Онлайн екен деп осалдық танытуға болмайды
Онлайн екен деп осалдық танытуға болмайды
Жаңа оқу жылының басталуына аз уақыт қалды. Індеттің шарықтау шегінен өтсек те, қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Күзде жағдай қалай боларын ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан сақтықта қорлық жоқ деп, Білім және ғылым министрлігі өткен оқу жылының соңында қолданылған қашықтан білім беру форматын әрі қарай жалғастыруды құп көріп отыр. Бірінші тоқсанда еліміздің барлық мектебінде 1-11-сыныптар қашықтан оқиды. Тек шалғайда орналасқан шағын жинақты ауылды мектептер штаттық режимде білім береді. Жоғары оқу орындары мен колледждер де онлайн оқытуды жалғастырады.
Қашықтан оқыту университеттер үшін жаңалық емес. Алайда мектеп оқушыларына білім берудің бұл форматын игеріп кету оңай болмайтын секілді. Көктемдегі тәжірибеден соң ата-аналар балаларының онлайн оқығанын құптай қойған жоқ. Техника мен технологияның тапшылығы, шалғай елді-мекендерде ғаламтор мен байланыстың әлсіздігі біраз уақыт үлкен мәселеге айналды. Десе де, індеттен сақтанудың оқшауланудан өзге жолы болмағандықтан, ұстаздар да, оқушылар да қашықтан оқу жүйесіне бейімделуге тырысып бақты. Нәтижесінде өткен оқу жылының соңғы тоқсанында 3,2 млн оқушы әртүрлі тәсіл бойынша білім алды. Атап айтқанда, ғаламтор желісі бойынша арнайы дайындаған бағдарламалар негізінде, теледидар арқылы және бірнеше платформалар арқылы оқыды. Оның ішінде «Күнделік», «Дарын онлайн», Bilimland және электронды кітаптардың топтамасын оқушылар мен ұстаздар белсенді қолданды. Білім және ғылым министрінің өткен оқу жылы бойынша берген есебіне сүйенсек, жалпы ғаламторды қолданып, қашықтан оқытуға көшкендердің саны – 2,4 млн оқушы. «Күнделік» электронды жүйесін бір күнде 2,2 млн оқушы пайдаланған. «Дарын онлайн» қосымшасы бойынша тіркеліп, тиісті білім алған балалардың саны 300 мың болса, Bilimland платформасын 400 мыңнан аса оқушы қолданған. Мұны қашықтан оқыту жүйесіне оқушылардың бейімделе бастауының көрсеткіші деп есептеген министр жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанын онлайн оқытудан бастау туралы шешім қабылдады.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, шалғай елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептер ғана дәстүрлі форматта оқыта береді. «Бізде 2019-2020 оқу жылындағы төртінші тоқсанның тәжірибесі бар. Алыста орналасқан саны аз мектептердегі оқушылар дәстүрлі форматта оқыды. Мұндай мектептерде бір сыныпта 5, 10, 15 баладан оқиды, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар мектепке жаяу қатынайды. Осындай жағдайда қауіп аз болатынына көз жеткіздік. Сол себепті қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мектептерде штаттық режимде оқыту жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отырмыз», – деді ведомство басшысы.
Министрліктің дерегінше, елімізде барлығы 127 мың бала білім алатын 1 934 шағын жинақты мектеп бар. Дәстүрлі форматта оқыту үшін сол өңірдегі, ауылдағы пандемия жағдайы толығымен ескеріліп, облыстық білім басқармаларымен бірлесіп шешім шығарады. Егер шағын жинақты мектебі бар ауылдың өзінде вирус өршіп тұрса, қашықтан оқыту форматына көшіріледі.
Кезекші сыныптар қалай жұмыс істейді?
Бастауыш сыныптар үшін де дәстүрлі форматта оқу мүмкіндігі берілмек. Ата-аналардың жазбаша өтініші бойынша мектепке келіп оқитын оқушылар үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылады. «Бұл жерде біз бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Кезекші сыныптардың оқушылары барлық пәнді мектепте оқиды деуге болмайды. Қашықтан оқытуға қиындық туғызатын негізгі пәндер бар. Мәселен, математикадан есеп шығару, әсіресе жаңа тақырыпты алып кету оңай емес. Сонымен қатар 1-сынып оқушыларына әріп таныту керек. Мұндай маңызды сабақтарды қашықтан оқыту өте қиын. Сондай негізгі пәндерді мектепке қатынап оқиды», – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов. Кезекші сыныптарға қойылатын басты талап – санитарлық-эпидемиологиялық шарттардың қатаң сақталуы. Әдетте бір сыныпта 20-25, тіпті үлкен қалаларда 40 балаға дейін отыратыны белгілі. Бұл жолы әр сыныптың өзін топтарға бөлініп, бір сыныпта 10-15 баладан артық отырмауы қадағаланады. Екіншіден, осы сыныптарға қоңыраулар әртүрлі уақытта соғылады. Өйткені оқушылар дәлізде топталып жиналмауы қажет. Үшіншіден, дене қызуы тұрақты түрде өлшеніп, балалардың денсаулығы қатаң бақылауға алынады. Ата-аналарға мектеп аумағына кіруге тыйым салынады. «Бір мұғалім – бір сынып» қағидаты енгізіледі. Оқушылар сынып жетекшісі сабақ беретін негізгі пәндерді ғана мектепте оқиды. Ал өзге мұғалімдер білім беретін ағылшын тілі, орыс тілі, дене шынықтыру, музыка, көркем еңбек сияқты пәндер қашықтан оқытылады.Оқушылар «Әліппемен» қайта қауышады
Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы – бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқиды. Министр сүйіншілеген бұл хабарды естіп, баласы мектеп табалдырығын аттайтын ата-ана тегіс қуанды. «Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі», – деді Асхат Аймағамбетов. Министрдің айтуынша, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады. «Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда», – деп сендірді бас мұғалім. Қашықтан оқитынына қарамастан, оқушылар қағаз оқулықпен толық қамтылады. Жыл сайын қыркүйекте ата-аналардың бас ауруына айналатын оқулықпен қамту мәселесі биыл туындамас үшін министрлік жаңа оқулықтарды аймақтарға жөнелту жұмыстарына ерте кірісіпті. Карантин талаптары сақталуы үшін арнайы кесте жасалып, адамдардың топталып жиналмауына көңіл бөлінбек. Алғашқы тоқсан қашықтан оқу жүйесімен бастағанмен, эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанда, оқушылардың мектепке баратыны анық. Сондықтан жыл ортасында ата-аналар сабылып киім іздемеу үшін алдағы оқу жылында бірыңғай мектеп формасын кию уақытша міндеттелмейтін болды. «Мектеп формасы» ұғымы мен оның қағидаты және оған қойылатын талаптар мүлдем жойылмайды. Тек біз жаңа бұйрыққа төтенше жағдай мен карантин немесе шектеу шараларына қатысты арнайы ескертулер енгіземіз. Яғни, осындай кездерде балалардың мектепке ұқыпты классикалық киіммен келуіне мүмкіндік беруіміз керек», – деді министр.Интернет икемсіз, техника тапшы
Оқулық пен киімнің жайы шешілді делік. Алайда қашықтан білім беру үшін бұл екеуінен бұрын әуелі интернет пен компьютер сақадай сай болуы қажет. Өткен оқу жылының соңындағы әбігерді жұрт ұмыта қоймас: оқушыларға компьютер жетпей, компьютері барлар интернетке дұрыс қосыла алмай, әбден әлекке түскен. Ғаламторға қолы жетпеген кейбір ауылдардың оқушылары тіпті пошта арқылы оқуға мәжбүр болды. Жуырда осы мәселені қозғаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады. Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауға тиіс.1 қыркүйектен бастап жаңа оқу жылы басталады. Мен министрліктің бұл шараға дайын екендігіне күмәнім бар», – деп алаңдаушылық білдірді. Министр мектептерде техника қат екенін жасырмайды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте: «Иә, шын мәнінде Мемлекет басшысы айтқандай, мектептердің балансындағы көп компьютерлер жұмысқа жарамсыз. Дегенмен бұл бір жылда болған мәселе емес, қанша жылдан бергі жиналған түйткілдер. Істен шыққан компьютерлерді, олардың жалпы жағдайы туралы мәліметтер уақытылы жаңартылмағандықтан, мәселе күрделеніп отыр. Қазірдің өзінде жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 36 мың жаңа компьютер сатып алынды. Жаңа оқу жылына дейін тағы да сатып алу жұмыстарын ұйымдастырамыз», – деді А.Аймағамбетов. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, ел мектептерінің балансында 405 мың компьютер бар. Оның 40 пайызы, яғни 162 мыңы ғана жұмысқа жарамды. Оған жаңадан сатып алынған 36 мың техниканы қоссақ, 200 мыңға да жетпейді. Мектептердің сұранысын қамтамасыз ету үшін әлі 200 мыңнан астам компьютер қажет. Техника сатып алуға шамасы келмейтін мұқтаж отбасылардың сұранысы тағы бар. Министрлік оның бәрін бір ай ішінде сатып алып, оқу жылы басталғанша діттеген жеріне жеткізіп үлгере ме? Құрылғысы жоқ оқушы онлайн оқуды қайтсін? Интернет жыры – өз алдына бөлек тақырып. Көктемдегі «төтенше» тоқсан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ауыз толтырып айтып жүрген жетістіктердің тек қағаз жүзінде екенін көрсетті. Ал іс жүзінде қазақстандықтардың интернетпен қамтамасыз етілу деңгейі де, еліміздегі ғаламтордың сапасы да көңіл көншітпейтініне көз жетті. Бұл мәселені Білім және ғылым министрлігі телеарналардағы видео, радиодағы аудио сабақтар мен пошта қызметі арқылы шешкендей болды. Ғылым мен технология қарыштап дамыған бүгінгі заманда өзгелер алға ұмтылып жатқанда, біздің мұнымыз артқа жылжу емей немене? Министрлік «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жыл соңына дейін интернетті белсенді пайдаланушылардың үлесі 88 пайызға дейін, ал цифрлық сауаттылық деңгейі 83 пайызға жететініне сендірген. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін 2021 жылға дейін 5163 ауылдық елді мекен кеңжолақты интернетпен қамтылуы тиіс. 2020 жылдың бітуіне 4-ақ ай қалды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен есеп сұралатын күн де алыс емес. Алайда ведомство басшысы Асқар Жұмағалиев қызметінен кетті. Жаңадан тағайындалатын министр бұрынғы министрдің уәделерін орындауға құлық таныта қоюы екіталай. Жаңа басшы өз реформасын енгізуі мүмкін. Оның жемісін қанша уақыт күтетініміз белгісіз. Сондықтан індеттің тезірек ауыздықталып, оқушылардың мектеп партасына көп ұзамай оралуын тілегеннен басқа қолдан келер қайран жоқ. Әйтпесе, интернет икемсіз, техника тапшы болып тұрғанда онлайн оқудың сапасы жайлы сөз қозғаудың өзі қисынсыз. СІЗ НЕ ДЕЙСІЗ?Назым Исмаханбет, ата-ана:
Оқушыға білім алу ғана емес, қоғаммен байланыста болу да маңызды
– Қашықтан оқу мен дәстүрлі оқудың өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Оның бәрін жіпке тізіп жатпай-ақ қояйын. Алайда дәл қазіргі жағдайда, ұлым бірінші сыныпқа баратын кезде мен үшін қашықтан оқытудың артықшылығынан кемшілігі басым болып тұр. Онлайн оқуды оффлайн оқу мүлдем мүмкін болмаған жағдайда ғана қолдануға болатын шара ретінде қарастырамын. Неге десеңіз, бала үшін білім алу ғана емес, эмоционалды сұраныстарының қанағаттандырылуы, қоғаммен байланыста болуда аса маңызды. Қоршаған ортамен қарым-қатынасты үзіп, оқшау өмір сүргеннің кесірінен қоғамға пайдасын тигізе алмаған, білгенімен бөлісе алмаған талай ғұламалар, оқымыстылар өмірден өтті. Егер қоғаммен байланыста болса, олардың ашқан жаңалығы, жинаған білімі адамзаттың игілігіне айналар еді. Екіншіден, бала бірінші сыныпқа барғанда стресті бастан кешеді. Өзінің жылы ұясынан, ата-анасының жанынан жырақтап, жаңа ортаның қағидаларын, тәртібін, өзгелердің алдында өзін-өзі ұстауды үйренеді. Ал онлайн оқу кезінде бала үйден, яғни комфорт аймағынан шықпайды, сәйкесінше стреске түспейді. Өзімізге қолайлы ортадан шықпасақ, күйзеліске түспесек, өспейтініміз белгілі. Үшіншіден, бала алғаш мектеп табалдырығын аттағанда оған ойын арқылы үйрену, апайының эмоциясын көру маңызды. Мұғалім өзге балалардың сұрағына қалай жауап береді, қандай ым-ишара жасайды – бала психикасының қалыптасуында мұның бәрі үлкен рөл ойнайды. Дегенмен дәл қазіргі жағдайда онлайн оқу мәжбүрлі шара екенін ұғып отырмыз. Балалар мүлдем білім алмай, уақытын босқа жоғалтқаннан гөрі қашықтан оқығаны дұрыс деп ойлаймын.Ақмарал ШАТЕМІРҚЫЗЫ, Алматы қаласындағы №173 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
Жазғы демалысқа бөлінген ақшамызды техникаға жұмсауға тура келді
– Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында шұғыл түрде енгізілген қашықтан оқыту жүйесіне біріміз дайын болсақ, біріміз дайын болмадық. Бұл біріншіден, мұғалімдердің технологияны қаншалықты меңгергеніне байланысты болса, екінші жағынан ақпараттық коммуникациялық технологияның, яғни интернет желісінің жылдамдығына тәуелді болдық. Оқушыларға сапалы білім беру үшін барлық платформаны, әлеуметтік желілерді қолдандық. Оқушыларды жаңа форматқа үйрету, сабаққа қатысуға шақыру, кері байланысқа тарту оңайға соққан жоқ. Біздің мақсатымыз – қиыншылықтарға қарамастан, қалайда оқушы жүрегіне білім нәрін егу болды. Министрлік тез шешім қабылдап, мектептердегі компьютерлер мен ноутбуктерді мұғалімдер мен мұқтаж оқушыларға таратып берді. Жасыратын несі бар, қашықтан оқыту кезінде өзіміздің де, алдымыздағы техниканың да қаншалықты заманауи екенін байқадық. Жазғы демалысқа бөлінген ақшамызды техникаға жұмсауға тура келді. Онлайн оқыту кезінде ірі оқу орталықтары дайындаған дайын видеоларды таратушы ғана болмай, өзіміз де видеосабақтар дайындаймыз деп бел буып, белсенді мұғалімдер компьютер, телефон, лампа, штатив, микрофон-петелька да сатып алдық. Әрине, бірін қолда бар ақшаға, енді бірін кредитке алып отырмыз. Жаз бойы мұғалімдер тыным тапқан жоқпыз, әлеуметтік желілерде ұсынылған курстарға қатысып, қашықтан оқытудың синхронды және асинхронды түрлерімен танысып, оқумен, ізденумен болдық. Әлеуметтік желілерде тараған Stepik сайтындағы тегін онлайн-курстар да мұғалімдерге үлкен көмек болып отыр. Қазір мен директордың қолдауымен өз мектебіміздің мұғалімдеріне 5 күндік тегін марафон өткізіп жатырмын. Марафонға 109 мұғалім қатысуда. Бейнесабақтарды түсіру үшін ең оңтайлы бағдарламаларды қадам-қадаммен егжей-тегжейлі үйретіп жатырмын. Марафон қатысушылары мұғалім имиджін қалыптастыру, Саmtasia Ctudio бағдарламасымен аса өнімді бейнесабақтар құрастыру, Bandikam бағдарламасымен монитордан сабақтар жазу, ZOOM видеоконференцияға арналған қосымшаны тиімді қолдану секілді дағдыларды үйрене алады. Онлайн оқытудың оқушы үшін ұтымды жақтары аса көп. Ақпарат нақты жүйеленген түрінде беріледі, оқушы берілген білімді өз ыңғайына қарай түсте де, кешке де, түнде де қарап, қайталап оқуға мүмкіндік алады. Әр оқушының жеке жауапкершілігі жақсарады деп күтеміз, мұғалім төбелерінен қарап, жазыңдар, оқыңдар деп тексеріп тұрмайды, оқуды да жазуды да мақсат қойып өз еркімен орындайды. Технологияны, түрлі гаджеттерді тиімді, бағытқа сай қолдану керектігін түсінеді әрі мұғаліммен кері байланысқа да еркін түсе алады. Ал ата-анада баланың білімге деген ынтасын бақылау мүмкіншілігі және отбасында түсінісушілік пен ұйымшылдық та артады деп сенеміз. Әрине, мектепте көзбе-көз оқытқанға не жетсін?! Мектебімізді де, оқушыларды да, әріптестерді де сағындық. Жаңа оқу жылының табысты болуы тек Білім және ғылым министрлігі ғана емес, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің де жауапкершілігінде деп ойлаймын. Ал енді оқушыларымыздың компьютермен қаншалықты қамтылғаны – өз алдына жеке тақырып. Тек телефонмен сабақ өту немесе білім алу жарамайды. Әр шаңырақта мұздатқыш пен теледидар болатыны секілді компьютер де болуы қажет. Бұл – қажеттілік. Жалпы, мынау аты жаман індет төніп тұрған кезде, жаңа оқу жылында қашықтан оқыту – оқушылардың, ата-аналардың, мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін қабылданған оң шешім. Ғалия ДАУЛИЕВА, экономика ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебі «Экономика» кафедрасының профессор міндетін атқарушы:Жұмысымыздың нәтижесі интернеттің сапасына байланысты
– Наурыз айында коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай режімі енгізіліп, аяқ астынан қашықтан оқыту жүйесіне көштік. Дайындыққа уақыт аз болғандықтан, қиындықтар, қателіктер болды. Десе де, басшылықтың жедел әрекет етуі және университеттің Ақпараттық технологиялар және инновациялық даму институтының жүйелі жұмысы арқасында оқытушылар мен студенттер онлайн оқуға қысқа уақытта төселді. Мұғалімдер үшін арнайы тренингтер ұйымдастырылып, білім беру платформаларымен жұмыс істеуді үйрендік. Негізінен, Zoom, MS Teams платформалары, сондай-ақ ҚазҰУ-дың Univer, СДО Moodle деп аталатын өз жүйелері белсенді қолданылды. Көктемгі емтихан кезінде «Оқулық» платформасын пайдаландық. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, университет басшылығы оқытушыларға халықаралық Coursera платформасына қолжетімділікті қамтамасыз етті. Сол платформадағы өзіміздің оқу-әдістемелік пәндердің мазмұнына сай келетін онлайн курстардан тегін өтуге мүмкіндік алдық. Шыны керек, қашықтан оқыту мұғалімдердің жүктемесін арттырмаса, жеңілдеткен жоқ. Сабақ өткеннен бөлек, оның жазбасын жасап, Youtube-қа жүктеп, өтілген пәндердің есебіне енгіземіз. Мұның бәрі біраз уақытыңды алады. Кураторлық топпен тәрбие жұмыстарын да онлайн жүргіздік. Университетіміз жаңа оқу жылына қызу дайындалуда. Көктемде өзімізге қолайлы платформалардың бірін қолдансақ, қыркүйектен бастап бірыңғай MS Teams платформасымен жұмыс істеуді меңгеріп жатырмыз. Өйткені бұл платформада өткізілген сабақтың видеосы автоматты түрде сақталады. Құзыретті органдар кез келген уақыт бойынша сілтеме арқылы кіріп, сабақтың сапасын тексере алады. Жуырда осы платформа бойынша оқытушыларға екі апталық вебинар ұйымдастырылды. Оның алғашқы аптасында Ақпараттық технологиялар және инновациялық даму институтының мамандары дәріс берсе, екінші аптасында ресейлік мамандар өз тәжірибесімен бөлісті. Көктемдегі тәжірибеміз бар, қазіргі ізденістеріміз бар – жаңа оқу жылында қашықтан білім беру жүйесі жетіле түседі деп сенеміз. Студенттерге қолда бар құралдармен жан-жақты білім беру, оқу процесін барынша қолайлы әрі сапалы ұйымдастыру бағытында еңбектеніп жатырмыз. Тек бір қынжылтатыны, жұмысымыздың нәтижесі көп жағдайда интернеттің сапасына келіп тіреледі. Көктемде шалғай ауылдарда тұратын шәкірттеріміз оқу платформаларына кіре алмай қиналды. Алматының шет аудандарында тұратын студенттердің өзі интернет сапасына шағымданады. Бұл мәселе шешімін таппаса, оқытушылардың еңбегі еш болуы мүмкін.