Халықаралық көрмелер Ұлы Жібек жолынан бастау алған

Халықаралық көрмелер Ұлы Жібек жолынан бастау алған

Халықаралық көрмелер Ұлы Жібек жолынан бастау алған
ашық дереккөзі
Еліміз ЭКСПО көрмесін өткізудің дайындық шараларын пысықтауға кірісіп кеткелі қашан. Мұны өткізу мүмкіндігіне қол жеткізудің өзі оңай болған жоқ. Дегенмен, тарихы 160 жылдан асатын көрменің қазақ елінде жалғасын табуы үлкен мәртебе екені анық. Ал шын мәнінде бізге көрме жат нәрсе ме? Қазақтың сайын даласында, Ұлы Жібек жолының бойында керуен көшіндей жалғасқан түрлі жәрмеңке мен көрме кез келген халықаралық көрменің бастауы емес пе?!

Көрменің қызығы көп таңқаларлық

Қазақ көрме мен жәрмеңкемен бүгін ғана етене таныс емес. Әсіресе, көшпенділер мәдениетінде бұл тұрақты көрініске айналған. Керек-жарақты сатып немесе айырбастап күнелткен тұста жәрмеңкенің пайдасы көп болғаны айтпаса да түсінікті. Ал қазіргі кезде өзгерген нәрсе біреу ғана, ол – пайда табудан бөлек, еліміздің рухани құндылығын паш ету. Дүйім жұрт ауқымды өзгеріс күткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің басты қағидасы да осы болуы шарт. Рухани құндылық дегеннен шығады, «1868 жылы Парижде өткен дүниежүлізік көрмеге негізінен қандай көзтартар дүние қойылды?» деп таңырқауыңыз мүмкін. Бәлкім, бұл көрменің көркін бағалы заттар, құнды жәдігерлер келтірген шығар?! Жоқ. Сол кездің өзінде ұлттық бояу, ұлттық реңкке ерекше екпін түсірген көрменің төрінен ұлттық киімдер ойып тұрып орын алған. Иә, бір жағынан мұның әсері аздау болар. Ең бастысы, рухани құндылықтың артында ұлтқа қатысты дүниенің бәрі жатқан жоқ па?! Ол – ұлттық киім, ол – ұлттық әуен, ол – ұлттық аспап, ол – ұлттық нақыш, ол – ұлттық әдет-ғұрып, ол – ұлттық дәстүр, тағысын тағы. Егер біз өткенімізді түгендеп, барымызды бағаламасақ, оны болашаққа мирас етіп, аманаттамасақ, елдігімізге сын. Алайда осындай ауқымды жобаға өз өнер майталмандарын ысырып қойып, шетелден арнайы әншілер шақыртуға құмар кейбір басшыларға не айтасыз? Кез келген мемлекет, ұлт әуелі ұлттық құндылығын биік қойғанда ғана әлемдік сахнада мәртебесі жоғары болатынын әсте ұмытпау ләзім. Сонау алмағайып кезеңде қазақ даласын күмбірлеткен қазақ музыка аспаптары қойылған көрмені қасқайып тұрып, Мәскеуде өткізу де нағыз ұлттық болмысымызды дәріптеудің айқын көрінісі болатын. Қазақстан жеріндегі – Ақмола, Қазалы, Қарқара, Қызылжар, Қоянды, Түркістан, Семей, тағы басқа жерлерде болған жәрмеңкелер көрменің бір түрі болып есептеледі. Белгілі жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында рухани, діни, сауда орталығы іспеттес Қарқаралының аты жадымызда несімен қалды? Кемеңгер Құнанбай қажының көктөбелі, күмбезді мешіт салдырып, өз атын ұрпағына мәңгілік ескерткіш етіп қалдырғаны, бүгінде бұл мекенге аяғы тиген мұсылманның мешітке соғып, мінәжат етіп кетуі нені білдіреді? Қарқаралының тарихы Абай есімімен тығыз байланысты. Мұндағы «Абай тоқтап түскен үй» де тарихи-мәдени орынға айналған. Себебі Қарқаралы білім мен ілімнің, өнер шеберлері мен қолөнершілердің мекені еді. Халық өнерін жоғары бағалай білген данышпан Абай күміспен қапталған ағаш ерді осы Қарқаралыдан әкетіпті. Абайдың өсіп, ер жетіп қалыптасуына Қарқаралы қазақтарының да халық шығармашылығы мен ауыз әдебиеті өнері ықпал жасағанын Мұхтар Әуезов «Абай жолында» тәптіштеп жазады. Шынында да, Дулат, Кемпірбай, Шөже, Әсет, Балта, Нарманбеттермен таныс болған Абай ұлы дала өнерінен молынан сусындаған еді. Қарқаралы, Қызылжар, Қоянды... Сол кезде қаланың мәдениеті мен экономикасының өсіп нығаюына Қоянды жәрмеңкесі де зор ықпал еткен. Ата-бабамыздан жеткен аңыз-әңгімелерге сүйенсек, атақты Қоянды жәрмеңкесіне айдалып келген малдан жер қайысып, қымыз көл-көсір боп ағады екен. Ал Қоянды жәрмеңкесі қазақ ұлттық мәдениетінің рухани орталығына айналып, тарих беттеріне жазылды. Кейбір деректерге сүйенсек, қазақ басылымдары «сән», «мода» және «подиум» деген сөздерді 1913 жыл­дар­дың өзінде пайдалана бастаған. Бірақ бұл кезеңде қа­зақ жеріне нық орнай қоймаған «сән әлемі» ресми түр­де 1947 жылы келген делінеді. Ал жалпы, ата-баба­ла­ры­мыздың ежелден келістіре киген қазақы өрнегі бар сән­ді киімдері мен әшекей бұйымдары алғаш Cемей қаласында жұрт алдында көрсетілген. Тіпті, қазақтың ұлттық мүддесін ашық көздеп, тілінің жойылмауына аянбай кіріскен «Айқап» журналы жүрекжарды жаңалықты басылым бетіне жариялаған екен.

ЭКСПО: Пайда табу ма, танылу ма?

Жалпы, көрме – белгілі бір қоғамның, яғни, мемлекеттің материалдық және рухани жетістігін көпшілікке көрсету. Алғашқы мамандандырылған көрме өнеркәсіптік төңкерістің қарқын алған тұсында, 1851 жылы Лондон қаласында өткендігінің өзі тарихта алтын әріппен жазылды. Оның «Барлық халықтардың өнеркәсіптік жұмыстарының ұлы көрмесі» деп аталуы тегін емес. Тұңғыш көрменің бас көркі темір мен шыныдан жасалған Хрусталь сарайы болатын. Яғни, көрменің бірнеше түрі бар десек, бұл алдына қойған мақсатына қарай – сауда, ғылыми-техникалық, өндіріс, құрылыс көрмесіне жатса керек. Ал кейіннен өткізілу мерзіміне қарай – кезекті немесе кезексіз және тұрақты деп өзгеріп отырған. Сол сияқты көрме де қатысушылар құрамына қарай дүниежүзілік, халықаралық, аймақтық көрме ретінде ұйымдастырылады. Демек, мұның ішінде «дүниежүзілік көрмені» өткізу мәртебесіне ие болудың өзі биік мақсат, ерен еңбек. Ендігі жерде, замана лебін сездірген әлемдік деңгейдегі көрменің Қазақстан үшін тиімділігі қандай екендігі ғана маңызды. Осы көрмелерді ұйымдастыруға жауапты мекеме – Халықаралық көрмелер бюросы 1928 жылы ғана құрылды. Құрамында 166 мемлекет кіретін халықаралық ұйымға Қазақстан 1997 жылдан бері мүше. Осы ұйымға мүше болуының 20 жылдығында Қазақ елі өз жерінде кезекті мамандандырылған көрме өткізуді мойнына алып отыр. Ресейдің өзі бұған дейін ЭКСПО көрмелерін өткізуге бірнеше мәрте талпынып, енді 2020 жылдан ғана үмітті екенін ескерсек, мұны Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ірі жетістігі деп бағалауға болар. Біріншіден, ЭКСПО көрмелері қашан да тыңнан түрен салған ғылыми жаңалықтардың, тосын ойлы өнертапқыштықтың ордасы бола білді. 1904 жылы Сан-Луисте өткен көрмеде қонақтар алғашқылардың бірі болып мұз қосқан шәй, ыстық бұршақ, түтікті балмұздақ жеп, шала туған нәрестелерге арналған инкубаторды тамашалады. Қазір бұл тағам түрлері мен медициналық құрылғы ешкімге таңсық болмаса да, сол кезде елді елең еткізерлік жаңалық еді. Сондай-ақ 1967 жылы Монреалда израильдік архитектор Моше Сафди құрастырған Фуллердің геодезиялық күмбезі мен «Хабитат 67» жобалары, 1970 жылы Осакадағы «Күн мұнарасы» мен 1962 жылғы Сиэтл көрмесіндегі «Ғарыш инесі» шын мәнінде аңызға айналған жобалар. Монреал көрмесінде АҚШ павильонында ғарыш кемелері таныстырылды. «Аполлон-2012» ғарыш кемесінің астронавтары әкелген Ай тасы тамашалуға қойылды. 2005 жылы Жапония «Табиғат даналығы» деген ұранмен Нагоя қаласының шығыс жағында Нагакута, Тойота және Сето қалаларында ЭКСПО қонақтарын қабылдады. Жапония бұған дейін де көрмелер өткізген. Бірақ бұл – ХХІ ғасырда өткізілген алғашқы халықаралық көрме болатын. 125 мемлекет қатысқан, 170 гектар ауқымды алып жатқан көрменің әлем жұртшылығын тамсандырар жаңалығы көп еді. Солтүстік Америкада 70 миллион жыл бұрын өмір сүрген екі динозаврды жапон робот жасаушылары қайта «тірілтті». 1,3 миллион еуро тұратын робот-динозаврлар көрменің басты көркіне айналды. 173 гектарды алып жатқан көрмені аралау үшін қонақтарға әрқилы көлік түрлері ұсынылды. Жалпы алғанда, жапондық көрме таңғажайып жаңалықтарға, тосын оқиғаларға толы болған екен. 2005 жылы Айчи көрмесінің қонақтар саны 15 миллион болады деп болжанса да, іс жүзінде олардың саны 22 миллионға жеткен. Ал 2008 жылы 14 маусым мен 14 қыркүйек аралығында Испанияның Сарагос қаласында 25 гектар аумақты алып жатқан «Су және тұрақты даму» атты халықарлық көрме архитектуралық жетістіктермен талайды тамсантты. Екіншіден, ЭКСПО көрмелері ғылыми жетіс­тік­тер мен жаңа стандарттарды тамашалаудың мүмкіндігі ғана емес, туристер үшін сейіл құрып, көңіл көтеретін орын саналды. Мысалы, ХХ ғасырдың екінші жартысында халықаралық көрме кешендері жалпыға ортақ сауық-сайран алаңына айналды. Осакада өткен «EXPOland», Монреалда ашылған «Ла Ронд» саябағы – осының дәлелі. 1967 жылы Монреалда көрмеге қатысушылар Роман Кройтердің 4,5 миллион долларға түсірілген «Лабиринт» фильмін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Үшіншіден, ЭКСПО өткізетін қожайын ел өзінің осындай сый-құрметке лайық екенін дәлелдеуге тырысып бағады. 1970 жылы Осакада өткен көрмеде Жапония өзінің әлемдік держава ретінде насихатын жасады. Қытай да 2010 жылы өткен Шанхай көрмесін өзінің әлемдегі ықпалының артып келе жатқанын көрсету үшін барынша пайдаланды. Оған қоса экономикалық қуатын танытуға тырысты. Шындығында, Шанхай – Қытайдың ең бай әрі бақуатты қаласы. Ресми деректерге қарағанда, Қытай үкіметі осы көрмені дайындауға 4,2 миллиард доллар жұмсаған. Бұл дегеніңіз, 2008 жылғы Олимпиа­да ойындарын өткізу шығынынан екі есе көп. Соңғы жылдары ЭКСПО көрмелерінің абыройы аздап түсіп кеткен болса да, Қытайдың орасан көп қаржы жұмсап, барын салуы халықаралық көрмелердің даңқын қалпына келтіріп, мерейін асырды. Төртіншіден, ЭКСПО көрмелері қай кезде де сол дәуірдің тынысын сездіретін, халықаралық жағдайдың айна-қатесіз көрінісін дөп басатын әлемдік деңгейдегі оқиға. Мысалы, 1992 жылы Севилья қаласында өткен көрме қырғи-қабақ соғыстың аяқталуынан кейін өткен бірінші көрме болатын. Сол жолы энергетикалық дағдарыс және экология мәселелері халықаралық деңгейде сөз болды. Германия осы жолы біртұтас павильон жасады, осының өзі халықаралық жағдайдың өзгергенінің белгісі еді. Ал Балтық елдері сол жылы тұңғыш рет тәуелсіз мемлекеттер ретінде төл павильондарын құрды. Севилья көрмесінің басты ерекшелігі қоршаған ортаны қорғауға, табиғи қорларды сақтауға әлем жұртшылығы назарын аудару болатын: осы мақсатта көрме қалашығында Андалузия аптабынан құтқарар жанға жайлы арнайы мик­роклимат жасалды. Бесіншіден, 160 жылдан астам тарихында ЭКСПО көрмелері адамзаттық мәселелерді шешуде ортақ шешім іздеудің, белгілі бір ортақ жол ұсынудың оңтайлы құралына айналды. Мәселен, 2000 жылы Ганновердегі көрме «Адамзат, табиғат және технология­лар», 2005 жылы Айчидегі «Табиғат даналығы», 2008 жылы Сарагоста «Су және байыпты даму», ал 2010 жылы Қытайда 184 күн бойы өткен «Қала жақсарса – өмір де жақсарады» атты тақырыпта өткен. Алтыншыдан, ЭКСПО кейде заманауи өнер сахнасына да айналады. Оның үстіне, ЭКСПО көрмелері сол елдің мәдениетін, дәстүрі мен тарихын насихаттау үшін кеңінен пайдаланылады. Мысалы, 2005 жылы жапондық көрмеде 185 күн бойы жыр оқушы ансамбль күніне 20 рет табиғатпен етене өмір сүру жайлы өлеңдер оқыды. Бұдан бөлек, белгілі театр режиссеры Роберт Уилсон адамзат пен табиғаттың қарым-қатынасын бейнелейтін, жарық, дыбыс, түрлі түстер мен судың жарқылын пайдаланып естен кетпес шоу-бағдарлама қойды. Жарты сағаттық қойылымға арнап айналасын су қоршаған шағын арал жасаған. Жетіншіден, ЭКСПО көрме­лерінің ел экономикасына тигізер оң ықпалы бар. Бұған халықаралық көрмені лайықты деңгейде ұйымдастырған мемлекеттердің тәжірибесі дәлел. 2005 жылғы халықаралық көрме жұмысына 121 мемлекет пен төрт халықаралық ұйым қатысты. Жарты жылға созылған көрмені 21 миллион адам тамашалаған екен. Көрменің жабылу салтанатын көру үшін 40 мың адам кезекке тұрған көрінеді. Әйтсе де, бұл Жапонияда бұрын өткен көрме қонақтарының санынан әлдеқайда аз еді. 1970 жылы Осакада өткен көрмеге 64,22 миллион адам келген. Ресей ЭКСПО көрмелерін өткізуге біраз жылдан бері құлшыныс танытып жүр. Мәскеу 2010 жылы халықарлық көрмені өткізуге ынталы болған, ал Петербург әкімшілігі 2015 жылғы ЭКСПО-ны өткізу мәселелерін талқылаған болатын. Мәскеу ЭКСПО көрмесін өткізуге жалпы шамасы 2 млрд доллар жұмсауды жоспарлаған еді. Ал Қазақстан бұған дейін ЭКСПО халықаралық көрмелеріне төрт рет қатысқан. Солардың бірі – 2008 жылғы Сарагостағы көрмеге арнайы барып қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу идеясын айтқан болатын. Сол жылы 104 мемлекет қатысқан көрмеде «С» категориясы бойын­ша Қазақстан ішкі және сыртқы безендіру жұмыстары үшін үшінші орынға ие болып, қола медальмен марапатталды.

«ЭКСПО-2017» қазаққа не береді?

Ең бастысы, «ЭКСПО-2017» әлемнің жүздеген елінен энергия, қуат көздерін алмас­тыратын энергияны іздестіру тәжірибелері өзара ортаға салынады, демек тәжірибе алмасу – ең басты олжамыз болмақ. Сондай-ақ, инфрақұрылымдардың дамуы: жолдар, қоғамдық көлік, коммуналдық шаруашылық, әуежай, вокзал, ЭКСПО обьектілерінің құрылысы жүргізіледі, бір сөзбен айтқанда, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылмақ. Астана және оның маңайындағы ауылдарда шағын және орта бизнес субъектілерінің дамуына септігі тиеді, әсіресе халыққа қызмет көрсету саласы, қонақ үй бизнесі және ішкі туризм дамитын болады. Одан бөлек ішкі-сыртқы туризмнің дамуы да қарқын алады. Көрмеге әлемнің жүздеген елінен 5 миллион адам қатысады деп есептелінуде. Ал маңыздысы ЭКСПО-ға арналған обьектілерді салуға инвестиция тартумен бірге, бұл обьектілер ЭКСПО өткеннен кейін де Қазақстанды ірі халықаралық, көрме және ақпараттық-презентациялық алаңы бар мемлекет ретінде айғақтайтын болады. Бұдан бөлек мемлекеттің сыртқы имиджі жақсарады, мемлекетаралық мәдениеттердің тоғысы, елдің рухани әлеуеті артады. ЭКСПО өткізілетін алаңның жалпы көлемі – 113 гектар. Көрме орталығының өзіне 25 гектар алаң бөлінбекші. Көрменің ұйымдастыру шығындарына шамамен 1,2 миллиард евро жұмсалмақ, ал одан түсетін пайда әзірге болжанбай отыр. Әйтсе де, осыған дейін ұйымдастырылған көрмелер орасан зор пайда әкелгенін айта кету керек. Ал одан да өзекті дүние бар – бұл, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақы­рыбымен тұтастай байланысты. «Бол­ашақ энергиясы» – Қазақстан үшін нағыз сұранып тұрған тақырып қана емес, бұл елдің кешегісін түгендеп, оны бүгінгісімен бекемдеу арқылы келешегіне бағдарлайтын тың қадам болмақ. «ЭКСПО-2017» ха­лық­аралық мамандан­ды­рылған көр­месінің тақырыбынан туындайтын экология, балама қуат көздері, күн мен жел әлеуеті, үнемшілдік се­кілді мәселенің барлығы қазақтың ықы­лымнан келе жатқан дәстүрлі өмірімен тығыз байланысты дүние екенін аңғару қиын емес. Қазір ұлы даладағы көшпенділердің киіз үйімен танысу барысында әлем ғалымдары ондағы жылу ұстау қасиетінің, ауа алмасу үдерісінің сақталуына таң-тамаша болып жатыр емес пе?! Киіз үйдің кереметіне түйсінген шеттегі жұрт энергия үнемдеу мәселесінің қазақ үшін таңсық емес екенін де аңғарар еді. Былайша айтсақ, қазақтың болмысында үнемшілдік, қоршаған ортаға қатысты қамқорлық ілкіден бар әрі ол көзқарас бабаларымыздың өмір салтымен біте қайнасып, заманына сай қалыптасқан.