Жаңалықтар

Үкімет басшысы тамыздың соңына дейін интернет сапасы мен жылдамдығын реттеуді тапсырды

ашық дереккөзі

Үкімет басшысы тамыздың соңына дейін интернет сапасы мен жылдамдығын реттеуді тапсырды

Премьер-Министр Асқар Мамин 25 тамызға дейін оқушылар мен мұғалімдер оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуы керегін айтты. «Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, осы жылдың 25 тамызына дейін оқушылар мен мұғалімдердің оқу жылының қашықтан басталуына толық дайын болуын қамтамасыз етсін. Мұғалімдер тиісті оқудан өткізілсін. Интернет-платформаларда және теледидарда қажетті контент толық көлемде дайындалсын», – деп тапсырды А.Мамин Үкімет отырысында. Сонымен қатар Премьер-Министр оқулықтар 25 тамызға дейін беруді тапсырды. Оқулықтардың қағаз жүзіндегі нұсқасы міндетті түрде электрондық форматта болуы тиістігін әрі олар қолжетімді болуы керегін баса айтты. «Цифрлық даму министрлігі әкімдіктермен және байланыс операторлармен бірлесіп, білім беру ресурстарының қолжетімділігі мен орнықтылығын, сондай-ақ елдімекендерде интернеттің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз етсін», – деді Үкімет басшысы. «Әкімдіктер мен Денсаулық сақтау министрлігі оқу орындарында, әсіресе оқытуды дәстүрлі ашық түрде жалғастыратын және «кезекші» бастауыш сыныптары бар мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдасын. Жалпы, жаңа оқу жылының басталуына барлығымыз үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек», – деді Асқар Мамин.