Індеттің беті қайтуын тілеп, тасаттық жасады
Індеттің беті қайтуын тілеп, тасаттық жасады
Рудный қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендерде барлығы 16 мыңға жуық қандас тұрады. Атамекенім деп келген олар осындағы кен орнынан, басқа да кәсіпорындардан жұмыс тауып, ешкімге қол жаймай, өзінің тіршілігін бастаған. Негізінен Өзбекстаннан келіп жатқан қандас ағайын арқасында Рудный қаласы қазақтанып, мемлекеттік тілде білім беретін мектеп саны көбейді.
Дүниені бір тарының қауызына сыйғызған коронавирус індеті біздің елге де нәубет болып тұр. Бүкіл жер жүзінде осы кеселге қарсы түрлі жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ дәл қазір аурудың біржола беті қайтқан жоқ. Адам шығыны бізде де аз емес. Жақсы да, жайсаң да, кәрі де, жас та осы аурудан о дүниелік болды. Бұл, әрине халқымыздың жанын сыздатады. Қазақтың көрген құқайы тек бұл емес. Ұлт болып сақталып қалуы үшін қандай жаумен алыспады дейсіз? Ұлы далада малды да, жанды да шыбындай қырған жұт пен жұқпалы ауру секілді табиғаттан келген апат та аз болмаған. Сондай кезде аталарымыз мал сойып, тасаттық жасап, Алладан медет сұраған. Атажұрттағы құтты қонысын Рудный қаласынан тапқан қандастар аталарымыз ұстанған осы жолымен сиыр сойып, тасаттық жасады. Оның басы-қасында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар» қоры облыстық филиалының белсенді мүшелері жүрді.
– Дүниежүзіне аз уақытта жайылып кеткен вирус бүкіл адамзатқа қауіп төндірді. Елімізде осы індеттің құрбаны көбейді. Аллаға жалбарындық, сиыр сойып, тасаттық жасадық. Алла тілегімізді берсін, ел іргесі мықты болсын, ел-жұрт аман болсын деп тіледік, – дейді Нұриддин Бүкірбаев ақсақал.
Қазір әлеуметтік желілер нағыз «жылдам хабар алғызып» тұрған кез. Белсенді топ мүшелері WhatsApp-қа тасаттық жасау туралы хабарландыру бергеннен кейін-ақ, жұрт тиын-тебенін ортаға тастай бастады. «Көп түкірсе – көл» емес пе, шамалы уақыт ішінде едәуір қаржы жиналып қалды.
– Қалалық мешіт имамымен ақылдаса отырып, ел-жұрттан түскен 400 мың теңгеден аса қаржыға алдымен бір сиыр сатып алдық. Оны бата жасап, Алладан жалбарынып, тілек тілеп, сойып, ауырып тұрған, сорпа қажет ететін адамдарға, тұрмысы төмен, көпбалалы және науқас, мүгедек бағып отырған 45 отбасыға тараттық. Қалған 4 отбасыға 10 мың теңгеден бердік. Артылған 40 мың теңгені жасанды тыныс алдыру аппаратын алуға қаржы жинаған мешіт имамына өткіздік, – дейді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» облыстық филиалының тағы бір белсендісі Қыдыр Өтебаев.
Атажұртқа келіп жатқан қандастар нәубетке қарсы бүкіл дүние күресіп жатқан кезде, осындай ауызбірліктің, имандылықтың, адамгершіліктің үлгісін көрсетті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
Қостанай облысы