Аты-жөнімізді қазақшалауға аттай 100 жылдан астам уақыт болған...

Аты-жөнімізді қазақшалауға аттай 100 жылдан астам уақыт болған...

Аты-жөнімізді қазақшалауға аттай 100 жылдан астам уақыт болған...
ашық дереккөзі
Қазақ тәуелсіздік алғалы 25 жыл болды. Осы жылдар ішінде тіліміздің шұбарлығынан, аты-жөніміздің орынсыз «ов» құйрығынан айрыла алмадық. 25 жыл жеткілікті болуы тиіс еді. Осыдан жүз жыл бұрынғы «Қазақ» газетінде қазақтың тегін қазақшалау туралы «Ов» туралы» деген мақала жазады. Мұнда «ов»-тың орнына қолданатын әдемі балама ұсынады. Ендеше осы мақаладағы ұсыныстарға көңіл бөлейік. «Газетамыздың 102 нөмірінде студент Ыдырыс Оразалыұғлының осы күні фамилия жазғанда қосылып жүрген орысша «ов», «ова»-ны тастап, оның орнына «ұғлы», «қызы» деп жазу тиіс деген пікірі басылған еді. Басқарма бұл пікірді мақұл көрсе де, фамилия орнына үлкен әке әки баба жазылғанда «ұғлы», «қызы» деп жазудың ыңғайсыздығын айтып, мұндай орында үлкен әке әки бабаның аяғына еш нәрсе қосылмай-ақ жазылса, қалай болар деген пікірді көрсеткен еді» деп жазады да іле-шала өз ұсыныстарын келтіреді. «Ов» орнына «и», «ова» орнына «ие» жазуы тиіс. Мысалы, Әлихан Бөкейхани, Назифа Құлжание. Өз әкесін жазғанда «ұғлы», «қызы» деген сөздер жазылар. Әкені жазғанда «ұлы» (ұғлы емес), «қызы» деу керек. Үлкен әкені әки бабаны жазғанда аяғына еш нәрсе қоспау лайық» деген пікірге тоқталады. Аты-жөнімізді қазақшалауға 25 жыл емес, аттай 100 жылдан астам уақыт болған екен. Бірақ біз әлі де ескінің елесімен келеміз. Тек соңғы жылдары туылған балалардың есімі ғана «овсыз» жазылып келеді. Тегінің орнына әкесінің аты, ата-бабасының аты жазылса да ешқандай жалғаулармен белгіленбейді. Бұл да болса жақсылықтың нышаны.

Қазақ қаласы Ресей деп тіркелген...

Әлеуметтік желілерде қазақ қаласы Ресей қаласы деп тіркелген. Атап айтсақ, Skype-та Астананы ресейлік қала деп көрсетілген. Бұл аздай, Алматы қаласы Алма-Ата деп жазылады. Шетелдік әлеуметтік желілер болғасын, көптеген қазақстандық елді мекендердің атауларын бұрмалап, қате жазып жатады. Әріп қателеріне көз жұмдық десек те, білдей бір мемлекеттің астанасынан байқаусызда шатасу мүмкін бе? Ең өкініштісі, елдігіміз бен тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретін теріс мәліметтер өте көп. Қазіргі таңда шекара тұтастығы мен беріктігін қамтамасыз етсек те, ақпараттық қауіпсіздік әлі де алаңдатады. Мысалы, америкалық Iphone ұялы телефондарына белгісіз нөмір қоңырау шалса, оны Ресей деп таниды. Яғни, Ресейден қоңырау шалды деп ұғасыз. Негізінде бұл қазақстандық абонент, отандық код қойылған нөмір. Осы мәселені білу үшін Теле-2 операторына қоңырау шалғанымызда, бұл телефон баптауларынан келген кілтипан деген жауап алдық. Негізі мәселе, телефонда емес. Мәселе, халықаралық кодта екенін кейін анықтадық. Нақтырақ айтсақ, Ресей мен Қазақстанның халықаралық коды «+7». Бұл ақпараттық қауіпсіздікке аса нұқсан келтіретін жайт. Тек Қазақстан мен Ресейдің ғана телефон коды қайталанады екен. Неліктен екі елде бірдей код? Қазақстан тәуелсіздік алған соң жеке код алмағаны ма?

Сондай-ақ халықаралық әуе рейстерінде Астана TSE, яғни Целиноград деп мөрленген. Әлем карталары мен навигациядағы қазақстандық қате атауларды өзгертетін уақыт болды. Сондықтан осы мәселелерді тірнектеп жиып, қазақшалайтын мамандар тартылса дейміз.

Балалар үйі жетімін жасыра ма?

Газеттің өткен санында (№28, 14 шілде, 2016 жыл) «Жетім бала жыламасын десек...» деген тақырыппен бала асырап алатын банктің сынақ мерзімінде жұмыс жасай бастағаны жазылған еді. Бұл мақалада еліміздегі ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балалар туралы мәлімет беретін банктің баршаға қолжетімді екені айтылған. Сондай-ақ, республикадағы жетімдер үйінің жұмысын біржола қысқартып, патронатты және өгей ата-ананың асырап алуын жаппай жүзеге асыру мәселесі қарастырылған болатын. Өкініштісі, жетімдер үйі мен қамқорлыққа алатын органдар баланы асырап алушылардан жасыратын көрінеді. Нақтырақ айтсақ, бала асырап алған бірнеше ата-ана интернет беттерінде осындай мәлімдеме жасады. Осы мәселеде бірнеше жыл бойы белсенді іс атқарып келе жатқан қоғам қайраткері, «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин мұндай кедергілердің асырап алуға ниетті адамдарды аяқтан шалатынын айтқан еді. «Бала туралы мәлімет жүктелген база болса, мәселе оңай шешіледі. Себебі бізде барлық жетім балалар жасырулы. Менің қыздарымның бірі 7 жасқа дейін балалар үйінде тәрбиеленген. Өйткені оны тек патронатқа ғана алуға болады, бауыры мен әпкесі бар деп жазылған. Ол аздай нашар суретін көрсетіп отырған. Бұл қамқорлыққа алу органдарының амал-айласы. Шындығына келсек, қыз – тұлжетім, ешқандай бауыры жоқ. Яғни оны асырап алуға болады. Өте әдемі де, ақкөңіл қыз», – дейді. Жетімдер үйін тарату идеясын бірнеше жылдан бері Мәжіліс депутаты Дариға Нұрсұлтанқызының көпшілік талқысына ұсынып жүргені білеміз. Бірақ бұл жайттың екінші ұшы да бар. Мәселен, «Ребенок должен жить в семье» қозғалысының мәліметі бойынша, 2014 жылы 250 асырап алынған бала кері қайтарылған, яғни балалар үйіне қайтып келген. Ал 2015 жылы 246 бала жетімдер үйіне қайтып келуге мәжбүр болған. Балалардың кері қайтарылуының бір себебі – ата-анасынан айрылған балалардың ерекше мінезі. Кейбір ата-аналар отбасында бала болса, өз кемшіліктері орнына келіп, жалғыздығын жеңемін деп ойлайды. Ең сорақысы, баланы асырап алған соң бірнеше жыл өткенде, жас­өспірімдік жасқа жеткен балаға шамалары келмей, ие бола алмай, әуелгі балалар үйіне әкеп тастайды. Бұл саланың мамандары асырап алған өгей әке-шешені айыптауға болмайды дейді. Себебі олар бала асырап алмас бұрын арнайы қызмет орындарының кеңесін тыңдап, психология, социологиялық мәселелер бойынша сабақ алуы керек. Бірақ, елімізде «ақшаның күшімен» шешілетін мұндай процестер жылдам аяқталады. Тек жетімдер үйі тәрбиешісінің қысқа нұсқаулығына қанағат етеді.

Бейімбет Омарғазыұлы,

Әулиеағаш орта мектебінің оқытушысы