30 Шілде, 12:49 282 0 Экология Анар ЛЕПЕСОВА

Табиғатты аялауды айыппұлмен түсіндіре аламыз ба?

Коронавирус инфекциясына байланысты шектеулер жаз шыға салысымен шетелге саяхаттауға асығатындардың биылғы жоспарын өзгерткені рас. Сәйкесінше еліміздің демалыс орындарына сұраныс артып, көрікті жерлерімізді көргісі келетіндер күрт көбейді. Бұған бір ғана мысал – ерекше түсімен әйгілі болған Көбейтұз көлі. Көл былтыр жазда бүкіл елге танымал бола бастады, көлді көру үшін әр аймақтан, тіпті шетелден де туристер келді. Ал биыл Көбейтұзға келушілердің қарасы тіптен артты. Бірақ көп ұзамай әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында көлдің аянышты халі туралы жазбаларды көрдік. Оған соңғы бір аптада ғана Ақтаудағы итбалықтарға жәбір көрсету, Бурабайдағы үйілген қоқыс, Алматы маңындағы Қызыл кітапқа енген тұңғиық гүлдерді жұлғандарды қосыңыз. Айналып келгенде, мұның бәрі онсыз да күрмеуі шешілмеген экологиялық ахуалды қайта қозғауға мәжбүр етті.

Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назары­нан тыс қалмады. Президент демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздік тоқтамай тұрғанын және бұл жағдайлар өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеуде естен шығаруға болмайтын мәселелерді ашып бергенін айтып, Білім, Экология, Ақпарат министрліктеріне тапсырма берді. Ал Көбейтұз «мемлекеттің ерек­ше қорғалатын аймағы» мәртебесін алды. Осыдан кейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев демалыс орындарын ластағандарға салынатын айыппұл көлемі артатынын мәлімдеген болатын.

– Мемлекет басшысы табиғатқа зиян келтіргені және осы саладағы заң­наманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуді, сондай-ақ айыппұл көлемін арттыру керегін айтты. Енді рейдтер жүргізіледі. Тәртіп бұзушылықтар болса, бірден сол жерде шара қолданылып, айыппұл салынады. Бізбен бірге қоғам белсенділері мен еріктілер жүреді, –деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Министрдің сөзінше, қазіргі заңна­мада қоқыс тастағаны үшін белгіленген айыппұлдың мөлшері мардымсыз, 5 айлық есептік көрсеткіш – 12 625 теңгені құрайды. Сондықтан қазіргі уақытта Экология министрлігінде жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Енді қоқыс төккендерге қылмыстық жаза қарас­тырылуы мүмкін. Бұл заң жобасы биыл күзде Мәжіліс талқысына түспек.

Мәселе тек қоқыс тастаған, қорша­ған ортаны ластағанда емес-ау, көлге қыз­ғылт түс беріп тұрған тұзды шелек­теп тасып, оны әлеуметтік желі арқылы келісін 5 000 теңгеден сатқан пысықай­ларды қайтпекпіз? Көлге көлікпен кіргендер соңдарынан қара дақтар мен іздер қалдырып кеткен. Балшығы дертке дауа, тіпті коронавирусқа да ем бола алады деген дақпыртқа ергендердің ісі мүлдем ақылға қонымсыз. Пробле­ма­ның шешімі тек айыппұлдың аз-кемді­гін­де ғана болса, қош дейтін едік.  Айна­ласына зиян келтіруге ар-ұяты тосқауыл бола алмайтындарды айыппұлдың көп­тігі шектей ала ма?

Экологиялық мәдениет қалып­таспаған ба?

«Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлт­тық паркінің директоры Сергей Быков адамдар қарасы азайған қатаң карантин шаралары кезінде Бурабайда тиіндер мен құстардың саны көбейіп, қоқыстың азайғанын мәлімдеген болатын. Ол мұны біздің азаматтардың экологиялық мә­дениетінің төмендігімен байланыс­тырды. Одан бөлек эколог мамандар да біздің елдегі  экологиялық мәдениеттің кемшіндігін алға тартады. Сонда оған не себеп? Экологиялық идеологияның болмауы ма? Өркениет өлшемдері бөлек елдер­де экологиялық мәдениетті қа­лыптастыру кешенді жүзеге асырылады, оны оқыту балабақшадан басталады және мектеп, жоғары оқу орнында, кәсіби және жұмыс қызметі барысында жал­ғасады. Айталық, Еуропаның көп­теген елдерінде балалар мен жасөс­пірім­дер арасында табиғатты қорғау тақырыбындағы түрлі олимпиадалар, апталықтар, конкурстар, арнайы акция­ларды ұйымдастырады екен. Яғни тео­риялық мәліметтерді түрлі тәжірибелер арқылы бекітеді.

2018 жылы Ресейде өткен футболдан әлем чемпионатында жапондардың ұқып­тылығы мен мәдениеті барлығын таң­ғалдырған еді. Отырған орындарын жи­настырып, соңдарынан бір де бір қо­қыс қалдырмаған оларды барлығы үл­гі етті. Жапонияда да балаларды жас­тайынан табиғатты аялауға үйретеді, сәйкесінше заң да қатал.

Қоқысты өзімен бірге алып кетуді қиын­сыну, көлдің тұзын, суын сатып ақ­ша табу және тағы сондай сияқты пай­дакүнемдік әрекеттерді мәдение­т­сіздіктен бұрын эгоизм деуге де болатын сыңайлы. Осы мәселеден экологиялық эгоизм ұғымы қылаң береді. Яғни, эко­логиялық мәдениеттің өзі түптеп кел­генде жеке адамның санасы мен мінез-құл­қына, біліміне тікелей байланысты. Эко­логиялық мәдениет пен идеология болмаса мәселе айыппұлмен шешіле салмайтын сияқты.

Мәселенің  шешімі қандай?

 Көптеген дамыған елдердің тәжі­ри­бесіне қарасақ, табиғи демалыс орын­дары жекеменшікке жалға беріледі. Сәй­кесінше, жалға алушы демалыс орнын­дағы тазалыққа жауапты болады. Жақында Ақмола облыстық Табиғи ресурстар басқармасы Көбейтұзды 49 жылға жекеменшікке беру туралы конкурс жариялаған еді. Артынша қайта жалға берілмейтін болды. Жалпы демалыс орындарын жеке кәсіпкерлерге жалға берудің маңызы бар ма? Бұл туралы Қазақстанның экологиялық ұйым­дар қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Елдос Аба­қанов бірнеше факторларды ескер­гені­міз жөн екенін айтады.

– Әр табиғи демалыс орнының заң­ға сәйкес өзіндік ерекшеліктері болады. Кейбірі заңмен қорғалса, кейбірі тек су қоймасы ретінде жұмыс істеп жатыр. Ал келесі біреуі жеке кәсіпорындардың меншігінде. Ішкі туризмді дамыту мақ­сатында жағажайларды жалға беру­ге болады. Алайда ол жердің эко жүйесіне назар салу керек. Қандай жануарлар бар, қандай өсімдік өседі, адамдарға қалай әсер етуі мүмкін деген сауалдарға жауап керек. Оған түбегейлі зерттеу қажет. Егер ол жерде Қызыл кітапқа енген жануар немесе өсімдік болса, жалға беруге болмайды. Елімізде арнайы экологиялық құрылыс стандарттары жоқ. Әуелі соны қалыптастырып алуы­мыз керек. Осы факторларды ескерген соң жеке кәсіпкерге жалға беретін болсақ, кәсіпкер тиімді жұмыс істей ме, соны бағамдау керек. Тиімді жұмыс істесе де, демалыс орнына адамдардың баруына шектеу қоймауы қажет. Ол адам­дарға қызмет көрсету арқылы, таза­лығына жауап беріп кәсіпкер пайда табады. Одан бөлек, арнайы табиғатты қор­ғау жөніндегі полицейлерді көбей­туіміз керек. Бұл да құптарлық дүние. Демалыс орындарын қадағалаушылар­дың жоғынан осындай мәселе туындап жатады, – деді маман.

Қорыта айтқанда, Көбейтұз сияқты ерек­ше тұзды әрі қызғылт түстес көлдер әлемде санаулы ғана. Елімізден бөлек Ка­нада, Түркия, Украина, Австралияда, Ис­панияда, сосын Сенегалда бар. Атал­ған елдердің басым көпшілігі көлдерде тек туризмді ғана емес, тұз өндірісін де дамытып отыр екен. Мысалы, Сенегал­да­ғы Ретба көлінен жылына 25 мың тонна тұз алынса, Испаниядағы Ла Мата және Торревьехи көлдерінің табиғи пар­кінен 13 ғасырдан бері тұз өн­дірі­леді.

Қолда бар алтынның қадіріне жет­сек, қанекей?!

 

Ділда Уәлибекова

Соңғы жаңалықтар