Жаңалықтар

Қазақ тілін тегін үйренгісі келе ме?

ашық дереккөзі

Қазақ тілін тегін үйренгісі келе ме?

Жақында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Парламент Сенатының жалпы отырысында орыс тілді депутаттарды қазақ тілін жеделдетіп үйрететін топқа қатысуға шақырған еді. Осы кезде сенатор Сергей Ершов бірқатар әріптестерімен бірге мемлекеттік тілді үйреніп жүргенін, алайда ол бағдарламаны қаржыландыру биылғы жыл басынан бері тоқтатылғанын тілге тиек етті. «Қазір Парламентте де, мемлекеттік органдарда да қазақ тілін меңгеруге қатысты оқытылып жатқан жоқ. Біз осыған байланысты барлық министрліктерге хабарластық. Алайда, нақты жауап алғанымыз жоқ. Конституцияда Үкімет еліміздің азаматтарының барлығына, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді еркін меңгеруі үшін барлық жағдайды жасайды деп көрсетілген. Осыған қатысты біз мемлекеттік тіл жөніндегі бағдарламаны тоқтатпауды, қайта оны жаңғыртуды  сұраймыз», – деді сенатор С.Ершов. Ал Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы  былтыр қаржылық жағдайға байланысты бірқатар бағдарламалар қысқартылғанын, дегенмен, тұтастай алғанда қазақ тіліне қатысты мәселелер атқарылып жатқанын айтқан болатын. «Біз бюджетті алдағы бекіту барысында осындай олқылықтарды жоюға тырысамыз деп ойлаймын», – деген-ді А. Мұхамедиұлы. Алайда, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мемлекеттік тілді оқытуға қатысты әдіснаманың әлі күнге нашар деңгейде қалып отырғанына тоқталды. «Біз қазақ тіліне оқыту әдісін түбегейлі өзгертетін боламыз. Орыс тілінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер қауымымен кездестік. Олардың және басқа да тіл мамандарының ұсыныстарын ескере келе, ағымдағы жылдың желтоқсан айына дейін біз қажетті әдіснамаларды дайындап, қазақ тілінде оқытатын мектептерге және жалпы халық үшін оны енгізуді қарастырамыз. Жедел оқыту әдістері ғылыми негіздерге сүйенеді, онда барлық заманауи технологиялар қолданылады. Біз Мәжілістің орыс тілді депутаттарын ағымдағы желтоқсан айында ашылатын мемлекеттік тілде жедел оқыту тобына қатысуға шақырту жолдадық. Сенторларды да мемлекеттік тілге жедел оқытатын топқа қатысу үшін жазылуға шақырамыз», – деді Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев. Неге орыстілді депутаттар қазақ тілін мемлекеттің қаражатымен үйренуге құштар? Мемлекеттік тілді білу – әрбір қазақстандықтың міндеті емес пе?! Әрі-беріден соң қазақ тілін меңгеру үшін өз қалтасынан төлесе болмай ма? Жарайды делік, мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде орыстілді депутаттар мемлекеттік тілді еркін меңгеруі үшін тегін курстарды пайдалансын. Алайда, бұдан Парламентте қазақ тілінде емін-еркін сөйлеп кеткен депутатты көрген жоқпыз. Сонда мемлекеттің қаржысы желге ұшып жатыр ма?!