Мемлекет басшысы Түркия Президентіне көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты

1 тамыз, 2020 / Анар ЛЕПЕСОВА
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Түркия Президентіне көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Ақорда. Әңгімелесу барысында Президенттер екі елдегі қазіргі эпидемиологиялық ахуалды талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараның COVID-19 пандемиясына қарсы тиімді іс-қимылдарын жоғары бағалап, Р.Т.Ердоғанға гуманитарлық көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Тараптар коронавирустың салдарын жою және дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарында күш-жігерлерін одан әрі жұмылдыра беруге уағдаласты. Екі елдің Президенттері Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын қарастырды. Екіжақты сауда-саттықтың оң қарқынын сақтаудың және бірлескен инвестициялық жобаларды, әсіресе, денсаулық сақтау, «жаңа экономика» және ауыл шаруашылығы салалары бойынша бастамаларды жүзеге асырудың маңызды екені атап өтілді. Әңгімелесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғанын нақтылады.