Турағұл мырза
Турағұл мырза
Турағұл мырза!
Ол осындай құрметке әбден лайықты тұлға. Оның өмір жолы, тауқыметті тағдыры – Абай мен Алаш деген бөлінбес, бір-біріне мағына мен мән үстемелеп отыратын рух киесін жалғаған үміт жібі. Абайды қазақ ақыны ретінде һәм ұлтымыздың асыл текті перзенті райында шетсіз-шексіз сүйген Алаш арыстарымен ояну дәуірінде, ұлттық ұлы бұлқыныс туған шуақты мезетте ат үстінде жүрген Турағұл әке аманатын орындаған, фәни ғұмырдың қызығын көре алмай арманда кеткен Әбіш (Әбдірахман), Мағаш (Мағауия), Ақылбай ағаларының көзіндей ел-жұртына қорған болған ер еді.
Турағұл 1875 жылы туған. Жасынан білгір әкенің тәрбиесімен даналыққа үйір, есті сөзді ұғуға бейіл. Домбыра, скрипка сияқты музыкалық аспаптарда шебер ойнаған кәнігі өнер адамы.
Алаш қайраткері Турағұлдың көзін көрген замандастары оның адамгершілігі ерен, кесек болмысты азамат болғанын жазады. Мысалы, «Турағұл сөзге шешен, майда тілді, биязы сөйлейтін өте қабілетті болған. Абайдың сүйікті әйелі Әйгерімнен туған тұңғыш ұлы. Мен өз басым осы күнге дейін ер адамда Турағұлдай сымбаттыны көргем жоқ. Мен көргенде ол кісі ұзын бойлы, денелі, қызыл шырайлы, қою қара сақалды, қара мұртты, өте сымбатты кісі. Үлкендерден естігенім шешесіне тартқан деуші еді», – деп жазған Ниязбек Алдажаров ақсақал. Парасатты, шын зиялы Турағұл.
Турағұл ел мүддесі таразыға түскен бұлыңғыр шақта саяси істерге де қатысқан. 1917 жылғы 5-13 желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ сиезіне делегат ретінде шақырылған. «Алаш» партиясының Семей қаласындағы бөлімінің мүшесі. Алаш Орда үкіметінің атынан Түркістан қазақтарымен келіссөз жүргізу мақсатындағы Сырдария сиезіне қатысқан. Бұл сиезде ол Бақтыкерей Құлманұлы, Міржақып Дулатұлы сынды арыстармен қатар қазақ мәселесін шешіскен. Жүсіпбек пен Мұхтарға демеу көрсетіп, «Абай» журналын шығарысқан.
1922 жылы Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлымен қатар түрмеге қамалып, төрт ай абақтыда отырған. 1927 жылдың күзінде қайта тұтқындалған. 1928 жылғы 19 қарашадағы Семей округтік комиссиясының қаулысымен бай, феодал ретінде айдалған. Құнанбай қажының тұқымы және Алаш Орданың мүшесі деп айыпталған. Ниязбек Алдажаров ақсақалдың естелігіне назар аударсақ, Тұраш Құнанбай сияқты адамның немересі және Алашорданы жақтады деп, 1928 жылы небары отыз алты қараның мүлкімен кәмпіскеленіп, Қостанайға жер аударылған.
Тұраштың абайтану ғылымына қосқан қомақты зор үлесі – «Әкем Абай туралы» естелігі. Бұл естеліктің тарихи да, әдеби де мән-мағынасы өте кең. Біртуар Абайды толық тануға, оның мінез-болмысын, шығармашылық кредосы мен психологиясын, жеке зертханасын тануға мүмкіндік беретін ғылыми сөз. Академик Мұхтар Әуезовтің жеке өтінішімен жазылған бұл естелік совет заманында бір-екі рет қана жарияланып, кейіннен ғылыми айналымнан қалыс қалса да, Абай туралы үлкен роман-эпопея жазған жазушыға молынан қызмет еткені шындық.
Асылында, Тұраштың естелігі арқылы ақын өлеңдерінің жазылу тарихы, шығу себебін анық білеміз. Екіншіден, естелікте әр өлеңнің шағын тарихынан бөлек жазылған орны немесе жылы анық айтылған. Сосын ең қымбат сөз – Абайдың жұмыс графигі, кісіні қабылдауы туралы мәселелер. Осы сөз арқылы әрқайсымыздың жүрегімізге жол тапқан ақыл-ой иесінің қандай адам болғанын ойша сипаттай аламыз. Көз алдымызға анық сұлбалы Абай бейнесі елестейтіні сөзсіз.
Алаш туы көтерілген кезеңде қазақ оқығандарымен бірігіп рухани өмірге белсене араласты. Сол жылдары ол бұқараға әдеби аудармашы ретінде кеңінен танылған болатын. Абайдың Тұрашы Максим Горькийдің «Челкаш» әңгімесін алғаш рет қазақшалаған («Таң» журналы, 1924 жыл, №3-4). Сосын, А.Неверовтің «Мен өмірге жерікпін» (Мәскеу, 1927), Джек Лондонның «Баланың ерлігі» (1927), Б.Прустың «Әнтек қыран» әңгімесін тәржімалаған. Сонымен қатар әр жылдары А.Бельцердің «Қолдағы малдардың, құстардың құрт ауруы болмағы жайы» (1926), С.Пиридолиннің «Мал шаруасының насихаттары» (1926), Г.Сперанскийдің «Балалы әйел не білу керек?» (1927) кітаптарын аударыпты.
Аудармашы Турағұлдың кітабына ұлт көсемі, рухани құндылықтарымыздың жөн-жобасын даярлаған Мәскеудегі үй қамақта отырған бас идеолог Әлихан Бөкейхан рецензия жазған. 1927 жылғы «әйел теңдігі» журналының №6 санында жарық көрген рецензияға қарайық: «Ұсақ жануарлар жұқпалы ауруды таратады». Қазақшалаған Абайдың Турағұлы. Басқан Мәскеу, 1927 жыл. Қазақта төрден орын алған, бас, жая, жамбасты жеген жұқпалы ауру, оба, шума, қарын да қайталама сүзек, безгек, құрт ауруы, қан сүйек, теңге, қотыр, осылардың бәрі бит, бүрге, қандала, шыбын, маса арқылы бірден-бірге жұғады. Білім – аурудың бәрі микробтан болады деп тапты. Микроб – аспапсыз көзге көрінбейтін жәндік. Бір тамшы суда әлденеше жүз мыңдап микроб болады. Микробтың көлемін осыдан байқа. Микроб қанда, ішекте миллиондап өсіп, у жасап, уымен өзі жайлаған жәндікті уатады да ауру осыдан болады. Бұл кітапшада бит, бүрге, қандала, шыбын, маса қайда өсіп-өнеді, қайысысы қандай аурудың даяшысы, қайткенде адам жаудан құтылатыны жазылған», – деп жазады. «Қыр баласы» әдеби есімімен жазған сын пікірінде Алаш серкесі Абайдың баласын зор бағалайды. «Тұраш қазақтың тұрмысының тамырын ұстай білетін, қазақтың қолынан келетін айла-амалды жазған. Кітаптың тілі түсінікті, жеңіл жазылған. Оқудағы балалар, хат білетін әйелдер бұл кітапты оқыса, артық іс болады» деп жазуы соның нақты дәлелі.
Әдеби білігі мен тоқығаны көп азамат Д.Лондонның «Мартин Иден» романын аударған, бірақ қолжазбасы сақталмаған. Алаш арысы Нәзір Төреқұлұлы басқарған Мәскеудегі «Кіндік» баспасының тұрақты авторы болған ол бұдан бөлек тағы басқа әдеби туындыларды аударып жазған да болуы мүмкін. Ол сталиндік биліктің қанды қызыл құрығына ілінбегенде көп еңбек етер ме еді? Әсіресе, әкесі Абай туралы, оның ақындығы туралы жүйелі сөз, ғылыми бәсі бөлек ойларын жазатыны анық еді.
Қуғынның сойылын тартып, азабын көрген Тұраш отбасымен Шымкентке де айдалған. Оның ең соңғы тұрағы сол – Шымкент екен. 1934 жылғы 6 наурызда Турағұл ер дүниемен қоштасқан-ды. Оның сүйегі Шымкенттегі қорғасын зауытының астында қалған екен.
Сайып келгенде, Турағұл – Абай мен Алаш деген үлкен тарихи оқиғаның тірегі, дәнекері. Ту көтерген ер дәргейінде азаттық идеясын бар жан-тәнімен қолдаған, Алаш руханияты мен ғылымы, әдебиеті жолында қолына қалам ұстап, жүрек сөзін қағаз бетіне түсірген мәдениет қайраткері.
Елдос ТОҚТАРБАЙ