Диабетке қарсы күрес

Диабетке қарсы күрес

Диабетке қарсы күрес
ашық дереккөзі
Қазіргі таңда өмір сүру тәртібін дұрыс қалыптастыру салауатты өмір салтының басты қағидасы. Ауаның ластануы, қимылсыз өмір салты мен адам денсаулығына зиянды тағамдардың көбеюі адам денсаулығына кері әсерін тигізуде. Осы мақсатта жуырда "Несчастный случай" атты арт-инсталляциялық көрме ұйымдастырылды. Бұл көрменің ерекшелігі – әрбір сурет адамға ой салады. Атап айтсақ, супермаркет себетінен жасалған торға қамалған бала, диванға жартылай батқан ер адам және алақанға тамған қан экспозициялары қойылған. Бұл қала халқы мен қала қонақтарын дені сау өмірге қадам басуға шақырады. Себебі күнделікті күйбеңге салынған көпшілік дені сау бір күннің болашақты ұзартатынын есіне ала бермейді. Ал түптеп келгенде, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аз болуы мен денсаулыққа салғырт қарау диабетке соқтырады. Бүгінде елімізде 274 мың адам қант диабеті ауруына (сусамыр)  шалдыққан. Олардың 90 пайызға жуығынан диабеттің екінші типі анықталған, яғни мұндай адамдар тамақтану мен қимылсыз өмір сүре берсе, диабетін қоздырып алады. Сондай-ақ сусамырдың бұл түрі тек 5-10 жылдан кейін ғана анықталады екен. Олай болса, қант диабеті анықталмаған адамдар әлі қаншама, олар осы аурумен өмір сүріп келеді, тіпті аурудың бетін қайтаруға тым кеш болатын жайттар да кездеседі. Сондықтан көрмеде Алматы және Астана қалалары әкімдігі мен «Қазақстан Республикасы диабетті түсіндіру қорының» ұйымдастыруымен «Внимание: диабет рядом!» жобасының еріктілері халыққа бұл аурудың азабы мен оны емдеудің  жолдарын түсіндірді. – Әдетте біз кінәні сыртқы факторларға итере саламыз: тағам түрлерінің жарнамасы, қимыл аз кеңселер мен ақпараттан бейхабар болу. Бірақ осы жағдайға бізді итермелеген өзіміз емес пе? Сондықтан біз қалың көпшілікті аурудың алдын алуға шақырамыз, – деді С.Асфендияров атындағы ҚазМҰУ студенті Әлібек Ибрагимов.