Елорда мектептеріне 250 маман жетіспейді
Елорда мектептеріне 250 маман жетіспейді
Жаңа оқу жылының басталуына да аз қалды. Сабақ қашықтан жүретіні белгілі. Мұндай тәжірибеге дайын болмаса да, төртінші тоқсанда жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, дайындықты пысықтауға, жаңа жағдайға толықтай бейімделуге үш ай демалыстағы уақыт жеткілікті болды ма? Жалпы, жаңа оқу жылына білім беру ісінің мамандары қалай әзірленді? Осындай сауалдарға жауап іздеп Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадыровадан сұхбат алған едік.
– Елорда бойынша жаңа оқу жылын ұйымдастыру, соның ішінде қашықтан оқытуға дайындық қалай жүргізіліп жатыр?
– 1 қыркүйектен бастап барлық елордалық мектеп (1-11-сыныптар) пен колледждерде қашықтан оқыту форматы басталады. Осы тұста қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, бастауыш сыныптың оқушылары үшін «кезекші сыныптардың» жұмысы жоспарланғанын атап өткім келеді. Жаңа оқу жылында қашықтан оқыту үшін ең алдымен педагогтер мен оқушылардың компьютер, интернетпен қамтамасыз етілуі маңызды. Сол себепті де олардың компьютер мен интернетке қажеттілігін анықтау мақсатында арнайы мониторинг жүргізілді. Қажетті құралдар сатып алынбақ.
Техникалық құрал-жабдықты қажет ететін аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар міндетті түрде компьютерлермен, роутерлермен қамтамасыз етіледі. Жалпы, қашықтан оқытуға ұстаздарға да дайындық керек. Бұл тұста педагогтерге арналған қашықтан оқытудың әдіс-тәсілін үйрететін ақпараттық-танымдық вебинарлар, курстар өткізіліп жатыр.
– «Кезекші сыныптардың» жұмыс істеу форматымен таныстырып өтсеңіз.
– «Кезекші сыныптар» бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады. Оқу процесі бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар шағын топтарға бөлінбек. Әр топтағы оқушы саны 10-15 баладан аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әртүрлі уақытта болады.
– Жуырда өткен баспасөз мәслихатында «кезекші сыныптардағы» сабақтардың бір бөлігі қашықтан жүргізілетін болады дедіңіз. Бұл қандай пәндерге қатысты?
– Кезекші сыныптардағы оқу барысы «Бір сынып – бір мұғалім» қағидасы бойынша жүзеге асады. Сондықтан да сынып жетекшісі сабақ беретін негізгі пәндер ғана мектепте оқытылады. Шет тілі, орыс тілі, дене шынықтыру, музыка, көркем еңбек сияқты пәндер қашықтан оқытылатын болады.
– Елорда мектептері қай пәннен сабақ беретін мұғалімдерге мұқтаж? Бұл мәселені шешу үшін басқарма тарапынан қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Мониторинг қорытындысы бойынша қазіргі уақытта педагогикалық қадрларға 250 маман қажет екені анықталды. Соның ішінде орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, дефектологтар мен логопедтер, арнайы білімі бар мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілері тапшы. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы мамандарды тарту мақсатында жоғары оқу орындары және колледждермен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Мысал келтіретін болсақ, Білім басқармасында қызметкерлерді есепке алудың автоматтандырылған жүйесі қосылды. HRPortal аясында бос жұмыс орындарының кадрлық порталы жұмыс істейді. Мұнда білім беру ұйымдарында жұмыс істегісі келетін үміткер тіркеуден өтіп, бос жұмыс орындарына өтініш бере алады. Порталда өзінің жеке мәліметтерін толтырып, құжаттарының сканерленген көшірмесін салады, жауаптар қалдыруына болады. Бос жұмыс орындары бар білім ұйымының әкімшілігі келген өтініштерді қарап, үміткерлерді әңгімелесуге шақырады.
– 2019-2020 оқу жылының төртінші тоқсанында мектептерде қашықтан оқыту жүргізілді. Бұл онлайн нұсқада білім беруде педагогтердің азды-көпті тәжірибесі бар дегенді білдіреді. Мұғалімдердің қазіргі дайындығы қандай?
– Әрине, жоғарыда айтып өткенімдей, педагогтердің біліктілігі, кәсібилігі қай уақытта да маңызды. Осы мақсатта тамыз айынан бастап (24-29 тамыз) 9 958 (100%) білім беру ұйымдарының педагогтері «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» «Педагогикалық шеберлік орталығы» әзірлеген «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» атты онлайн-курсында оқитын болады.
Бұл онлайн-курстың әр тақырыбы мұғалімдердің өз бетінше зерделеуі үшін өзекті материалдар мен ресурстарды қамтиды. Педагогтер курс арқылы қашықтан оқытудың ерекшеліктері мен түрлерін зерттеп, онлайн сабақтардың оқу үдерісін жоспарлауды, оқу жетістіктерін бағалауды ұйымдастыруды үйренеді.
Нұр-Сұлтан қаласының білім беруді жаңғырту орталығы тамыз айының алғашқы екі аптасында «Цифрлық педагогика: оқыту және тәжірибе» тақырыбында онлайн-оқыту өткізуді жоспарлап отыр.
Педагогтер 4 тоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Academia.kz педагогикалық шеберліктің виртуалды зертханасында білімін жетілдіру үстінде. Виртуалды зертханада педагогика, психология, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және т.б. мәселелер бойынша ең қажетті деген онлайн-курстар топтамасы бар. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы білім беру мектептерінің ұстаздарын қолдау мақсатында «Мұғалімдердің онлайн Академиясы» жобасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ үздік педагогтердің тәжірибесін жинақтау арқылы жаңа әдістемесі бар педагог-зерттеушілер мен педагог-шеберлер зертханасын құру жоспарда бар.
– Мектептердің оқулықтармен қамтамасыз етілуі жайлы не айтасыз?
– Жаңа оқу жылында оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. 1 қыркүйекке дейін оқушылар оқулықтармен толық қамтамасыз етілмек.
– Жаңа оқу жылында қанша бірінші сынып оқушысын мектепке қабылдау жоспарда бар?
– Өзіңіз білесіз, қала халқы жыл сайын өсіп келеді. Бұл оқушылардың да саны артады дегенді білдіреді. Былтырғы оқу жылында 182 279 оқушы болды. Алдағы 2020-2021 оқу жылында елорда бойынша жалпы саны 202 мың мектеп оқушысы болады деп күтілуде. Соның ішінде бірінші сыныпқа 27 000-нан астам оқушыны қабылдау жоспарланып отыр.
– Қаладағы жаңа мектептердің құрылыс қарқыны қандай?
– Мектеп құрылысына деген сұраныс жоғары екенін атап өту керек. Бүгінде елордада тығыздалған мектептер, үш ауысымда оқытатын мектептер жұмыс істейді. Сол себепті де жаңа оқу жылында 10 100 оқушыға арналған 14 нысанды іске қосу ойымызда бар. Нақты мысалмен айтып өтсек, биыл 7 000 орынға арналған 8 мектеп ашылады. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған мектептер аумағында 3 100 орынға арналған 6 жапсарлас нысанның құрылысы аяқталады.
Сұхбаттасқан Балжан СМАИЛОВА