Ғабит Нұрханұлы: Науқастар саны 50 пайызға азайды
Ғабит Нұрханұлы: Науқастар саны 50 пайызға азайды
Елімізде жарияланған қатаң карантин шаралары оң нәтиже бере бастады. Десе де, қауіп әлі сейілген жоқ. Жағдай тұрақтала бастағанымен, ел арасында «екінші толқын бұдан да қауіпті болады екен» деген қорқыныш кезіп жүр. Еліміздің әрбір азаматын толғандыратын маңызды сұрақтарды пандемия басталғалы бері қарусыз майданда алғы шепте жүрген дәрігерлердің бірі, елордадағы инфекциялық аурухананың анестезиолог-реаниматолог маманы Ғабит Нұрханұлына қойған едік.
– Соңғы аптада жағдай біршама тұрақталды деген жағымды жаңалықты естіп қуанып қалдық. Елордадағы бүгінгі жағдай қалай болып жатыр?
– Жағдай тұрақталып келе жатқаны рас, қабылдау бөліміне түсіп жатқан науқастардың саны да, жедел жәрдем шақыртушылар да азайды. Бұрын бір күнде 150-200-ге жуық науқас қабылдасақ, қазір 70-80-ге төмендеді. Науқастар саны 50 пайызға азайды. Оның үстіне, бізге қазір жағдайы жеңіл және орта дәрежедегі науқастар келіп жатқан жоқ, тек ауыр дәрежедегі науқастар келіп жатыр. Өкінішке қарай, бізге ауруын асқындырып барып келіп жатқандар көп. Ауырса да шыдап, жедел жәрдем шақырмай, үйлерінде бір апта көлемінде жатып, ауруы өте асқынып, тіпті өлім дәрежесіне жеткен кезде ғана келіп жатқандар бар. Жеңіл және орта дәрежедегі науқастардың үй жағдайында емделуіне болады дедік, ал оларға жедел жәрдемді қай уақытта шақыру керегін айтпадық. Көп адам ентігуі жиілеген кезде де, тіпті дене қызуы 40 градустан түспей жатқан кезде де шыдап үйінде жата берген. Олай болмайды. Егер науқастың дене қызуы 39-40 градусқа жақындаса, ентігу жиілесе, әлсіздік күшейсе тез арада жедел жәрдем шақыруы керек екенін айтқым келеді.
– Құбылмалы, тез өзгеретін, беймәлім вирус жағдайды бақылауға алуға мүмкіндік бермеген сияқты?
– Иә, вирус өте құбылмалы, оны ультракүлгін сәуле жоя алмайды. Егер байқасаңыздар, бұл вирус Қытайда желтоқсан айында өте суық кезде басталды. Қытай аурудың шарықтау шегінен өтті де, Еуропада, Италияда пандемия көктем айында басталды. Біз суық уақыт өтті, енді ыстық уақытта вирус болмайды деп қателестік. Бірінші шарықтау кезеңінде еліміз бойынша шамамен 3 500 адам ауырады деп ерте болжам жасалды. Шын мәнісінде олай болмай шықты. Бұл құбылмалы вирус күннің сәулесіне өте тез бейімделді де, екінші толқынды күтеміз деп отырғанда бірінші соққыны ысыған шілде айында берді. Адамдар енді карантиннен шығып, күн көзіне шыққан кезде вирус тарап кетті.
Аурудың қалай жұғатынын әлі ешкім тапқан жоқ. Жұғу жолы белгісіз болғаннан кейін сақтану жолы да белгісіз болады. Ауа арқылы жұғады деп жатырмыз, бірақ науқаспен ешқандай байланыс болмаса да вирус жұқтырғандар бар. «Осылай жасасаң, коронавируспен ауырмайсың» деген нұсқаулық жоқ. Бастысы салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, дене жаттығулары, гимнастика. Стрестік жағдайлардан, қарызға ақша және несие алудан қашу керек. Өйткені уайым адамды жегідей жейді, ал бұл иммунитеттің түсуіне алып келеді.
– Ауырған адаммен байланысым болмаса да вирус жұқтырдым дейтін науқастар көп екенін айтып қалдыңыз. Жалпы, симптомсыз науқас қанша уақытта симптомды науқасқа айналады?
– Теориялық тұрғыдан екеуі де бір науқас. Симптомсыз дегеніміз вирус бар, бірақ ол адамның жасушасының сыртында, яғни оның клиникалық белгісі жоқ. Бірақ вирусқа сәл мүмкіндік берсе, 1 минуттың ішінде симптомды науқасқа айналып шыға келеді. Адам салқын су ішсе, балмұздақ жесе, кондиционер алдында тұрып қалса, яғни суық тигізіп алса, симптомсыз түрден симптомды түрге ауысуы ғажап емес.
– Коронавируспен ауырып жазылса да әлсіздік, тершеңдік басатын науқастар бар. Бұл қалыпты жағдай ма?
– Ауырып шыққандар енді жазылып жатыр, алда олардың жағдайы қандай болатынын әлі ешкім білмейді. Қазіргі кезде вируспен ауырған науқастар арасында инфаркт, инсульт, тромбинемия сынды асқыну жағдайлары көп кездесіп жатыр.
– Коронавируспен екінші рет ауырған науқастар бар ма?
– Ресми тіркелген жағдай жоқ, бірақ халық арасында бейресми мәлімет көп кездеседі. Қайталап ауырған әріптестерім бар.
– Ал ауруынан айыққандар оңалту кезінде қалай күтінуі керек?
– Жансақтау бөлімінде жатқан науқастар шипажайға жіберіледі деп айтылды. Бірақ ауруынан айыққандар былай күтінсін деген нақты нұсқаулық жоқ. Қалай болғанда да күтінуге тура келеді.
– Үй жағдайында өкпені оттегімен қанықтырып жаттығулар жасау барлық науқасқа бірдей пайдалы ма?
– Жасы 70-тен асқан, қан қысымы бар, коронавируспен ауыр дәрежеде ауырған науқастар жаттығу жасай алмайды. Өйткені олар ентігіп қалады. Тек жеңіл және орта дәрежеде ауырғандар жасаса болады. Жаттығу деген ол ем емес, тек қосымша сауықтыруға бағытталған.
– Ел арасында күзде балалар көп ауырады деген сөз желдей есіп жүр. Бұлай алаңдауға негіз бар ма?
– Бұл вируспен нақты кім ауыратынын ешкім болжап білмейді, ешбір ережеге сай келмей жатыр. Қыста ауырамыз деп еді, ауырған жоқпыз. Жазда ауырмаймыз дегенде ауырып қалдық. Ал күзде балалар ауырады дегенге келсек, балалар басқа мезгілге қарағанда күзде, қыста тұмауратып, ішек инфекциясы ауруымен көп ауырады, соған байланысты айтылған болса керек.
– Өкпесі зақымданған науқастардың бәрі бірдей компьютерлік томография жасатқаны дұрыс па?
– Вирус өкпені өте ұсақ зақымдайтын болғандықтан, басым дәрежелерде рентгенде көрінбейді, оны тек компьютерлік томография ғана анықтайды. Сондықтан өз денсаулығына бейжай қарамайтын азаматтар кешенді ем алу үшін компьютерлік томография жасатқаны дұрыс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ