Жамбыл облысында 4 ауыл әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Жамбыл облысында 4 ауыл әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Жамбыл облысында 4 ауыл әкімінің үстінен қылмыстық іс қозғалды
ашық дереккөзі
Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің 6 айлық жұмысы қорытындыланды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ә. Әшірбаев 6 айлық жұмыс жөнінде есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. "2020 жылдың 6 айында департамент 73 қылмыстық істі тіркеген. Оның ішінде ауыр санатында - 54, аса ауыр санатында - 1 және жедел жолмен 54 қылмыс тіркелген. Жасалған заңсыз іс-әрекеттер үшін 49 тұлға қылмыстық жауапқа тартылды. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 189-бабымен Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Сариев 6,9 млн тенге көлемінде айыппұл жазасына және аталған басқарманың бөлім басшысы Бексеитова 2 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру жазасына тартылды", - деп мәлім етті департамент басшысы. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 361-бабында қарастырылған қылмысты жасағаны үшін Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Шалқарбековтың 1 жылға бас бостандығы шектелді. Қылмыстық кодекстің 366-бабымен Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің Шу ауданы полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесінің бастығы Абдикалыковқа 7,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жамбылда облыстық мәндегі басшыларға қатысты - 5 іс, қала мен аудан деңгейінде - 5 басшы және 4 ауыл әкіміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. 67 қылмыстық іс сотқа жолданған.