Booking.com-да жұмыс істейтін қазақ: Қазақстандағы IT саласы тілі шықпаған баладай
Booking.com-да жұмыс істейтін қазақ: Қазақстандағы IT саласы тілі шықпаған баладай
Әлемнің алпауыт компанияларында шеберлігін шыңдап, біліктілігін арттырып жүрген қазақтар саны жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, ақпараттық технологияның қыр-сырын жақсы білетін қазақ жастарына шетелдік компанияларға жұмысқа тұру еш қиындық тудырмайды. Мәселен, қонақүй мен тұрғын бөлмелерді брондау бойынша әлемдік көшбасшы саналатын Booking.com компаниясының Амстердамдағы кеңсесінде қазіргі таңда жиырма қазақ жұмыс істеп жүр. Соның ішінде мобильді қосымшалар әзірлеумен айналысатын алматылық Нәрікби Мақсұтпен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Қонақүйлерді брондау бойынша әлемде нөмірі бірінші саналатын Booking.com компаниясына жұмысқа тұру – әркімге беріле бермейтін мүмкіндік. Жалпы, Алматыдан Амстердамға жолыңыз қалай түсті?
– Алматыдағы №173 мектеп лицейде оқи жүріп, информатика пәнінен олимпиадаларға көп қатыстым. Бағдарламалаудан мектепаралық, республикалық, халықаралық жарыстардан топ жарып, түрлі гранттар жеңіп алдым. Сөйтіп, осы мамандыққа деген қызығушылығым ұлғайды. Мектеп бітірген соң, Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялық университетіне оқуға түсіп, мұнда ағылшын тілінде білім алдым. Сөйтіп, жүргенде үшінші курстан ірі компаниялар мен корпорациялардың тапсырысын орындап, жұмысқа араласа бастадым. Қолыма диплом тиген соң да, елде өз мамандығым бойынша әртүрлі компанияларда бес жылдай жұмыс істедім. Сөздің шыны керек, Қазақстанда жағдайым жақсы болды, үй де, күй де болды. Десек те, біліктілігімді шыңдау жағынан бір орында тұрып қалғанымды сезіндім, дамымай жүргенімді түсіндім. Бейнелеп айтсам, Қазақстандағы IT саласы тілі шықпаған бала секілді. Кенжелеп дамуда. Мұнда ІТ маманына дамуға мүмкіндік жоқ. Сөйтіп, ойлана келе шетелге, соның ішінде Амстердамдағы Booking.com компаниясына жұмысқа орналастым. Мұнда аталмыш компанияның мобильді қосымшасын әзірлеумен айналысып жүргеніме бір жыл болды.
– Әдетте шетелдік компанияда тәжірибесі жоқ мамандардың әлемнің ірі компанияларына жұмысқа бірден қабылдануы екіталай. Ал сіздің жағдайыңызда барлығы тіпті басқаша. Жұмысқа шақыртуды қалай алдыңыз?
– Шетелдік компанияға жұмысқа тұру белгілі бір спорт түрімен айналысумен тең. Мәселен, ұзақ қашықтықтағы марафонға қатысатын жеңіл атлет күндіз-түні шынығып, өз-өзін баптайды ғой. Сол секілді мен де ұзақмерзімді қамтитын жұмысқа құжат тапсыру процесіне тыңғылықты дайындалдым. Негізінен, бір емес, бірнеше компанияны көздейсің. Мәселен, Google компаниясына дайындалып жүрсең де, мұнымен деңгейлес он шақты ұйымға бірден құжат тапсырасың. Сосын арасынан сенің жұмыс тәжірибеңе қызыққан компаниялардан сұхбаттасуға шақырту аласың. Сөйтіп, бірнеше кезеңнен құралған сұхбаттасу процесінен өтесің. Кейіннен жұмысқа қабылдау туралы ұсыныс келіп түскенде, барлығын таразыға салып, өлшеп, арасынан өзіңе ыңғайлысын таңдайсың да ұсынысын қабылдайсың.
– Әлеуметтік желіде қазақ тілді подкаст ашуыңызға да қазақтілді ортаны қажет етуіңіз себеп болып тұр ғой?
– Ол да бар. Сосын Қазақстанның даму мәселесін ортаға салғым келді. Зерттеп қарасам, елде әлеуметтік желіде көпшілік, өнер адамдары, блогерлерді ерекше көріп, тек олардың өмірін бақылаумен таңын атырып, күнін батырады. Үлгі тұтатын өзге мамандарды көрмейді, танымайды. Әншілерді жаман демеймін, десек те болашақта мемлекетте барлығы әнші, актер, блогер, вайнер болып кетсе, ел қайдан дамиды? Сол себепті өзім әзірлеген подкаст арқылы жастарға бағыт-бағдар беріп, белгілі бір мамандықтың шыңын бағындырған қарапайым адамдармен әңгімелесемін.
– Вирус салдарынан саяхат жасауға тыйым салынған қазіргідей жағдайда қызметі туризммен тығыз байланысты Booking.com қиыншылық көріп жатқан жоқ па?
– Пандемияның салдарын еңсеру компанияның ауқымы мен қорына байланысты. Қазір көбіне кішігірім компаниялар зардап шегуде, себебі мұнда үлкен бюджет жоқ. Мәселен, тұрғын үйді жалға берумен айналысатын Airbnb компаниясы үлкен қиындыққа тап болып жатыр. Мұндай компаниялар үлкен нарықта жұмыс істемейді, қолда бар ақшаны жаратады, қор жинамайды. Ал Booking.com-да олай емес, мұнда артылған ақшаны жаратпай, қазіргідей қиын кезеңдерді еш қиындықсыз еңсеру үшін арнайы бюджет құяды. Ірі компаниялардың артықшылығы осы. Сол себепті бізде барлығы ойдағыдай.
– Әлем бойынша ІТ мамандарға сұраныс көп болғанымен, өзіңіз айтқандай, Қазақстанда дәл осы сала кенжелеп дамуда. Сіздіңше, мұны ерекше бақылауда ұстап, шапшаң қарқында ілгерілетуге не кедергі?
– Аталмыш саланың Қазақстанда танымал болғанына жеті жылдай уақыт болды. Ал ТМД елдерінде, мысалы Ресей, Украина және Беларусьте ІТ жиырма жыл бойы дамып келеді. Себебі оларда шетелдіктермен байланыс орнатқан ірі компаниялар бар, нарық ауқымы үлкен. Ал Қазақстанда олай емес. Бізде ІТ мамандары өз өнімдерін тек Қазақстанға ғана арнап жасайды. Мәселен, мамандар кәсіби байланыс орнату үшін Instagram желісін пайдалану керек деген пікірді ұстанып алған, негізі олай емес. Өзіңді, өніміңді дамытқың келсе, LinkedIn секілді таза жұмысқа арналған желіні қолданған жөн. Ал егер маман өзін тек Қазақстанға өнім әзірлеумен шектейтін болса, онда оған LinkedIn түк те қажет емес. Себебі Қазақстанда Instagram желісі былай тұрсын, тіпті таныс арқылы керек-жарағыңды тауып аласың. Бізде ІТ мамандар санының аздығы соншалық, мен Амстердамда отырып, Қазақстанның бүкіл ІТ маманын танимын. Біз өте азбыз. Үнемі айтатыным, шетел нарығына шығуды көздеп, шетелдік компанияда біліктілігіңді арттырғың келсе, LinkedIn секілді халықаралық аренадағы платформаларды қолдануың керек. Ал бізде қалай? Бізде көпшілік әлеуметтік желілердегі парақшаларында немен айналысатынын орысша немесе қазақша жазып қояды. Ағылшын тілінде титтей де ақпарат жоқ. Айталық, бір компания өкілдері сіздің өніміңізге қызығып, профайлыңызды ашып көрсе, ағылшын тілінде ақпараттың жоқтығынан ары ашпай, ысырып қояды. Мысалы, Booking.com-да әлем бойынша таланттарды табуға жауапты бір маман отырады. Оған сені қай елден, қай жерден екенің бәрібір, бастысы тәжірибең мен біліктілігің болса болғаны. Ол LinkedIn-де кіріп, «бізге программист керек» деп іздесе, қазақтарды таппайды, себебі біздің мамандар мұндай байланыс жолына қызықпайды. Сосын Қазақстанда ІТ мамандары жақсы жалақы алады. Олар соған масайып, әрі дамығысы келмейді. Жеке өзімді айтар болсам, Қазақстанда менің позициям жоғары болды, оның үстіне мамандар көп емес, сұраныс та жоғары. Десек те, жайлы зонаға бой үйретсең, одан шығуың қиын екенін түсіндім. Қазіргі таңда елдегі ІТ мамандардың 90 пайызы делік осы зонадан шыққысы жоқ. Оларға барлығы қолайлы, оның үстіне Қазақстанда өмір сүру өте арзан. Сосын бізде ІТ мамандардың басым көпшілігі банктерге бір жұмысқа тұрса, сол жерде көпке дейін тұрақтап қалады, банк деген бір түрме секілді, мұнда адам жұмысқа бір кірсе шықпайды. Сосын Қазақстанда бастық болып жүрген маман мұнда келгенде, қатардағы қызметкер деңгейіне түсіп қалады. Амстердамға келгенге дейін жеті жылдық жұмыс тәжірибем болса да, мұнда келіп, бұл жинаған біліктілігімнің түкке жарамайтынын, шындап кірісу керек екенін түсіндім. Жоғарыда айтқанымдай, біздің мамандар өнімін тек ішкі нарыққа арнап әзірлейді, бұлай шектеуді қою керек, тек Қазақстанға арналған өнімді жасауды доғару керек. Мәселен, Sogym.kz желісі – тым кішкентай нарыққа арналған жоба. Себебі тек Қазақстан тұрғындарына арналған, тіпті көршілес Ресей азаматтары қолданғысы келсе де, оларда соғым деген түсінік жоқ. Бұл істің өсуі екіталай, бұдан көп ақша да жасай алмайсың. Ауқымы аз. Ал өзім жұмыс істеп жатқан Booking.com-да ең алдымен сервис ауқымының кең болуына баса көңіл бөледі. Біздің компания адам әлемнің қай бұрышына барса да, мұнда кіріктірілген керемет таңдаулар арқылы өзіне керегін тауып алуына жағдай жасайды. Ал Қазақстандағы әріптестерім мұндай ауқым туралы көп ойланбайды.
– Десек те, көңіліңізден шығатын, Қазақстанда әзірленген мобильді қосымшалар бар шығар?
– Әрине, бар. Мысалы, намаз оқу уақытын қамтитын Sajde kz деген мобильді қосымша бар. Мұны өзімнің досым Алмас Әділбек деген маман жасайды. Бір қарағанда бұл тым оңай қосымша секілді көрінеді, десек те мұнымен көп жұмыс істелінгені байқалады. Бұл қосымшаны тек Қазақстан тұрғындары ғана емес, сонымен қатар, шетелдіктер де қолдана алады. Өзім де осында жүріп, сол қосымшаны пайдаланамын, мұнда көптеген тілде жазылған мәлімет бар. Алмастың айтуынша, Англияның Манчестер қаласында тұратын мұсылмандар мұны көп қолданады екен, сөйтіп олар сол қаланы қосуын өтініп, оған өтініш айтыпты. Жалпы, қолыңда керемет өнімің болса, экспансия жасау оңай. Қазіргідей ақпараттық технология заманында ІТ саласы ең тиімді бизнес көзі. Мысалы, сіз әзірлеген сабын өніміне шетелдік тұтынушылар тапсырыс берсе, бұл өнім бірнеше айдың ішінде жеткізіледі. Ал ІТ өнімі бір секундта жететін нәрсе, сіздің бүгін жасаған өніміңізді, ертең күллі әлем тұтына алады. Қазіргі таңда Оңтүстік шығыс Азиядағы Сингапур, Малайзия, Вьетнам елдерінің нарығы мықты дамып жатыр. Қазақстан мамандары мұнда жетіспей жатқан бір өнімді жасап, олардың нарығына кірсе, әрмен қарай Еуропа нарығына да жол ашылады. Мысалы, Украинада Serpstat деген компания бар, бұл танымал болмаса да, мұны бүкіл мемлекет қолданады. Бұл интернеттен іздеу кезінде сайтыңызды бірінші шығып тұруына жәрдемдесетін компания. Олардың кеңсесі Одессада. Одессада тіпті Snapchat-тың кеңсесі бар. Ал Одесса Қазақстанның деңгейімен салыстырғанда Тараз секілді кішігірім қала. Таразда да осылай неге жобаларды іске асырмасқа? Одессада ешқандай инвесторсыз өз күнін өзі көріп жатқан компания өкілдері жетерлік. Америкалық компания олардың қызықты стартап жобаларын сатып алып, «Көшпей-ақ, сонда жұмыс істей беріңдер, біз жіберген ақшаға кеңсе ашып алыңдар» деп қызметтестік орнатқан. Бізде де мұны істеуге болады. Өскеменде бір досым шетелдік компанияларға жұмыс істейді, сөйтіп, ол Еуропада жұмыс істейтін кез келген маманнан да көп ақша табады. Десек те, бастапқыда бұл мамандықты дұрыс танымай, бұған енді бет бұрып жатқандардан «Әкем өз мамандығыммен жұмыс істемегенімді құптамай, үнемі ұрысып жүреді» дегенді жиі естимін. Ата-ананың қас-қабағына қарайтын болса, ол маманның алысқа бармайтыны анық, себебі ол өзінің емес, ата-ананың үмітін ақтауға бас қатырып, икемі келмейтін мамандықпен айналысуға құр уақыт кетіріп алады. Бұл дұрыс емес, себебі елімізде кенжелеп дамыған салаға бас сұққан бала бастапқыда үлкен нарыққа шыққанға дейін қиналғанымен, ертең жемісін молынан жейді. Жалпы, ІТ мамандығына қызығатын оқушыға Қазақстандағы ең мықты алты университеттің (Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, КИМЭП, ҚБТУ және Халықаралық ақпараттық технологиялық университеті) біріне оқуға түсуге тырысуы керек, себебі программист ретінде жетілу үшін белгілі бір орта болу керек. Ал бұл ортаны дәл осы университеттерден табасыз, мұнда бір қазанда қайнап жүрген жас мамандар бар, олар бұл саланы толық білмейтін студентке жөн сілтеп, жол көрсете алады. Негізі, мүмкін болса шетелге оқуға түсуге барын салуы керек, себебі қазір бұрынғыдай емес, тегін гранттар мен тағылымдамалар көп. Сосын ағылшын тілін еркін меңгеруге тырысу қажет.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызға Booking.com компаниясына жұмысқа тұрғаныңызды хабарлап жазғаныңызда «Бұл деген Қазақстанды мәңгіге тастап кету деген сөз емес. Жоқ, халықаралық компанияларда жұмыс істей жүріп, шыңдаған қабілетім мен алған білімімді қолдану үшін Қазақстанға міндетті түрде ораламын. Егер сен расымен ауқымды әрі мақтауға тұрарлық бірдеңе құрастырғың келсе, мұны жақсы істейтіндерден үйренуің керек» депсіз. Алдағы уақытта Қазақстанға ІТ саласының жілігін шағып, майын ішкен маман ретінде оралғаныңызда нені өзгертіп, нені түзейтініңізді ойыңызға қазірден бастап түйіп жүрген боларсыз?
– Әлбетте, ойыма тоқып жүрген идеяларым бар. Әлбетте, Қазақстанға түбі ораламын. Сізге мынаны айтайын, мұнда бір азғырушы күш бар, себебі Голландия секілді елдер тым жақсы өмір сүру сапасымен баурап алады. Мұнда көңіл тоқ, уайым жоқ. Бес жылдан кейін, бұл елдің азаматы атана аласың. Оның үстіне, бұл елдің төлқұжатымен көптеген елді шарлап, дүниетанымыңды кеңейтуге мүмкіндік көп. Ал біздің төлқұжатпен тек санаулы елге ғана саяхаттай аласың, көп жағдайда арнайы виза жасату қажет. Десек те, мұндай басымдықтар көп болғанымен, мен мұнда не үшін, қандай жағдайда келгенімді жадымнан шығармаймын. Мен мұнда мемлекеттен қысым көріп, тауым шағылып келсем бір жөн, бұл елге өз елімде алған білім, жинақтаған тәжірибемнің арқасында келдім. Ал Голландия мемлекеті маған түк берген жоқ, керісінше, түрлі төлемдерді төлеу арқылы мен бұл елдің қоржынына қаражат салып жатырмын. Жалпы, жайлылыққа бойы әбден үйренген Голландия жастары талапкер емес, айтарлықтай амбиция жоқ. Ал біз елде қыруар істі түзеу керек екенін көріп, біліп өскен соң, мақсатымыз да үлкен, уайымымыз да көп. Сол себепті, қанша мемлекетке барсақ та, түбі сол уайыммен, түбі сол мәселені ойлап, шешу жолдарын іздеп жүресің. Мен де Алматыда Амстердамдағыдай жұмыс ортам, жайлы кеңсем болғанын қалаймын. Барлығы уақытында болады, болатынын білемін. Десек те, шама келгенше шетелде шынығып, шыңдалып алған жөн. Егер өз еліңде әзірге мұндай орта жоқ болса, басқа ортаға бару қиын емес. Эйнштейн «Проблемаңды тек бір жолмен шешкісі келетін адам – ең ақымақ адам» дейді, сол себепті ортаны ауыстыру, жұмыс орнын өзгерту өте тиімді қадам. Менің түсінігімде, қырық жасқа дейін елді, жерді көру керек, сосын елге оралғанда жинаған тәжірибең бар, бөлісетін құпияң бар, өтетін сөзің бар, сөйтіп барлығын өз аузыңа қаратып, кәсіптің дөңгеленуіне үлкен үлес қоса аласың деп білемін.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ