Жаңалықтар

Нұротандықтар маңғыстаулық дәрігерлерді қуантты

ашық дереккөзі

Нұротандықтар маңғыстаулық дәрігерлерді қуантты

«Nur Otan» партиясының бастамасымен әр өңірде науқастардың өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлерге көмек көрсету мақсатында «Дәрігерлерге мың алғыс!» акциясы бастау алған болатын.

Осы бастама аясында партияның Маңғыстау облыстық филиалының мүшесі, мәслихат депутаты Ахмет Салманов пен «Oil Construction Company” ЖШС бас директоры Ақылбай Сапаровтың ұйытқы болуымен мұнайшылар Ақтаудағы «Көктем» және «Арман» қонақ үйінде орналасқан дәрігерлерге азық-түлік, жеміс-жидек пен шұбат жеткізді. Қазіргі уақытта бұл қонақ үйлерде 100-ге жуық медицина қызметкері тұрақтаған. Акция одан әрі Жаңаөзен қаласында жалғасын тапты. «Jas Otan» жастар қанаты мен еріктілер бірлесіп, қалалық көпбейінді ауруханаға азық-түлік пен жеміс-жидек салынған «Алғыс пакеттері» табыстады. Дәрігерлерді қолдау акциясы мұнымен шектелмей, Мұнайлы ауданында жалғасты. Мұнда да «Jas Otan» ЖҚ бастамасымен ауданның белсенді жастары ауданның орталық ауруханасына жеміс-жидек пен тәттілер жеткізді. – Мұнайлы аудандық провизорлық ауруханасында 40-қа жуық науқас бар. Екі дәрігер мен екі медбике қызмет атқарып жүр. Осы дәрігерлерге алғыс білдіріп, қазіргі қиын уақытта бірге екенімізді жеткіздік, – дейді Мұнайлы аудандық «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Абай Түзелбай. Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы Қарақия аудандық филиалының мүшелері Қалмырза Бүркітов пен Бақтыгерей Дүсіпов Жетібай ауылындағы провизорлық орталыққа 15 оттегі баллонын жеткізіп, 20 дәрігерді қажетті азық-түлікпен қамтамасыз етті. Одан бөлек аудан «Жетібаймұнайгаз»  ЖШС демеушілігімен арнайы су шашатын техникалар бөлініп, короновирус инфекциясының алдын алу мақсатында ауылдағы аурухана айналасын, ауылдың орталық алаңы мен көшелерін дизенфекциялау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының мүшесі Қуанышбек Абдрахман Құрық және Жетібай ауылдарындағы провизорлық стационарларға  8 дана пульсоксиметр мен дәрі-дәрмектер жеткізді. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.