Жаңалықтар

Копирайтинг – бизнестің поэзиясы

ашық дереккөзі

Копирайтинг – бизнестің поэзиясы

Жазу арқылы адамдар өз ойын білдіреді, журналистер ақпа­рат таратады. Бүгінде қолға қалам алып тауарды, өнімді немесе белгілі бір қызмет түрін де сатуға мүмкіндік бар. Яғни, сапалы мәтін жазу арқылы ауди­торияға әсер етуге болады. Бұл копирайтинг саласымен тікелей бай­ланысты.

КОПИРАЙТИНГ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

Копирайтинг – белгілі бір тауар немесе өнім туралы жарнамалық, ком­мерциялық мақсаттағы мәтіндерді жазу бойынша кәсіби қызмет түрі. Оған жар­намалық роликтердің сценарийі, әлеу­мет­тік желілердегі, сайттардағы жарна­ма­лық мәтіндер кіреді. Бірақ бұл копи­райтингте қолданылатын құралдардың бірлі-жарымы ғана. Мұндай мәтіндерді оқу арқылы адамдардың сатып алу қабілетіне ықпал етуге мүмкіндік бар. Яғни, мәтінге тың идея мен креатив қосу арқылы кез келген бизнес түріне жар­нама жасап, оны дамытуға болады. Жал­пы, копирайтингтің пайда болуы жар­наманың шығуымен тікелей байланысты. Оның SEO-копирайтинг, ақпараттық, техникалық, креативті, жарнамалық копирайтинг секілді түрлері бар. Бұл сала­мен айналысатын адамдарды копи­рай­терлер деп атайды. Бір қарағанда оңай болып көрінгенімен, негізінде копи­рай­тердің жұмысы жауапкершілік пен жылдамдықты талап етеді. Копирай­тер­дің басты мақсаты – оқырман, тыңдар­ман немесе көрерменнің қызығушылы­ғын оятып, оны тауарды сатып алуға шақыру, мәтінде айтылған қызмет түрін пайдалануға итермелеу. Олар мәтін жазарда аудиторияның қажеттілігін, тап­сырыс беруші компания тауарының ерекшелігін ескереді. Әлемдегі мықты копирайтерлер жұ­мыс­тарын жарнама индустриясында бас­таған. Танымал америкалық копи­рай­тер әрі маркетолог Клод Хопкинс мәтін жазарда тауарды толық зерттеудің маңы­зын атап көрсеткен. Жақсы жарнамалық мәтін қысқа, қарапайым әрі шынайы жа­зылу керек. Бұл басқа америкалық ко­пирайтер Брюс Бартонның пікірі. Ол тауар­ды емес, оған деген қажеттілікті сатқан дұрыс деп есептеген. Жарнама ісінің шеберлері Дэвид Огилви, Лео Бар­нетт, Юджин Шварцтың да копирай­тинг­ке қосқан үлесін атап өту керек. Ал енді Қазақстанға ойыссақ. Бүгінде копирайтинг саласында өз ісін дөңге­ле­тіп жүрген мамандар баршылық. Со­ның бірі – «Қазақша копирайтинг» марафо­ны­ның авторы, копирайтер Данияр Жігіт­бек. Оған қызметі туралы бірнеше сұрақ қойған едік. – Данияр мырза, копи­рай­тингке деген қызығушылығыңыз неден басталды? – Мына 4 қағидаға сай келетін істі із­дедім. Маған ұнай ма? Қолымнан келе ме? Бұл өзгелерге қажет іс пе? Өзгелер бұ­ған ақша төлеуге дайын ба? Копирай­тинг осы 4 қағидаға сай болды. Сосын қо­сымша сұрақ қойдым. Мен бұл іспен тегін айналысуға, тіпті айналысу үшін ақша төлеуге дайынмын ба? Жауап «иә» болды. Сол үшін копирайтингті таңда­дым. Өзімді осы салада шыңдауым керек деп іздене бастадым. Өзіме ұнайды. Бастысы ақша тауып жүрмін. – Бұл сала бойынша кімнен білім алдыңыз? –Алғашқы ұстаздарым Дмитрий Кот пен Андрей Парабеллум болды. – Копирайтингке қатысты қан­дай кітап оқуға кеңес бересіз? – Мына кітаптарды оқуға кеңес бере­мін. «Психология влияния», Р.Чалдини, «Копирайтинг. Как не съесть собаку», Д. Кот, «Пиши, сокращай», М.Ильяхов, Л.Сары­чева. – Болашақта копирайтинг қанша­лықты маңызды салаға айналады деп ойлайсыз? – Болашақ жайлы болжам жасай алмай­мын. Біздің заманда бәрі тез өзгере­ді ғой. Бұрын SММ мамандар трендте бол­ған. Қазір өзекті емес. Қазір копирай­терлер­ге сұраныс жоғары. Себебі қазір көп бизнес онлайнға өтіп жатыр. Ал ко­пирайтинг – бизнестің поэзиясы. Копирайтер – компьютер алдында ұзақ отыра алатын, ойлануды, ізденуді жақ­сы көретін адам. Кейбір адамдар бір орын­да отыра алмайды. Олар үнемі қоз­ғалыста болғанды қалайды. Олар копи­рай­тер бола алмайды-ау. – Әңгімеңізге рақмет!  

 Сұхбаттасқан     Балжан СМАЙЛОВА