30 Шілде, 14:47 1606 0 Білім Анар ЛЕПЕСОВА

Елорда мектептеріне 250 маман жетіспейді

Жаңа оқу жылының басталуына да аз қалды. Сабақ қашықтан жүретіні белгілі. Мұндай тәжірибеге дайын болмаса да, төртінші тоқсанда жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, дайындықты пысықтауға, жаңа жағдайға толықтай бейімделуге үш ай демалыстағы уақыт жеткілікті болды ма? Жалпы, жаңа оқу жылына білім беру ісінің мамандары қалай әзірленді? Осындай сауалдарға жауап іздеп Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадыровадан сұхбат алған едік. 

– Елорда бойынша жаңа оқу жылын ұйымдастыру, соның ішінде қашықтан оқытуға дайын­дық қалай жүргізіліп жатыр?

– 1 қыркүйектен бастап барлық елор­далық мектеп (1-11-сыныптар) пен кол­ледж­дерде қашықтан оқыту форматы басталады. Осы тұста қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, бастауыш сыныптың оқушылары үшін «кезекші сыныптардың» жұмысы жоспарланғанын атап өткім келеді. Жаңа оқу жылында қа­шықтан оқыту үшін ең алдымен педагогтер мен оқушылардың компьютер, интернетпен қамтамасыз етілуі маңызды. Сол себепті де олардың компьютер мен интернетке қажеттілігін анықтау мақсатында арнайы мо­ниторинг жүргізілді. Қажетті құралдар сатып алынбақ.

Техникалық құрал-жабдықты қажет ететін аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушылар міндетті түрде компьютерлермен, роутерлермен қамтамасыз етіледі. Жалпы, қашықтан оқытуға ұстаздарға да дайындық керек.  Бұл тұста педагогтерге арналған қашықтан оқыту­дың әдіс-тәсілін үйрететін ақпарат­тық-танымдық вебинарлар, курстар өт­кізіліп жатыр.

– «Кезекші сыныптардың» жұ­мыс істеу форматымен таныс­ты­рып өтсеңіз.

– «Кезекші сыныптар» бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып ашылады. Оқу процесі бірнеше ауы­сым­мен жүзеге асады. Сыныптар шағын топтарға бөлінбек. Әр топтағы оқушы саны 10-15 баладан аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әртүрлі уақытта болады.

– Жуырда өткен баспасөз мәсли­хатында «кезекші сыныптардағы» сабақтардың бір бөлігі қашықтан жүргізілетін болады дедіңіз. Бұл қандай пәндерге қатысты?

– Кезекші сыныптардағы оқу барысы «Бір сынып – бір мұғалім» қағидасы бойын­ша жүзеге асады. Сондықтан да сынып жетекшісі сабақ беретін негізгі пәндер ғана мектепте оқытылады. Шет тілі, орыс тілі, дене шынықтыру, музыка, көркем еңбек сияқ­ты пәндер қашықтан оқытылатын бо­лады.

– Елорда мектептері қай пәннен сабақ беретін мұғалімдерге мұқ­таж? Бұл мәселені шешу үшін бас­қарма тарапынан қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Мониторинг қорытындысы бойынша қа­зіргі уақытта педагогикалық қадрларға 250 маман қажет екені анықталды. Соның ішінде орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, дефектологтар мен логопедтер, арнайы білімі бар мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиешілері тапшы. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы­ның Білім басқармасы мамандарды тарту мақсатында жоғары оқу орындары және колледждермен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Мысал келтіретін болсақ, Білім басқар­масында қызметкерлерді есепке алудың автоматтандырылған жүйесі қосылды. HRPortal  аясында бос жұмыс орындарының кадрлық порталы жұмыс істейді. Мұнда білім беру ұйымдарында жұмыс істегісі келетін үміткер тіркеуден өтіп, бос жұмыс орындарына өтініш бере алады. Порталда өзінің жеке мәліметтерін толтырып, құжат­тарының сканерленген көшірмесін салады, жауаптар қалдыруына болады. Бос жұмыс орындары бар білім ұйымының әкімшілігі келген өтініштерді қарап, үміткерлерді әңгімелесуге шақырады.

2019-2020 оқу жылының төр­тінші тоқсанында мектептерде қашықтан оқыту жүргізілді. Бұл онлайн нұсқада білім беруде педа­гогтердің азды-көпті тәжірибесі бар дегенді білдіреді. Мұғалімдер­дің қазіргі дайындығы қандай?

– Әрине,  жоғарыда айтып өткенімдей, педагогтердің біліктілігі,  кәсібилігі қай уақытта да маңызды.  Осы мақсатта  тамыз айынан бастап (24-29 тамыз) 9 958 (100%) білім беру ұйымдарының педагогтері «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» «Педагогикалық шеберлік орталығы» әзір­леген «Қашықтықтан оқытуды үйренемін» атты онлайн-курсында оқитын болады.

Бұл онлайн-курстың әр тақырыбы мұға­лімдердің өз бетінше зерделеуі үшін өзекті материалдар мен ресурстарды қам­ти­ды. Педагогтер курс арқылы қашық­тан оқытудың ерекшеліктері мен түрлерін зерт­теп, онлайн сабақтардың оқу үдерісін жос­парлауды, оқу жетістіктерін бағалауды ұйымдастыруды үйренеді.

Нұр-Сұлтан қаласының білім беруді жаң­ғырту орталығы тамыз айының алғаш­қы екі аптасында «Цифрлық педагогика: оқыту және тәжірибе» тақырыбында он­лайн-оқыту өткізуді жоспарлап отыр.

Педагогтер 4 тоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Academia.kz педагогикалық шеберліктің виртуалды зертханасында білімін жетілдіру үстінде. Виртуалды зертханада педагогика, психология, ақпа­раттық-коммуникациялық технологиялар және т.б. мәселелер бойынша ең қажетті де­ген онлайн-курстар топтамасы бар. Жа­ра­тылыстану-математикалық бағыттағы білім беру мектептерінің ұстаздарын қолдау мақсатында «Мұғалімдердің онлайн Академиясы» жобасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ үздік педагогтердің тәжірибесін жинақтау арқылы жаңа әдістемесі бар педагог-зерттеушілер мен педагог-шеберлер зертханасын құру жоспарда бар.

– Мектептердің оқулық­тармен қамтамасыз етілуі жайлы не айта­сыз?

– Жаңа оқу жылында оқушыларды оқу­лықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. 1 қыркүйекке дейін оқушылар оқулықтармен толық қам­тамасыз етілмек.

– Жаңа оқу жылында қанша бірін­ші сынып оқушысын мектеп­ке қабылдау жоспарда бар?

– Өзіңіз білесіз, қала халқы жыл сайын өсіп келеді. Бұл оқушылардың да саны артады дегенді білдіреді. Былтырғы оқу жылында 182 279 оқушы болды. Алдағы 2020-2021 оқу жылында елорда бойынша жалпы саны 202 мың мектеп оқушысы бола­ды деп күтілуде. Соның ішінде бірінші сы­ныпқа 27 000-нан астам оқушыны қа­былдау жоспарланып отыр.

– Қаладағы жаңа мектептердің құрылыс қарқыны қандай?

– Мектеп құрылысына деген сұраныс жоғары екенін атап өту керек. Бүгінде елордада тығыздалған мектептер, үш ауысымда оқытатын мектептер жұмыс істейді. Сол себепті де жаңа оқу жылында 10 100 оқушыға арналған 14 нысанды іске қосу ойымызда бар. Нақты мысалмен айтып өтсек, биыл 7 000 орынға арналған 8 мектеп ашылады. Бұдан бөлек, жұмыс істеп тұрған мектептер аумағында 3 100 орынға арналған 6 жапсарлас нысанның құрылысы аяқталады.

Сұхбаттасқан Балжан СМАИЛОВА

Соңғы жаңалықтар