Жаңалықтар

Еуропада өткен екі апта... енді естен шығар ма?!

ашық дереккөзі

Еуропада өткен екі апта... енді естен шығар ма?!

Кез келген адамның ел, жер көруді армандайтыны анық. Әлемнің небір ғажайып мекендері жайлы түрлі фильмдерден тамашалап, кітаптан оқып білгенің бір бөлек те, оны көзбен көру басқаша әсер береді. Еуропа десе, неге екені білгісіз, әуелі дамыған және дамушы мемлекеттер деп бөлінетін тізбек ойға оралатын. Сондай кезде жұрт ауыз толтырып, тамсана айтатын, тіпті бізден пәленбай жылға көш ілгері кеткен Еуропаны арман-қиялмен саяхаттайтыным әлі есімде. Қазақта «Атың барда, жер таны желіп жүріп» деген тәмсіл бар. Алайда, бүгінде бұл түсініктің мағынасына сәл-пәл өзгеріс енгендей. Қазір қалтаңда қаржың көп болса, әлемнің кез келген нүктесіне тартып кете аласыз. Ал біз Алла тағаланың нәсіп етуімен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұсынған мүмкіндік арқылы Еуропаның кіндігін көру бақытына ие болдық. Қазақстаннан аттанған бір топ жас білімін жетілдіру мақсатында Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы университетінің саясаттану және журналистика факультетінде тағылымнамадан өтуге асықты.

Киев – батырлар қаласы

    Алматыдан таң алакеуімде көкке көтерілген ұшақ алты сағатты артқа тастап, Киевке қонды. Варшаваға ұшатын ұшақты да осыншама уақыт күтуге тура келді. Онда не тұрыс?! Әуежайдан қалаға шығудың амалын қарастырып көрдік. Әдеттегідей мұнда да қаптаған такси. Бағалары арзан емес. Тоғызымызды екі көлік 100 АҚШ долларына қаланы аралатып келетін болды. Қуанышта шек жоқ. Себебі Украина мемлекетінің басына алмағайып күн туғанда, бірнеше жыл қатарынан Тәуелсіздік алаңында наразылық шараларын өткізген халықтың мұң-мұқтажы жайында мақалалар легін үзбей жазған тілші ретінде бәрін көзбен көріп, жүрекпен сезінуге асықтым. Көлік жүргізушісі де жол-жөнекей елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы айта отырды. Біз де ақпарат құралдарынан оқып, білген мәліметтерімізді анықтағымыз кеп, сұрақты төпелеттік кеп. Содан ұққанымыз – бүгінде Украинаның экономикалық ахуалы біраз қиындыққа тап болыпты. Зейнетақы мен жәрдемақы өспеген. Дағдарыстың салдарынан барлық жерде қысқарту жүріп жатқан көрінеді. Ал билік басындағыларды шырмап алған сыбайлас жемқорлықтың зардабы қоғамды да тұншықтыруда. Айтуынша, Қырым, Донецкі тұрғындарының тұрмысы мүлдем аянышты. «Мұндағы халық үстімізден тағы қашан оқ жаудырар екен?» деген үреймен өмір сүруде. Ал олар мұның бәріне Ресейді айыптайды. «Біз Ресеймен бауырлас елміз деп келдік. Олар болса, бізге сатқындық жасады...»,– деді ашықтан-ашық. Әңгіме арасында бүгінгі биліктің халық үшін қолға алған іс-әрекеттерін де қазбалай сұрадық. «Біздің мемлекетті Янукович сатып кетті. Оның әу бастан пиғылы сол болатын. Ал Порошенко – кәсіпкер. Десе де, Януковичке қарағанда халықпен санасатын қасиеті бар. Бірақ дәл қазір украин халқы үшін жасап жатқаны шамалы...», – деп қысқа қайырды жол бастаушымыз.

[caption id="attachment_11466" align="alignnone" width="169"] Киевтегі Тәуелсіздік алаңы[/caption] Шынында да, Киев құдды бір үлкен ұрыстан кейін дамылдап жатқан қала сияқты елестеді. Тып-тыныш. Көшеде ығы-жығы адам байқалмайды. Халықтың жүзінен томаға-тұйықтықтың лебі есіп тұр. Біреуге өкпелі адамдай. Бәлкім, бұлар да майданнан шаршаған болар, кім білсін?! Әлде, елдің жағдайын осындай дәрежеге түсіріп жіберген басшыларға деген қыжылы ма? Алайда кез келген украин азаматы өз елінің мүддесі үшін ештеңеден тайынбайтындығын сөзбен емес, іспен дәлелдеуге әдеттенген бе дерсің. «Әсіресе, патриоттық рухы жоғары жастар легі өсіп келеді. Қазір жасы да, жасамысы да Тәуелсіздік алаңы – Майданға келіп, опат болған өрендердің рухына тағзым етеді. Бұл тұрақты дәстүрге айналды» деген көлік жүргізуші әңгімесін әрі қарай жалғай түсті. «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы бірқалыпты ғой. Бір жылдары Алматыға жолым түскен. Сонда халқының тұрмысының едәуір жақсарғанын байқадым. Егер бізде майдан болмағанда, ендігі біраз шаруа тындырылар еді. Бәрі тоқтап қалды ғой», – деп күрсінді. Біз де Тәуелсіздік алаңында бір сәт үнсіз тұрып, бақилық болғандарға дұға бағыштадық. Алаңға қаншама адамның суреті мен гүл шоқтары қойылған. Асфальт бетіндегі қоршап қойған сызықтарға көзіміз түсті. Сөйтсек, бұл қантөгіс болған кездегі көз жұмған азаматтардың қаны екен. Оны әдейі бөлектеп, жұртқа көрсетудің өзі ерлік. Біз мұны халықтан шыққан батырларға деген құрметтің белгісі шығар деп ұйғардық. Расында да, Киевті аралап жүріп, қайнап жатқан тіршілікті байқамадық. Мұнтаздай таза көшелерінде көлік кептелісі де жоқ. Бір қызығы, Қазақстанның қалалары осыдан алты-жеті жыл бұрын көшелеріне орнатқан кірпік қақпайтын камералар мұнда енді ғана қойылып жатқан көрінеді. Ал «Бұл камералар 1 шілдеден іске қосылады екен. Оған дейін емін-еркін жүріп алайық» деген жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан, зу етіп өте шықты.Киевте екі жарым жылға созылған наразылық митингілер мен көтерілістер қағаз бен қаламға талай арқау болған еді. Киев көшелерін үш-төрт сағат ішінде шолып шыққанның өзі кәдімгідей рухтың дәнін сепкендей. Өз ұстанымын ашық айтып, басшылардан талап ете алатын намысшыл, өршіл, рухшыл халық өмір сүретін қала екені анадайдан «мен мұндалайды». Оған тағы бір себеп – көше атаулары, ілінген жарнама тақтайшалары, билбордтардың бәрі украин тілінде. Бұл нені білдіреді? Үлгі алуға тұрарлық па? Біз жай ғана таңданып, тамсанып, бас шайқаумен ғана болдық. Әп-сәтте ұшаққа отыратын уақыт та таяп қалды. «Қайдасың, Варшава!» деп Польша мемлекетінің астанасына самғадық.  

Институттан жоғары факультет

 

Әу баста тағылымнамадан өту жайы сөз болғанда, таңдауымыз Польша мемлекетіне түсті. Оның өзіндік сыры бар. Бүгінде бұл мемлекет білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлуде. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен білім алуға келген жастар көп. Соның қатарынан біз де табылдық.

Қазақстан мен Польша республикалары арасында дипломатиялық қарым-қатынас Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында басталған. Әсіресе, мәдениет пен білім саласында белсенді ынтымақтастық орнап келеді. Соның негізінде екі мемлекеттің жоғары оқу орындары да тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұған дәлел ретінде еліміздің белді оқу орындары, соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де талай жылдан бері оқытушылар мен магистранттарды тәжірибе алмасуға жіберуде. Нәтижесі айтарлықтай. Университеттен барған оқытушылар бірнеше тіл меңгеріп, арнайы зерттеулер жүргізуді үрдіске айналдырған. Біз ат басын бұрған Адам Мицкевич атындағы университет Познань қаласында орналасқан. Ұшақтан түсе сала, пойызға билет алдық. Арасы 2,5 сағат екен. Жол бойы Варшаваның сұлу табиғаты таңдай қақтырды. Жап-жасыл желек. Қатар-қатар тізілген ағаштар. Тіпті, көпқабатты тұрғын үйлердің сырты түгелдей дерлік көкке оранған. Не деген әсемдік?! Мұнда да көлік нөпірі жоқ. Жұрттың көбі көлік құралы ретінде метро мен пойыздың қызметіне жүгінеді. Содан да шығар, қаланың ішінен бірде-бір жанармай құю бекетін кездестірмедік. Мұндайда өз елімізбен салыстыра кететін әдетіміз емес пе, «Шіркін-ай, біздің экологиясы нашар қалалар қашан осындайға жетеді екен?!» дедік іштей қызығып.   Әне-міне дегенше, Познаньға да табан тіредік. Польша Республикасының астанасы Варшава қаласы – Висла өзенінің жағалауында, ал Познань қаласы – Варта өзенінің жағалауында орналасқан. Халық саны жөнінен мемлекетте 5-ші орынға тұрақтаған. Мың жылдан астам тарихы бар ұлы Польша мемлекетінің ежелгі, ескі қалаларының бірі де осы. Бұдан он ғасыр бұрын Польшаның астанасы болған Познань қаласы мемлекеттің ірі сауда және өнеркәсіптік индустрия орталығына айналған. Біз Адам Мицкевич атындағы университеттің студенттер үйіне жайғастық. Жатақхана бөлмелерінің сүреңсіздігі бірден көзге шалынды. Жанымдағы әріптесімнің: «Қазақстанда мұндай жатақхана жоқ шығар» дегені сол екен, керісінше университет оқу корпусының жабдықталуы таңқалдырды. Оқу орны студенттердің толыққанды білім алуына бар мүмкіндікті үйіп-төгіпті. Бүгінде Адам Мицкевич атындағы университетте 40 мыңнан астам студент білім алуда. 15 факультет бар екен. Ал саяси ғылымдар және журналистика факультетінде 4 мың студент оқиды. Факультет бес бағыт бойынша білім береді: журналистика, халықаралық қатынас, саясаттану, ұлттық қауіпсіздік және мемлекеттік басқару. Адам Мицкевич университеті саяси ғылымдар және журналистика факультетінің деканы Тадеуш Валлас: «Біздің факультет 8 жыл бұрын құрылды. Бұған қарап өте жас, тәжірибесі аз деуге болмайды. Бұрын бұл бағыттың бәрі Саяси ғылымдар институтында оқытылды. Ал сегіз жыл бұрын институт дербес факультет атанды. Айта кету керек, сіздерде институт факультеттен жоғары болса, бізде институт факультет аясында жұмыс істейді»,– деді факультеттің бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстыру сәтінде. Бір айта кетерлігі, Польша бойынша мүмкіндігі шектеулі студенттерді «мүгедектік-достық бағдарламасы» бойынша оқытатын да Адам Мицкевич атындағы университет. Жатақханадағы бөлмені де әуелі мүгедектерге береді. Содан ба екен, біз көрген он студенттің алтауы мүмкіндігі шектеулі жандар болды. Шынында да, оқу ғимаратын аралай жүріп, студенттерге, жалпы ғылыммен айналысам деушілерге бар жағдай жасалғанына куә болдық. Дәрістен тыс уақытта теориялық білімді тәжірибеде ұштастыру үшін соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған теле-радио студиясының есігі айқара ашық. Бұдан бөлек 4 журнал, 2 газет шығады. Ал 28 мың дана кітап қоры бар кітапхананың өзі үлкен аумақты алып жатыр. Біз тағылымнамадан өткен Адам Мицкевич университеті – Польшаның солтүстік батыс аймағында орналасқан ұлттық көшбасшы білім ордасы. Бес ғасырдан астам тарихы бар оқу орны мемлекеттік рейтинг бойынша соңғы бес жылдан бері 3 орында. Ал Польшада: «Варшава университеті – ең үлкен, Краков университеті – ең ежелгі, Познань университеті – ең мықты оқу орны» деген қанатты сөз бар екен.  

Қазақ қоғамы мен Еуропа арасындағы дәнекер

Ал, жалпы қазақ қоғамына А.Мицкевич, А.Затаеевич, В.Ивашкевич, А.Одоевский, Г.Зелинский, А.Янушкевичтің есімі таңсық емес. 1936 жылғы жер аудару науқаны, Ұлы Отан соғысы кезіндегі тұрмыс ауырлығы қазақ пен поляк халқын еріксіз жақындастырды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 250 мыңға жуық поляк ұлтының азаматтары жер аударылған. Олар – рухани тағдырлас, бағыттас, замандас поляк ұлтының озық ойлы өкілдері. Ең бастысы, поляк халқының таңдаулы өкілдері ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының жай-күйі, әдет-ғұрпы, салт-санасы мен дәстүрі туралы танымдық шығармалар жазып, кейінгі ұрпаққа қалдырған. Адам Мицкевич – поляктың ұлы ақыны. Мицкевич шығармашылығының негізгі сарыны революциялық романтизм, еркіндік үшін күрес, демократиялық идеялар. «Жастық шаққа арнау» өлеңдер жинағы, «Дзядалар», «Грашин» дастандары мен «Сонеттер», «Конрад Валленрад» шығармалары кең тараған. Мицкевичтің өлеңін ұлы ақын Абай Құнанбайұлы аударған. Бұл өлең ақын жинақтарына «Тұтқындағы поляк жандаралының сөзі» («Дүрілдеген найзағай...») деген тақырыппен енгізіліп жүргені мәлім. В.Ивашкевич– Адольфтің қазақ даласын бірге шарлаған жан досы, ал поляк әдебиетінің көрнекті өкілі Г.Зелинский Янушкевичтің ықпалымен атақты «Қазақ», «Дала» поэмаларын жазған екен. Бұл поэмада сол кездегі қазақ тұрмысы мен өмірінен мол мағлұмат алуға болады. Романтикалық сарында жазылған дастанның артықшылығы сол, Еуропа оқырмандары қазақ даласының болмысын, оның табиғаты мен тағдырын бағамдай, бағалай алатындай әсерде болатыны сөзсіз.   Тағы бір әйгілі тұлға композитор, этнограф, музыка зерттеушісі, қоғам қайраткері Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі», «Әр ұлттардың әндері» және жарияланбаған «Қазақ музыкасының 3 томы» деп аталатын жинақтарында қазақ халқының классикалық ән, күйлерінің үлгілері кеңінен орын алған. Затаевичтің еңбектері арқылы қазақ музыкасы дүние жүзіне тарады, бүкіл Еуропа елдеріне жетті, алдыңғы қатарлы өнер иелерінен жоғары баға алды. Ал, саяхатшы, поляк жазушысы А.Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар» деп аталатын кітабында оның қазақ жерін бүкіл жан-тәнімен көріп білуге тырысқаны айқын аңғарылады. Оның жазбаларынан тек қана өзі көріп білген жағдаяттарды тізбелеп қана қоймай, әрбір құбылысқа өзінше баға беріп, ой түюге, пікір қорытуға құлшынатындығы байқалады. Біз қазір Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің болашағы, оның қазіргі дамуы мен жай-жапсары туралы көбірек жазып, оны әңгіме арқауына айналдырып жүргеніміз анық. 1841 жылы Омбыға көшіп келіп, 1842 жылдан бастап Сібір қырғыздарының шекаралық басқармасында қызмет еткен ол қазақ жерін көп аралап, қазақ тілін үйренді. Сондықтан да бүгінгі қазақстандықтар өздерінің тарихы мен мәдениетін құрметтеген, оның қадір-қасиетіне жеткен, тиісінше бағалаған шетел азаматтары туралы ұдайы сүйіспеншілікпен, айрықша ықыласпен айта жүреді. Поляк халқы өз ана тілінде сөйлейді. Жол сұрасаң, не поляк, не ағылшын тілінде жауап береді. Ал білім мен ғылымның, мәдениет пен өркениеттің орталығы саналатын қалада жастар көп. Біздің жол бастаушымыз Светлана ханымның айтуынша, соңғы жылдары Познаньда халық санының өсімі азайып кетіпті. «Жастар қаласы десек те, «қартайып» барады. Бала туу көрсеткіші төмен. Отбасы көбінесе бір баламен шектеледі. Неге десеңіз, жалақы мен зейнетақы аз. Мәселен, егде тартқан кісілердің алатын зейнетақысы 30 доллардан аспайды» дейді. Шынында да, қоғамдық көлікте бір баласын жетектеген әйелдердің өзі қырықты алқымдаған. Жолсерігіміз айтпақшы, бұл халық баланы дүниеге әкелдің бе, жақсы тәрбие, жоғары білім, мол мүмкіндік сыйлау керек деп түсінеді екен. «Егер балаға әлгіндей жағдай жасай алмасаң, жарық өмірге әкелудің де керегі шамалы». Ал тәрбие жағына баса назар аударатын ел ұлтқа қатысты дүниенің бәріне бейжай қарамайды. Еуропаның қайта жаңғыру дәуірі – ренессанс кезеңінде салынған сәулетті Ратуша мен Роголиндегі атақты Рочинский әулетінің сарайына, жалпы кез келген мұражайға бас сұқсаңыз, балабақша бүлдіршіндері мен мектеп оқушыларының бір сәт тарих қойнауына еніп кеткен кейпін байқайсыз. Бастысы, көзбен көріп, құлаққа сіңіруде жатыр. Олардан ертеңгі күні өз халқының, ұлтының нағыз патриоты шығатындығына сөзсіз сенуге болады. Поляк десе, «Сұлу қызды» шырқап жүрген Роза апамыз еске түседі. Кейін мұның кең таралуына еңбек сіңірген «Дос-Мұқасанның» орны өз алдына бір төбе еді. Өйткені олардан соң бұл әннің қалай құлпыра түскенін жұрт жақсы біледі. Балалық, жастық шақтың символына айналып кеткен бұл ән поляк халқының  «Шла дэвечка долэ сечка» деген халық әнінен туған. Жақсы әннің жаттығы жоқ екен. Кез келген халықтың жүрегіне жол табатын мұндай сирек туындылар бізде ғана емес, өзге халықтарда да кездесіп жатады.

Мұстафа Шоқай бейітіне тәу еткенде...

Еуропаның кіндігіне табанымыз тиіп тұрып, неге Берлинді көрмеске?! Ол жерде Алаштың ұлы перзенті, қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай жатқан жоқ па?! Берлинге сапарымыздың басты мақсаты да – Алаш қайраткерінің зиратына барып, Құран бағыштау болатын. Познаньнан Берлинге автобусқа билет алдық. Айналасы 4 сағаттың ішінде Германия мемлекетінің шекарасына кірдік. Көше ығы-жығы, сапырылысқан халық. Жергілікті тұрғындардан бөлек, түрлі ұлттың өкілдері қаптап жүр. Соңғы кезде Германия келімсектерді құшақ жая қарсы алған мемлекет ретінде танымал. Осы сәтте жан-жақтан ағылған босқындармен бірге аса ризашылықпен суретке түскен канцлер Ангела Меркельдің бейнесі көз алдыма келе қалды. Тіпті, Германияның кейбір қала тұрғындары келімсектерді қабылдауға наразылық танытса да, биліктің құлақ аспағаны белгілі. Есесіне, немістердің Қазақстаннан барған бізге де жиырыла қарағаны езуге күлкі ұялатты. Бір қызығы, біз Қазақстаннан екенімізді айтсақ та, «Өзбекстан?» деп кері сауал қоя жөнеледі. Демек, Еуропада қазақтан гөрі, өзбектің аты озып тұрғанға ұқсайды. [caption id="attachment_11446" align="alignnone" width="300"] Бұрынғы Рейхстаг һәм бүгінгі Бундестаг[/caption] Елінен безіп, босқын ретінде пана іздегендердің көбі Берлинді сауғалаған сияқты. Қоғамдық орындар таза емес. Жерасты өткелдері мен адам аяғы көп жүретін жерлерде қайыр сұраған жандар көп. Алайда бұған қарап Берлинді әлемдегі лас қалалардың тізіміне жатқызуға болмас, сірә. Айтпақшы, Познаньның символы – ешкі болса, Берлиннің символы – аю. Бұл ағылшынның «bear» сөзінен шыққан. Берлин көшелерінен қолына сыра ұстаған аюдың ескерткішін көптеп кездестірдік. Сырасүйгіш халықтың отандық өнімге деген қолдауын осыдан-ақ аңғаруға болады. Оның үстіне біз Францияда өткен Еуро-2016 футбол тойының қызған шағына дөп келіппіз. Берлин көшелері жанкүйерлерге лық толғаны соншалық, дәмхананың алдындағы үлкен экранды теледидарға телміргендер көп. Өз командасына жанкүйерлік танытқан немістердің патриоттығына тәнті болмасқа шарамыз қалмады. [caption id="attachment_11465" align="alignnone" width="300"] Трептов-парк[/caption] Ал немістерден жөн сұрасаң, уақытын бөліп, ерінбей жауап береді. Өте сыпайы, мәдениетті. Германия әйгілі «Mercedes», «Audi», «Volkswagen» маркасының отаны саналса да, мұндағы жұрт велосипедпен, электр және метро пойызымен жүреді екен. Көше бос. Біздегідей «танкі» тектес қымбат көлікті кездестірмейсіз. Азық-түлікке келсек, өте қымбат. Әсіресе, нанның бағасы удай. Біздегі 70 теңге тұратын наныңыз 1-2 еуро шамасында. Біздің теңгеге шаққанда 750-800 теңге. Содан ба, еуропалықтар нанды аз тұтынатын сияқты. Тіпті, жұмыс және демалыс күндері де таңнан кешке дейін көшеден тамақтанады. Соған қарағанда, үйден ас ішпейді-ау деп топшыладық. [caption id="attachment_11450" align="alignnone" width="200"] "Құтқарушы әскер" ескерткіші[/caption] Демократияның нақты көрінісі ретінде айтатын мысал көп. Мұнда өз наразылығын бейбіт түрде білдіргісі келген адамға құқықтық тұрғыдан шектеу жоқ. Әп-сәтте негізгі көшелер жабылып, бір топ шерушілер митингі өткізуге кірісіп кетті. Полиция қызметкерлері де бөгет жасаған жоқ. Анадай жерде жедел-жәрдем көлігі де көрінді. Айналасы 40 минуттың ішінде дауыс күшейткіштер арқылы билікке, әкімшілікке деген, фашизмге қарсы ойлары мен азаматтық ұстанымдарын айтты да, тарай бастады. Міне, бұл ел митингі өткізуден еш секем алмайды. [caption id="attachment_11453" align="alignnone" width="300"] Бранденбург қақпасы[/caption] Берлин қаласы көне ескерткіштерімен көз тартады. Қаланың қақ ортасында тұрған 225 жылдық тариxы бар әйгілі Бранденбург қақпасы 1989 жылға дейін ГДР мен ФРГ-ны бөліп тұрған. «Әлем қақпасы» атымен таныс бұл қақпа неміс астанасының ғана емес, әлемдік сәулет құрылысының бірегейі. Бұдан кейін қазіргі Бундестаг, бұрынғы Рейхстагқа жол түсті. Талай тарихтың куәгері ретінде сыр бүгіп жатқан ғимарат франкфурттық сәулетші Пауль Валлотаның жобасымен салынған көрінеді. Ал оның іргетасын қалаушылардың қатарында Кайзер Вильгельмнің есімі аталады. Соғыс кезінде әскери мақсатта пайдаланылған ғимарат Рейхстагқа ту тіккен кеңес сарбаздарының жеңісімен даңқты. Қазақтан шыққан батыр Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін еске алып, бас идік. Ал ғимараттың берік қабырғаларындағы оқтың іздерін көргенде, кешегі тарихтың көлеңкелі тұстары еріксіз ойға оралды. [caption id="attachment_11451" align="alignnone" width="300"] Бундестаг[/caption] Трептов-парк. Берлинді азат ету жолында қаза тапқан 22 мың солдаттың 7 мыңы осында жерленген. Сол сұрапыл соғыста қаншама аталарымыз бақилық болып, қаншасы із-түзсіз кетті? Кім білсін, бұл саябақта біздің де аталарымыздың сүйегі жатқан шығар. Паркті кезінде кеңес өкіметінің көсемдері салдырған. Мұндай парк КСРО құрамында болған елдерде, тіпті Ресейдің өзінде де жоқ көрінеді. Әйгілі скульптор Вучетичтің жасаған «Құтқарушы әскер» дейтін даңқты ескерткіші өте сәтті шыққан туынды. Ет жүрегіңді елжіретіп жіберетін көрініс. Қолына неміс қызын ұстап тұрған кеңес солдаты ескерткіші – әлемдік сәулет өнеріндегі көрнекті еңбектердің бірі екені даусыз. Биіктігі 12 метр, салмағы 70 тонна тартатын ғажайып ескерткіш 1949 жылғы 8 мамырдан бері мызғымай тұр. Ал паркке кіреберіс есіктің екі жағындағы тізе бүккен екі солдаттың бейнесі, төңіректегі тақтайшаларға орыс тілінде жазылған Сталиннің сөздері ескерткіштің маңызын аша түскендей. [caption id="attachment_11452" align="alignnone" width="300"] Мұстафа Шоқай бейіті[/caption] Сапарымыздың Берлинде жалғасатынын білгенде-ақ, ұлт үшін басын бәйгеге тіккен алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың бейітіне баруды парыз санадық. Қызыл империяның қысымынан елден безіп, Түркия арқылы Францияға орнығып, Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болған Мұстафа Шоқайдың сүйегі осындағы «Түрік шахитлігі мешіті» аумағындағы шағын зиратқа жерленген екен. Қаланың шеткері жағындағы мұсылман мешітін табу қиынға соқпады. [caption id="attachment_11464" align="alignnone" width="300"] Мұстафа Шоқай бейітінде[/caption] Мешітте қызмет істейтін түрік азаматтары да елпілдеп, ерекше пейіл танытты. Қасиетті Рамазан айында еліміздің тәуелсіздігі жолында құрбан болған арда азаматтың рухына дұға бағыштадық. Азаттықтың аң таңын мұрат етіп, түбі бір түркі жұрты үшін жанын қиған Алаш ұлының көк тасына елден апарған көк туымызды қадап кеттік...  

Жағажайда жалаңаш жүргендер

Сапарымыз Каталонияның астанасы Барселонада жалғасты. Испаниядағы халық саны бойынша екінші үлкен қала әлемнің ең бай деген он шаһарының қатарына кіреді. Испания Еуропаның Оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет болғандықтан, Пиреней түбегінің көп бөлігі мен Жерорта теңізіндегі Балеар, Питиус аралдары мен Атлант мұхитындағы Канар аралдарын иеленеді. Халқының саны 46,1 млн (2011 ж) адам. Негізгі халқы – испандықтар. Ал Барселона халқының басым көпшілігі – каталондар. Табиғаты сұлу қаланың шығысын Жерорта теңізі шайып жатыр. Суы тұзды теңізге әлемнің түкпір-түкпірінен ағылатын туристердің санында есеп жоқ.   Барселонаның да өз Көктөбесі бар. Қаланың ең биігінде орналасқан Тибидабо тауы «саған беремін» деген мағына береді екен. Ал сәулетші Антонио Гауди өзі құрылысын аяқтамаған Саграла Фамилиа шіркеуінің астындағы шіркеуде жерленіпті. Бұл шіркеу бүкіл қала халқына рух беріп тұрған сияқты. Осы сәтте бірнеше жыл бұрын Алматының Көктөбесінде «салынады деген» мешіттің жыры ойға орала кетті. Шіркін, біздің Көктөбеде де зәулім мешіт салынса, дәл осындай әсер сыйлайтын шығар деп армандадық.Тибидабоға аспалы жол арқылы трамвай ғана қатынайды. Қаланың ең биік нүктесіне шығып-түсу құны – 8 еуро. Ал бұл тауға қарама-қарсы Пико-де-ла-Вилана және Торре-де-Кольсерола телемұнарасы теңіз деңгейінен 288 метр биікте орналасқан. Бұл да біздің Көктөбедегі телемұнараны көз алдымызға әкелді.   Барселонаның ең кереметі Жерорта теңізі дерсің. Жағажай, пальма, теңіз. Өзімнің Еуропада жүргенімді осы елде сезінгендей болдым. Ал мәдениет пен өркениеттің ошағы саналатын Еуропа халқы демалу жағына аса мән береді. Жаз мезгілін тек көңіл сергітуге, демалуға арнайтын сияқты. Мұны біз жағажай бойындағы қаптаған адамның нөпірінен аңғардық.

Кейде демократияның да шектен шығатын кездері болады-ау деймін. Барселона көшелерінде емін-еркін жүрген бір жынысты жұптар жиіркенішті көрінді. Тіпті, міз бақпаған олар жағажайда да тайраңдап жүр. Жағажайдағы өздеріне арналған орынды тыр жалаңаш ойқастағандарға мән беріп жатқан жан жоқ. Жергілікті халықтың көзі үйренгендіктен бе, елең қылмайды. Ал біздің тәрбиемізге, дінімізге, ұлттық болмысымызға жат нәрсе бірден көзге оғаш көрінгені шындық.

Бұрын-соңды мұндай сорақылықты кинодан ғана көрген әріптесімнің «Санап жүрмін. Келгелі бері бес бір жынысты жұпты көрдім» дегенде не дерімді білмедім. Әрине, азғындықтан бойын аулақ ұстауға тырысатын қазақ қоғамы үшін бұл түрлі көрініс. Ал бұл ашықтық пен жариялылықты сүйетін Еуропа үшін қалыпты жағдай болса керек. Мұны қоғамның азып-тозғаны дейміз бе, әлде демократияның шарықтау шегі деп ұғамыз ба, әйтеуір екіұдай пікірде қалғанымыз рас.  

Мен армандаған Париж

Әлемнің жаңа жеті кереметін көргенге не жетсін?! Сонау балалық шақтан арман қалаға айналған Парижді көру бақыты да бұйырыпты. Сена өзенінің жағасынан орын тепкен қаланы жұрт «Махаббат мекені» деп атайды. Ал Париж десе, әйгілі Эйфель мұнарасы еске түсетіні сөзсіз. Бұл мұнараның құрылысы 1899 жылы басталды. Париждің атын әйгілеген мұнара 1900 жылғы Бүкіл­әлемдік көрмеде ашылған. Мұнара әу баста осы көрме үшін жасалса, бүгінде жер-жаһанның назарын өзіне аударған, туристердің басты нысанасына айналған орын.

Париждің ең танымал сәулеттік туындысы өзінің әйгілі құрастырушысы Густав Эйфельдің атымен аталған. Себебі Г.Эйфельдің жобасы 700 жобаның ішіндегі ең үздігі ретінде таылды. Teletex Holіday тур фирмасы жүргізген сауалнама қорытындысы бойынша, әлемнің жаңа 7 кереметінің ішінде Эйфель мұнарасы екінші орында тұр. Осы уақытқа дейін мұнараның үшінші қабатына 200 миллионнан астам адам көтерілген екен. Ол бүгінде Францияның символына ғана айналып қоймай, жылына 53 миллион евро әкелетін үлкен табыс көзі. Ал 2007 жылы Эйфель мұнарасының 120 жылдық мерейтойы аталып өткенде мұнда келушілерде есеп болмапты.

Біз де мүмкіндікті қалт жібермедік. Париж қаласына күнде келіп жатқан кім бар? Онда не тұрыс? Дереу билет сатып жатқан кассаға бет алдық. Кезекте тұрған адамның нөпірі бұл кереметті көруге асық жандардың көптігінен хабар береді. Билет құны – 17 еуро екен. Әп-сәтте Эйфель мұнарасының биігіне шығып, сұлу шаһарды сол жерден тамашаладық. Алып мұнара француздардың туы секілді үшке бөлінген. Алғашында оның бірінші қабатында мейрамханаға қажет бөлмелер, екінші қабатында лифтіні көтеруге арналған су қоймасы мен әйнек галереясындағы мейрамханалар орналасады. Ал үшінші қабатында астрономиялық және метеорологиялық обсерватория және физика кабинеті болған. Эйфель мұнарасының бірінші бөлігі – 57 метр биіктікте, екінші бөлігі – 115 метр, ал үшіншісі – 274 метр биіктікте орналасқан. Бүгінде оның әрбір қабатында барлар мен мейрамханалар және бақылау алаңдары бар. Оның ең үстіңгі қабатында маяк орналасқан. Оған түскен прожекторлардың жарығы 70 шақырым жерден көрініп тұрады. Физиктер мұнара басында жердің тартылыс күшінің принциптерін зерттесе, теңізшілер уақытты айырған. Ал оның төбесінен 140 шақырымға дейінгі аймақты шолуға болады екен. Кешке қарай түрлі түсті бояуға енетін мұнара көздің жауын алады. Ешкімнің ешкіммен шаруасы жоқ. Мұнараны әр ракурста алып, суретке түсіп жатқан адам көп. Бәрі де балалық шақтағы арманына қол жеткізген бақытты жандай көрінді. Париждің ауа райы Алматы қаласына ұқсайды. Күн шығып тұрып, жауын құя салады. Қазір бұлттанса, аспан артынша шайдай ашылады. «Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды, Алматыда жаңа жауып басылған» демекші, бұл ән ғашықтар мекені Париж қаласының табиғатына да дөп келетін сияқты. Әсем қаланың көрінісін суреттейтін әшекей заттар мен сыйлықтар сатып жүрген қаранәсілділер көп. Былайғы дүкендерге қарағанда, арзандау. Бір бума шүберекті жая салып, қызу саудаға кіріседі. Ізіңнен қалмайды. Ал полиция көлігінің даусы шықса, әлгі матаның төрт бұрышын ұстаған күйі қуыс-қуысқа жүгіреді. Біз Қазақстаннан келгенімізді ағылшын тілінде айтып, саудаласып жатсақ, қаранәсілді азамат орысшаға ағып тұр. Бәлкім, олар да Қазақстан халқының басым бөлігі орыс тілінде сөйлейтінін білетін шығар... Айтпақшы, Эйфель мұнарасының маңайынан футбол жанкүйерлерінен аяқ алып жүре алмадық. Франция мемлекетінің туын жамылған және бетіне тудың суретін салған фанаттардың өз қызығы өзінде. Әсіресе, кешке қарай төңіректі жаулаған олар кезекті ойын матчына үлкен дайындықпен келеді екен. Өз ко