Жеткіншектер турнирінің мерейтойлық маусымы мәресіне жетті

 Футболдан балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Coca-Cola Былғары Доп» турнирінің оныншы мерейтойлық маусымы Қазақстан футболының туған жерінде өз мәресіне жетті. Алғашқы қазақстандық футбол клубының Семейде құрылғаны белгілі. Қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезов 1913 жылы «Яныш» футбол клубында ойнаған.

Республикалық турнирінің басты мақсаты – қазақстандық балалар мен жасөспірімдердің спорттық қабілетін арттырумен қатар баланың дене шынықтыруы және психологиялық дамуы үшін маңызды салауатты өмір салтын қалыптастыруға қолдау көрсету. Жеткіншектер турнирінің топтық кезеңдегі кіші топтарының ойыны «Турист» және «Цементник» стадиондарында өтті, финалдық ойын «Спартак» стадионында болды. Ақтық сында Қарағанды облысы мен Атырау облыстарының командалары кездесті. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталған жоқ, матчтан кейінгі пенальти бойынша Қарағанды ойыншылары алға шықты, есеп 6:5.

Марапаттау рәсіміне қатысқан танымал футболист, Қазақстан құрамасының УЕФА Еуропа чемпионатының іріктеу цикліндегі алғашқы голдың авторы Андрей Карпович, спорттық карьерасын Семейде бастап, жергілікті «Елімай» клубының намысын қорғаған. Жыл сайын бұл жарысқа Қазақстан бойынша 400 000 бала мен 6 200 мектеп қатысады, турнирдің онжылдық тарихында бір миллионға жуық жас спортшылардың басын біріктірді.

«Coca-Cola Былғары Доп» басталғалы бері Қазақстан футболына әйгілі ойыншыларды сыйлады, олар Ұлттық құрама мен қазақстандық клубтарда өнер көрсетуде. Бауыржан Исламхан, Рауан Сариев, Сергей Хижниченко балалар мен жеткіншектер турнирінің түлектері, үлкен спортқа алғашқы қадамын дәл осы чемпионаттан бастаған. Олардың көпшілігі халықаралық аренада Қазақстан футболының намысын қорғап жүр.

 

 

Back to top button