Қуат көздерін үнемдеудің балама жолдары
Қуат көздерін үнемдеудің балама жолдары
Елімізде қуат көздерін үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мақсатында БҰҰ Даму бағдарламасы мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі таяуда дисконттық бағдарламаны жүзеге асырған болатын. Бұл жоба барысында жұртшылыққа үнемдеу шаралары түсіндіріліп, үнемдеудің альтернативті жолдары таныстырылды.
2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде қуаттылығы 25 ваттан жоғары лампаларды қолдануға тыйым салынған. Десе де, республика бойынша үнемдегіш лампалардың қолданыс аясы 60 пайызды ғана құрайды, олай болса сауда орындарында тыйым салынған лампалар контрабандалық жолмен жеткізілген. Инвестициялар және даму министрлігінің Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін жоғарылату жөніндегі басқарма сарапшысы Жақсылық Тоқаевтың айтуынша, мұндай жағдайда тұрғындар тарапынан мәлімет түссе, жергілікті департаменттер тексеру жұмысына кіріседі. «25 ваттан жоғары қыздыру лампаларын сату немесе қолдану туралы ақпарат расталса, әкімшілік жаза тағайындалады. Біздің әкімшілік кодекс бойынша кәсіпкерлерге, жеке тұлғаларға және ірі кәсіпкерлерге табысының көлемі бойынша арнайы айыппұл салынады». Әсілі бұл жайттың алдын алу үшін лампа сату орындарына арнайы сертификат берілуі тиіс. Басқарма сарапшысының айтуынша, бұл мәселе болашақта ақтық шешімін табады. «Кедендік одақтың Техникалық регламентін қабылдаған соң Электр энергиясын үнемдеу саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында арнайы шаралар жүзеге асырылады», – деді.
Жалпы, еліміздегі электр энергиясының құны арзан емес. Жыл сайын қымбаттап жатқанын ескеретін болсақ, үнемдеу мәселесіне шұғыл көшуді талап етеді. Шара барысында көпшілікті үнемді жарықтандыруға көшіруге бағытталған мемлекеттік жобалар туралы айтылды.