Жер мәселесі 100 жыл бұрын да сөз болған

Жер мәселесі 100 жыл бұрын да сөз болған

Жер мәселесі 100 жыл бұрын да сөз болған
ашық дереккөзі
XX ғасырдың басындағы қазақ қайғы-қасіретінің бірі – жер дауы еді. Қазақтың басына қара бұлттай үйіріліп, 1906-1912 жылдары 17 миллион десятина жер орыс шаруаларына (мұжықтарға) берілді. Қазақтар атақонысынан күштеп аластатылып, егінге шұрайлы, малға қолайлы жерлер мұжықтардың еншісіне өтті. Қазақ басына төнген зобалаң заманда Алаштың арыстары жер мәселесін назардан тыс қалдырмады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды алаш қайраткерлері «Қазақ» газетінде ұлттың тілі мен жерін сақтап қалу туралы мақалалар жариялады. Бұл мақалалар қазіргі оқырмандардың назарын аударып, қызығушылық тудыратынына күмән келтірмейміз. Редакциядан     Төртінші дума һәм қазақ   ...Переселен бастығы Глинка сөйледі: «Біз мұжыққа жер бергенде қазақтан артық жерді ғана береміз. Қазақты көшпелі деп есеп қылып, жаңа закон шығарып, жер берсек, мұжыққа артық жер қалмайды, біздің тұрғын жұртқа жер белгілеп беретін закон жобасын шығара алмай күбежектеп тұрғанымыз осы деді. Көшпелі қазаққа мәңгі ғұмырлық деп жер беруге тіпті керек емес, сол үшін қазаққа мұжықша, мұжықпен бірдей надел жер алсаң береміз деп едік, қазақ шырғаға түскен құстай сұранып, топырлап өз еркімен мұжық болып жер алып жатыр. Мұнан былай ол қазақ алған наделде үкіметтің жұмысы жоқ», – деді турашыл Глинка бей. ...Қазақ жүрген жерді кім болса сол алып, сұрап алып, мирастап алып өзінікі қылмақ, жалғыз-ақ бұл жол – қазаққа жоқ. Бұл жасалып жатқан жаңа закон арқылы қазақ байлары мен де оброчная статьяны арендаға аламын, сонан соң сатып алып, балама мирас қыламын десе, бұл закон қарсы болады. Қыр баласы «Қазақ» газеті, №1-44, 1913 жыл   Башқұрд жері «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» Самара губернесінде біраз башқұрт бар. Бұлардың жері өзінікі. Әр үй өз жерін сатам десе ерік. Мұжық башқұрт деген жерін сатса ерік деген белгілі 9 ноябрь 1906 жылғы указ шықты. Өз жеріне өзі қызмет қылмаған башқұрт, сонан бері жерді сата бастады. Самара губернесінде Николай оязынан Күзебай болысында башқұрт жерді десетинасын 13-16 сомнан сатты. Базар бағасы 80-100 сом болып тұрғанда. Мақсат қаласы 11 мың десятина жерінен 6 мың, яғни 54 проценттен артық сатылды. Күзебай қаласы 10 мың 500 десетинеден 5 мың 800, яғни 55 проценттен артық сатты, Акир қаласы 6 мың 675 десетинеден 4 мың, яғни 60 процент кем сатты, Абдолла қаласы 5 мыңнан 2 мың 200, яғни 44 процент сатты. Қонақбай қаласы 10 мыңнан 600 яғни 56 процент сатты. Оразай қаласы 12 мыңнан 7 мың 400, яғни 62 процент сатты. Жалғыз Күзебай болысы 75 мың десятина жерінен 40 мың – яғни 53 проценттер артық сатып жіберген. 15-ке жақын отырған қазақ осы башқұрт ағайынның аяғын құша ма деп қорқам. Әуелі жер бергенде қалаға беріп, аз уақыт өткен соң 14 июнь 1910 жылғы законды жүргізсе, біздің қазақ ана башқұрт артынан кетеді. Бұл законда қаладан жерімді бөліп алам десек ерік. Қазақта үй басы 45 десетинесін тіліп алып, сатып жіберер. Қала болған қазақ законда мұжық тонын киіп тұр. 14 июнь 1910 жылғы закон мұжыққа шыққан. Қыр баласы «Қазақ» газеті, №147, 1915 жыл. Самар қаласы   Запрос   15-інші майда шыққан «Речь» газетінің 132 нөмірінде Орскіден тілші жазады: «Переселен бастығы Чиркин, Государственни Дума ағасының ізбасары Варон-Секрет Қостанай оязының оңтүстігіне кетті. Варон-Секрет қазақ жерінен 10-15 мың десятина жер алмақ. Бұл жер Шолақай қаласына жақын болса керек. Осы жерді екі мырза көргенде қазақ болған шығар». Жер бұрын мұжыққа берілуші еді, енді Варон-Секрет телмірді. Бұл законда жоқ. Міне запрос. Мұның анық дәлелі қайдан табылады?   Қыр баласы «Қазақ» газеті, №183, 31 мамыр, 1916 жыл.  Самар қаласы   Петроград хаты ІІІ   «Бөкейлік жері біздің өзге қазақ жеріндей емес. Өзге қазақ жерін өзі қайрат қып алған. Жұрт патшаға қарағанда жерімен қараған. Қазақ жері патша жері дегенмен, қазақтан «артылған» жерді қазына алады деген. Мұжыққа жер алғанда «артық» деп алып отыр. Қазақ жұрты бұған дауласу керек. Маған беретін жерді, сыбағаны бер де, «артығын» ал деп. Осы артықты оңайладым деп, қазаққа «өзің сұранып» 15-ші ал деп отыр. Біз осы өлі баспақты бұзау деп, өзіміз сұранып отырмыз. Бұл біздің соқырлығымыз. Государственни Думада көп жақтың аты бәйге алады. Біз көпте де жоқпыз, атымыз жүйрік те емес, мұны қазақ ұмытпасын! Жақсылыққа оңайлықпен қолжететін көрінбейді». Ғали хан «Қазақ» газеті, 1916 жыл   Петроград хаты  І.   ... Мұсылман фраксиясы саяси әдіс блокке қарсы болмайық деп, 762-дегі қазақ еврей қосағынан шеш дей алмады, бәрібір сөз тәуелсіз қалатын болған соң. Бұратана құрдастығы деп өзіміз закон жобасын кіргіземіз, сонда блок біздің тастамас деді. Мұны 7-нші июнде мұсылман фраксиясы атынан Хатимов сөйледі. Бұл закон жобасын мұсылман фраксиясы осы күз Государственни Думада кіргізбек. Кадет партиясының сол жағы, трудовик партиясы закон болмаса да саяси кодымызды бермейміз деп, 762 жоқ болсынды айтып қалмақ. Біздің қазаққа мұнан келер-кетер жоқ. 7-нші июнде мұсылман фраксиясы һәм бюро мәжіліс құрды, болатын жұмысты реттей бастады. Кезекке жазылған істер мынау болды:
  • Мұсылман оқу жұмысы;
  • Айтылған бұратана құрдастығы;
  • Рухани іс өзгерілу;
  • Қазақ жері һәм;
  • Өзге саяси уақ істер;
Варон-Секрет запросқа ілінбеді. Біз білмейтін патша бұйрығы арқылы жер беріледі екен. Трудовая группа запрос қылмақ болып еді, ана бұйрық тұрғанда блок қабыл алмайтын көрінеді. Закон жоқ болса, бұйрық бар. «Жапалақты ұрса да жапалақ өледі, тасты ұрса да жапалақ өледі». Сонда Варон-Секрет ісі сияқты іс газет бетінде жария болғаны жақсы болады. Варон-Секрет Государственни Дума мінбесіне шығып, өзін қорғаған болып сөйледі. Государственни дума күліп, сықақ қылып өткізді. Жұртым, бұл істі құлағына тақ! Блок шабандады, Государственни Дума 20-25 июнде тарқайды. Қазақ әскерлікке алыну мәселесі жабық. Бұл жолы болмас. Сонда да жұрт тұңғиық жатпағаны оң. Ғали хан «Қазақ» газеті, №185, 16 маусым, 1916 жыл. Петроград қаласы   Жер комитеті   Жаңа үкімет жер мәселесін шешуге амал қыл деп, жер министріне тапсырған. Сондықтан жер министрі бұл мәселені қарауға жеке бір комиссия сайлады. Мұның басшысы төртінші Государственни Дума шлені, бұрыннан атышулы «Русскіе ведомости» газетін басқарушы, жер оқуына қанық профессор А.С.Постников болған. Постниковтың комиссиясы жер мәселесі туралы бір Бас комитет һәм жергілікті көп комитеттер болсын деп жоба жасады. Мұжық, казак, қазақ, бурят, башқұрд өз арасына жасалған жергілікті комитетінде жер туралы өз пікірін айтып қалмақ. «Өлеңші болсаң міні той!». Біреудің әуел бастан жері жоқ. Бұлар мұжық. Біреуде жер бар. Бұлар орыс дворяны мен қазақ. Осы болып тұрған бостандықтан бұрын біздің мемлекетті дворян биледі. Билік өз қолында болғандықтан мұжыққа өз жерін бермей, қашыртпа қылып мұжықты сауырға бір сипап, қазақ жеріне айдайды, жайды. Тамағы үшін күшін жалдаған қазақ жерін алушылар қазақ жұртына талай қисынсыз іс қылды: қазақты қорасынан, пішенінен, егінінен, суатынан көшірді. Мұжықты да алдап тастағаны болмаса, жарытқаны жоқ. «Жер жақсы» деп бұрын мұжық алатын сыбағаны 15-тен кемітіп, 7-8 қылды. Бұл бір мұжық орнына екі мұжық отырғызғаны. Бұлардың іздегені мұжық пен қазаққа жаны ашып істеген іс емес. «Мұжықты дворяннан жігін бөліп, аулақ қонсын» деп істеген амал. Қаңғырған, құдай соққан, бұрынғы түбірімен құлаған ескі өкімет жоғарыда айтылған саяси амалын жүргізіп, мұжық пен қазақ арасына от жақты: қазақ болсын, мұжық болсын, жер десе дір ете түседі. Жергілікті комитеттер жер туралы күнде болатын ұрыс-талас, жанжалға басалқа етіп, жердің мәселесі «Учредительное собраніе»-де шешілгенге екі жақты татуластыра тұрады. Бостандық, құрдастық, туысқандықтың екі зор жауабы бар: бірі біздің мемлекетпен соғысып жатқан сыртқы жау. Бұл біздің әскерді жықса, бізге Николайды қайта қояды. Біз сонда баяғы таз қалпымызға түсеміз. Екінші жау – майданда әскер сыртқы жаумен алысып жатқанда, арттағы жұрттың таласып-тартысып бүлінгені. Арттағы ел бүлінсе, әскерсіз тамақсыз қалады, жау біздің әскерді қайыруға жұрт бүлігі себеп болады. Жұрт бүлінсе де Николай қайта қайтпақ. «Жер, жер» дегенде мұжық та, қазақ та ішкен асын жерге қояды. Жер туралы зорлық көп. Жер десе дірілдемей болмайды. Сонда да жер мәселесі негізгі ғұмыр мәселесінің ең зоры. Жер ісін «ала қашты, тартып алды, тиіп кетті» қылмай, ақылмен, сабырмен атқарған оң. «Учредительное собраніе»-ге шейін жұрт шыдап, татулық қылған ғұмыр – жұртымыздың ілгері тілегіне жөн. Қыр баласы «Қазақ» газеті, №227, 1917 жыл. Орынбор   Қазақ съезі   Тұңғыш съез Торғай облысының съезі болды. Бұл съездің толық отчеті орысша-қазақша жеке басылып шығады, қазіргі қысқаша қаулысын жазып отырмыз... 6.Жер мәселесі 1.Мемлекет керегіне деп қазақтар жер алатын болса, әуелі қазақтың өзіне жеткілікті жер беріліп, артығы алынсын.
  1. Учредительное собраниеде жер мәселесі ашылғанша бұл күнге шейін мұжық орнамаған участкілер, мұжық жамансынып тастап кеткен жерлер, отробной, оброщной статьялар мал бағуға деп һәм монострски учаска деп алған жерлердің бәрі бұрынғы иелеріне (қазаққа) қайтарылсын. Законсыз ұзын срокпен арендаға берілген мал бағатын участкалар да иелеріне қайтарылсын. Қымыз ішуге ашылған ауруханаларға алынған жерлер иелеріне қайтарылсын. Жаңадан алуға жоба жасалған жерлерге енді мұжық жазу тоқтатылсын.
  2. Жер алу дала уалаяттарында һәм Түркістанда тоқтатылсын. Алуға жоба жасалған жерлердегі қазақтардың қыстауы көшірілмесін. Айрықша қазына мүлкі саналған ағаш ішіне кеткен қазақтың егіндік, пішендік мүлкі һәм жайылымына жаңадан бөлік болып, бұрын жасалған шекара түзетіліп, қазақтан орынсыз алынған егіндік-пішендігі, қайтсын. Бұл ағаштардың арасындағы шөбін қазақ тегін шапсын һәм қыс мал жаюға ерік берілсін. Қазақтың өзі қорыған ағашы өзіне қайтсын. Ағаш маңындағы кедей қазақтарға қора-қопсы салуға ағаш берілсін.
Мадияр  «Қазақ» газеті, №225-245,1917  жыл   Жер мәселесі   Ішкі Россиядан бұлттай көшіп келе жатқан мұжық алдағыға көз салуды үйреніс қылмаған қазақ халқын да ойға қалдырды: «Бұрынғыдай көшіп жүру керек пе, он бес десятинадан ер басына жер кестіріп, қала болу керек пе?» мәселесі көптің көңілінде һәм тілінде ойнай бастады. Қазақ халқының келешектегі халін қайғырушы оқығандар һәм ноғай туғандарымыздың білімділері газеттерде жазып, мүмкін-қадар тезірек сұранып, жақсы жерге орнығып отыруды пайдалы көрді. Атақты қазақ адвокаты, ІІ Дума шілені сұлтан Бақытжан мырза Қаратаев өзіне ерген ағайындарыменен тиісті жерін кестіріп алып, қала болды. Басқа жерлерден де мұндай хабарлар естіледі. Қала боламын деушілерді һүкімет те құшағын кең жайып, қарсы алып тұр. Енді жұрттың бәрі қала болуы мәслихат екен деп сөз байласа, іс біткен болар еді. Бірақ халықтың арасынан шыққан кейбір оқыған білімділерімізден қала болу фикріне жан-тәнімен қарсы тұрушылар бар. Бұлардың бір кемшілігі – әлгі фикрлерін әуелгілер секілді пайдалы болса алып, дәстүрлі болса қалдырарлықтай газет-журналға жазып, көптің сынына салмай тұр. Бір халықтың тұрмысын түп-тамырынан бұзып өзгерту (көшпенділіктен отырықшылыққа, отырықшылықтан көшпенділікке шыққан секілді) оңай іс емес. Қауіпті дертке ғалым тәуіп қанша керек болса, бұл мәселенің түйінін шешуге де сонша білім керек. Өлгеннен тірілту мүмкін болмаған секілді, бұл туралы өзгеріс қате фикрменен болса, түзетуге болмайды. «Қата» деген нәрсе әр уақытта, әрбір іс туралы, әр адамда болады. соның үшін жоғарыдағы фикрлерде біржақтылық болмасқа, екеуі де қатар салыстырылып тексерілуі тілеулі. Қазір алдымызда 4-5 айлық қыс тұр. Осындай еркін уақытта қазақ халқы журнал үстінде кеңесіп, жазға шейін иә қала болуға, иә бұрынғыдай көшпелілікте қалуға тізгінді мықтап қоярға керек. «Айқап» журналы жер сөзін мұнан бұрын да аз жазбаған болса да, бұл күнгі керегіміздің бірі һәм бірінші болғандықтан, төмендегі екі түрлі жобаны оқушылардың сынына қатар салып баян етуді артық деп білемін. ...Көшіп жүру керек деушілердің фикрі: Қазақ халқы көшейін деп көшіп жүрген жоқ, жерінің ауасына (климатические условия) қарап көшіп жүр. Адам – тұрған жерінің ауасының құлы. Қазақ отырған жер егіншілікке жарамсыз. 15-16 жыл егін салған жер тозып шаңы шығады, тағы да жаңа жерге салу керек болады. Әлгі тозған жер егіндікке жарауына 20-25 жыл тынығуы керек. Қазіргі қазақ жеріндегі хохолдар неге байып кетті десеңіздер, бұлар қазақ жерінің ең тәуірін таңдап алған, алған жері тозса, қазақтан жерді арендіге алып, өз жерлерін тың сақтап отыр. Жақсы деп орныққан жерлері нашар шығып, көшіп кеткен яки жаңа жер кестіріп алған мұжық көп. Самар губерниясында Новый өзен үйезінің жері мұнан 20-25 жыл бұрын мұжықтардың ұжмағы деуге болатын еді (қазіргі Қостанай, Ақтөбе үйездері секілді), осы күні Орал тауынан бел асып келіп жатқан көшпе мұжықтың жүзден тоқсаны Самар губерниясында тұр. Қазақ жері сол секілді. Қазақ жерінің алабы кең болса да, пайдаға жаралығы аз. Жалғыз Балқаш көлі менен Бетпақтың шөл даласы елу мың шаршы шақырым орын алып жатыр. Бұлардан басқа да таулар, тастар, шөлдер, көлдер, сорлар аз ба? Қазақ көшпелілікті өзі тастамаса, һүкімет еріксіз қала болғызбайды. Қазақ халқы егіншілікке айналмай, бұрынғыдай мал өсіру кәсібінде болғанда, бірінші – өзіне, екінші – мемлекетке зор пайда келтіреді. Россияның базарына жүн, жабағы, қыл, ет, тері, май жеткізіп тұрғанның көбі қазақ малы емес пе? Оның үстіне, ғаскерге арзан һәм көнбіс аттар қазақ жылқысынан шығарылғанын еске түсірсек, мал шаруасының патшалыққа келтіретұғын пайдасын санап бітірерлік емес. 1901 жылы 27 сентябрьде Петербургте болған «Антропологическое обществоның» бір мәжілісінде көшпелілік жайын жақсы білетұғын Клеменц деген ғалым бұрынғы мал ұстау кәсібінің басқалардың міндетті қылуыменен тастамаған һәм міндетті болудың жөні жоқ еді. Қазіргі Еуропада, мысалы, мәдени Швейцарияда сүттен май, ірімшік алу үшін мал асырап көшушілер бар. Жаңада ғана Нормандияда қой етінің бағасы көтерілу себепті егін салудан көшіп жүріп, қойды ащылы жерге бағып өсіру мәслихат көрілген. Қазақ жері егінге жарамсыздығын, мал өсіруге ғана лайық екендігін профессор Винер қазақ тұрмысын ашына жазған һәм жазбақ та. Қазақ –мал баққан халық. Қазіргі бағып отырған малына лайық жер қалдырмай тастауын ақылға сыйдыруға болмайды. Халықтың ғұмыры 20-30 жылдығына емес, дүние тұрғанша тұрады. Соның үшін түбін ойлағанда, қазіргі тұрмыстың неше ғасырлардан бері бекіп қалған негізін бұзбасқа керек. Азамат Алашұғлы «Айқап», №11, 1911 жыл.   Аңдаспаған мәселелер турасында   ...Қазіргі қазақ мәселесінің ең зоры – жер мәселесі. Бұл турасында түсініп жетпей қателесіп, қазақты теріс жолға салғанымыз бес миллион адамның обалын мойнымызға жүктейміз. Сондықтан бұл турада қазаққа ақыл айтқанымыз қазақ та һәм басқалар да қате ұқпастай етіп, анықтап, ашып сөйлескеніміз абзал... Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газеті, № 48, 1914 жыл   Көшпелі һәм отырықшы норма   ...Өткен 11-інші июньде думада айтылған сөздерден мағлұм болды, қай пікірдің дұрыс-бұрысы. Депутаттар қазақ жері жолсыз алынып жатыр дегенде, переселен управлениесінің бастығы Глинко қазақ жерін қандай жолмен алып жатқандығын көрсету мақсатында отырықшы норманы қазаққа не үшін шығарғандарын жасырмай, ашып айтып берді. Біздің қазақ турасында істеп отырған ісіміз жолды. Біздің жолымыз екеу-ақ. Бірі - қазақтан артық жерді алу. Екіншісі қазаққа тиісті жер беріп орналастыру. Қазақтан артық жерді алып жатырмыз, артық жерді алсын деген закон бойынша қазаққа жер беріп орналастырып жатырмыз, өздерінің тілегі бойынша. Қазаққа істеп отырған жолсыздық емес, ебіміз, әдісіміз бар. Қазаққа тиісті жер беріп орналастыру турасында думаға закон жобасын кіргізбей отырмыз. Енгізбей тұрғанымыздың мәнісі мынау: көшпелі қалпында жер беріп орналастырсақ, қазаққа көп жер тиеді, арттырарлық жер аз болмақшы. Оны дума арқылы законмен бекітіп, қазаққа берген соң ала алмаймыз. Қазақ жері қазақтан көп артылып қалу үшін, яғни переселендерге қазақтан жерді көбірек алу үшін біз әдіс істеп отырмыз. Әдіс қылу - жолсыздық емес ептілік. Біз министр советінен ептілік етуге рұхсат алып, қазақты ебімізге түсіруге қайырмалап едік, топ-тобымен топырлап түсіп жатыр. Ол істеген ебіміз мынау еді: қазаққа отырықшы болып жер алуға ырза болсаңдар, сендерге де мұжықпен қатар 15 десятинадан еркек басына жер береміз дедік. Айтуымыз-ақ мұң екен, қазақтар отырықшы нормамен жер бер деп жабыла сұрап жатыр. Өткен жылда отырықшы нормамен қазақтарға 700 мың десятина жер бердік. Ахмет Байтұрсынов  Басқармадан, №20, 1913 жыл   5 мың десятина жер   Россияда құрт ауруға қарсы қару ететін жамиғат бар. Құрт ауруларды дала қымызымен емдеу үшін қазақ жерінен қымызхана ашпақшы болған. Қымызханаға керек 5 мың десятина жерді Үкімет тарапынан сұрап алмақшы болған. Бұ алатын жері Бершөгір станциясының қасындағы Ырғыз уезінің Шеңгел болысының қарамағындағы қазақтар пайдасындағы жер. Өткен жаз землемер шығып, жерді өлшеп, бороздасын тартып алуға әбден даярлап қойса керек. Бұл бес мың десятина жерде 13 үйдің қыстауы бар, басқа қазақтардың жайлауы бар. Ол қазақтар жерін алғанына разы ма, жоқ па? Беймағлұм. Бұл жер мұжықтарға алынған сықылды зорлықпен алынып жатқан шығар. Қазақтың жерін басқалар талап алып жатыр деп біздің де талау жолымен алғанымыз лайықсыз. Басқалардан қазақтың жері жылдан-жылға тарылып жатқанда біз де бір жағынан жырмалап жер аламыз дегеніміз жарамайды деп жамиғаттың кейбір ағзалары қазақ жерін алуды мақұл көрмеген. Бұл мақұл көрмеген жағы Мәскеудегі жамиғаттың бас советіне қазақ жерін алу лайық еместігін білдірген. Жерді алу-алмасы талас болған соң, қай жағының сөзі дұрыс екендігін ашу үшін Мәскеудегі бас совет тарапынан Орынборға бір адам келген. Осы марттың алтысында Орынбордағы ағзалардың жиылысы болады. Ішінде Мәскеуден келген адам да болды. Осы жер туралы сөз болатын болған соң мен де барып едім. 5 мың десятинаны алу-алмас турасында көп сөздер сөйленді. Біреулері бұл жерді алу керек, мұнан қазаққа пайда болмаса зарар жоқ деді. Біреулері: «алмасқа керек. Қазақтың іске асатын жақсы жерлерін мұжыққа беріп құртып жатыр, оның үстіне біз сықылды жамиғаттар келіп тағы алса, қазаққа не қалады?» деді. Ақырында көптің пікірі жерді алуға айналды. ...Қазаққа мұнан зарар болады: Егер де қыстауы бар қазақтардың қыстап отырған жері жақсы, шаруаға қолайды болып, көшіргендегі алатын жері бұрынғы жерінен төмен болса; Екінші –бұған кететін жайлаулық жерлер –суы тұщы, шөбі мол жайлауға қымбат жер болса һәм оны жайлап жүрген елдердің мұнан басқа қолайлы жайлаулары болмаса; Үшінші –ақша табуға қызығып, құлындарын сатып, биелерін жұтатып, қысткүні қырып алып жүрсе. Мұнан басқа қандай зарары болар қазақтың өздері шамалап білер. Біз сырттан қараған боларлық зарарларын һәм пайдасын айтамыз. Және де айтатынымыз: Бұл жер басқа осындай нәрселерге болмаса, мұжыққа алынбайтын жер.   Ахмет Байтұрсынов, «Қазақ» газеті, 1913, №1-44   Қазақ һәм жер мәселесі   ... Қазақ туралы мәселелердің ең зоры –жер, муфти, билік, мектеп мәселелері. Бұлар туралы «Қазақ» газетасы талай жазса да, әлі тұтынған жолы не екенін түсініп жетпегендер бар көрінеді. Мәселен, «Айқап» журналы «Қазақ» жер жайынан не істеу керегін ашып жазбайды деп отыр. Осылай есеп етіп, еркегі бар, әйелі бар жан басына нағыз жақсы жерлерден 12 десятинадан, онан төменірек жерлерден 15, онан төмен жерлерден 18ден, 20дан,  25тен жер арнап отыр. Бұрынғы Щербина нормасы дұрыс, бұл соңғы жасаған норма жарамай ма, ол басқа сөз. Осы кеміткен аз норма мен егін нормасын, яғни мұжық нормасын салыстырып қарайық, қазаққа қайсысы пайдалырақ екен. Қзақтың адамдарының санын қосып санап, үйлерінің санына бөлгенде, яғни орта санын алғанда, үй басына алты жаннан келеді. Мал нормасымен жан басына 12 десятинадан беретін жерден десятинадан беретін жерден егін нормасымен ер басына ғана 15 десятинадан береді. Қысқасын айтқанда, мал нормасының жері егін нормасының жерінен екі есе көп болмақшы. Мәселен, егін нормасымен 3 еркекке 15 десятинадан санағанда үй басына 45 десятинадан келсе, мал нормасымен еркек-әйелі бар жан басына 15 десятинадан санағанда үй басына 90 десятина келмекші. 45 көп пе, 90 көп пе? Қазақтың жер мәселесін ноғай бауырларымызға жер мәселесі күйінде айтып түсіндіру қиын. Сондықтан қазақ пен ноғай бірдей мәселені мысалға алып айтып көреміз. Алалық, мәселе, транскрипция (хәріп) мәселесін. Барша мұсылман жұрттарының тұтынып келе жатқан хәрпі араб хәрпі. Россия мұсылмандарына араб хәрпін тастатып, орыс хәрпін алдырамыз деушілер көп болды. Жер мәселесі – харіп мәселесінен де гөрі салмақтырақ, маңыздырақ мәселе. Харіп түрін алмастырудан шаруа қалыбын алмастыру оңай емес. Салмақты мәселеге салмақпен қарау тиіс шығар дейміз. Қазақ жері туралы «Уақыт», «Тәржіман» газетасы пәлен депті дегенді бізге көрсетеді. Бұл екеуі де мұсылман матбуғаты ғаламында белгілі газеталар. Бұлардың басқа біліміне біздер таласпаймыз. Бірақ қазақ жері турасында біліміне таласамыз. Ноғай бауырларымыз қазақ жайын қазақтар артық білетін болса, думада қазақ жайын жақсы білетін депутат жоқ деп біз неге айтып жатырмыз? Думадағы ноғай бауырларымыздың депутаттары қазақ жайын білмейміз деп неге айтып жатыр? Сөздің қорытуы: осы күні егінмен күн көріп отырған қазақ егін нормасымен жер алсын. Малмен күн көріп отырған мал нормасымен жер алуы тиіс. Жолсыз бір қойлық жерін ауыстырып алса: бір қойын алғандай іздеу керек.   Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газеті редакциясынан. №45-100, 1914 жыл   Жер жалдау жайынан   Басқармаға келген кейбір хаттардан қазақ жері алынбасқа амал таппағанымызға өкпелеушілер бар көрінеді. Жер жайынан айтарлық сөздің бірсыпырасы айтылып болып еді. Сөзімізге түсініп, ақылымызды алатын қазақ болып, сол айтқандарымызды істесе, іргесі ауып, табаны көтеріліп, жерінен айрылып, боспас еді дейміз. Айтқан сөзге түсінбесе иә түсінсе де айтқанды істемесе, біз айтып отырсақ, жұрт оны істемей, ұнатқанын істепотырса, оған етер не амал бар? Жұрт істеп отырған ісін қисық я түзу деп айту ғана қолымыздан келеді, істеткізбей, тоқтату қолымыздан келе ме? Қазақ жерінің тұтқасының екі ұшы қолда: бір ұшы қазақта, екінші ұшы орыста. Әдіс қылған жағы ауыстырып алып жатыр, бос ұстаған жағы айрылып қалып жатыр. Жерді қолында қатты ұстау, бос ұстау қазақтың өздерінен. Оған біз не істерміз? Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсаңдар. Жерін алдыруға болмаса, алдырмасқа іс қылған қазақ жоқ. Әркім өз жерін ғана ойлайды, өз басының ғана қамын ойлап, өз пайдасын ғана көздеп іс қылып, жұрт пайдасы мен зарарына тіпті қарамайды. Жұрт жер кетпесе, менің де жерім кетпес, жұрт жерден айрылса, мен де жерден айрыламын ғой деп еш ойламайды. Сондықтан жұрт үстіндегі, көп ортасындағы жер ғой деп, сатып, пайдаланып қалайын деп ойлайды. Мұжықты қазақ жеріне үйір қылып, қоңсы қондырған әуелде де осылай ойлағандық еді. Осы күнде де сол ой қалған жоқ. Қазақ жеріне мұжықтарды шақырып кіргізген, үкіметтен бұрын, қазақтардың өзі емес пе еді? Қазақты бағып тұрған хакімдердің көбі келген мұжықтарды орнықтырмай көшіргендері де болған жоқ. ...Мұжықтарға жер керек болды, жұрт қамын ойлайтын қазақтың бас адамдарына жұрт пайдасынан гөрі өз пайдалары жақынырақ болды. Жұрт келер зарарға қарамай, өздерінің жер сатып, байып алғанын артық көрді. ...Переселен законы шықпай тұрғанда қазақ жерінде мұжық қаласы жоқ па еді? Оны шақырып, қоңсы қондырған қазақтардың өзі емес пе еді? Қазақтың көбі жер сатуды кәсіп қылып алған жоқ па? Қазақтың ауыл ағасы болған, атқамінер пысықсынған адамдарының жер сатуды кәсіп қылмағаны бар ма екен? Болса, ауылнайлардың жұртты сыртынан сатып іс қылатындарын былай қойып, жай қазақтарды алғанда да жер сатпайтындары аз болса керек. Жер сату қазаққа әдет болып кетті. "Ауру қалса да, әдет қалмайды" деген, сол жер сату әдетін жер мол болса да, жер тар болса да тастамайтын көрінеді. Бұлардың бәрі өткен іс. Енді оларды түзету болмайтын жұмыс. Болары болып, бояуы сіңіп қалды. Бұларды қопарып жазып отырғандағы мақсат: өткен істің қатесін байқап, ілгері істерге істемесін деген.   Ахмет Байтұрсынов «Қазақ» газеті, 1913 жыл Жер жалдау   Қазақ жерін сеңдей ағып қара шекпен келе бастағалы халық дағдарып, қайтеміз, бұрынғыдай отыра береміз бе,  жоқ, 15 десятина кестіріп алып атамекенімізге түпкілікті ие боламыз ба деген ойға қалып еді. ... Ақтөбе уезі, бірінші Бөрте болысы 3 ауыл отырықшы болғаннан екі жыл толмай-ақ дешовый жерлерін жалдай бастады.  Былтыр осы ауылдың атқамінер отағасылары мен бірсыпыра ілкімді жастары мешіт салуға жаратамыз деп 300 десятина жерді бір орысқа арендаға берген еді. Бірақ, онан бері бір жыл заман өтті, не ақша, не мешіттің қайда жүргенін білген кісі жоқ. Бұл былтырғы іс. Енді биыл тағы да әлгі отбасылар мен ілкімді мырзалар мешітті сылтау қылып, жұрттың ризалығынсыз 250 десятина жерді арендаға беріп отыр. Бұған риза болмаған бірсыпыра адамдар бастапқы кезде олай қыламыз, бұлай қыламыз деп жүр еді, бір күні әлгі атқамінерлер бір мал сойып, етке тойғызған екен, қарқындары сонымен басылыпты. Сорлы қазақ бір күн етке тойса, жүз жылғы пайдасын ұмытатын жазған ғой. ...Бейшара қазақ, өзіңді-өзің қыспаққа салып, кең жеріңді тарылтып алған соң, сол қыспақтың әдісін де үйрену керек еді. Сен ондай әдістің мыңнан бірін білмейсің. Жалғыз-ақ қарап отырғаның, сол бір алақандай жерің. Сауда қылуды білмейсің. Аулыңдағы дүкен я орыс, я ноғайдікі. Өнер білмейсің. Үйіңді салып жатқан әлгі ноғай, ең ақыры, киіміңді де өзің тігуге үйренбей, ноғай тігушіге ақша беріп отырсың. Қысқасы, не керек болса, өзіңде бірі де жоқ, бәрі басқанікі. Ең аяғы моншаға дейін. Бортаң. «Қазақ» газеті, №45-100, 1914 жыл   Жер іздеген қазақтар   ...«Туып-өскен жерлеріңді тастап неге көшесіңдер» деп сұрағанымда: «Ойбай! Қалай етіп отырамыз? Мұжық жерімізді қоятын емес. Ұлықтарға айтсақ 15 десятинаға разы болып қала бер, әйтпесе бір жаққа ауып, босатыңдар дейді. Қазақ мал бақпаса күн көре алмайды ғой деп қорқамыз. Сондықтан көшпей шарамыз жоқ» деді. Енді қазақтың бүйтіп атақонысын тастап, сатынып, суынып жер іздеп қаңғырып жүргені пайдалы іс емес. Осы күнде еркін болғанмен 10-15 жылдан онда да кісі барып толары белгілі. Сөздің келтесі мынау. Пәлен жерде бақыр бар дегенді қазақ қойып, өзіміздің тобымызды, жігімізді ашпай, өзіміздің үйренген жерімізде оңдысын алып қалайық. Х.Лекеров «Қазақ» газеті, 1913 жыл