Талас Омарбек, тарихшы: Тарих ешкімнің ықпалына түспеуі керек

Талас Омарбек, тарихшы: Тарих ешкімнің ықпалына түспеуі керек

Талас Омарбек, тарихшы: Тарих ешкімнің ықпалына түспеуі керек
ашық дереккөзі
Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл. Кеңес өкіметі сипатын өзгерткен көтерілістің бүгінде шын ақиқаты ашыла бастады. Алайда тарихи оқиғаны насихаттап, сырын ашуға кіріскен тарихшылар жаңа бір қиындыққа тап келді. Бұл – қоғамда кең талқылана бастаған Қазақстан тарихын мектепте және жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі. Осы тақырып аясында белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Талас Омарбектің ортаға салар ойы аз емес. Биыл 1916 жылғы көтеріліске 100 жыл толып отыр. Ұлт-азаттық көтерілісті жаңаша көзқараста пайымдап, толық зерттей алдық па? − Кеңестік билік тұсында 1916 жылғы көтеріліс – ХХ ғасырдағы жалғыз көтеріліс болды. Онан басқа көтеріліс болған жоқ. Кейінірек коллективизация жылдарындағы «Адай көтерілісі», «Созақ көтерілісі», кейіннен «Желтоқсан оқиғасын» айта бастадық. Бірақ 1916 жылғы көтеріліс ХХ ғасырдың өзінде әртүрлі бағалады. Алашорда қайраткерлері әуелде бұл көтерілісті «бүліншілік» деп бағалады. Ал он жылдан кейін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын­ұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған арыстар оны көтеріліс ретінде мойындай бастады. Көтеріліске он жыл толғанда, 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне Әлихан Бөкейхан бұның көтеріліс екенін айтып мақала жариялады. Яғни, көзқарас эволюциясы өзгерді. Алғашында Алаш арыстары халыққа «қырылып қаласыңдар», «отаршылдардың жазалаушы, жаттықтырылған әскеріне қарсы тұра алмайсыңдар, қазақтың бытыраңқы наразылығын қырып тастайды» деп көтеріліске қарсы болды. Алайда олар көтерілісті мойындаған соң да «ұлт-азаттық» деген сөзді бәрібір айта алмады. Санжар Асфендияров 1935 жылы шыққан «Қазақстан тарихы» деген оқулығында бұл көтерілісті «ұлт-азаттық көтерілісі» ретінде сипаттаса да, бұл оқиғаны таптық көзқарасқа бұрмалады. Темірбек Жүргенев те ашық айта алмай, оны «ауылдың қалаға қарсы көтерілісі» деп бағалады. Өйткені ауылда қазақ, қалада орыстар тұрады ғой. Әрине, жалпы алғанда большевиктік ұстанымдағылардың бәрі де бұны «ұлт-азаттық» көтерілісі деп айта алмай, 1917 жылғы «революциялық қозғалыстың құрамдас бөлімі» деп тігісін жатқызып, тарихта қалдырмақ болды. Дегенмен Мәскеуден келген тарихшылар 1943 жылы, Ермахан Бекмахановтың қатысуымен «Қазақстан тарихын» жазғанда, бұл көтеріліс «ұлт-азаттық» деген анық бағаға ие болды. Бірақ, коммунистік жүйеде тарихшылар бұдан таптық сарын іздеді. Шындығында бұл рулық, тайпалық негізде ұйымдасқан «ұлт-азаттық» көтеріліс еді. Мысалы, Амангелді мен Әбдіғаппар бастағандар Әбдіғаппарды хан сайлады. Торғайдың арғындары Омарды хан сайлады. Бұл көтеріліс 1929-31 жылғы көтеріліскеде жалғасты. Торғайдағы Батпаққарада болған 1929 жылғы көтерілісте олар тағыда хан сайлады. 1916 жылы көтеріліске қатысқандар он төрт жылдан кейін Ырғыздағы 1930 жылғы «Ырғыз көтерілісінде» бұрын 1916 жылғы көтеріліске қатысқан Айжарқын Қанайұлын хан сайлады. Әліби Жангелдин, Амангелді бастаған көтерілістерге қатысқандар қашып келіп, Қарақұмға тығылып, Аралдың бойындағы үш мың адам қатысқан «Қарақұм көтерілісіне» қатысты. Тағы да орталарынан хан сайлады. Сондықтан да бұл көтерілістердің тарихи сабақтастығы бар. Бұл көтерілістерде рулық, тайпалық негізде халық көтерілген дедік. Шындығында да солай. Мысалы, «Қарқара» көтерілісін айтайық, бұл шынында «Албан көтерілісі» еді. Үшқоңырда болған Бекболат Әшекеев бастаған көтеріліс шын мәнінде дулаттардың көтерілісі. Міне, бұл көтерілістердің осындай ерекшеліктері айтылмай жүрді. Қазірде айтылып жатқан жоқ. Сонымен қатар бұл көтерілістерді біздің кейбір оқығандарымыз ұлттық интеллигенция өкілдерін, Алашорданы айыптауға пайдаланып жүр. Олар: «Алашорданы дәріптейміз, көтермелейміз. Олар 1916 жылғы көтеріліске қарсы болды», дейді. Шынында да алаштықтар «халық қырылып қалады», «патшаның дегеніне көнейік, қара жұмысқа барайық» деген пікірлер айтты. Бірақ «қара жұмысқа барайық» деген Алаш арыстары Патша өкіметіне хат жазып, Әлихан бастаған азаматтар 17 пункттен тұратын талаптар қойды: «Қазақтарға намаз оқуға рұқсат беру керек», «Қазақтарға шошқаның етін бермеу керек», «Қазақтарды басқа халықтармен араластырмай бөлек ұстау керек», «Қазақтардың денсаулық жағдайын тексеріп тұру керек» деп, өздері де қара жұмысқа алынған, окоп қазушы қазақтардың орталарына барып, жағдайларын біліп тұрды. Тіптен, қара жұмысқа алынғандар елдеріне қайтқанда олармен бірге жолға шығып, жұмысшыларды елдеріне таратып, көп жұмыстар істеді. Шындық осылай! Бұл маңызды мәселеде тіптен қазіргі тәуелсіз Қазақстан тарихшылары да бір пікірге келе алмай отыр. Кезінде Манаш Қозыбаев ағамыз бұл көтерілісті сипаттағанда «ұлт-азаттық революциясы» дегенді айтты. Бисенбаев деген тарихшы бұл оқиғаны «ұлт азаттық соғысы» деп бағалады. Ал Мәмбет Қойгелдиев: «Бұл көтеріліс революция деңгейіне көтерілген жоқ. Оған жету үшін көтерілісшілер алдарына саяси мақсат қоюы керек еді және оны қазақтың ұлттық мемлекет құру идеясын ұстанған интеллигенциясы басқаруы керек еді», − деді. Ал оны соғысқа телу шынайы бағалауға онша келе бермейтін сияқты. Өйткені қазақтардың қарулары нашар болды. Олар әр аймақта, рулық, тайпалық негізде бас көтерді. Ұйымдасқан, дайындықтан өткен әскер болған жоқ. Қазақтар шеп құрып соғысқан жоқ. Мұндайда оны «соғыс» деп қалай айтамыз? Осының бәрін ескерген жөн. Сондықтан да менің ойымша, 1916 жылғы көтерілісті егжей-тегжейлі зерттеп, көп томдық монографиялық зерттеулер жазатын уақыт болды деп ойлаймын. − 1916 жылғы көтеріліс туралы тарихшылар тарапынан елеулі жұмыстар жазылған жоқ па? Бұл көтеріліс Кеңес өкіметінің кезінде жақсы зерттелді. Көптеген құжаттар жиналды. Дегенмен, орысқа қарсы рулы ел болып көтерілгендер туралы деректер құпия болып қалды. Мысалы, «Қарқара көтерілісі» мүлде айтылмайтын. Тәуелсіздік кезінде де бірталай құжаттар жинақ болып басылып шықты. Бірақ, бұл зерттеулердің барлығы шашыраңқы, тиіп-қашты дүниелер. Кейінгі жылдары 1916 жылғы көтеріліс емес, 1929-31 жылғы коллективизация кезінде болған көтерілістер бірінші орынға шығып кетті. Яғни, «Адай көтерілісі», «Созақ көтерілісі» «Қарақұм көтерілісі» және т.б. бұған дейін мүлде зерттелмеген болатын. Кеңес өкіметі бұларды «бандиттік», «контробандалық» көтерілістер ретінде қаралап, ал мұрағаттағы құжаттары жабық болған. Сондықтан тарихшылар Тәуелсіздік алған тұста жаппай осы тақырыптарды зерттеді. Мұндайда тарихи сабақтастық ескерілмей, 1916 жылғы көтеріліс тасада қала бастады. Оның үстіне Кенесары хан бастаған, Жанқожа батыр бастаған, Исатай мен Махамбет бастаған, Арынғазы, Қаратай сұлтан бастаған, Маңғыстау адайларының Иса бастаған көтерілістері де жаңа қырынан зерттеле бастап, оларға қатысты тың көзқарастағы пікірлер айтыла бастады. Жаңа жағдайда 1916 жылғы көтерілістің басшылары туралы алып-қашты пікірлер де бой көтерді. Амангелді Иманов туралы Мұстафа Шоқайдың бұрынғы жазғаны жарық көрді. Ол былай жазады: «1918 жылы уақытша өкіметтің кезінде, Торғайды аралап жүр едім. Бір жігіттер келді. Олар: «Сіз қыпшақ екенсіз. Сауатты, оқыған адамсыз. Бізді Амангелді мен Әбдіғаппар жіберді. Мынау Торғайда арғындар көтеріліп жатыр екен. Сол арғындарға қарсы соғысайық. Біздің қыпшақтарды сіз бастаңыз», − деді. Мұнан ары қарай Мұстафа Шоқай тағыда: «Мынау Амангелді батыр «большевик» сөзін «қыпшақ» деп ойлайтын сияқты», − деп жазады. Әрине, Амангелді батыр көзсіз батыр адам. Оның арғы атасы Иман батыр Кенесарының сенімді серігі ретінде соғысқан. Былайша айтқанда, олар әулетінен батырлық үзілмеген ерлер. Десек те, Амангелдінің саяси білім деңгейі өте төмен еді. Оған әрине ол емес, заманы кінәлі. Кезінде Міржақып Дулатұлы оған сабақ берген екен. Кейбіреулер олардың ұстаздық, шәкірттік жақын қатынасын ескермейді. Сондықтан да «Міржақып Амангелдіні өлтірді» дегенді ойлап шығарды. Шындығына келсек, Әбдіғаппарға байланысты да көп басы ашылмаған әңгімелер айтылады. Ол кісі де үлкен тұлға. Солай бола тұрса да, 1916 жылғы көтеріліс мәселелері, ауыз екі әңгіменің жетегінде кетті. Маңызды мәселені жаңаша, жүйелі түрде зерттеуге, жастардың ықыласы төмендеп кетті. Бұл жаза-жаза жауыр болған тақырып деп ойлайтындар да бар. Шындығында бұл мәселе, өзін зертеушілерді күтіп жатыр. Кез келген тұлғаның ұлылығымен қатар кемшілігі де бар. Оны да ескерген жөн. Мұнда біржақтылық болмауы тиіс. Кеңес өкіметі кезінде мұны ешкім ескермей, Амангелді кемшілігі жоқ тұлға ретінде айтылды. Осындай қайшылықты дүниелер бүгінде зерттеуші жастардың 1916 жылғы көтеріліске қызығушылығын төмендетіп жіберді. Тағы да қайталап айтамын, 1916 жылғы көтеріліс өзінен бұрынғы ұлт-азаттық көтерілістердің заңды жалғасы. Ал 1929-31 жылдардағы коллективизация кезіндегі «Адай көтерілісі», «Созақ көтерілісі», «Балқаш көтерілісі», «Шұбартау көтерілістерін» бір-бірінен ажыратпай, керісінше олармен 1916 жыл арасынан тарихи сабақтастық іздеуіміз керек. Қазақтың бұл көтерілістердегі жауынгерлігін, ежелден бері қарай келе жатқан ерлік дәстүрлері рухында жалғастыра қарастыру қажет. Қазақстанның батыс өңірі қазақ тарихында дәстүрлі көтерілістер аймағы. Қазақстанда болған ұлт-азаттық қозғалыстардың жетпіс-сексен пайызы батыс өңірлерде орын алған. Қазақ хандығының кезінде жойқын соғыстардың батыстағы башқұртпен, қалмақпен болғанын айта бермейміз. Қазақ тарихында Әбілқайыр ханды айтқанда да осыны ауызға ала бермейміз. Әбілқайыр қиын жағдайда өмір сүрген адам. Мына жағында Хиуамен, мына жағында башқұртпен, астрахандық қалмақпен соғысқан хан. Меніңше, Батыста қазақы ерлік дәстүр қатты дамыған, жастар одан дұрыс тәлім алсын. Мысалы, Әбілқайырдың бүкіл тұлғасы сан қырлы адам екенін көрсетеді. Бір жағынан керемет қолбасшы, ұйымдастырушы, екінші жағынан жоңғармен шешуші шайқаста соғысты аяғына дейін жалғастырмай жалтақтық жасады. Оның себебі, ханды әрқашан батыста башқұртпен, қалмақпен соғыс күтіп тұрды. Мына тұсында Хиуа хандығы қауіп төндіріп тұрды. Шынында да, Әбілқайырдың заманы, соған сәйкес жағдайы өте қайшылықты, қиын болған. Жалпы, Батыс өңірдің тарихы, өте күрделі тарих. Кезінде Кенесары батыр да батыстың жігіттеріне көп сүйенді. Кенесарының інісі Наурызбай батыстан әскер топтауға барған. Сол тұста Баймағанбет сұлтан оған көп кедергі жасады. Сондықтан да бұл аймақ Кенасарыға қосылмай қалды. Бұл туралы Жанша Досмұхаммедұлы жазған. Жәңгір мен Баймағанбеттің ордасында кезінде сарай ақыны ретінде Махамбет те болды. Жалпы, тарихымызда төрелерді қаралардан бөліп қарастыру тарихи шындыққа жол ашпайды. Өйткені Исатай батырдың өзі де кезінде старшын болып Жәңгір ханға қызмет жасағанын білеміз. Ол кезде Исатай орыс әкімшілігінің сенімді өкілі болған. Наурызбай батыр Кіші жүз аумағына кіргенде Баймағанбет Махамбетке оны өлтіру туралы тапсырма береді. Махамбет құралайды көзге ататын мерген адам болған екен. Баймағанбет сұлтан Махамбетке: «Анау ақ боз атта қасқайып тұрған Кенесарының інісі Наурызбайды ат» −, дейді. Махамбет ары көздеп, бері көздеп атпай қояды. Баймағанбет сұлтан: «Неге атпадың?», − дейді ғой. Ақын: «Өлімге көзім қимады», − депті. Баймағанбет сұлтан негізінде батыстағы Кенесары көтерілісін қолдаушыларды басуға шыққан адам еді. Бұны Халел Досмұхаммедұлы жазған. Бұдан не түюге болады? Махамбет өмірінің соңғы жылдары Баймағанбет сұлтанға, Жәңгір ханға қарсы шығып, осы рухта оларды айыптайтын жырлар шығарады. Әрине, ол ақын болғандықтан мұны эмоциямен, ақындық екпінмен жырлады. Жәңгір де үлкен тұлға. Мұны да ескеру керек. Қорытып айтсақ, Батыс өңірде көптеген ұлт-азаттық шайқастар болғандықтан, ондағы жастардың бойынан жауынгерлік, ерлік дәстүр өшпейді. Тарихты қарап отырсаңыз, қазақтың хандары болмаса ел бола алмайтын едік. Әрбір қазақ ханы жанына исламдағы сопылықты дәріптеген қожаларды кеңесшілікке алған. Қазақтың шежіресін жазған да осы қожалар. Расында да, қожалар қазақ хандығы дәуірінде ислам дінін мемлекетті басқарудың идеялық құралына айналдырғандар. Хандардың бәрі дінді берік ұстаған. Олардың біразы Алтын орданың ханы Берке ханнан бастап исламды қабылдап, оның қағидаларын ұстанған. Біз кезінде неге көшпелі өзбек атандық? Өйткені Өзбек хан Алтын орда дәуірінде ислам дінін мемлекеттік дін ретінде ел басқаруға кіргізді. Содан осындағы мұсылмандардың бәрі Өзбекке риза болып, өздерін «өзбектерміз» деп атаған.Тағы бір мысал: Тәуекел хан Самарқанға жорыққа бара жатқанда Нахшбандия сопыларының көсеміне жолығып қалады. Содан Тәуекелден бастап оның соңына ерген барлық әскери қосын сопыны құрметтеп, Самарқанға дейін аяғын жерге тигізбей, арбасымен тік көтеріп алып барды. Ислам діні қазақ халқын рухани тұрғыдан тәрбиелеуде, халықты мемлекетке біріктіруде маңызды рөл атқарды. Мұны ескерместен қазір біз «сәлафит», «уахабит» дегенді шулатып айтып, ислам дініне көлеңке түсіре бастадық. Біздің бабаларымыз ислам дінін әртүрлі ағымдарға бөлмеген. − Қазақстан тарихын Тәуелсіздіктен бастап оқытайық дегенді кейбіреулер қолдайды, кейбіреулер қолдамайды. Жұрт аң-таң... Бұл шынын айтқанда, Елбасының еңбегін тереңдетіп оқытайық дегеннен шыққан. Оның есімін және тәуелсіздікті орнықтыруға қатысты елеулі еңбегін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін біледі. Ол кісі Тәуелсіз Қазақстанды құрған, бүгінгі мемлекетімізді негіздеуші тұлға. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл бағыттағы еңбегі халыққа «соқырға таяқ ұстатқандай» анық көрініп тұр. Бүкіл қазақ ол кісінің бұл бағыттағы еңбегін бағалайды деп ойлаймын. Сондықтан да қосымша насихатқа зәру емес. Біз осындай шындықты мойындап, қазақтың арғы тарихын бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан тарихымен сабақтастырып оқысақ дұрыс болатын еді. Алайда қазір «Современная история» дегенді шығарып алдық. Енді шенеуніктердің осы бастамасы құпталса, басы жоқ, аяғы жоқ тарих оқытылатын түрі бар. Жалпы, қазіргі заман аса қүрделі. Мысалы, кезінде ХХ ғасырдағы тарихымыз түгел компартияны мақтау тұрғысынан жазылды. Ал ХХІ ғасырда біз ол тарихты сынап қайта жаздық. Расында да, Кеңес өкіметі кезінде халқымыз жартысынан айрылып, жоғалып кете жаздады. Бүкіл интеллигенция, Алаш арыстарынан бастап атылып кетті. Кеңес өкіметі, кейінгі он жылдықта біраз реформалар жасады. Бірақ, ол да шын мәнінде орыстандыру саясаты болатын. Тілімізге, мәдениетімізге, әдебиетімізге қысым түсті. Қазақ тілі ығыстырылып шығарыла бастады. Қазақ мәңгүрттенді. Біз енді жастарымызға осы үрдістер тарихын оқытамыз ба? Ал енді жарайды, оған тәуелсіздіктің 25 жылдығын қосып қоямыз. «Современная история» дегеніңізден осыдан басқа тарихты көріп отырған жоқпын. Біз мұндай тарихты оқытатын болсақ, шын мәнінде тарихты саясаттану ғылымына айналдырып жібереміз. Бұл замандар саясиландырылған замандар болғандықтан да жаңа тарихтың алғашқы бөлімінде кеңестік кезеңді жамандап оқытамыз, кейінгі 25 жылдықты мақтап оқытамыз. Бұның тағы аяғы жоқ, өйткені тәуелсіздік тарихы күн санап жалғаса бермек. Сонда қазақ жастары бүгінгі қазақ тарихының арғы замандарға сабақтас екендігін, ХХ ғасырда болған көтерілістердің арғы хандық дәуірден бастау алатынын, Тәуелсіз еліміздің тамыры қазақ хандығында жатқанын, ал хандықтың өзі Алтын орда дәуірінен, онан ары түркі қағанаттарынан басталатынын білмей қалайын деп отыр. Міне, осылай өткенді баяндағанда жартыкеш тарих, жартыкеш пайымдау, жартыкеш ұйғарым пайда болайын деп отыр. Біздің ойымызша, бұл жас ұрпақты төл тарихымен тәрбиелеуге алып келмейді. Керісінше, тарихты шала білуге, тарихи сананы онан ары мәңгүрттендіруге алып келеді. Біз біртұтас тарихты үзбей, бөлмей түгел оқытуымыз керек. Ал біреулер ежелгі Қазақстан тарихын университетте оқыту мектептегі дүниені қайталау дейтін көрінеді. Ежелгі Қазақстан тарихы, сақтар, ғұндар тарихы ең мықты байырғы тарих. Оны Елбасы да талай саяси мінберлерде мақтанышпен айтып жүр. Ал енді осы ежелгі тарих бесінші сыныпта оқытылады. Ол сыныптағы дүниетанымы қалыптаспаған балалар сақтың, қаңлының, ғұндардың кім екенін қалай ажыратады? Ондай ауқымды дүниені психологиялық тұрғыдан да, физиологиялық тұрғыдан да қорытып қабылдауға дайын емес қой. Ал осы ежелгі дәуір бұрын университеттерде бірінші курста оқытылып келді. Университетке түскен азамат санасы қалыптасқан, алған білімін өміріне пайдалана алатын адам. Тарихты оқытуда кез келген азаматтың жастық ерекшелігін, саналық қалыптасуын, қабылдау деңгейін ескеруіміз керек. Қазақ сияқты бостандыққа жаңадан қол жеткізген елге және мынадай геосаяси жағынан алпауыт державалардың ортасында тұрған, халқының саны бір Стамбұлдың тұрғындарындай ғана мемлекетке әрқашан ұлттық илеологияны, тарихты тереңдетіп, жүйелі оқыту міндет. Осындай жағдайды ескере отырып, біз мектептен бастап, университет бітіргенге дейін, жастарды тарихпен суаруымыз керек. Біз арғы тарихтағы сақ, ғұн мемлекеттерінің жалғасы екенімізді, Қазақ хандығын алғашқы ұлттық мемлекетіміз екенін тереңнен түсіндіріп, қайталап айта беруіміз қажет. Қазіргі жастарға жоғары деңгейде білім беріп жатырмыз, бірақ, олардың тарихи сана сезімі төмен болса, қандай мықты маман болса да тірлігіміз бекер болып шығады. Білімді жастар Мемлекетті құрушы ұлт − қазаққа берілген азамат болмаса, оның мықты маман болғанының пайдасы шамалы. Шет тілін білсе, жағдайы жақсы, жалақысы жоғары маман өзге елге қашанда кетіп қала алады. Қазақты Қазақстанға байлайтын дүние оның қазақтығы. − Қазіргі кезде әрбір өңірден көптеген батырларды ұрпақтары анықтап, ұлықтап жүр. Алайда кейбірі өмір сүрген заманына сай қайшылықты тұлғалар. Олар жайлы тарихшылар емес, ұрпақтары өз білгенінше тарихи пайым жасап жатқаны тарихқа қиянат болып қабылданар кезі де бар. Кейде қисынсыз дүниелерде тарихи шындық ретінде айтылып қалады... Шындығында да, кез келген аймақ мойындаған тұлға көбінде батырлар екені түсінікті. Рулық батырларды дәріптеуді, олардың басына күнбез тұрғызуды, билерді дәріптеуді көрген кейбір кісілер «қазақта батыр көбейіп кетті» деп кейіп жатады. Мынаны ескерген жөн болар: қазаққа қанша батыр, қанша би болса да көптік етпейді. Әрбір рудың, тайпаның ішінен танымал батырлар шыққан. Жүздік батырлар дегеніміз тұтас жүзге билік жасаған батырлар. Олардың ішінен ұлттық батырлар шыққан. Ұлттық деңгейге көтерілген батырлар көп емес. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Ер Жәнібек сынды батырлар алғашында рулық деңгейден көтерілген батырлар. Олар әуелде рудан әскер жинап шықты. Содан да, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай атанды. Әрине, барлық рулық батыр ұлттық деңгейге көтеріле алмайды ғой. Олардың бәріне ондай мұндай мүмкіншілік те туа бермейді. Қазақ шын мәнінде ру-ру болып өмір сүрген халық. Жерге меншік болмаған. Ол рулық қауымның меншігі болған. «Мына төбенің ар жағы найманның, бер жағы арғынның жері» деген шекаралық межелеулер болды. Сондықтан да бұрын «қазақта шекара болмаған» деген дұрыс сөз емес. Қазақта ел тұрмақ әрбір рудың, тайпаның шекарасы болды. Тайпалық шекаралар қазақтың мемлекеттік, хандық шекарасын құрады. Кейін қазақ хандығын құрған кезде шекаралық аймақты белгілеуге мүмкіншілік туғызды. Бізде бүгінгі күні жеке тұлғаларды дәріптегенде бір оңды іс байқалады. Әрбір тұлға қайшылықты тұлға екендігін ескере бастадық. Мысалы, жоғарыда айтқан Әбілқайыр хан қайшылықты тұлға. Оны жамандауға да, мақтауға да болады. Ол кристал сияқты сан қырлы тұлға. Өйткені ол әр бағытта әртүрлі көріне білді. Бір руға оның бір қыры ұнаса, екіншісіне ұнамай қалып жатты. Мысалы, башқұрттар оны хан сайлады. Неге? Әбілқайырдың орысқа қарсы болған бір қыры башқұрттарға ұнады. Алайда қазақтың кейбір рулары Әбілқайырдан теріс айналды. Өйткені ол кісі орыспен келісім жасады. Мынаны ескерген жөн: қазақтың рулық батырлары, рулық билері, жай ғана ру басылары, әулиелері болсын өз заманына қарай түрлі қайшылықты әрекеттерге барды. Төле би кезінде қалыптасқан ахуалды ескере келе «орыспен келісім жасайық» деген және Жолбарыс ханды осыған үгіттеген. Себебі орысқа сүйеніп, қазақ мемлекеттігін сақтап қалайық деп ойлаған. Төле бидей дананың бұндай ойын әрине ол тұстағы қазақ ұната қойған жоқ. Атақты болу маңайындағылармен соғыса беру емес. Қалмаққа да салық төлеп, көніп отырған аймақтар болды. Қалмақпен құда болған адамдар, қалмақтан қатын алған хандар болған. Әрине, бүгінгі ұрпақтың бұндай ата жауымен құдандалы болған ата-бабасын бірден түсіне алмасы анық. Бірақ, заман солай, күрделі болған. Дипломатиялық ұстаным осыны талап етті. Түрік қағанаты, түркеш қағандарының бәрі де қытайдан қатын алып, ақыр түбінде билігінен айырылып қалды. Олар қытайдың қызына ғашық болғандықтан емес, олардың қаған екенін ел мойындау үшін осыған барған. Алғаш сол тұстағы Қытай императорлары мойындауы керек болды. Қазіргі Қазақстанның шенеуніктерінің де ұстанымы осыған ұқсас: олар «бізді батыс мойындауы керек» дейді. Егер біздің бір тарихшыны батыс баспасөзі жазып, мақтап жатса, ол қазақша білмеседе оны Қазақстанда жер-көкке сиғызбай мақтап, «оны АҚШ біледі, Англия біледі» дегендей «қисынды» логикаға жүгінеміз. Көрдіңіз бе, қазіргі мемлекеттік шенеуніктерде байырғы ұстанымның қалдығы бар. Әрине, бұл дұрыс емес. Ел болатын елде кез келген тұлға алдымен шет елде емес, өзінің халқының ортасында, туған жерінде мойындалуы керек. Сондықтан, туған жерде байырғы батырлары мен билеріне ас беріп, күмбез тұрғызып жатқан ағайынды құптауымыз керек. Рулық батырларын ұлттық деңгейге көтеріп, оларды Қабанбайға, Бөгенбайға теңеп жататындары да жоқ емес. Рулық тұлғаны Абылай ханның жанына отырғызып қоятындар да бар. Дегенмен әрбір тұлға өз деңгейінде дәріптелуі керек қой. Тарихи шындықтан аттамауымыз керек. Әдептілікті де сақтаған жөн. − Тарихшылардан тарих туралы көп сұраймыз. Ал қазақ кәсіби тарихшыларының шежіресін біле бермейміз. Бұл да басы ашылмай жатқан, күңгірт тұсы көп тарих емес пе? Алғаш рет қазақтан тарих ғылымы бойынша кандидаттық диссертациясын 1938 жылы Мәскеудегі Чернышевский атындағы институтта қорғаған, бірінші кәсіби тарихшы − Әділгереев Халел Мұхаммеджанұлы. Бұл кісі Оралда туған, Әбілқайырдың ұрпақтары болып келді. Қазанда жоғары оқу орнын бітірген. Орыстың Вяткин, Панкратова сынды мықты тарихшыларымен бірге жүрген адам. Ол кісі қазақ төлеңгіттерінің тарихы туралы тақырыпта диссертация қорғаған. Кезінде Абай атындағы университетте сабақ берді. Қазақстан тарихынан Бекмахановпен айтысқан Шойынбаев бізге дәріс беретін еді. Әділгереев ұлт-азаттық қозғалыстар тарихынан арнайы курстан сабақ оқитын. Сөйтсек, Халел Мұхаммеджанұлы кезінде Санжар Асфендияров, Халел Досмұхаммедовпен қызметтес болған адам екен. Бұл кісі тарих факультетінің декандығы қызметін Х.Досмұхаммедовтен қабылдап алыпты. Кейіннен соғыстың қарсаңында, 1938 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған соң, Абай атындағы университетке ректор етіп тағайындапты. 1942 жылы ол кісі соғыстан қалдырылған ректорлық талоны бола тұрса да, өзі сұранып майданға барған екен. Бұл кісі атақты Мәлік Ғабдуллиннің жан досы. Соғыстан кейін гвардия майоры шенінде бұрынғы қызмет істеген Абай атындағы университетке қайтып оралады. Қазақтан шыққан тарих ғылымындағы тұңғыш академик кім екенін білесіз бе? Қаныш Имантайұлы ғылым академиясын құрғаннан кейін, тарих ғылымында тұңғыш академик атағы Ақай Нүсіпбековке берілген. Ал тұңғыш академик Ақай Нүсіпбеков кезінде біз әңгімелеп отырған Халел Әділгереевтің аспиранты болған. Қысқасы Әділгереев академик Ақай Нүсіпбековке «әй, бала» деп сөйлейтін. Бүгінде Е. Бекмахановтың жары Халима апамыздың көзі тірі ғой. Сол апамыз: «Ермахан аға ретінде Халел Әділгереевті қатты құрмет тұтатын», − дейді. Ермахан Бекмаханов айдаудан босап, елге қайтып келе жатқанда: «Мені Ташкенттен жолдан мінгізіп алды. Алматыға дейін билетіміз бар еді. Содан Шымкентке келгенде Ермахан: «Шымкенттен түсеміз» деді. Мен «Неге?» дедім. Ол: «Шымкентте Халел Әділгереев айдауда» дегенді айтып, «Әділгереевке сәлем бермей өтіп кете алмаймын» депті. Айтқанындай, Әділгереев бір топ тарихшымен Шымкенттен оны күтіп алады. Екеуі топтан бөлініп алып, бір апта бойы сырласып әңгімелесіпті. Сондағы айтатын тақырыптары Кенесары. Ермахан кезінде қудаланған кезде Әділгереев оны жақтап сөйлеген», − дейді Халима апай. Ермахан Бекмаханов қудаланғанда Әділгереев неге жазаланбай қалды? Себебі Әділгереев ректор болған адам. Соғыста болған, майдангер, гвардия майоры еді. Сондықтан оны түрмеге қамай алмады. Тек Шымкентке жер аударып жіберген. Е.Бекмаханов ақталғанан кейін ол кісі де университеттегі жұмысына қайтып оралды. Е.Бекмахановпен айтысқан Т.Шойынбаев Халел Әділгереев келе жатқанда жол беріп ығысып тұратын. Студент болып жүргенде Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» деген кітабы шықты. Мен сол кітапты Халел Әділгереевке бердім. Екі аптадай жоқ болып кетті. Келген соң кітап туралы пікірін сұрадық. Ол кісі: «Есенберлин Кенесарының көркем бейнесін дұрыс суреттеген екен. Бірақ, халық батыры етіп көрсетуі керек еді ғой», – деп ашулана сөйледі. Бұл сөзден біз қатты қорықтық. Өйткені Шойынбаев бізге: «Есенберлинді оқысаңдар комсомолдан шығасыңдар. Оқудан қудырамын. Есенберлин бұрын сотталған адам. Тағыда Кенесарыны мақтап роман жазыпты. Есенберлинмен бірге құрисыңдар», − деп ұрысқан еді. Бірде студенттер Әділгереевке жақын жүретін мені салып, Шойынбаевтың айтқан ескертуін айтшы деп қолқалады. Содан қол көтердім. Әділгереев: «Иә, Таласбек, не айтасың?», − деді. Шойынбаевтың айтқанын айтып бердім. Ол кісі асықпай қарнын сипап тұрып, ашулы күйде: «Шойынбаев оттамасын», − деді. Біз осындай тарихқа қатысты екі концепцияны қатар оқып тәрбиеленгенбіз. Содан жақсы білім алдық. Бәлкім бұл сол кездегі тарихшы студенттердің бағы шығар. Қиын заманда оқып, тарихшы болып қалыптастық. Айтулы тұлғалармен табыстырған тағдырымызға ризамыз. − Тарихшылардың жанайқайы мен журналистердің үзбей жазғанының нәтижесінде Алматыда ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылатын болды. Ашаршылық тақырыбында докторлық қорғаған ғалым ретінде қала әкімдігінің бастамасына атсалысып жатқан шығарсыз? Алматыда қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш қойылады дегенді естідік. «Ескерткіш қалай қойылады, оған не мағына беру керек. Мәтін жазамыз ба? Архитекторлардың сызбасынан не түсінуге болады» деген тақырыпта кеңесіп жатса, әрине, игі болар еді. Мұрағаттарда аз да болса, ашаршылықтың жантүршігерлік көрністері бар. Сол көріністердің ортақ композициясы жасалса жақсы болар еді. Алматы нағыз репрессияның ордасы, жазалаушы аппараттар орныққан қала болатын. Аштан қырылған қазақтың шоғырланған жері. Алматы ашаршылық жылдарында босқан ел келіп, паналамақ болған қала. Меніңше, жай ғана қалқитып ескерткіш қоя салмау керек. Негізі тұтас комплекс болса дұрыс болар еді. Тіптен, ол халық жиналып, тағылым алуға, тарихтан сабақ алуға арналған орталыққа айналса деймін. Әзірге оны ақылдасып отырған ешкім жоқ тәрізді. Мүмкін, әкімшілік қазір суретшілермен жұмыс жасап жатқан шығар. Алдағы уақытта кеңесетін шығар. Мүмкін ашылуына қатысатын шығармыз. Оларға қазір тарихта, тарихшыда онша қажет емес. − Тарихшыларды оқытып даярлауда, жас мамандарды жұмыспен қамтуда айтылар әңгіме аз емес. Сіздің де пікіріңізді білсек деп едік... Қазір мынандай қиыншылық болып тұр. Мемлекет грантты жақсы береді. Бірақ, әр өңірде жекелеген университеттер, пединститут деген бар. Солардың тарих бөлімдері бар. Көбінде әрине, іргелі ғалымдар жоқ. Соған қармастан, олардың тарих факультеттері де бар екен. Бұның жақсы жағы, олар жергілікті жерлерге, ауылдарға тарихшы дайындай алады. Өкінішке қарай, ол тарихшыларың сапасы онша емес әрине. Ал біздің әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан бітірген мамандардан ауылға барып тарихшы болып жатқандар аз. Оның себебі бар, ауылдан келіп, жұмыс ұсынып, жағдай жасап жатқандар да жоқ. Осыдан біздің тарих факультетімізді бітіргендер Алматыда қалғысы келеді. Бұл мәселені қалай шешу керек? Аймақтардағы тарихшы дайындайтын бөлімдерді жабу керек пе? Меніңше, тарихшы боламын дейтіндерді тарихшы ғалымдар шоғырланған Алматы және Астана қалаларындағы оқу орындарына жіберу қажет. Бірақ ол үшін әрбір аймақтың әкімшілігі бізге сұраныс жасауы керек. Өйткені біз оқытқан тарихшы мамандар осындай сұраныс болмағандықтан да басқа салаға жұмысқа кетіп жатыр. Осындайда «Біз оларды неге мемлекеттік грантпен оларды оқыттық?» − деген сауал туындайды. Осындай мәселелер жүйелі түрде реттелмей тұр. Онан соң оқуын бітіріп, диплом қорғап жатқан студенттердің жұмыстарында шалағайлық көп, мамандыққа немқұрайлы қарайды. Өйткені оларды «Ертең тарихшы ретінде жұмыс таба алам ба? Жоқ па?» деген ой жегідей жеп, мазалайды. Яғни, ала көңіл ұстанымда жүрген мамандарды дайындап отырмыз. Әрине, бұлардың арасынан мықты тарихшылар да шығады. Ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын, тарихқа адал ұрпақтар өсіп келе жатыр. Ешқандай идеологияға бас имейтін, саясатқа алданбайтын, ешкімнің ықпалына түспейтін, өзіндік еркін ойлау жүйесі бар, демократиялық көзқарасты ұстанатын, шындықты жазатын тарихшылардың жаңа буыны өсіп келе жатыр. − Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Жәнібек ҒАЛЫМ