Жаңалықтар

Венгриялық ғалым: Қазақстанда Әл-Фарабиден қалған білім мәдениеті бар

ашық дереккөзі

Венгриялық ғалым: Қазақстанда Әл-Фарабиден қалған білім мәдениеті бар

Көшбасшылықтың қыр-сырын үйрету мақсатында шет мемлекеттерден Қазақстанға арнайы шақыр­тыла­тын мамандар жетерлік. Соның бірі – Венгрияға есімі белгілі профессор Золтан Бузады. Студенттермен қатар жергілікті компания басшыларына да тренинг өткізіп жүр­ген венгриялық ғалым Будапештте тұрады. Алты жыл қатарынан Қазақстанға үзбей келіп, дәріс оқып жүр­ген маманмен арнайы хабарласып, әңгімелескен едік. – Өзіңізге ха­бар­лас­қанымда «Қала­ның қай жерінен ха­бар­­ласып тұр­сыз? Анау жер ме?» деп тұр­ған орнымды дәл тап­тыңыз. Соған қа­ра­ғанда осы алты жыл ішін­де елор­даның әр бұры­шын жат­тап алғанға ұқсай­сыз? – Иә, бір көргеннен жаттап алатын әдетім бар. Нюанстарды байқап жүремін. Оның үстіне Қазақстанға, әсіресе Нұр-Cұлтан мен Алматыға жиі келемін. Есептесем, жұмыс істеген алты жылдың ішінде Қазақстанға он жеті рет келіппін. Ал­дағы уақытта жағдай түзелсе, қазан айын­да тағы бармақпын. – Сонымен қатар «мені Хан Сұлтанбек деп атасаңыз болады» де­діңіз, неліктен бұл есімді таң­да­дыңыз? –Бұл – әзіл-шыны аралас әңгіме. Не­гізінен мен өте байсалды профессормын (күліп). Десек те, өмір қызыққа толы болуы керек, сол себепті осы есімді өзіме еншілеп ал­дым. Алматыда оқытқан алғашқы шә­кірт­терімнің бірінің есімі – Сұлтанбек. «Бек» сөзі венгр тілінде кішкене ханзада де­ген мағынаны білдіреді. Ал менің есімім Золтан Сұлтан, яғни билеуші сөзінен шық­қан. Сосын әлгі студентімнің осы екі мық­ты сөзді біріктіре қойылған есімін есті- г­енде таңғалдым. Бірде сол Сұлтанбек: «Мен студентпін, сіз – профессорсыз, сіздің ше­ніңіз менен жоғары, өзіңізді Хан Сұлтанбек деп атауыңыз керек» деп өз ойын айтты. Мұны қалжыңмен айтсам да, десек те бұл есімнің маған пайдасы зор. Әсіресе, Қазақстанда кофеханаға барғанда есімімді Золтан десем, көбі түсінбей мың мәрте сұрайды, ал Хан Сұлтанбек десем бірден түсінеді. Сөйтіп, бұл есім менің адамдармен жақындасуыма септігін тигізді. – Өзіңіз айтқандай, Қазақ­стан­ға арнайы келіп, көшбасшылық туралы дәріс оқып жүргеніңізге алты жыл болыпты. Жалпы, Қазақ­стан­ға деген қызығушылығыңыз әу баста неден туып еді? – Будапештте мен дәріс оқитын уни­верситетте Азия аймағының студенттері оқиды, соның ішінде қазақстандықтар да бар. Осыдан алты жыл бұрын менен дәріс алған қазақ шәкірттерімнің бірі Алма­ты­дағы ҚБТУ университетіне қарасты биз­нес мектебінің директор лауазымына тағайын­далды. Сөйтіп ол елге келіп, сол сала бойын­ша білім алатын студенттерге лек­ция оқуымды өтінді. Осылайша өзіме «Қа­зақстан» деген жаңа «әлем» аштым. Негізі, бұл елмен бұрыннан аз-маз таныспын, се­бебі өзіңіз білесіз, қазақтар мен венг­риялықтарға ортақ тарих бар. Қазақстан мен Венгрияның арасында ортақ ерек­шеліктер баршылық. Соның ішінде, эко­номика жағынан бірнеше ұқсастық бар еке­нін байқадым. Алматыдан бізге өте ұқсас әлеуметтік инфрақұрылымдарды көр­дім. Психологиялық тұрғыда көш­бас­шылық қырынан да ұқсастықты сезіндім. Сөйтіп, осы салада маманданып жүргеннен соң, осы бағытта жұмысымды жалғас­тыруды құп санадым. Жалпы, алты жыл ішінде берген дәрістерім нәтижелі болды деп айта аламын. Еуропа немесе басқа құрлықтан келетін көптеген маман мұнда бір рет келген соң, қайта келмейді. Олар тек ақшаны ғана көздейді, сосын келесі ретте қарасаң Дубай немесе Африкада тре­нингтер өткізіп жүреді. Мен оларға ұқса­ғым келмейді. Бір рет жылт етіп, екінші мәрте мұны аяқсыз қалдыру менің ұстаны­мымда жоқ нәрсе. Сөйтіп, биыл қол үзбей барып, дәріс беріп жүргеніме алты жыл болды. – Алматы мен Нұр-Сұлтан қала­ларынан басқа өңірлерде дәріс өткіздіңіз бе? –Бірде Алматыда жолда келе жатсам, такси жүргізуші: «Астана ұнай ма, әлде Алматы ма?» деп сұрады. Жауап беруге қиналдым, себебі екі қаланы да бөле-жара қарағым келмейді. Осы тұста өзімді жолым болғыш деп есептеймін, себебі екі қалаға да жиі шақыртылып тұрамын. Тек жұмыс кес­темнің тығыз болуы себебінен мұнда бір я екі апта ғана уақыт өткіземін, мұндай әсем қалаларда мейлінше көп уақытқа тұ­рақ­тағым келеді. Басқа қалаларды сұра­саңыз, Атырау, Қарағанды, Көкшетау өңі­рін­де болдым. Келесі кезекте Шымкент пен Түркістан қалаларына барғым келеді. Жал­пы, маған Қазақстанда дәріс өткізген ұнайды. – Әлеуметтік желідегі парақ­шаңызда Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңін венгр тілінде оқыдыңыз, дәріс ту­ралы бір видеоңызда көкпар ұлт­тық ойынын кіріктірдіңіз. Қа­зақ­стан­ның тек бизнес саласына ғана қызығып қоймай, сонымен қатар мә­дениетіне де қызығатын секіл­дісіз? – Жалпы, Венгрияда өзімді Қазақстан­ды жақ­сы танитын маманның бірі деп есеп­­теймін. Абайдың сол өлеңін бір халық­аралық сайысқа қатысу үшін оқыдым. Венгриядағы жергілікті университеттің бірінде қазақ тілін үйрететін бір әйел ма­ман бар. Ол кісі Абайдың дәл осы өлеңінің мазмұны менің жұмысыма жақын екенін ескеріп, арнайы аударып беріп, дәл осы өлеңді таңдауымды ұсынды. Көкпарды тренингте мысал ретінде жиі келтіремін. – Бір сұхбатыңызда екі халық­тың бір-бірін толықтырып тұраты­нын айтыпсыз. Сіздіңше, екі ел бір-бірін қалайша толықтырады? – Жеке басым Венгрия мен Қазақстан арасындағы қатынасты мыңжылдықтар бұрын қалыптасқан туыстық қатынас тұр­ғысынан ғана айтқанды құп көре бер­мей­мін. Мәселен, жыл сайын құрылтай ке­зінде қазақпен ынтымағы жарасқан елдер бас қосып, жылқы мініп, киіз үйден қымыз іше­міз де, жан-жаққа тарқасамыз. Әрмен қарай ештеңе өрбімейді. Бұл дәл қазір бізге қажет емес нәрсе. Бізге өзара биз­нес қаты­нас орнату керек. Ал бизнесті жүргізу жа­ғы­нан біз әлдеқайда алдамыз. Оның үстіне, Еуропалық одаққа кір­ге­німізге он алты жыл толды. Қазақстан – он сегіз миллион халқы бар ірі мемлекет, ал бұл – бизнесті дөңгелету үшін үлкен ба­сым­дық. Бізге АҚШ, Канада секілді ірі мемлекеттермен ынтымақтастық орнату тиімсіз, сол себепті біз өзімізбен көлемі жағынан ұқсас мем­лекеттермен серіктестік орнатуға ынта­лымыз. Сосын Венгрия Қа­зақ­станның рес­ми стратегиялық серік­тес­терінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда бай­ланыс орнатуға әбден негіз бар деп айта аламын. Тағы айта ке­терлігі, екі халықтың да, көмектесуге әзір тұруы көшпенді мә­де­ниеттен қалған әдет деп білемін. – Мұнда дәріс оқи жүріп, елдегі бі­лім беру жүйесімен таныс еке­ніңізді айтып қалдыңыз. Жал­пы, сізден дәріс алып жүрген студент­тердің әлеуетін қалай бағалайсыз? – Жалпы, Қазақстанның студенттері өте зейінді, ұйып тыңдайды. Тағы бір бай­қағаным ұстазды ерекше сыйлайды. Біз Батыс Еуропада дәл осы қасиетті жоғалтып алдық деп ойлаймын. Ал Қазақстандағы ұстазға ерекше қарауды әл-Фарабиден қал­ған білім мәдениеті деп білемін. Десек те, сабаққа уақытылы келу жағынан кемшін тұстар бар. Мәселен, әбден ұқыптылыққа бой үйреткен мен кездесуге он минут бұрын келіп, сол жерде әлі ешкімнің кел­меге­нін байқасам, мазам қаша бастайды. Десек те, бұл сабақты іліп әкетуге кедергі емес. Мәселен, еуропалық студенттер кеші­гіп келген жағдайда сабақты үзіп, сұрақ­тарды төпелете қояды да, ақырында тақы­рыптан ауытқып кетеді. Ал Қазақстанда тақырыпты бірден түсініп, іліп әкетеді. Осыған таңғалдым. Сосын көптің ішінен суырылып шығуға жүрексінетін тәрізді. Әсі­ресе, қыз балаларда ұяңдық басым. Де­сек те, дәріс алушылардың бойынан мейі­рімділікті жиі байқаймын. Біреуге көмектес десе, алып-ұшып тұратын бұл мінезді көш­пенді мәдениеттен қалған әдет деп білемін.