Футболдан Қазақстан чемпионаты 3 тамызда қайта жалғасады

Футболдан Қазақстан чемпионаты 3 тамызда қайта жалғасады

Футболдан Қазақстан чемпионаты 3 тамызда қайта жалғасады
ашық дереккөзі
Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты 3 тамызда қайта жалғасады, – деп хабарлады Қазақстан футбол федерациясы. 8 наурызда басталған доп додасы екі турдан кейін елімізде коронавирус пандемиясының өршуіне байланысты кейінге шегерілген болатын. 1 шілдеде үшінші тур ойындары өтті. Алайда елімізде карантин шараларының күшеюіне байланысты доп додасы тағы да кейінге шегерілді. Енді Қазақстан чемпионатын Алматы қаласында өткізу жоспарланып отыр. Ойындар Алматы және оған іргелес орналасқан Талғар қалаларында өтеді. Осыған байланысты Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин отандық клубтарға үндеу жолдады. Онда доп додасын жалғастырудың мүмкіндігі жайында айтылған. «Ойындар Алматы мен Талғар қалаларында өтеді. Бұл чемпионатты жалғастыру бағытындағы ең қолайлы шешім екенін айта кету керек. Отандық клубтар үшін қатынау, футболшыларды ойыннан кейін қалпына келтіру бойынша қолайлы жағдай жасалады. Оған қоса командалар уақыт пен қаржы үнемдейді. Жеке автобусты пайдалану, бір базада тұру және өзге адамдармен қарым-қатынасты азайту жағы ескеріледі. Карантин шарттарын сақтау – эпидемиологиялық қауіпсіздік тұрғысынан дұрыс шешім», – деді Азамат Айтқожин. Барлық командалардың мемлекеттік органдар бекіткен санитарлық хаттама шарттарын орындауы басты назарға алынады. Футболшылар ойыннан бұрын ПТР тест тапсырады. Олардың денсаулығын бақылау әрбір клубтың медицина қызметкерлеріне жүктеледі. Чемпионаттың барлық ойыны республикалық «Qazsport» телеарнаcынан тікелей эфирде көрсетіледі.