Екінші Елизавета - британ халқының «тірі» тарихы

Екінші Елизавета - британ халқының «тірі» тарихы

Екінші Елизавета - британ халқының «тірі» тарихы
ашық дереккөзі
Ол тұңғыш телевизор жасалған жылы дүниеге келген. Гитлердің билікке келу жолына куә болған, одан соң 57 жылдан кейін Берлин қабырғасының құлағанын көрген. Айдың бедерінде оның микрофильмде жазылған сәлемі сақтаулы. Тұтас империялар ыдырап, жаңа мемлекеттер құрылып, дәуір өзгеріп, заман алға жылжып жатыр, ал ІІ Елизавета алпыс төрт жылдан бері тақтан түскен емес. Өзі келмеске кеткен монархияның өкілі болса да, британ королевасының елдің бүгінгі саяси өміріндегі орны мен рөлі заңмен бекітілген, дәстүрмен айшықталған. Қарапайым халық Елизавета патшайымның қатысуымен өтетін әрбір шараға зер сала қарайды, тамсана тамашалайды. Себебі оның әрбір іс-қимылында, әрбір әрекетінде британдық дәстүр мен ұлттық нақыш қылаң береді. Әрі кеше ғана жарты әлемді билеген британдық үстемдікті еске түсіреді. Шындығында, бүгінде британдықтар өздерінің кім екенін ұмытпаса, бұл – Елизаветаның еңбегі деген сөз. Себебі басына британ корольдігінің тәжін киген, монархияның символдық өкілі Елизавета бүгінде – британ халқының «тірі» тарихы.

«Монарх зейнетке шықпайды!»

Еуропалық монархтар демократиялы мемлекеттегі өздерінің «қуыршақ» рөлдерінен жалыға бастады. Испания королі Хуан Карлос, Голландия королевасы Беатрикс, Бельгия королі ІІ Альберт өз еріктерімен тақтан бас тартты. Бірақ ІІ Елизавата өз міндетін ақырына дейін алып жүруге дайын. Ол – бүгінгі таңдағы әлемдегі ең атақты әрі ең беделді монарх. Бірнеше жыл бұрын ІІ Елизаветаның тақты өз еркімен немересіне беруі мүмкін бе деген мәселе талқыланған. Сонда Елизавета бар дауды бір-ақ ауыз сөзбен шешті: «Британдықтар өз королінің басын алған кездер болған, бірақ монархты зейнетке жіберу мүмкін емес!». Осыдан соң сыпсың сөз сап тыйылды. Елизавета Британ империясының тағына өткен ғасырдың 52-жылы 25 жасында отырған. Ресми атағы – «Екінші Елизавета, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің және оның басқа корольдіктері мен аймақтарының королевасы, Достастық басшысы, діннің қорғаушысы». Королеваға қарасты Достастық құрамында он алты мемлекет бар: Ұлыбритания, Канада, Австралия, Папуа – Жаңа Гвинея, Жаңа Зеландия, Багам аралдары, Гренада, Соломон аралдары, Тувалу, Сент-Люсия, Сент-Винсент және Гренадины, Белиз, Антигуа және Барбуда, Сент-Китс және Невис. Яғни, ІІ Елизавета – 18 миллион шаршы шақырым аумақты алып жатқан, шамамен 140 миллион тұрғыны бар он алты мемлекеттің монархы. Ал Атлант мұхиты мен Тынық мұхитындағы кішігірім аралдарды қосқанда, бас-аяғы 53 мемлекетті біріктіретін Ұлттар Достастығының королевасы саналады. 2002 жылы Достастыққа мүше елдер Елизавета тақта отырған кезде корольдікті тастап шықпауға серттескен болатын. Бірақ Елизаветаның монархия басында ұзақ отырғаны соншалық, көзінің тірісінде-ақ саяси өзгерістер жүзеге аса бастады. Ямайка мен Барбадос корольдіктен тәуелсіздік алуға ұмтылуда. Австралияның өзі көп ұзамай тәуелсіздік алудан дәмелі. Шамасы, Елизаветаның көзі тірісінде бұрынғы империяның сұлбасы сақталса да, ол кеткен соң, британ монархиясының жұрнағы ғана қалатын сияқты. Елизавета өзімен бірге тұтас империяның ұлылығы мен қуатын ала кетпек. Монархия королевамен бірге соңғы күндерін сүріп жатқандай...

Оның өмірі – жылнамалар шежіресі

Британ королевасы ІІ Елизавета туралы талай тартымды деректерді тарқатуға болар. Оның үстіне, оның кешегісі мен бүгінгісінің қайсысының маңызы артық екенін дөп басып айту да қиын. Шамасы, Елизавета – Заманының төл өкілі. Оның өмірбаянын баяндай келе, соңғы тоқсан жылдағы адамзат тарихындағы ірі оқиғаларды талдап шығуға болары аян. Оның бүгінгі саяси рөлін сипаттай келе, халықаралық саясаттың бағдарын болжауға болады. Көзі тірісінде-ақ ІІ Елизавета Британия тарихында тақта ең ұзақ отырған монарх ретінде атала бастады. Оның рекорды биыл алпыс төрт жылды құрады. Елу жылда – ел жаңа, заман өзгеріп, жүйе ауысып жатқан аумалы-төкпелі дүние. Ал бір адамның ғұмырына татитын кезең бойы тақта отырған королеваның сәнді қалпақ, аппақ қолғап киіп, алтын жалатқан күйменің терезесінен қол бұлғау мәнері – сол күйі. Ол 1926 жылы 21 сәуірде дүниеге келген. 1952 жылы 6 ақпан – 25 жасар ІІ Елизаветаның таққа отырған күні. Биыл тоқсан жасты толтырған королеваның туған күні маусым айында салтанатты түрде тойланды. Королева өз ұрпағына тақта ұзақ отырудың ғана емес, отбасылық өмірдегі баяндылықтың өнегесі болуға лайық. 2007 жылы ІІ Елизавета мен оның күйеуі принц Филипп 60-жылдық гауһар тойларын өткізді. Қазір Филипп 94 жаста. ІІ Елизавета басына алғаш рет тәж киген кезде, Сталин әлі тірі еді. Еуропалық экономикалық одақтың іргетасы қаланған кезде ол тақта отырған еді, содан 16 жыл өткен соң Ұлыбритания Еуропа одағына мүше болған кезде де тақ иесі болатын, одан кейін тағы 43 жылдан соң Ұлыбритания Еуропа одағынан шығуға шешім қабылдағанда, әлі тағынан тайған жоқ. Бұл оқиғалардың ел болашағына елеулі ықпалы бар екеніне қарамастан, қай-қайсысын да үнсіз құп алған. Елизаветаның өне бойында үнсіз тәкаппарлық бар: одақтар құрылады, мемекеттер бірігеді не тарайды – монархия орнында қалады. Атышулы принцесса Диананың өзі қайғылы өмірі арқылы барша әлемге атақты болғанына қарамастан, оның да бейнесі Елизаветаның тақ үстіндегі ұзақ ғұмырының көлеңкесінде қалды. Ол Горбачевтің КСРО басшылығына келген кезді де, одан соң алты жылдан соң алып империяның күйрегенін де өз көзімен көрген. Тіпті, 27 жыл түрмеде отырған Нельсон Манделаның тұтқындалуы мен бостандыққа шығуы, одан соң өмірден озуы да ІІ Елизаветаның тақта отырған кезеңіне тұспа-тұс келеді. Өткен ғасырдағы екінші дүниежүзілік соғысты көрген королева осы ғасырдың басында АҚШ пен Ұлыбритания бастаған батыстық мемлекеттердің Ирак пен Ауған­станға әскер кіргізуіне куә болды. Оның ұзақ ғұмырында Лондон үш мәрте Олимпиада ойындарын өткізді.

Монарх саясаттан жоғары

Бір ғажабы, Брекситке қатысты тартысты дау кезінде Букингем сарайы тырс етіп үн шығармады. Жалпы, Елизаветаның дәуірінде қалыптасқан дағды бойынша, корольдік әулет бүгінгі саяси пікірталастан бойын аулақ ұстайды. Басқаша айтқанда, осылайша, саясат – бір күндік, ал монархияның – мәңгілік екенін ұғындыратындай. Елизавета өткен ғасырдағы азулы Черчиль мен «темір ханым» Тэтчерді қосқанда, аттай он үш премьер-министрді көрген. Кешегі аптада үкімет басына келген Тереза Мэй – осы патшайым дәуреніндегі 13-ші басшы екен. Алдыңғы әріптестері сияқты ол да Букингем сарайына арнайы соғып, ІІ Елизаветаның қолын сүйіп, оған тағзым етіп, оның «батасын» алған соң ғана ресми қызметіне кірісті. Британ ақпарат құралдары королеваның Мэй ханымды қалай қарсы алғанын, оның жылы жымиып қарағанына дейін талқылап, мұның бәрін жақсылыққа жорыды. Патшайымның премьер-министрді сайлауға тікелей қатысы болмаса да, оның қызмет барысында абыройлы болуына ықпалы бар деген сөз. Себебі бұл елде королеваның жылы қабылдауынсыз ешбір премьер-министр өзін өз орнында сезіне алмас еді. Оның үстіне, қызмет басындағы әр премьер-министр апта сайын Елизаветаға жолығып, елдің ішкі және сыртқы жағдайы туралы баяндап, есеп беріп отырады. Әр бейсенбі сайын өтетін кездесулер арнайы протоколға сай, қалыптасқан тәртіпте өтеді. Ескі мен жаңаның тоғысуы, тоғысуы ғана емес, симбиозды тіршілік етуі – британ қоғамына ғана тән нәрсе. Бұған қоса, ІІ Елизавета жыл сайын Вестминстер сарайына алтын жалатқан күймесімен келіп, Лордтар палатасында Парламенттің ашылу салтанатына қатысады. Королевасыз бірде-бір парламенттік маусымның шымылдығы ашылмайды. Бұл да, «елдің иесі кім» екенін еске салудың бір жолы сияқты. Құқықтық, зайырлы әрі демократиялы мемлекет құрып отырған британдықтар Вестминстер залында басында қауғадай тәжі бар Елизавета патшайымның маңғаз басып, кіріп келе жатқан сәтін көргенде, бойларын патриоттық сезім билейтіні анық. Елизавета – бұл халықтың ұлы екенінің, үстем екенінің символы. Осыдан екі жыл бұрын Шотландия Біріккен Корольдік құрамынан шығып, тәуелсіз мемлекет болуға талпыныс жасағанда да Елизавета міз бақпаған. Шотландықтардың тәуелсіздікке ұмтылысынан сескенген британдық саяси элитаның кейбір өкілдері королева бұл мәселе бойынша өз көзқарасын жария етер деп үміттенген. Бірақ ІІ Елизавета «Бұл – шотландықтардың өз ісі» деп рай білдірмеді. Монархтың сасатын жөні жоқ, егер Шотландия алда-жалда тәуелсіздік жариялаған күннің өзінде ІІ Елизавета «Шотландия королевасы» болып қала бермек. Осылайша, ІІ Елизавета монархтың саясаттан жоғары тұрғанын көрсетті. Ал өзінің саяси оқиғаларға араласпау әдетін елдегі демократия мен конституциялық тәртіптің сақталу қажеттігімен түсіндіреді.

Ақсүйектер де кейде аңдамай сөйлейді

Дегенмен Елизавета саяси әңгімелерден мүлдем алшақ емес. Оның әрбір сөзін аңдыған журналистер бірнеше мәрте королеваның оңашада айтқан мәлімдемелерін желдей таратты. Мысалы, оқырманның есінде болса, былтыр қазан айында Қытай басшысы Си Цзиньпиннің үлкен делегацияны ертіп, Ұлыбританияға арнайы сапармен келгенін жазғанбыз. Осы сапар барысында ІІ Елизавета Си Цзиньпинге Букингем сарайында арнайы қонақасы беріп, құрмет көрсетті. Қытайлық делегация кеткен соң, «британ-қытай қарым-қатынасы жаңа сатыға көтерілді» деген мазмұнда ресми мәлімдеме жасады. Осымен, британ монархиясы елдің бүгінгі саяси бағытына қолдау білдірген деп тұжырым жасалған. Бірақ жақында Елизавета басқа әңгіменің шетін шығарды. Ол Лондон полициясының басшысы Люси Д’Орсимен әңгіме барысында қытайлықтардың Ұлыбританияның Қытайдағы елшісі Барбара Вудвордқа «тұрпайылық көрсеткенін» айтып қалды. Мұндай сөзді Елизавета дүйім жұрттың алдында ешқашан айтпас еді, шамасы, екеу­ара әңгіменің жалпы қауымға жария боларын сезген жоқ. Монархтың әрбір сөзіне мән беретін BBC жаңалықтар қызметі Қытай аумағында таратқан хабарында бұл сөздерді кесіп алып тастаған. Бұл сөзге Букингем сарайының баспасөз қызметі ешқандай түсініктеме берген жоқ, олар «Королеваның жеке әңгіме-дүкен үстінде айтқан сөздері талдауға жатпайды» деп мәлімдеме жасаған. Әйтсе де, тұтас халықтың сыртынан айтылған сөз ақсүйектің бойына жараспайтыны анық.

«Королева көлікті ақырын айдасыншы»

Королеваның тағы бір мінезі – автомобиль айдағанды жақсы көретіні. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Елизаветаның әскери жүк көлігінің жүргізушісі әрі механигі болғанын екінің бірі біле бермес. Осыған орай, королева өмірінің шежірешілері қызық оқиғаны жариялады. 1998 жылы Сауд Арабиясының болашақ королі, сол кезде принц Абдолла Ұлыбританияға ресми сапармен келген жолы ІІ Елизавета оны түскі астан соң өзінің Балморалдағы иелігін көрсетуге шақырады. Аз-маз дағдарған принц королеваның шақыртуын қабыл алып, ауладағы корольдік Land Rover көлігіне жайғасқаны сол екен, ІІ Елизавета көлік жүргізушісінің орнына отырады. Принц мәселенің мән-жайын түсініп болғанша көлік орнынан қозғалады. Куәгерлердің айтуынша, королеваның көлікті тез айдағаны соншама, принц Абдолла шыдай алмай, аудармашы арқылы: «Королеваға айтыңызшы, көлікті ақырын айдасын және жолға қарап отырсын» деп өтініш айтқан екен. Ал шындығында, ІІ Елизаветаның көлік айдауға құқығы жоқ, басқаша айтқанда, онда көлік жүргізушісінің куәлігі жоқ және ешуақытта болған емес. Оның үстіне, королеваға шетелге іссапарға шығу үшін төлқұжат та керек емес.

Елизавета – «Твиттерде»

Елизаветаның патшалық дәуірі ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуымен тұспа-тұс келді, сондықтан оның әулетінің өміріндегі әрбір оқиға әлемдік ақпарат құралдарының жіті назарында. Монарх әулетінің өзі де заманауи технологияларды пайдалануға кетәрі емес. Британ монархиясының Facebook пен Тwitter әлеуметтік желілерінде арнайы парақшасы бар. ІІ Елизаветаның «Твиттердегі» алғашқы жазбасы 2014 жылдың 24 қазанында Лондон Ұлттық мұражайына арналған. Королеваның жылдық жалақысы 40 миллион фунт стерлингті құрайды. Монарх әулетінің басты табыс көзі – өз иелігіндегі жерлерден түскен пайда мен инвестициялардан тапқан түсім. 2008 жылдан бастап тиын ақшалардың бәрінде ІІ Елизаветаның суреті бедерленуде, 2012 жылы Елизаветаның тақта отырғанына 60 жыл толғанын тойлау шараларына 800 миллион фунт стерлинг жұмсалған. P.S. ІІ Елизаветаның өмір сүру мен билік құру кезеңі Британ жылнамасында ғана емес, ғаламдық тарих бедерінде ізсіз қалмасы сөзсіз. Қанша дегенмен, кешегі алып империяның соңғы тұяғы. Елизаветадан соң британдық монархияның тағдыры не болары, тұрпаты қандай болары белгісіз. Егер бүгінгі таңда британ монархиясы әлемдегі ең танымал әрі ең абыройлы әулет болса, бұл, ең әуелі, ІІ Елизаветаның көп жылғы еңбегінің арқасы деп білу керек. Сондықтан оның ұзақ жасауы британдық монархияның соңғы күндерін ұзартты...  

Гүлбиғаш ОМАР

Ұлыбритания