Кәсіпті нәсіпке айналдыған шаруалар
Кәсіпті нәсіпке айналдыған шаруалар
Грантқа ие болған кәсіпкерлер ауылшаруашылығын дөңгелетіп әкетті. Отандық өнімді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті тұрғындары бау-бақша салып, алғашқы өнімді Алматы қаласындағы ірі сауда орталықтарына өткізуді қолға алған. Былтыр Арзан сауда желісіне 80 тонна қызанақ пен бұрыш жеткізілсе, биыл бұдан да көп көкеніс жеткізбекші.
Биыл Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қорының ұйымдастыруымен "Шелек фермерлері" жобасы аясында грантқа ие болған 20 кәсіпкер ауылшаруашылығы кәсібінің қыр-сырына қанығып, өз өнімдерін жаңа технология бойынша өндіре бастады. Жаңа технологияның негізгі мақсаты – жұмысты неғұрлым азайтып, өнімділікті соғұрлым ұлғайту. Бұл турасында Агробизнес бағдарламасы аясында бірлесе жұмыс істейтін АҚШ-тың Флорида университетінің профессоры Стюард Сноусон түсіндірді.
– Біздің мақсатымыз жетік технологияның көмегімен мол өнім алып, табысты арттыру. Сондықтан төрт бағыт бойынша жұмыс жасау керек. Біріншіден, жаңа сұрыпты енгізу. Екіншіден, тыңайтықышты орынды пайдалану тәсілдерін меңгеру. Үшіншіден, тамшылатып суаруды жаппай қолданысқа енгізу. Себебі Қазақстанда сумен қамтамасыз ету – негізгі фактор. Тамшылатып суару арықпен су тартуға қарағанда 98 пайызға үнемді. Төртіншіден, топырақты дұрыс таңдау. Өсімдікті аптап ыстық пен көктемгі үсіктен сақтап қалуы керек, – дейді профессор. Сондай-ақ тыңайтқышты дұрыс пайдалану мәселесін де кеңінен тарқатты. Американ ғалымының айтуынша, өсімдікке де, топыраққа да зиянсыз тыңайтқыштар – азот, фосфордың дұрыс мөлшерін пайдалану адамның уақытылы тамақтануы сияқты қажетті дүние. Мәселен былтыр 50-60 мың теңгеге тыңайтқыш салынған жердің жалпы өнімділігінің құны 1 миллион 800 мың теңге болған. Сондықтан бау-бақша мәдениетін ескі әдіс-тәсілдермен өсіретін жергілікті шаруалардың жаңа технологияны меңгеруі маңызды.
Жергілікті шаруалардың бірі, шағын кәсіпкер Мардан Бадалов Агробизнес орталығында білімін толықтырды. Бүгінде қияр өсіреді. Биыл шағын жылыжай салып, ерте өнім алды. Жеке шаруа қожалығының егесі еңбегінің еш кетпегенін айта келе, болашақта жылыжайдың аумағын үлкейтетінін айтты. «Көкеніс өсірумен бұрыннан айналысып келеміз. Бірақ еңбек күші мен шығынды неғұрлым аз жұмсауды, ал өнім мен табысты молайтуды Агробизнес орталығынан үйрендім. Бұрын шаруа қожалығым болған, бірақ іс-қағаздарын жүргізуді білмейтінмін. Тіпті шығын мен табысты да мардымды есептей алмайтынбыз. Қазір менің жылыжайымда он адам жұмыс істейді. Қиярдың екі түрін өсіреміз – ерте және кеш өнім беретін сұрып. Биыл ерте мезгілді сұрыптан 6 тонна қиыр алдым, Алматы қаласы базарлары мен «Арзан» сауда дүкеніне 130-150 теңгеден өткіздік. Ал кеш пісетін сұрыпты қиярдан шамамен 12 тоннадай өнім аламыз. Бірақ оның бағасы арзандау болады. Мен барлық шығындарды жауып, аз да болса табысқа қол жеткіздім. Келешекте басқа да көкөністер егуді көздеп отырмын», – деді.
Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қорының ұйымдастыруымен осынау шаруа қожалықтарын көру мүмкіндігі туды. «Шелек фермерлері» жобасына қатысушы Тұрған Ибрагимов Гайрат аулының тұрғыны. Ол орталықтың қаржыландыруымен жылыжай салып, онда эксперименттік жоба ретінде қызанақ өсіре бастаған. «Маған орталық жылыжай салып, жылыту және суару техникасын орнату үшін ынталандыру мақсатында 111 мың теңге берді, қалған 700 мың теңгені өз қаражатымыздан қосып, екі сотық жерге жылыжай салдық. Қазір осы аумаққа 560 түп аламини сұрыпты қызанақ отырғыздық. Бұл сұрыптың ерекшелігі бір жыл бойы өнім бере алады. Бір айда бір түп 2 кг қызанақ береді. Мен бұл тәжірибені Оңтүстік Қазақстан облысынан көрдім. Осы таныстыру саяхатынан кейін мен қосалқы шаруашылық жағынан шағын жылыжай салу идесына қызықтым. Алғашқы өнімді 7 маусымнан бастап жинадық. Тұрақты қалалық клиенттеріме 350-400 теңгеден бір тоннадай өнім өткіздік. Мен үшін бұл отбасылық бизнесті дамытудың ұтымды жолы. Осы технологияның арқасында біздің өнімімізге ауа райының әсері жоқ. Әсіресе биылғы жауын-шашында есебіміз түгел», – деді фермер.
Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарының көпшілігі бау-бақша өсірумен айналысады. Құлжа тасжолының бойында тізілген құлпынай, жүзім, күз мезгілінде қызанақ, картоп пен бұрыштан көз ашпайсың. Бұл жергілікті халықтың еңбекқорлығы мен аймақтың бау-бақша салуға қолайлы болуынан. Ал Елбасы Жолдауындағы Агробизнесті дамыту осы аумақта нағыз іске асып отыр. Алматы қаласына жеткізілетін көкеніс пен жеміс-жидектің көпшілігі Қытай мен Қырғызстаннан келеді. Десе де Алматы түбіндегі бір ғана ауданның өнімдерін бірен-саран болса да, дүкен сөрелерінен көрініп жүр. Болашақта алып шаһардың көк базарларын қамтитын индустрия осы жақтан бастау алып келеді.