Жаңалықтар

COVID-19: Ресейде жаппай вакцинациялау қашан басталатыны белгілі болды

ашық дереккөзі

COVID-19: Ресейде жаппай вакцинациялау қашан басталатыны белгілі болды

Ресейдің Н.Ф.Гамалея атындағы Эпидемиология және микробиология ұлттық зерттеу орталығы әзірлеген коронавирус инфекциясына қарсы вакцина сынағы аяқталды. Оны тіркеуге арналған құжаттар дайындалуда. Бұл туралы РФ Денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости. Министрдің айтуынша, індетке қарсы препарат бірінші болып медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге егіледі. Ал коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау қазан айында басталмақ. Сондай-ақ, Мурашко «Вектор» вирусология және биотехнология мемлекеттік ғылыми орталығы әзірлеген тағы бір вакцина клиникалық зерттеу сатысында екенін жеткізді. Бұдан бөлек, Ресей Денсаулық сақтау министрлігі алдағы 1,5-2 айда коронавирусқа қарсы тағы екі вакцинаны еріктілерге клиникалық сынақтар жүргізуге рұқсат алуға өтініш бермекші. Өткен тәулікте Ресейде 5462 адамнан коронавирус анықталып, індет жұқтырғандардың жалпы саны 845 мыңнан асып жығылды. Елде қатерлі вирустан 14 мыңнан аса адам қайтыс болды. Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина алғаш рет адамға егілгенін хабарлағанбыз. Екпені алған алғашқы қазақстандық - Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы халықаралық вакциналогия орталығының директоры Қайсар Табынов.