30 шілдеде Ресей Байқоңырдан «Протон-М» зымыран-тасығышын ұшырады

«Бриз-М» үдеткіш блогы мен «Экспресс-103» және «Экспресс-80» ресейлік телекоммуникациялық ғарыш аппараттары бар «Протон-М» зымыран-тасығышын ұшыруға дайындық аяқталуға жақын.

Кеше, 2020 жылдың 25 шілдесінде мемлекеттік комиссия ғарыштық мақсаттағы зымыранның, мамандардың, жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерінің ұшыруға дайындығын қарап, ғарыш айлағының №200 старт кешеніне ғарыштық мақсаттағы зымыранды шығару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Роскосмостың баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлады.

Бүгін таңертеңнен зымыранды технологиялық жанармай құю алаңынан старттық кешенге тасымалдау және оны орнату жұмыстары басталды. «Бриз-М» үдеткіш блогы мен ресейлік телекоммуникациялық ғарыш аппараттары бар «Протон-М» зымыран-тасығышын ұшыру 2020 жылдың 30 шілдесіне, Нұр-Сұлтан уақытымен 03:27:42-ге жоспарланған.

«Экспресс-80» және «Экспресс-103» — «Экспресс-1000Н» спутниктік платформа базасында академик М.Ф. Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» компаниясында дайындалған орта санаттағы ресейлік телекоммуникациялық ғарыш аппараттары.

Спутниктер белгіленген және жылжымалы байланыс қызметтерін, цифрлық телерадио хабар таратуды, «Интернет» ақпараттық-телекоммуникация желісіне жоғары жылдамдықты, сондай-ақ Ресей аумағында және ТМД елдерінде C-, Ku- және L- диапазондарда мәлімет беруді қамтамасыз етуге арналған.

 

Back to top button