«Ақан сері – Ақтоқты» - Ғашықтарға Ғабең соққан ескерткіш

«Ақан сері – Ақтоқты» - Ғашықтарға Ғабең соққан ескерткіш

«Ақан сері – Ақтоқты» - Ғашықтарға Ғабең соққан ескерткіш
ашық дереккөзі
Маусым айының соңы жақындаған сайын рухани байлықты, жан азығын театрдан іздейтін қауымның көңілі жабырқай бастайды. Өйткені театрлардың бәрі кезекті маусымын аяқтап, қоңыр күзге дейін демалысқа кетеді. Алайда театр көрермендері қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов театрының 90-маусымы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысымен» жабылады дегенді естігеннен-ақ, театрмен уақытша қош айтысар күнді асыға күтті. Себебі бұл серінің елімен – Ақанның қазағымен қайта қауышар сәті еді. Қауыштық. Қойылым жаңа нұсқада қойылғалы жатыр деген сөз құлағымызға жеткен соң, спектакльді сахналаушылар жаңалықтың көкесі осы екен деп Ақанды темірқазығынан алыстатып жібере ме деп алаңдағанымызды несіне жасырайық. Оның үстіне, «Ақан сері – Ақтоқты» – режиссер Қуаныш Адыловтың қазақ театрындағы алғашқы жұмысы. Неміс театрындағы қойған үш спектаклінің біреуі халықаралық театрлар фестивалінде «Ең үздік режиссура» аталымын иеленсе, қуыршақ театрында қойған «Каштанка» спектаклі өткен жылы «Сахнадан сәлем!» атты ІІІ халықаралық театрлар фестивалінде бас жүлдені жеңіп алған режиссер үшін бұл трагедия қазақ театрындағы бірінші тәжірибе болды. М.Әуезов театрында үш рет сахналанып, ұзақ жылдардан кейін қайта қолға алынған спектакльге кірісерде Қ.Адылов өзгеріс енгізіп, жаңалық ашуды мақсат тұтпаған. Өткен мен бүгінгінің арасындағы тіні үзілмеген байланысты, қай заманда да өзектілігін жоймайтын мәңгілік тақырыпты қазіргі көрерменнің танымына жақын тәсілдер арқылы суреттеуді көздеген. «Ақан сері – Ақтоқты» – бұл театрда үш рет сахналанған қойылым. Айтар ой, суреттелер оқиға бір болғанымен, әр режиссердің таным-таразысы, ойды жеткізу тәсілдері әр қилы. Сондықтан бұл спектакль бұрынғыларға ұқсамауы мүмкін. Бірақ ерекшелік енгізейін, өзгеріс жасайын деген мақсат болған жоқ. Мықты драматургия актерді де, режиссерді де өсіреді. «Ақан Сері – Ақтоқты» спектаклінің тақырыбы – мәңгілік махаббат тақырыбы. Махаббат болған жерде қызғаныш та қатар жүреді. Сондықтан қойылымның өз көрермені болады деп ойлаймын», – дейді режиссер. Сөз зергерінің ғашықтар туралы қасіретті дастаны 1942 жылы тұңғыш рет сахналанған кезде спектакльде Шәкен Айманов, Шолпан Жандарбекова, Қапан Бадыров, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сынды өнер майталмандары ойнап, содан кейінгі қойылымның қырық жылдық ғұмырында образдардың бәрі де тек таңдаулы таланттардың еншісіне тиіп отырған. Бұл жолы да режиссердің таңдауы өнерде оза шапқан жүйріктерге түсіп, оқырман мен көрерменнің сүйікті кейіпкерлерін сомдау нағыз таланттардың бағына бұйырыпты. Күміс көмей әнші, композитор, сал-сері Ақанның образы Қазақстан «Серпер» Жастар одағы сыйлығының лауреаттары Еркебұлан Дайыров пен Алмас Шаяхметовке тапсырылса, Ақан әндерінің арқауына айналған ару Ақтоқтының рөлі Қазақстан «Серпер» Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ләззат Қалдыбекова мен жас актриса Жанель Мақажанның еншісіне тиген. «Ақан – бүкіл Қарауылдай елді аузына қаратқан ақын әрі айтар ойын бүкпейтін, құйындай жүйткіп келіп, құландай ойнақтап өте шығатын сері. Бұл рөлім «Ай тұтылған түндегі» Ақжігітке де, «Бейбарыс сұлтандағы» Құтызға да, «Абайдағы» Айдарға да, «Жүз жылдық махаббаттағы» Мағжанға да ұқсамайтын, олармен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кереғар бейне. Режиссеріміз Қуанышбек Адыловтың шешімі бойынша спектакльде кейіпкерімді көңілді, тентектеу, қызуқанды етіп алуға тырыстық. Бұл Ақан сері бұрынғы Ақан серілерден өзгерек. Себебі режиссердің жеке қолтаңбасы бар. Оның айтар ойы да, көзқарасы да, қойылымның формасы да басқа. Әлдеқайда заманауи, еуропалық стильде деп айтар едім. Ал менің Ақаным қалың көрерменнің көңілінен шықты деп ойлаймын», – дейді Алмас Шаяхметов. Қойылым соңында актерге соғылған қошеметті ол сомдаған серіге деген ықыластың көрсеткіші деп білдік. Ақанның аяулы ғашығын сомдаған Ләззат Қалдыбекованың актерлік шеберлігі де 2 сағат бойы сахнаға телмірген қалың көрерменді сүйсінтпей қоймады. «Режиссер маған Ақтоқты рөлін сеніп тапсырғанда жауапкершіліктің жеңіл болмайтынын түсіндім. Бұл актриса ретінде бағыма бұйырған образ деп ойлаймын. Оған қоса Ақандай серіге ғашық болған Ақтоқты бейнесі табиғатыма жақын. Өзім лирикаға жақын болғандықтан нәзік, сезімтал арулардың рөлі оң жамбасыма келеді. Десе де, дайындық уақыты тығыз болғандықтан ақ өлеңмен жазылған пьесаны игеру оңай болған жоқ. Әр актердің ерекшелігін дөп баса білетін режиссердің арқасында рөлім сәтті шықты деп ойлаймын. Ақтоқты қоржыныма ең бағалы рөлдердің бірі болып енбек», – дейді актриса. Қойылымды көріп отырып, ақын мен биліктің, жаңа мен ескінің арасындағы қақтығыстың құрбаны болған Ақтоқты арудың басына түскен мұң-қайғы бүгінгі қазақ қыздарынан аулақтағанына шүкіршілік еткенімізбен, зұлымдық пен ғаділеттің, жақсылық пен жамандықтың, ақ пенен қараның дүниенің өзіндей кәрі майданы тоқтамайтынына көзіміз жеткендей. Қарабайыр тұрмыс шеңберіне сыймаған Ақан көрермен алдындағы қысқа, бірақ мән мен мағынаға толы жалынды ғұмырын кешіп шықты. Безбүйрек, әккі қоғам ғашықтарды бір-бірінен ажыратып тынды. Бірақ олардың махаббаты мәңгілік дастанға айналды. Бүгінде Ақан серінің аты аталған тұста Ақтоқты арудың есімі қосақтала жүруі заңдылық. Өйткені ғашықтарға Ғабең соғып берген ескерткіш ешқашан ескірмейді.  

Анар ЛЕПЕСОВА