Түркістан тарихи туризмнің ошағы болуы керек
Түркістан тарихи туризмнің ошағы болуы керек
Биыл Түркістан облысының құрылғанына екі жыл толды. Бізге пікір білдірген сарапшылар облыстың экономикалық әлеуетін, Мақтааралдағы су тасқынынан болған апаттарға қатысты өз ойын айтты.
Шекарадағы су қоймасын Қазақстан мен Өзбекстан бірдей қадағалауы тиіс – Темірхан Медетбек
Ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек азын-аулақ кем-кетіктер бола береді, бастысы Түркістанды облыс ретінде сақтау керегін және Өзбекстанмен шекарадағы су қоймасын екі ел бірдей қадағалау керегін айтты. – Түркістан облысының жеке облыс болып құрылғанына қуанғандардың бірімін. Тіпті, кешігіп қалдық десек те болады. Бұдан да ертерек қимылдау керек еді. Дегенмен жақсылықтың ертесі мен кеші жоқ. Мен өзім осы облыстың тумасымын. Азын-аулақ кем-кетіктер бола береді. Бір үйден екінші үйге көшсең де оңай емес. Оның қасында облыс орталығын бір қаладан екінші қалаға ауыстыру әжептәуір жұмыс. Көш жүре түзеледі ғой. Арыстағы жарылыс, Мақтааралдағы су тасқыны, коронавирус індеті халықты біраз еңсіретіп тастағаны рас, – дейді Темірхан Медетбек. Мемлекеттік сыйлықтың иегері осы ретте облыс орталығынан қашық жатқан аудандармен қарым-қатынасты, яғни логистика құралдарын көбейту керек деп отыр. – Түркістан облысында жол мәселесі бар. Бұл жерде Мақтааралдың облыс орталығынан қашық жатқанын айта аламын. Сырдарияның арғы жолымен болсын, бергі жолымен болсын қашықтықты жақындату жағын ойластыру керек. Мен өзім Маңғыстауда 25 жыл тұрғанмын. Облыс орталығы Ақтаудан алыс орналасқан ауылдар көп. Бір шеті анау Гурьевтің бір жағында, бір шеті Түркіменстанмен шекараға тіреліп жатыр. Бір жылдары Маңғыстау қиыншылыққа тап болды деп облысты жауып тастаған. Қайтадан амалсыз ашты. Сондықтан облыс орталығы қашық екен деп Түркістаннан айырылып қалмау керек. Қиыншылықтарды жеңуге болады. Жолды жақсартса дұрыс болар еді. Сосын автобус, пойыз, қысқа маршруттарды жиілетіп, қарым-қатынасты жеделдету қажет. Түркістан өзі Шымкенттен 160 шақырым ғана қашықтықта орналасқан. Жалпы, Түркістан облысының болашағынан үлкен үміт күтемін, – дейді ақын. Ал көктемде Мақтааралдағы су тасқынынан кейін келісімшартта екі елді бірдей қадағалауға құқығы бар деген пункт болуы қажетін және бұл мәселені президенттер ғана шеше алатынын айтты. – Естіп отырмыз, сол бұрынғыдай қызғаншақтық жасап, суын жөнді бермей, қоймадан ағып кеткен ғой. Қанағатсыздық деген сол емес пе? Бұл бір жекелеген адамдардың немесе топтардың тіршілігі. Енді олармен келісімшартқа отырыпты. Әрі қарай қараймыз. Осындай жағдайды болдырмау үшін мемлекеттік дәрежеде шешілуі тиіс. Бұл мәселені екі көршілес облыстың әкімдері емес, Тоқаев пен Мирзиеев сөйлесіп, шешу қажет. Талай қоймаларды білемін, етек жағында елдімекендер тұрады. Енді осы жағдайлар қайталанбасын десе, екі жақ бірдей қадағалауы керек. Жалғыз Өзбекстан емес, Қазақстан тарапы да қадағалап отырсын. Келісімшартқа сондай пункттер енгізілуі шарт, – дейді қоғам қайраткері.Екі жылда Түркістан қаласы алып құрылыстардың мекеніне айналды
Филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ноябрь Кенжеғараев Түркістан облысындағы жетістіктермен қатар проблемаларды да көтерді. – Елбасы Жарлығымен 2018 жылғы 19 маусымда Түркістан облысының құрылуы азаматтарды түрлі ойларға жетелегені белгілі. Бірі құптаса, кейбіреулер қарсы болып та жатты. Соңғы кезеңдері демократияшыл күштердің белсенділігімен Назарбаев, қазақ елінің астанасын оңтүстіктегі Алматыдан, арқадағы Ақмолаға ауыстырғандағы стратегиялық көрегенділігі сынды көзірі екінші мәрте Оңтүстік Қазақстан облысы атауын өзгертіп, облыс орталығын Түркістан қаласына ауыстыру туралы шешімі, Елбасы ертеңгі күні президенттіктен кетсе де, кейінгі уақытта елдің алдында ауыз толтырып айтып, тарихта жақсы атпен қалу үшін жасалған стратегиялық, имидждік, пиар қадамы дегендер де болды. Түркі жұртына ортақ, рухани пірі – Қожа Ахмет Ясауимен қатар, қазақтың маңдайына біткен хандары, сұлтан, би, батырлары жатқан қасиетті мекенге берілген басымдық Елбасының атына жағылған барлық күйеден ақтап алады деген пікірлер айтылды, – дейді Ноябрь Кенжеғараев. Оның айтуынша, мәртебесі өзгерген соңғы 2 жылда Түркістан қаласы алып құрылыстардың мекеніне айналып, түрленіп сала берді. – Қаланың инфрақұрылымы қарқынды дами бастады. Түркі дүниесінің астанасы делінетін Түркістанның екінші тынысы ашылды. Дегенмен Түркістан қаласының облыс орталығы болып өзгертілуі, Мырзашөл өңіріндегі шалғайда жатқан Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш, Шардара аудандары үшін қиындықтар туғызғаны да анық. Соңғы кездері 710 мың халқы бар осы 5 ауданнан жаңадан Мырзашөл облысын құру керегі жөнінде көтеріліп жатқан бастамалар негізді деген де ой келеді. Оның үстіне осы жылдың 1 мамырында Өзбекстанның Сардоба су қоймасындағы апаттан кейін, Мақтаарал өңірінің ауылдарын су басып қалуы, шекаралас аймақта орналасқан аудандардың шоғырланған, шешілуі керек мәселелері шаш-етектен екенін көрсетті. Аталмыш 5 аудан еліміздің құнарлы топырақты, аграрлық аудандары. Жерді емген халық жыл сайын су тапшылығын көреді. Ал су мәселесін шалғайдағы Түркістанға (500 шақырымға жуық) барып шешу қиын шаруа, – дейді ғалым. Сондай-ақ ол осы өңірдегі дін, идеология, білім мәселелеріндегі олқылықтар бар екенін айтты. – Қазіргі таңда Түркістан қаласында 175 нысанның құрылысы жүріп жатыр екен. Тарихи қаламыз үшін өте қуанышты жағдай. Алайда барлық назар мен қаржы облыс орталығына бөлініп, қалған өңірлер кенже қалып жатқаны тағы бар. Оның бір көрінісі деп былтырғы әскери қоймалардағы жарылыстардан зардап шеккен Арыс ауданын айтуға болады. Экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген, ірі өнеркәсіптері жоқ аудан. Жарылыстан кейін Үкімет «Арыс қаласын қалпына келтіру және жаңғырту бағдарламасын» қабылдауы керек деген сенім болды. Өкінішке қарай, қаланы жаңғыртуға арналған Үкіметтік бағдарлама жоқ болып шықты. Қала жарылысқа дейінгі келбетінен анағұрлым жақсарды дегенмен, кешенді даму стратегиясы мен жоспары жоққа ұқсайды. Тарихи қала Түркістанның өркендеп дамығанына өңір жұртшылығы қуанбаса, ренжімесі анық, дегенмен өңірдегі басқа да аймақтардың қолайлылығын, дамуын, өркендеуін естен шығармай, қатар өрбіту керек, – дейді Ноябрь Кенжеғараев.Дағдарыс уақытында инфрақұрылымдық жобаларды көптеп бастау керек – экономист
GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық Түркістан облысының құрылуының экономикалық жағынан қандай пайдасы бар екенін айтты. – Расымен де, Түркістан облысының құрылуы орынды болды. Көптеген кісінің идеологиялық мәні бар деген пікірге келісемін. Сонымен қатар идеологиялық мәннен бөлек, экономикалық және әлеуметтік маңызы бар екенін де ұмытпау керек. Тізбелеп айтып беретін болсам, қазіргі таңда Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының өркендеуі мен дамуына қарайтын болсақ, екі жылдың ішінде үлкен өзгерістердің болып жатқанын байқаймыз. Енді оның аймақтарында инфрақұрылымдардың жасақталуы, сол жерде жолдардың жасақталуы және қосымша тұрғын үйлердің салынып жатқаны, әрине көңілден шығады. Сондықтан мұндай тенденцияның болғаны дұрыс, – дейді Мақсат Халық. Оның айтуынша, дағдарыс уақытында, яғни экономикалық кризис, пандемия кезеңінде облысты инфрақұрылым жағынан жасақтау маңызды. – Осы инфрақұрылымның өзі жол салу, электр жүйелері мен газ тарту, қаланы жабдықтаумен реттеу бұл экономикалық мәнге ие. Сонымен қатар қосымша жұмыс ашып жатқан жағдайы бар. Сондықтан да бұл халықты қосымша жұмыспен қамтамасыз ететіні анық. Сыншылар бұл уақытша маусымдық жұмыс қой деп айтып жатады. Олардың келтіретін мысалы, инфрақұрылым біткен соң, құрылыста жүргендер жұмыссыз қалады. Бірақ бірден айтқым келеді, дағдарыс уақытында екі қолға бір күрек табылғаны жақсы емес пе? Осындай қиын кезеңде жұмыс табудың тиімді тетігі. Осындай инфрақұрылымға байланысты және тұрғын үйге қатысты көптеген жоба жүзеге асырылуы керек. Сәйкесінше, мемлекет жұмысынан айырылып қалған азаматтарымызды баламалы жұмыспен қамтудың жолдарын шешеді. Кейін экономика қалпына келген кезде инфрақұрылым экономикалық өсімге импульс береді. Сондықтан оның ұзақмерзімді жоспар тұрғысынан маңызы жоғары, – дейді экономист. Оның айтуынша, дағдарыс уақытында инфрақұрылымдық жобаларды көптеп бастау керек. Тұрғын үй салуды да қолға алған дұрыс деп отыр. – Әрине, халықтың қазір сатып алу мүмкіндігі жоғары емес. Дегенмен де, бұл жобалар біраз жұмыс орнын ашатыны анық. Екіншісі, туризм мәселесі. Бұл өңірде тарихи орындар, табиғаты тамаша жерлер өте көп. Сондықтан ішкі туризмді дамыту бойынша үлкен қадамдар жасауға болады. Әсіресе, инфрақұрылымды реттесе, келушілер саны артар еді. Үшіншісі, адам капиталының әлеуеті жоғары. Бұл өңірде халық тығыз орналасқан. Бірақ халықтың орташа жалақысы төмен өңірлердің бірі. Сондықтан халықтың табысын арттыру, орташа жалақыны көбейту мәселесін реттеу қажет. Бұл әрине, мемлекет тарапынан орындалатын дүние. Ең төменгі жалақыны 42 500 емес, 70 мың қылып қою керек деген ұсыныс дайындап жатырмыз. Одан кейін орташа жалақыны арттыруға тиіспіз. Табыс артқан сайын экономикамыз да қарыштап дами береді, – дейді GSB UIB бизнесті талдау орталығының сарапшысы. Ол сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мәселесі де өзекті екенін атап өтті. – Бұл жерде ауыл шаруашылығымен айналысуға ауа райы қолайлы. Көкөніс, жеміс-жидек өсіремін десе, қиындық жоқ. Тек төтенше жағдайда қырыққабаттардың далада босқа шіріп кеткенін көрдік. Сондықтан бұл жерде проблема агломерацияны дамыту. Ірі қалаларды тиімді қамтамасыз ету. Аймақтардың таза табиғи өнімімен ірі қалаларды қамтамасыз етудің логистикалық тізбектерін ұйымдастыру. Өкінішке қарай, бұған дейінгі жылдарда камаздар өздері алып кетіп жүрген. Шаруалар соған үйреніп қалған. Ендігі жерде ол шаруашылық ұйымдастыру азаматтарға белгілі дәрежеде біліктілік қажет. Бір жағынан бұл – цифрландыру. Өнімдерін супермаркет, тұтынушыға дейін жеткізудің логистикалық тізбектерін ұйымдастырудың жаңа технологиясы керек. Осындай ұтымды шешімдер болса негізінен бұл өңір дамитын болады, – дейді Мақсат Халық.Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристік хабтың орталығы болуы тиіс
Экономика ғылымдарының доценті, белгілі экономист Бауыржан Ысқақов Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мемлекеттің ішінде жеке сала ретінде туристік хабтың орталығы етіп қалыптастыру керек деген ұсыныс айтты. – Түркістан облысының құрылғанына 2 жыл болды деп жатырмыз ғой. Жалпы, тәуелсіздік жылдары бірнеше облыстың орталығын көшірдік. Сондықтан тәжірибе бар. Ақмола облысының орталығын Көкшетауға, Алматы облысының орталығын Талдықорғанға ауыстырдық. Өйткені бұл қалалар бір кездері облыс орталығы мәртебесінен айырылып, басқа облыстың орталығына қараған кезде экономикасы төмендеп кеткені белгілі. 1997 жылдары сондай жағдай болғанын жақсы білесіздер. Қазір Семей осындай жағдайды бастан кешіп отыр. Сондықтан дотациялық қалаға айналды. Талдықорған мен Көкшетау облысы орталығы болғандықтан, экономикасы көтерілді. Облыс әкімшілігі отырады, қаншама аппарат барады. Түркістан облысының, Түркістан қаласы болуының бірнеше ұтымды тұсы бар. Оған әрине саяси, демографиялық, өзбектердің қысымына көп ұшырамау керек деген секілді. Сонымен қатар экономикалық жағынан тиімділігі бар, – дейді Бауыржан Ысқақов. Оның айтуынша, Шымкент қала ретінде өсті, енді Түркістанды дамытудың тиімді жақтары бар. – Шымкент үшінші мегаполис. Осыған дейін облыс орталығы болды. Қаншама өндіріс орталықтары ашылды. Өзін-өзі қамтитын қалаға жеткендіктен республикалық қалаға айналдырып, облыс орталығын Түркістанға көшірді. Қазір енді бұл қалада облыс әкімшілігі отыр, көптеген құрылыс салынып жатыр. Мұның, әрине экономикалық жағынан қайтарымы бар деп айта аламын. Сонымен қатар туризмді дамытуға ықпалы тиері анық. Түркістанның символы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қайта жөндеуден өтуі де сөзіміздің айғағы болса керек. Инфрақұрылымды жақсартуға көптеген қаржы бөлініп жатыр. Осының бәрі туристік хабқа айналуға мүмкіндік береді, – дейді сарапшы. Қаржы маманының айтуынша,Түркістан облысы құрылған кезде оның қалыптасуына деп 900 миллиард теңгедей қаражатты есептеген. – Оның ішінде 400 миллиарды республикалық бюджеттен, 30-40 миллиарды жергілікті бюджеттен, ал жартысынан көбі инвестициялық көздерден болады деп жоспарланған. Өйткені инвесторлар қаражаттарын салу арқылы пайда көре алады. Яғни, салықтық жеңілдіктер, каникулдар беріледі. Сондықтан қазіргі кезде инвесторлар ауыл шарушалығы, туризм, басқа да салалардың барлығына қаржы құйып жатыр, – дейді Бауыржан Ысқақов. Ол осы ретте өз ұсынысын да айтты. Италия секілді тарихи туризмді әлемдік дәрежеге жеткізу керек деп санайды. – Жалпы, бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы болғанда жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде мақта кластерінің дамығаны белгілі. Енді Түркістан туризмге көңіл бөлуі керек. Әсіресе, тарихи туризмді қолға алған дұрыс. Мұндайды Италияға барғаннан көріп жүрміз ғой. Сондай әлемдік дәрежеге жеткізуіміз керек. Арнайы бағдарлама болған дұрыс, жергілікті бюджеттен қаржыландырудың қажеті жоқ. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің төңірегінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қалыптасу керек. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асыруға болады. Жеке секторды қызықтырып, осыған тартқан дұрыс. Яғни, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін мемлекеттің ішінде жеке сала ретінде туристік хабтың орталығы етіп, қалыптастыру керек деген ұсынысым бар. Ауыл шаруашылығы секілді салалар жергілікті бюджетке түсім беретін болса, туризмнен түсетін қаражат арнайы есепшоты бар өзін-өзі ақтайтындай жеке болса деген ұсынысым бар. Яғни, облыстық бюджетке кетпегені жақсы. Сол жердің дамуына жұмсалып, хабқа айналатындай дәрежеге жету керек, – дейді экономист.Дайындаған Еркебұлан БЕК