Сәтбаевтағы оқиға: Жеңіс Қасымбек аймақ тұрғындарына үндеу жолдады

Сәтбаев қаласында бес жасар қызды ұрлау ісі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аймақ тұрғындарына арналған бейнеүндеуде мәлімдеді.

Облыс әкімі күдіктінің ұсталғанын, қазір барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Қыз ата-анасымен бірге үйінде. Өңір басшысы баланың денсаулығын үздік мамандар қадағалайтынына сендірді.

«Өкінішке қарай, Сәтбаевта оқиға орын алған түні кінәсіз адамдарға зиян келген. Тәртіп бұзғандарды тоқтату үшін жеке құрам оқиға орнына жұмылдырылды. Мен азаматтарымыздың жүрегінде наразылық толы екенін түсінемін және келісемін. Бірақ біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, сондықтан да эмоциямызды тыйып, болған жағдайды құқықтық алаңда қарауымыз керек», – деді Жеңіс Қасымбек.

Ол сондай-ақ тергеу аяқталғаннан кейін кінәліні қатаң жаза күтіп тұрғанын атап өтті.

 

Back to top button