде. Білім саласындағы сұхбаттасудың философиялық ерекшеліктерін арнайы талдамаппыз, ұққанымыз да шамалы. Алуан нұсқаулар мен қаулыларды бір-бірімен ұштастыру, дүниетанымдық тұрғыдан реттеу, гуманитарлық өлшеммен бағалау аяқсыз қалуда, ақсауда. Оның үстіне әлемдік, жаһандық қозғалыстар ғалымдарды өз иіріміне әрқалай уақытта өте күштірек тартуда. Ал білім, оқыту және тәрбие саласында философиялық тұжырымдық негіз орнықпағанда білімаралық сұхбатты жүргізуге дайынбыз ба? деген беймаз сұрақтар тілге еріксіз оралады. Жеке ізденістерге, кейбір ұжымдық бастамаларға өзара үйлестік жетіспей жатқанда, кәсіби қанағаттанушылықтан гөрі, «не болып барады» деген елеңдеушілік ойды әр саққа жүгіртеді. Дағдарыстың ішкі дерті үлкен-кішіні, алыс-жақынды шарпитыны, сау қалдырмайтыны хақ. Ішкі дағдарыс рухани дертке айналса, адам жүрегінің сыздауы созбалы, ал ойындағы сандырағы жан түршіктірер күйге айналуы әбден ықтимал. Жас ұрпаққа, ұлтқа өмірлік позициядағы «эрозиядан» қауіпті нәрсе бола қоймас. Үш нәрсе айқын: 1) Жеке дара ниетке кемелділік жетіспей жатыр. 2) Жаңа деңгейге көтермек ниетте дәйектілік пен дәлелділіктің орны толмауы, немесе ойлы ұсыныстар аяқсыз, нәтижесіз қалғаны кәсіби құзырды көмескілеуде. 3) Дүниетанымдық талдауға, ғылыми ұмтылысқа тың талғам, жаңа бағыт керек. Соған қарамастан философиялық талдауға деген қоғамдық сұраныстың артып келе жатқаны айқын. Себебі жаңа дәуірде жинақталған фактілерді, идеяларды, болжамдарды бір жүйеге келтіру, теориялық конструкцияның толыққанды арқауын анықтаудың, ширатудың қажеті артып жатыр. Мұны бір-бірімізді жұбату үшін айта салмай, шығармашылық ізденістерді бірлесе жандандыратын шешуші кезең келді. Біздің ойымыз авторлық кәсіби позиция қазіргі философиялық мәселені түсінуге, не түсіндіруге, философиялық танымды жетілдіруге қандай үлес қосуда деген толғаныс төңірегінде өрбіді. Осыдан 1) өмірдің мән-мағынасы туралы, адамның қабілет-қасиеттері туралы білімнің құндылығы артуда; 2) адамды жарастық пен жасампаздықта өмір сүруге үйрететін өнердің, ғылымның, рухани ықпалдастықтың өзіндік мән-мағынасы күш алуда; 3) адамдар арасындағы түсінбеушілік пен араздықтың себептерін тәптіштеудің, басудың қоғамдық қажеті үдеуде. Жаңа бастауларды ескеретін, тығырықта кедергіні сезінгендердің бей-жай жүрмейтіні, мүләйімсіп қалмайтыны мәлім. Айтары мол академик әріптесім Ғарифолла Есіммен ойжарыстырудағы діттегенімді ашып айттым. Ұлықтың ойға жетелер қызықты ойларын, делебені қоздырып, шаншудай тиетін кейбір жайсыздықты баса айтқандаймын. Өйткені философиялық ахуалымызды көңіл де, уақыт та көтермейді. Ебелек делебені қоздырса да шындықты оздырмайды. Оны ұмытпалық. Шығармадағы жарамдықты жиі көрер, терең тұжырымдарды ашық есітер күндер жақындай түссе екен деп тілеймін. Сенімді үміт тебіреніске оттық болды.  

Жақан Молдабеков, философия ғылымдарының

докторы, профессор