Нұротандықтар оттегі концентраторын алуға көмектесті
Нұротандықтар оттегі концентраторын алуға көмектесті
Ақтөбе облыстық фтизиопульмонологиялық орталығының жанынан ашылған провизорлық орталыққа бірнеше күн бұрын қорғаныс киімдерін алып берген ақтөбелік партиялықтар бүгін тағы жақсы жаңалықтармен оралды.
Бұл жолы игі істі «Nur Otan» партиясының «СНПС – Ақтөбемұнайгаз»АҚ-дағы бастауыш партия ұйымы ұйымдастырып, қажетті аппараттарды алуға күзет фирмалары демеушілік жасаған. Орталықтың бас дәрігері, партияның қалалық филиалы саяси кеңесі мүшесі Ерлан Татимов жан-жақты қолдау көрсетудің нәжижесінде қазір орталықтағы аппараттар толыққанын айтты. Аппараттарды науқастардың барлығы бірдей қажет етпесе де, ем алып жатқан 300-ден астам адамға жеткілікті.
– Бастауыш партия ұйымы, Алматы ауданы әкімшілігі және белсенді азаматтар акцияға атсалысып, 7 оттегі концентраторын сыйға тартып жатыр. Бір уақытта аппаратты 2 адам пайдалана алады. Яғни 7 концентратор 14 адамның ем алуына мүмкіндік береді. Бізді мемлекеттік емес ұйымдардың, ақтөбеліктердің азаматтық позициясы, халыққа деген жанашырлығы тәнті етті. Ниеттері мен құрметіне алғысымыз шексіз. Халық ауырмасын, дерт дендемесін, – деді ол.