Қымыз, шұбат − барың да, нәрің де осы
Қымыз, шұбат − барың да, нәрің де осы
Әр халықтың жетістігі өзінің ата кәсібіне тікелей байланысты. Сондықтан оның өнері де, шеберлігі де, тіпті дүниетанымы да сол тараптан көрінеді. Егер ұлан-байтақ даланы мыңғырған малға толтырып, төрт түлігін түгелдеп өскен қазақ халқының тағамы − ет, сусыны – қымыз бен шұбат, ыдысы − саба мен торсық болмаса, мал баққаны бекер болар еді ғой! Киім-кешегі мен төсеніші, баспанасы − алты қанат ақ ордасы да малдың терісі мен жүнінен жасалған бабаларымыздың судың тазасын ішіп, тамақтың құнарлысын жегені жайында айта бастасаңыз сөз таусылмайды. Дегенмен әлі ет пен қуырдақ жеуден тыйылмаған қазақ қымызы мен шұбатын да ұмыта қойған жоқ. Ал бірақ соны қалай өндіріп, қалай тұтынып жүрміз?
Атамзаманнан бері етті негізгі тамақ ретінде пайдаланатын қазақтың бұрында майлы етке тойып алған соң, оны сіңіру үшін соңынан қымыз не шұбат ішкені белгілі. Бірақ бүгінде ет жегіштігіміз қалмаса да, қымыз, шұбат ішуді қойып бара жатқан секілдіміз. Оның себебі − елімізде мал басының, мал бағатын адамдардың аздығы, мал шаруашылығына мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей жатқандығынан.
Бүгінгі қазақ қымыз-шұбат ішпейді деп айыптаудан бұрын оны көп өндіріп, бағасын қолжетімді қылудың жолын табу керек. Қазіргі жағдайда ол мүмкін емес болып тұр...
Қымыз Еуропада қалай патенттелді?
Біз, шынына келгенде, ештеңеге асықпайтын елміз. Әлі күнге ата-бабамыздан қалған мұралардың өзіне жөндеп иелік ете алмай жүргеніміздің өзі соның айғағы. Басқасын былай қойғанда, ұлттық тағамдарымыздың өзіне кім көрінген иелік етіп, атына меншіктеп жатыр. Мәселен, қазы-қартаны өзбектер, айран-шалапты жапондар, қымызды немістер иелеп патенттеп жатыр дегенді естиміз. Әрине, патент иелері болашақта өзінің меншіктеп алған нәрсесінің шын иесі ретінде барлық құқығын иеленіп, оны өндіруге рұқсат беретін көрінеді. Ал бірақ қазының, қымыздың барлық жасалу технологиясына бір адам ие болып, өзгеге ішкізбей, жегізбей қоя алмайды ғой. Тек оны ойлап тапқан заңды иесі ретінде белгілі бір адам не елдің аталатыны бар. Ана бір жылдары «ойбай, қымызымызды неміс иеленіп кетті, айырылдық» деп өре түрегелгеніміз бар. Қазақстандық БАҚ ол әңгімені іліп алып, жарыса жазды. Бірақ зерттей келгенде, қымызға патент алған неміс емес, Берлин қаласында «Жылқы шаруашылығының экологиясы мен экономикасы» бойынша зерттеу жүргізіп жүрген ғалым Айтуған Мұқашев болып шықты. Ауылшаруашылық университетін бітіргеннен кейін ол жылқы шаруашылығы экономикасынан ғылыми диссертация қорғаған, қымыз жасауды қолға алған. Яғни, Қарағанды өңірінде қымызды бір жылға дейін сақтайтын әдісті өндіріске енгізген. Алайда ол жақта өз бетінше өндіріс орнын аша алмайтын болғасын А.Мұқашев Германияда ол ата-бабаларынан бері қарай жылқы шаруашылығын жүргізіп келе жатқан Ганс Сольман деген кісімен бірігіп патент алған. Қазақ ғалымы ол еуропалық әдіс негізінде қымызды әлемге танытпақ ойы бар екен. Неміс азаматымен бірігіп ашуы себебі, олар технологиялық жақтан жетілген ел. Содан соң әлемге танымал «неміс сапасы» деген сапалық деңгей бар. Яғни, өзге елдердің стандарттарына сай келген тауар неміс стандарттарынан өтпей жатады. Сондықтан Еуропа нарығына Германия арқылы кірудің артықшылығы бар дейді ғалым. Сол сияқты біз ойлап жүргендей еуропалықтар қымызды «денсаулыққа пайдалы» деп таласа-тармаса ішіп жатқан жоқ көрінеді. Ол жақта «денсаулыққа пайдалы» деп айтып сату үшін арнаулы зерттеулер жүргізіліп, пайдалы екенін дәлелденіп, ғылыми тұжырымдар жасалуы тиіс екен. Мәселен, өзінің шаруашылығындағы биелердің сүтінен жасалған қымыздың қорабына «денсаулыққа пайдалы» деп жазып сатқаны үшін Сольман үлкен көлемде айыппұл төлепті. Өйткені қымыздың денсаулыққа қандай пайдасы бары Германияды әлі ғылыми жағынан дәлелденбеген. Дегенмен неміс елі бие сүтінен жасалған сабын, сабынсу, ұнтақтар Франция, Голландия, Австрия елдерінде де шығарылып жатқан көрінеді. Сөйтіп, немістердің қымызға патент алу ойында да болмаған, оны патенттеп Германия арқылы әлемдік нарыққа шығарғысы келген қазақ баласы екен.Шұбатқа шетелдіктер неге қызығады?
Төрт түліктің төресі түйе малының сүтінен жасалған шұбат ежелден әрі сусын, әрі тамақ екені белгілі. Әрине, қазақ халқы оны пайдалы сусын ретінде тұтынып, сүйсіне ішкенмен оның құрамын зерттеп, пайдасын ғылыми тұрғыдан зерттеу жүгізген жоқ. Бірақ бүгінгі қазақтар шұбаттың кереметін зерттеп, жаңалық ашып жатыр. Осыдан біраз бұрын шымкенттік ғалым Мұсатілла Тоқановтың ашқан жаңалығы жайлы белгілі болды. Шұбатты зерттеуге ұзақ жылдар бойы уақытын арнаған Тоқанов шұбатты өңдеп одан құрғақ ұнтақ, таблетка және тез еритін түйіршік жасауға қол жеткізді. Ол неге керек десеңіз, ресейлік ғалымдар қатерлі ісікті емдеуге қажет ферменттерді ана сүтінің ақуызынан тауып, содан лафрот деген дәрі жасамақшы екен. Бірақ жүз грамм препарат жасау үшін екі жарым тонна ана сүті қажет болады екен. Ал оған екі жарым мың доллар көлемінде қаржы жұмсалатын көрінеді. Ойлап көріңізші, қаржы табылғанның өзінде сонша ана сүтін табу оңай емес қой! Ал М.Тоқановтың жаңалығы осы тығырықтан шығаратын жаңалық. Ол түйе сүтінің ана сүтімен құрамдас екенін, яғни түйе сүтінің ақуызында да лактоферрин ферменті ана сүтімен бірдей мөлшерде екенін көрсеткен. Демек, ана сүтіне қарағанда әлдеқайда арзан және көп мөлшерде өндіруге мүмкіндік бар түйе сүті обырға қарсы дәрі жасауға мол пайдасын тигізеді. Бұдан басқа шұбаттың өкпе ауруына, ішек құрылыстары, бауыр, дәрумен жетіспеушілік, қан аздық, қант ауруына да емдік шипасын тигізетіні де ғалымдар тарапынан айтылып жүр. Өзіміз маңызын толық түсініп жете қоймаған Тоқановтың жаңалығы әлемді қызықтырып отыр деуге болады. Мәселен, қазақ ғалымының ашқан жаңалығы туралы есіткен мұхиттың ортасындағы жапондар күншілік жерден ұшып келіп, шымкенттік ғалымға қолқа салған көрінеді. Сұрайтыны − Тоқановтың түйе сүтінен алған құрғақ түйіршігінің патентін сатып алу. Кейін Моңғолия мен Еуропа елдерінен де сондай ұсыныс түскен, қытайлар жағынан Тоқанов жаңалығын өндіріске енгізуге инвестиция саламыз дегендер табылған. Бірақ өзінің жаңалығы Отанына қызмет еткенін, соның пайдасын өз мемлекеті көргенін қалайтын Мұсатіллә Тоқанов басқаға мойын бұра қойған жоқ. Жалпы, отыз шақты патенттің иесі (оның 8-і шұбатқа байланысты жаңалықтар) Тоқанов құрғақ ұнтақ пен таблетка, тез еритін түйіршік түрінде шетелге экспорттауға болатындығының ғылыми негізін жасап, соны тұрақты өндіретін өндіріс орнын жасау үшін 400 миллион теңгедей ақша керек дейді. Бірақ әзірге оған көмек қолын созатын Үкімет не іскер миллиардерлер де болмай тұр. Қазірше кластерлік технологиямен шұбатты үш айға дейін таза күйінде сақтауға болатынын дәлелдеген ғалым, шұбаттан қант диабеті мен ішек құрылысына шипасы тиетін биойогурт, иммунитетті көтеретін балқаймақты шағын партиямен жасап көрсетті. Оны іліп әкетіп, ары қарай дамытатын кәсіпкер шықса қанеки. Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында қымыран өндірісі қолға алынды. Демек, ұлттық сусынның бұл түрін ұзақ уақытқа сақтап, тасымалдап сатудың жолы табылды. Дегенмен ғалымның жаңалығын түсінгендер ауыл шаруашылығы коперативтерін құрып, түйе сүтін қабылдап, оны ұзақ сақтау үшін қайта өңдеп жатыр. Соның бірі – оңтүстік өңірдегі Созақ ауданы. Он мыңнан аса түйесі бар бұл аймақта жоғарыдағыдай шағын өндіріс орындары құрылып, ұзақ сақталатын шұбаттарды жасаумен айналысып жатыр. Есепке жүйріктер шұбаттан жасалатын ұнтақтың пайдасын да есептеп қойыпты. Мысалы, бір тонна мұнайдың құны 400-500 доллардың ол жақ, бұл жағы десек, шұбаттан алынатын ұнтақты бір келісі нарықта 200-ден 500 еуроға дейін барады екен. Демек, қайсысының қандай пайда әкелетіні және қайсысын өндіруге қанша шығын кететіні кәдімгідей-ақ көрініп тұр... Шұбат өзімізден табылып, одан шығатын қымбат ұнтақ өзімізде өндірілуге мүмкіндік болса, оны қолдамау, көрініп тұрған пайдаға қызықпау − айтуға да ұят шығар-ау... Ақыры, өзіміз ойланып жүргенде Қытайдың кәсіпкер азаматы Түркістан қаласында қымыз бен шұбат өндейтін зауыт салуға 7,5 миллиардтай қаржы салып, жылына 100 тонна түйе мен жылқы сүтін қайта өңдеп, ұнтағын шығаруға кірісіп кетті. Қазір Қытайға кетіп жатқан ұнтақтар күндердің күнінде ол жақтан дайын өнім ретінде өзімізге сатылып жатса таңғалмаймыз. Ұзынқұлақтың айтуынша, шұбат, қымыз ұнтақтары Қытайдан елімізге тасымалданып, жасанды қымыз ел нарығын жаулап та жатқан көрінеді... Несін айтамыз, кезінде елімізде өкпесі ауырғандарды емдейтін жиырмаға жуық шипажай болған көрінеді, бірақ ел Үкіметінен қолдау болмағасын жабылып қалған. Ал солтүстіктегі Ресейде қымыз өндіретін 80-нен аса агрофирмалар мен қымызбен емдейтін 50-ге жуық шипажай бар екен. Бұл − біздің ұлттық сусынымыздың пайдасын өзгелер көріп отыр деген сөз.Елімізде ұлттық сусын өндірудің жайы қалай?
Әрине, еліміздің ауыл шаруашылығы құлдырап кетсе де, аз-кем мал ұстаған халық пен кейбір малы көп агрофирмалар қымыз бен шұбат өндіруді тоқтатқан жоқ. Жыл сайын ұлттық сусынға деген халықтың сұранысы да артып келеді, соған орай ұлттық сусын өндірудің де мөлшері артып барады. Биылғы жылдың ресми статистикасына көз салсақ, жарты жыл ішінде Қазақстанда 423 тонна бие сүті өндіріліпті. Бұл мәселеде еліміз аймақтарының үлесін қарар болсақ, Алматы облысы – 160 тонна, Павлодар облысы – 79 тонна, Ақтөбе облысы – 56 тонна қымыз өндірген. Биылғы қымыз өндіру көлемі 2018 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 15 пайыз артық болса, 2019 жылдың алғашқы алғашқы алты айындағы нәтижеден 17 пайыз кем болған. Елімізде қымыз өндірудің көрсеткіші 2018 жылы 1 081 тонна, 2019 жылы 1 103 тонна болды. Жыл басынан ортасына дейін мың тоннаға жуық шұбат өндірілсе, оның жартысынан артығы Алматы облысына тиесілі. Еліміз бойынша 2018 жылы 2 196 тонна, 2019 жылы 3 177 тонна шұбат өндіріліп, бұл бойынша өсім 45 пайызға жуықтады. Биылғы жартыжылдықта қымыз өндірісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда бір жыл ішінде 34,1 пайызға (685 тонна), шұбат өндірісінің көлемі 72 пайызға (1,7 мың тонна) өскен. Бұл, әрине, көңіл қуантады. Бірақ сұраныс артса, соның бағасын көтере салатын нарықтың әрекеті халықтың қалтасын қағып, денсаулыққа тигізер шипасы көп ұлттық сусындардың өндірісін де, халыққа жетуін де тежейтіні анық. Жасыратын несі бар, базарда сатылатын ұлттық сусындардың қадірі қашып барады. Әсіресе, қымызға су қосып сату деген тыйылар емес. Базардан сатып алған қымызыңның қымыз дәмі бар демесең, дәмі су татып тұрады. Ыдысқа құйылған қымызды 3-4 минут қозғамай тұндырып көрсең, қымызы ыдыстың түбіне шөгеді де, жоғарыдағы жартысы көгеріп, қара су болып шыға келеді. Демек, ұлттық сусынымыздың қадірін қашырып жүргендер алыптсатарлар болып тұр. Базарлардығы заттың сапасын тексеретіндердің жұмыс істемеуі осыған жеткізген. Ауылдық жерлерде жылқы ұстап, бие сауатындардың да жағдайы мәз емес. Себебі жылқысы жайылатын жайылым жоқ. Жердің көбін пайдаланбайтын біреулер иелеп алып, халықтың малын жайғызбайтын жағдайға жеткен. Мұндай жағдайда мал шаруашылығы қалай дамиды, ұлттық сусындар қалай өндіріледі? Бірен-саран агрофирмалар болмаса, қарапайым халыққа еліміздегі ет-сүт өндірісіне үлес қосуға мүмкіндік берілмеген. Тіпті, қарапайым ауыл тұрғындары өздерінің малының еті мен сүтін өздері базарға сатуға жағдайы жоқ. Ал көтерме бағамен сатып алатындар ауылдықтардан арзанға алып, қалаға әкеліп қымбатқа сатады. Ана жақта шаруаларды қанаса, мұнда келіп қалалықтардың қалтасын қағады. Демек, халыққа мал бағатын жер беріп, малын көбейтуге жағдай жасалмаса, жуық арада ұлтық сусын өндірудің проблемасы шешіле қоймас...Індетте халыққа шұбат шипа, қымыз дәру ме?
Әлемдік індет халықтың ақылы мен төзімін сынады. Сондай-ақ білімі мен тәртібін де сынға салды. Басында коронавирус дегенде үрейі ұшатын жұрт, кейін оған сергек қарамай сақтықты ұмытып кеткендей болды. Сосын адамдардан ауру табылып, ауруханаға түсе бастағанда да сене қоймады. «Ауру бар» дегендерге «таныс-білісіңнің ішінде ауырған адам бар ма, жоқ болса несіне айтып тұрсың?» деп тіпті сенбегені белгілі. Алайда кейін ауырған жұрттың қарасы көбейгенде адамдар тосын келген пәледен қалай аман қаламыз деп аласұрды. Сонда ең әуелі олардың құлағына кірген сөз «иммунитеті күштілерге аурудан қауіп жоқ» деген сөз еді. Сосын халық иммунитет көтерудің жолында жүгірді. Со кезде «ет жеп, сорпа ішіп, қымыз бен шұбат ішу − иммунитет көтереді» деген тағы бір жұбаныш пайда болды да, елдің ендігі ықыласы қымыз бен шұбатқа ауды. Әрине, таза ет жеп, қымыз-шұбат ішкеннің бақуат болатыны белгілі. Өйткені дәрумендерге бай бұл ұлттық сусындар ағзаға қажет минералдарды жеткізіп, ішкі құрылысқа, бауыр-бүйрекке, асқазанға зор күш беріп, кісінің саулығын нығайтатыны белгілі. Алайда коронавирус секілді қатерлі вирустың жұқпауына кепіл бола алмайды. Дегенмен үнемі қымыз, шұбат ішкендердің ауруға төтеп беруі әбден мүмкін. Мұны дәрігерлер де мойындайды, бірақ бәрі де ұлттық сусындар коронавируспен ауырмауға кепіл бола алмайтынын ескертеді. Мәселен, Семей өңірінің жоғары дәрежелі дәрігері, терапевт-пульмонолог, медицина ғылымдарының кандидаты, Жанар Уразалина tengrinews.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында бұл жайында былай депті: «Ұлттық тағамдарды қолдануға толерантты түрде қараған дұрыс. Себебі құрт, қымыз, шұбат, айран секілді тағамдардың пайдалы екенін дәлелдейтін бірнеше факт бар. Мысалы қымызда пайдалы ферменттер бар, жылқы сүтінде С, В1, В2, В12 дәрумендері және фолий қышқылы бар. Ал жылқы етінде табиғи иммуноглобулиндер бар. Сондай-ақ жылқы етінде адамның иммун жүйесінің дамуына жақсы әсер ететін минералдар мен витаминдер (магний, фосфор, марганец, калий, кальций, В1, В2, В6 витаминдері және басқалар) бар. Негізі коронавируста вирустық этимология фактісі бар екенін ескерсек, оның негізгі зияны − ол иммунитетті төмендетеді. Сондықтан қымыз, шұбат секілді өнімдерді коронавирус жұқтырған кезде де қолдансақ болады. Бірақ бұл коронавирустан толық емделіп кетесіз деген сөз емес. Оның жалғыз өзін емдеуде қолдана алмаймыз. Оны тек иммун жүйесі жақсы болсын десең, осы ұлттық тағамдарды жеудің пайдасы бар».Жайылымдық жердің аздығы – мал шаруашылығына қолбайлау
Нарық заманының басты қағидасы − пайда табу десек, қазіргі адамдар тек соны біліп алған. Қара жерді иелеп алып, соны не өзі пайдаланбай, не өзгеге бермей бос тастап қою − адамгершілік қағидасына да, заңдық нормаға да жатпайтын түсініксіз бірдеңе, бірақ біздің елде ол үйреншікті жағдай болып тұр. Кейінгі деректерде ел көлеміндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі – 220 млн гектар. Соның 187 млн гектары мал жайылымдары деп көрсетілген. Бірақ сол мал жайылымдарының қаншасын жеке адамдар иелеп, пайдаланылмай жатқаны Үкіметке ғана аян болмаса, былайғы жұрт біле бермейді. Ең жаманы сол, біреулерде мал бар, бірақ жайылым жоқ. Енді біреулер жүздеген гектар жерді иелеп алған, бірақ не егін екпейді, не мал бақпайды. Парадокс! Телеарнада ауыл маңындағы бұрын жайылым болып келген жерді әлдекімдер иелеп алып, жергілікті халық малымызды жаятын жер таппай қалдық деп шулап жатады. Бірақ мәселенің қалай шешілгенін сол күйі білмей кетеміз. Ұлттық сусындарды мол өндіру мемлекеттің азық-түлік және денсаулық сақтау салаларындағы стратегиялық маңызы бар құбылысқа айналып келе жатқанына күн сайын көзіміз жетіп келе жатыр. Ал оны Қазақстанда мал шаруашылығын дамытпай іске асыра алмаймыз. Демек, ауылдық жерлердегі жайылымдық жерлерді жеке меншікке беруді тоқтату керек. Жергілікті халық қорасында мал сақтап, оның санын көбейту үшін мемлекет тарапынан қаржылай жәрдем берілуі қажет. Әсіресе, түйе мен жылқының санын көбейту басты мақсат болғаны дұрыс. Шошқа өсіруді субсидиялауға миллиондаған қаржы бөлген мемлекет одан гөрі екі жақты пайдалы түйе мен жылқы өсіруге қолдау білдірсе, пайдасы шаш-етектен болатынын жоғарыда нақты мысалдармен көрсетіп өттік деп ойлаймын. Өткен жылы еліміздегі ірі қараның саны 8,7 миллионға жақындаса, қой-ешкінің саны 25 миллионға жетіп қалған екен. Кезінде Қазақстанда мал басы бұдан әлдеқайда көп болған. Қазір етті былай қойғанда, қымыз бен шұбатты шетелге сатып жатқан кезеңде мал басын көбейту аса маңызды шаруа. Өйткені ішкі қажеттілікті толық өтей алмай жатырмыз, оның үстіне экспортқа шығаруымыз керек. Қысқасы, халықтың саулығын ойласақ, қымыз бен шұбатты мол өндіріп, ішкі сұранысты толық қанағаттандыруға ұмтылу керек. Ал оған не қажеті белгілі.