126 мың тонна бау-бақша өнімдері жиналды

126 мың тонна бау-бақша өнімдері жиналды

126 мың тонна бау-бақша өнімдері жиналды
ашық дереккөзі

Бұл туралы кеше облыс әкімінің баспасөз қызметі ұйымдастырған пресс-тур барысында Мақтарал ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, биыл ауданда 23 мың 358 гектар жерге бау-бақша өнімдері егілген. Шаруалар бүгінге дейін құны 7,6 млрд. теңге болатын 126 мың тонна өнім жинап отыр. Оның 91 мың тоннасы экспортқа яғни, Ресей мен Белоруссияға жөнелтілсе, 35 мың тоннасы ішкі нарыққа жіберілген.

2016 жыл шаруалар үшін қолайлы жыл болып жатқанын айтқан аудан басшысы бұған дейін мақтаралдық диқандар 1,5 мың гектарға қырыққабат егіп, бұл өнімдер еліміздің Солтүстік облыстары мен Ресейдің нарығын қамтығанын жеткізді.

Мақталы өлкеге арнайы барған журналистер, ең алдымен, Ералиев елді мекеніндегі бау шаруашылығымен айналысатын «Аботя» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Мұнда 12 гектар жерге жүзімнің үш түрі, ал 8 гектарға алманың екі түрі егілген. Шаруа баудан 35-40 тонна өнім жинауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, пресс-тур барысында тілшілер аталған елді мекендегі «Хайет» шаруа қожалығында болып, ондағы жиналып жатқан өнімдерді көрді. Бүгінде жиналған өнімін экспортқа шығарып жатқан қожалық иесі 40 гектар жерге қауын-қарбыз еккенін, оның 10 гектары қарбыз, 30 гектары қауын екенін айтты. Биылғы жылы еккен егіннен мол өнім алып жатқанын айтқан шаруа 1 гектардан 20 тонна мырзашөл қауынын алып жатқанын жеткізді. Ал жалпы 40 гектардан маусымына 1200 тонна қауын-қарбыз жинау көзделуде.

Осылайша, жылдағымен салыстырғанда өнімді молынан алып жатқан мақтаралдық диқандар ала жаздай еңбектерінің ақталатынына қуанышты.