Асхат Аймағамбетов ЖОО оқытушыларының жалақысы қашан өсетінін айтты

Қыркүйектен бастап ЖОО профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысы 20-30 пайызға артады. Білім және ғылым министрлігі аппаратының онлайн отырысында  Асхат Аймағамбетов осындай  тапсырма берді. 

«Ұлттық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеру бойынша тапсырма берген болатын. Жалпы министрлікке қарасты ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеруіміз керек. Бұл мәселені сіздермен талқылаған болатынбыз. Бұл жай көтерген мәселе емес. Сіздердің бюджеттеріңіз бойынша тиісті мамандар талдау жұмыстары жүргізілді, соның нәтижесінде осындай мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан, осы мәселені 1 қыркүйектен жүзеге асыруды тапсырамын», – деді министр.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, ЖОО-дағы грант құнын өсіру туралы Үкімет қаулысының қабылдануы оқытушылардың жалақысын өсіруге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға мүмкіндік береді.

Министрдің дерегіне сүйенсек, 2019-2020 оқу жылында барлық оқу орындары жалақыны орта есеппен 20 пайызға көтерген. Ал 2020-2021 оқу жылында оқытушылар жалақысын шамамен 21-32 пайызға дейін көтереді деп күтілуде.

Еске сала кетсек, бұған дейін ведомство басшысы ЖОО басшыларын оқу бағасын көтермеуге шақырған болатын. Сондай-ақ, қарыздары бар студенттерге бөліп төлеу мүмкіндігін беру қажеттігін айтты.

Back to top button