«Нұр Отан» партиясы: Жастар – жасампаздықтың жаршысы

«Нұр Отан» партиясы: Жастар – жасампаздықтың жаршысы

«Нұр Отан» партиясы: Жастар – жасампаздықтың жаршысы
ашық дереккөзі
Астана күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесінде партия билеттерін тапсыру салтанатты рәсімі болып өтті. Партия қатары жас ғалымдар, инженерлер, жұмысшылар, кәсіпкерлер, спортшылар, ұстаздар, дәрігерлер және әртістермен толықты. Партия мүшесі атанғысы келгендердің арасында «Назарбаев Университеттің» ғалымдары мен ұстаздары, Ұлттық медициналық холдингтің қызметкерлері, «Астана операның» әртістері, сондай-ақ, мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының аясында салынған еліміздің жаңа өндірістік алыптарының инженерлері мен жұмысшылары бар. Іс-шараны ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед салтанатты рәсімге қатысушылар өкілдері болып табылатын бірегей мекемелер Партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын айтты. Бұл кәсіпорындар Астананы Қазақстанның инновациялық орталығы ретінде қалыптасуының негізін қалады. – Бүгін біздің қатарымызды мәдениеттің, өнердің, ғылымның, білімнің және медицинаның жас өкілдері толықтырып отыр. Сіздердің әрқайсысыңыз Астана өміріндегі аса маңызды салалардың ажырамас бір бөлшегісіздер. Бұл жерде «Назарбаев Университеттің» ұстаздары, Ұлттық медициналық холдингтің қызметкерлері және «Астана опера» театрының әртістері бар. Бұл таңғажайып жобалардың барлығы біздің Елбасымыздың тікелей бастамасымен құрылды. Араларыңызда Астанадағы жаңа кәсіпорындардың жас жұмысшылары мен инженерлері де бар. Ол кәсіпорындар да Президенттің индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының арқасында салынды, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Сонымен қатар, партия Төрағасының Бірінші орынбасары мемлекеттің жастарға жасаған мүмкіндіктері қаншалықты мол болса, олардың келешегінен күтер үміт те соншалықты көп екенін жеткізді: «Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясының қатарына өткісі келетін жастарымыздың көптігі көңіл қуантады. Мұның басты себебі, Қазақстан – биыл өзінің 25 жылдығын тойлайтын жас мемлекет. Ал «Нұр Отан» – жас партия. Бізге келесі жылы 18 жыл толады. Мемлекет басшысы Қазақстан жастары үшін жаңа елорданың іргесін қалады. Алдыңғы қатарлы өндіріс орындарын, магистральдар мен бірегей жобаларды да сіздер үшін салып жатыр. Елбасымыз сіздерге зор сенім артып отыр. Сондықтан Президенттің озық саясатының басты жалғастырушылары да дәл сіздер болуларыңыз тиіс». Өз кезегінде партияның жаңа мүшелері қазақстандықтардың жас буыны атынан Елбасыға жастарға өзін өзі жетілдіруге жасаған зор мүмкіндіктері үшін ризашылықтарын білдірді. Олар мемлекет салған инвестицияны ақтайтындарына және Президентіміз көрсетіп берген биік мақсаттарды жүзеге асыру жолында аянбай тер төгетіндеріне сендірді. Бүгінде «Нұр Отан» партиясының билетін алғандардың қатарында бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Зарина Цолоева, «Славянский базар-2015» халықаралық ән байқауының Гран-при иегері Дінмұхаммед Құдайберген, Судағы поло федерациясының директоры Сергей Дроздов, Шығыс Қазақстан облысынан келген жұмысшы-механик Иван Подкорытов, заңгер Гүлнәр Көшекова, фермер Әсет Рахматуллин, суретші-дизайнер Мақсат Айдүйсенов, КТК командасының мүшесі Ғалымжан Кеңшілік, жастар кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Айдос Балтаев, тележүргізуші Сандуғаш Сұлтанова, дәрігер-ревматолог Айгүл Айтмағанбетова, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Алена Павловец, «Астана опера» балет театрының жетекші солисі Жандос Әубәкіров, «Астана опера» опера театрының жетекші солисі Сүндет Байғожин, колледж студенті Рустам Зайнекеев, медицина ғылымдарының кандидаты Айгүл Сапарбекова, Еуразия Ұлттық университетінің студенті Аружан Қабыкенова, «Астана зеленстрой» АҚ шебері Іңкәр Наурызбаева, локомотив депосының шебері Асылжан Жакешов және металлург Нұрлан Манарбеков бар. Нұротандықтардың саны қазірдің өзінде миллионнан асып жығылады. Партия қатарына жаңадан қосылған жастардың бірқатарын әңгімеге тартқанды жөн көрдік. Сүндет Байғожин, «Астана опера» театрының жетекші опера солисі: – Шетелде оқып жүрген кезімде біздің Астанада «Астана опера» сынды сән-салтанаты келіскен зәулім театр салынады деп армандамайтын да едім. Еліміздің барлық әртісі осындай мәдениет пен өнердің алтын ордасы үшін Мемлекет басшысына шексіз ризашылықтарын білдіреді. Айдос Балтаев, Жастар кәсіпкерлік комитетінің төрағасы, Астана: – Қазақстанның барлық кәсіпкері «Нұр Отан» партиясын қолдайтынына сенімдімін. Себебі біздің Елбасымыз кәсіпкерлерге, әсіресе өндірушілерге әрдайым қолдауын көрсетіп келеді. 25 жасымда киім-кешек тігумен айналысатын кәсіпорын құрып үлгердім деп сеніммен айта аламын. Алайда мемлекеттің қолдауынсыз бұл мүмкін болмас еді. Елімізде адал еңбек етіп жүргендерге көмек көрсетіліп отырғаны өте қуантады. Дінмұхаммед Құдайберген, әнші, Ақтөбе: – Мен «Нұр Отан» партиясын бірінші кезекте жастар партиясы деп есептеймін. Себебі тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде еліміздің қол жеткізген жетістіктерінің барлығы алдымен біздерге – жастарға өз пайдасын тигізуде. Сондықтан біз «Нұр Отан» партиясының басты қозғаушы күші болуымыз керек. Мақсат Айдүйсенов, суретші-дизайнер, ОҚО: – Сұлу Астанамыздың төрінде партия қатарына қосылып отырғаныма өте қуаныштымын. Оған қоса, партиялық билетті сүйікті Астанамыздың туған күні қарсаңында қолға алып отырғаным үшін өзімді екі есе бақытты сезінемін. Небәрі 18 жылдай мерзімде Елбасымыздың дәл осындай ғажайып мегаполисті тұрғызғанына әлі күнге дейін таң қаламын. Астананы айрықша сәулет жарасымдылығы, дизайнерлік және сәулет шеберлігінің шыңы деп білемін. Алена Павловец, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, Астана: – «Нұр Отан» партиясы үшін маңызы жағынан бірінші орында халықтардың бірлігі тұрады. Сол себепті де, мен партия қатарына қосылуды жөн санадым. Егер халықтың береке-бірлігі бекем болса, Қазақстанның кез келген биікті бағындыратынына сенімдімін. Аружан Қабыкенова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті: – Мемлекет басшысы және «Нұр Отан» партиясы жастарды айрықша назарда ұстайтыны қуантады. Бағымызға орай, біз тәуелсіз Қазақстан жерінде туып, еліміздің күннен-күнге дамып, гүлденіп келе жатқанының куәгерлеріміз. Ол үшін аға буынға рақметімізді айтып, өзіміз де қол қусырып отырмауымыз қажет деп білемін. Барымызды бағалап, оны іске асыруымыз қажет. «Нұр Отан» партиясының қатарына қосылу туралы шешімімнің басты себебі де осында.  

Анар ЛЕПЕСОВА