Баспанаға қол жеткізу – әр отбасының арманы

Баспанаға қол жеткізу – әр отбасының арманы

Баспанаға қол жеткізу – әр отбасының арманы
ашық дереккөзі
Баспана – адам өміріндегі басты қажеттілік. Оны қамтамасыз етпей, қоғамның қандай да бір әлеуметтік басымдылықтары туралы сөз қозғау әбестік. Ал тұрғын үйге қол жеткізудің қандай жолы бар? Бірінші жол – тұрғын үйді мем­лекеттік бағдарлама бойынша алу. Бұл бағдарлама балалары бар жас отбасыларға, мемлекеттік қыз­меткерлерге, мемлекеттік қызметкер бо­лып табылмайтын мемлекеттік меке­ме жұмысшыларына, мемлекеттік кәсіпорын жұмысшыларына арналған. Халықтың көп бөлігінің алдын ала төлемді өтеуге қаражатының жет­кі­ліксіздігін ескере отырып, несиелеу тұрғын үй құрылыс жинақ қоры арқылы алдын ала несие алу арқылы жүзеге асырылады. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тұрғын үй алу мақсатында пайыздық төлемі жылына 4%-дан аспайтын алдын ала және аралық несиелер береді. Осы несиелердің қолдану мерзімі – 8,5 жылға дейін, ал осыдан кейінгі тұрғын үй несиесінің мерзімін есептегенде (15 жылға дейін) несиені қолданудың жалпы мерзімі 23,5 жылға дейін болады. Екінші жол – «Самұрық-Қазына» жыл­жымайтын мүлік қоры арқылы «жал­дамалы тұрғын үй». Бұл бағдар­лама бойынша тұрғын үйлер кейіннен са­тып алу мақсатында жалға беріледі немесе бірден сатылады. Жалға алу мерзімі 13 жылды құрайды, одан соң келісімнің шарттары дұрыс орындалған болса, тұрғын үй сіздің меншігіңізге өтеді. Сіздің төлемге қабілеттілігіңіз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен расталады. Сіздің тұрғын үйдің бағасының 50%-на дейінгі мөлшерде алдын ала төлем жасауыңызға, тек 5 жыл мерзімнен кейін ғана оны мерзімінен бұрын сатып алуға құқығыңыз бар. Үшінші жол – несиеге тұрғын үй алу. Ипотекалық несие дегеніміз кепіл (несие алушының меншігіндегі мүлік немесе сатып алынатын мүлік) бойынша берілген несие. Сіз алдымен пәтерді алып, ал содан кейін ипотекалық несиені төлейсіз. Бұл іске банктер, сақтандырушылар, бағалаушылар араласады. Біріншілері ай сайынғы төлемнің тым көп болмауын қадағалап, ең тиімді ипотекалық бағдарламаны таңдауға көмектеседі. Екіншілері сізді және банкті келеңсіздіктерден қорғайды, үшіншілері пәтердің құнын орташа нарықтық деңгейде бекітеді. Төртінші жол – тұрғын ғимараттар құрылысына үлестік қатысу арқылы пәтер сатып алу. Үлестік құрылысқа қатысушылардың саны төртеу: құрылыс салушы, жобалау компаниясы, үлескер және банк-агент. Мұнда банк-агент инвестор ретінде қатыса алады. Ең бастысы, құрылыс салушы үлес­тік құрылысқа өзі қатыспайды, ол әрбір тұрғын үйге жобалау ком­паниясын құрады, құрылыс салу­шы жобалау компаниясының жарғылық капиталына ақша, жер телімі, жобалау-сметалық құжаттама және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мүлік түрінде салым енгізеді. «Қазақстанның ипотекалық ком­па­ниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Болат Досмұхамбетов былтыр елімізде үй алу кезегінде 35 жылдан бері тұрғындардың барын айтқан болатын. «Жалпы, елімізде баспана алуға ниет етіп, өтініш бергендер саны үш жүз мыңнан асады. Біздің компаниямыз олардың барлығын баспанамен толық қамтамасыз ете алмасы белгілі. Десек те, шамамыздың келгенінше бұл мәселенің оң шешілуіне үлес қосамыз. Бір қызығы, әлгі тізімде 1980 жылдардан бері тұрғандар да бар. Ендігі жерде үй ең алдымен осылайша ұзақ күткендерге берілетіні сөзсіз», – деген-ді. Мемлекет басшысы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауында қолжетімді баспана құрылысының механизмдерін өзгертуді талап еткен болатын. Мұнан кейін Үкімет аймақтардың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасын қабылдады. Онда жалға алу пәтерлеріне көп көңіл бөлінген. Жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйлерді жеңілдетілген шартпен беруге Ұлттық қордан 180 млрд теңге бөлінсе, оның 35 млрд теңгесі жергілікті атқарушы органдарға арналған. Олар бұл қаржыға қажетті инфрақұрылым жасақтауы тиіс. Бұдан бөлек «Бәйтерек» холдингіне жалға берілетін үйлер салып, оларды сатып алуға 145 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржының 92,5 млрд теңгесі 2015 жылы, ал қалған 52,5 млрд теңгесі 2016 жылы игерілуі тиіс.  Тағы бір жаңалық, бұдан былай жалдамалы үйді алғанда сатып алу мүмкіндігі болмайды. Бұл жөнінде Президенттің өзі де: «Енді болашақта жалдамалы баспананы сатып алу мүмкіндігі болмайтындай етіп жасау керек, азамат жұмыс күшінің мобильділігі болуы үшін сатып ала алмайды, ол басқа қалаға көшуі мүмкін, басқа облысқа ауысуы мүмкін. Өзіне сол көшіп барған мекеннен жалдамалы баспана ала алады. Біз мұндай желіні Қазақстан бойынша жасауымыз керек», – деп мәлімдеген болатын. Алайда бұл механизмнің кейінгі сатып алу мүмкіндігімен келісімшарт жасасып қойғандарға қатысы болмайды. Тұрғын үй бағасы арзандамаса, қымбаттамайды деген болжам бар. Бұған дағдарыстың салқыны тисе керек. Ал шын мәнінде, баспана бағасын мүдделі топтар шарықтатуы мүмкін. Сондықтан әуелі риэлторлардың қызметіне тосқауыл қойылуы керек секілді. Өйткені баға сұранысқа орай қалыптасады. Тұрғын үйді қолжетімді қылуға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатқанымен, құрылыс қарқын алып жатыр деп айта алмаймыз. Жердің де бағасы арзан емес. Нарықтағы тұрғын үйдің бағасы сол үйдің әрбір шаршы метріне кететін шығынға байланысты бекітіледі. Мысалы, бір үйді салуға қанша құрылыс материалы жұмсалғаны, оның бағасы қанша болғаны, еңбеккерлердің жалақысы есептеліп барып, үйдің құны шығарылады. Баспанаға ие болған қожайын осы шығын бойынша төлеуі тиіс. Алайда соңғы кезде мемлекеттік бағдарламамен берілген тұрғын үйлердің сапасыздығын айтушылар көп. Жауын-шашын кезінде судың астында қалып, қабырғасы сөгілген баспананың жауапкершілігі кімнің мойнында? Бізде басы ашық сұрақ көп. Ал жауапты кімнен аламыз?  

Динара Мыңжасарқызы