Табиғатты аялауды айыппұлмен түсіндіре аламыз ба?
Табиғатты аялауды айыппұлмен түсіндіре аламыз ба?
Коронавирус инфекциясына байланысты шектеулер жаз шыға салысымен шетелге саяхаттауға асығатындардың биылғы жоспарын өзгерткені рас. Сәйкесінше еліміздің демалыс орындарына сұраныс артып, көрікті жерлерімізді көргісі келетіндер күрт көбейді. Бұған бір ғана мысал – ерекше түсімен әйгілі болған Көбейтұз көлі. Көл былтыр жазда бүкіл елге танымал бола бастады, көлді көру үшін әр аймақтан, тіпті шетелден де туристер келді. Ал биыл Көбейтұзға келушілердің қарасы тіптен артты. Бірақ көп ұзамай әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында көлдің аянышты халі туралы жазбаларды көрдік. Оған соңғы бір аптада ғана Ақтаудағы итбалықтарға жәбір көрсету, Бурабайдағы үйілген қоқыс, Алматы маңындағы Қызыл кітапқа енген тұңғиық гүлдерді жұлғандарды қосыңыз. Айналып келгенде, мұның бәрі онсыз да күрмеуі шешілмеген экологиялық ахуалды қайта қозғауға мәжбүр етті.
Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарынан тыс қалмады. Президент демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздік тоқтамай тұрғанын және бұл жағдайлар өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде естен шығаруға болмайтын мәселелерді ашып бергенін айтып, Білім, Экология, Ақпарат министрліктеріне тапсырма берді. Ал Көбейтұз «мемлекеттің ерекше қорғалатын аймағы» мәртебесін алды. Осыдан кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев демалыс орындарын ластағандарға салынатын айыппұл көлемі артатынын мәлімдеген болатын.
– Мемлекет басшысы табиғатқа зиян келтіргені және осы саладағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуді, сондай-ақ айыппұл көлемін арттыру керегін айтты. Енді рейдтер жүргізіледі. Тәртіп бұзушылықтар болса, бірден сол жерде шара қолданылып, айыппұл салынады. Бізбен бірге қоғам белсенділері мен еріктілер жүреді, –деп атап өтті М.Мырзағалиев.
Министрдің сөзінше, қазіргі заңнамада қоқыс тастағаны үшін белгіленген айыппұлдың мөлшері мардымсыз, 5 айлық есептік көрсеткіш – 12 625 теңгені құрайды. Сондықтан қазіргі уақытта Экология министрлігінде жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді қоқыс төккендерге қылмыстық жаза қарастырылуы мүмкін. Бұл заң жобасы биыл күзде Мәжіліс талқысына түспек.
Мәселе тек қоқыс тастаған, қоршаған ортаны ластағанда емес-ау, көлге қызғылт түс беріп тұрған тұзды шелектеп тасып, оны әлеуметтік желі арқылы келісін 5 000 теңгеден сатқан пысықайларды қайтпекпіз? Көлге көлікпен кіргендер соңдарынан қара дақтар мен іздер қалдырып кеткен. Балшығы дертке дауа, тіпті коронавирусқа да ем бола алады деген дақпыртқа ергендердің ісі мүлдем ақылға қонымсыз. Проблеманың шешімі тек айыппұлдың аз-кемдігінде ғана болса, қош дейтін едік. Айналасына зиян келтіруге ар-ұяты тосқауыл бола алмайтындарды айыппұлдың көптігі шектей ала ма?
Экологиялық мәдениет қалыптаспаған ба?
«Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің директоры Сергей Быков адамдар қарасы азайған қатаң карантин шаралары кезінде Бурабайда тиіндер мен құстардың саны көбейіп, қоқыстың азайғанын мәлімдеген болатын. Ол мұны біздің азаматтардың экологиялық мәдениетінің төмендігімен байланыстырды. Одан бөлек эколог мамандар да біздің елдегі экологиялық мәдениеттің кемшіндігін алға тартады. Сонда оған не себеп? Экологиялық идеологияның болмауы ма? Өркениет өлшемдері бөлек елдерде экологиялық мәдениетті қалыптастыру кешенді жүзеге асырылады, оны оқыту балабақшадан басталады және мектеп, жоғары оқу орнында, кәсіби және жұмыс қызметі барысында жалғасады. Айталық, Еуропаның көптеген елдерінде балалар мен жасөспірімдер арасында табиғатты қорғау тақырыбындағы түрлі олимпиадалар, апталықтар, конкурстар, арнайы акцияларды ұйымдастырады екен. Яғни теориялық мәліметтерді түрлі тәжірибелер арқылы бекітеді. 2018 жылы Ресейде өткен футболдан әлем чемпионатында жапондардың ұқыптылығы мен мәдениеті барлығын таңғалдырған еді. Отырған орындарын жинастырып, соңдарынан бір де бір қоқыс қалдырмаған оларды барлығы үлгі етті. Жапонияда да балаларды жастайынан табиғатты аялауға үйретеді, сәйкесінше заң да қатал. Қоқысты өзімен бірге алып кетуді қиынсыну, көлдің тұзын, суын сатып ақша табу және тағы сондай сияқты пайдакүнемдік әрекеттерді мәдениетсіздіктен бұрын эгоизм деуге де болатын сыңайлы. Осы мәселеден экологиялық эгоизм ұғымы қылаң береді. Яғни, экологиялық мәдениеттің өзі түптеп келгенде жеке адамның санасы мен мінез-құлқына, біліміне тікелей байланысты. Экологиялық мәдениет пен идеология болмаса мәселе айыппұлмен шешіле салмайтын сияқты.Мәселенің шешімі қандай?
Көптеген дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, табиғи демалыс орындары жекеменшікке жалға беріледі. Сәйкесінше, жалға алушы демалыс орнындағы тазалыққа жауапты болады. Жақында Ақмола облыстық Табиғи ресурстар басқармасы Көбейтұзды 49 жылға жекеменшікке беру туралы конкурс жариялаған еді. Артынша қайта жалға берілмейтін болды. Жалпы демалыс орындарын жеке кәсіпкерлерге жалға берудің маңызы бар ма? Бұл туралы Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов бірнеше факторларды ескергеніміз жөн екенін айтады. – Әр табиғи демалыс орнының заңға сәйкес өзіндік ерекшеліктері болады. Кейбірі заңмен қорғалса, кейбірі тек су қоймасы ретінде жұмыс істеп жатыр. Ал келесі біреуі жеке кәсіпорындардың меншігінде. Ішкі туризмді дамыту мақсатында жағажайларды жалға беруге болады. Алайда ол жердің эко жүйесіне назар салу керек. Қандай жануарлар бар, қандай өсімдік өседі, адамдарға қалай әсер етуі мүмкін деген сауалдарға жауап керек. Оған түбегейлі зерттеу қажет. Егер ол жерде Қызыл кітапқа енген жануар немесе өсімдік болса, жалға беруге болмайды. Елімізде арнайы экологиялық құрылыс стандарттары жоқ. Әуелі соны қалыптастырып алуымыз керек. Осы факторларды ескерген соң жеке кәсіпкерге жалға беретін болсақ, кәсіпкер тиімді жұмыс істей ме, соны бағамдау керек. Тиімді жұмыс істесе де, демалыс орнына адамдардың баруына шектеу қоймауы қажет. Ол адамдарға қызмет көрсету арқылы, тазалығына жауап беріп кәсіпкер пайда табады. Одан бөлек, арнайы табиғатты қорғау жөніндегі полицейлерді көбейтуіміз керек. Бұл да құптарлық дүние. Демалыс орындарын қадағалаушылардың жоғынан осындай мәселе туындап жатады, – деді маман. Қорыта айтқанда, Көбейтұз сияқты ерекше тұзды әрі қызғылт түстес көлдер әлемде санаулы ғана. Елімізден бөлек Канада, Түркия, Украина, Австралияда, Испанияда, сосын Сенегалда бар. Аталған елдердің басым көпшілігі көлдерде тек туризмді ғана емес, тұз өндірісін де дамытып отыр екен. Мысалы, Сенегалдағы Ретба көлінен жылына 25 мың тонна тұз алынса, Испаниядағы Ла Мата және Торревьехи көлдерінің табиғи паркінен 13 ғасырдан бері тұз өндіріледі. Қолда бар алтынның қадіріне жетсек, қанекей?!Ділда Уәлибекова