Бақытгүл Ғибадатқызы: Журналистердің арқасында жанайқайым "жоғары жаққа" жетті
Бақытгүл Ғибадатқызы: Журналистердің арқасында жанайқайым "жоғары жаққа" жетті
Газетіміздің 2020 жылғы 28 мамырдағы №21 санында «Мүгедектігін дәлелдей алмай жүр» деген тақырыппен мақала жарияланған болатын. Онда Моңғолиядан көшіп келген қандасымыз Бақытгүл Ғибадатқызының басындағы тұрмыс тауқыметі, пәтерден-пәтерге көшіп жүріп жұқпалы дертке шалдыққаны, дертіне байланысты мүгедектігі үшін берілетін әлеуметтік төлемді де ала алмай әуре-сарсаңға түскені жайлы жазған едік. Газет қозғаған мәселені аяқсыз қалдырмай, бақылауда ұстап отыратын бұлжымас дағдымыз бар екені оқырманға мәлім. Бұл мақала газет бетіне шыққаннан кейін бірден Алматы облысына қарасты тиісті орындарға газет атынан хат жолдадық.
Қандасымыздың мәселесі оң шешімін тауып жатқаны туралы Бақытгүл Ғибадатқызының өз аузынан естідік.
– Сабырмен күте білген адамға ең жақсы нәрсе бұйырады деген рас екен. Осыдан екі ай бұрын, өмірім басқаша, тұңғиыққа батып бара жатқандай ауыр халде болды. Біріншіден жалғыз басты, аурушаң үш қыздың анасы едім. Туберкулездің ең ауыр түрімен ауырып, бір өкпеден айырылып, жұмыс істеуді айтпағанда, жүріп-тұруым мұң еді. Ауруханада бір жыл жатып шыққан менде, қайдан кіріс болсын? Туған-туыс, жақыныңнан еш қайыр жоқ, олардың маған бөліп берері болмады. Жергілікті әкімшіліктен де қайыр болмады. Сонымен, тағдыр мені аямай сынады. Мен әр сүрінген сайын қайта тұруға талпындым. Себебі қыздарым тым кішкентай, мен оларды қатал тағдырға тастағым келмеді. Өкпесі жоқ, мүгедек болсам да мына қиындықтармен күресемін деп шештім. Мен өз құқығымды қанша қорғасам да, маған тиесілі мүгедектік берілмеді. Балаларым үшін алуға тиіс жәрдемақы да тимеді. Жұмысқа ешкім ала қоймады. Себебі маңдайымда тайға таңба басқандай ауру екенім көрініп тұр. Мешіт жағалап, қайыр сұрауға арым жібермеді. Мен зайырлы мемлекетте тұрып, не үшін қайыршының күнін кешуім керек? Қатты жалғызсырадым. Бармаған жерім қалмады, қақпаған есігім жоқ. Мемлекеттік әлеуметтік сараптама бөлімі мені көрсе, жау көргендей, әр барған сайын менің құжаттарымды қарамай, дұрыс шешім шығармады. Әр кез көрсеткен мінездері еңсемді баса берді. Осыдан кейін менің бір өзімнің шамам жетпейтінін түсіндім. Үмітім үзіліп, қолды бір сілтеп, бәрінен баз кешуге шақ қалдым. Осы кезде маған еліміздің білікті журналистері қол ұшын созды. Менің жағдайыма бей-жай қарамай, көңіл бөлген халықаралық Тúrkistan газетіне алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Qazaqstan dauiri басылымы және басқа да ақпараттық сайттардың журналистері менің жанайқайыма құлақ асқанына дән ризамын.